Шымкентте «Қазына» этнотарихи кешені ашылды

3040
Adyrna.kz Telegram

Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар аясында Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б. Атамқұлов «Қазына» этно-тарихи кешенін ашты деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты ашу рәсіміне танымал мәдениет, өнер қайраткерлері, ғалым, тарихшылар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен аймақ жастары қатысты.Шараның алдында Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақ хандығының 550 жылдығы монументіне дейін қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті.Жаңа кешеннің ауданы 75 гектар жерді құрайды. Кешенге «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, ипподром бірыңғай сәулет ансамбліне біріктірілді. Этносаябақта аймақтың тарихи-мәдени ескерткіштерінің 27 макетінен тұратын этно-тарихи саябақ және тарихи құндылықтар орнатылған, ал орталықта диаметрі 21 метр болатын түрлі-түсті субұрқақ қойылған.Этно-тарихи кешенде Қазақ хандығының 550 жылдығының монументі орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 15 метрді құрайды, ол қазақ ұлттық оюлары салынған өрілген екі аркадан тұрады.

 
 

Ескерткіштің ортасында биіктігі 10 метр, ені 8 метрді құраған пирамидалық композиция орнатылды. Пирамиданың шетінде қазақ хандығының барельефтік композициясы мен «Қазақ хандығына 550 жыл» және Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ хандығының 550 жылдығы бұл ұлттық тарихты ұлықтау мен бүгінгі жетістіктерді лайықты бағалау» деген сөзі ойылып жазылған.

«Жайлау» көлінің жағалауындағы ескерткіштің қасында қазақ ауылы орын тепкен. Жағалаудағы демалыс аймағының аумағы 15 гектарды құрайды. Мұнда 4 ротонда орнатылып, қайық стансасы, көлік тұрағы жабдықталған. Бұл этно-тарихи кешен қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сонымен бірге Тоныкөк, Яссауи, Фараби ғасырларынан кейінгі 19-20 ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған «Даналар өсиеті» де бар бұл жерде. Бабаларымыздың көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие беретін өсиеттері, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, саябақ төрінен орын алуда.Ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізуге арналған Ипподром аумағы да осы жерде орналасқан.Шаһардың көркін ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс уақытын өткізуіне мүмкіндік беретін осындай мәдени кешендердің өңірлерде бой көтеріп жатқандығы – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы.


Пікірлер