Ұлы Жібек жолы

6786
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары еліміздің тарихын жаңа көзқараспен зерттеу мәселесі мемлекеттік дәрежеде қарала бастады. Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі және ортағасырлық тайпалар мен халықтардың өркениетке қосқан үлесі тарихи сана-сезімнің қалыптасуының бастауын көрсетеді.

Еуразия тарихындағы таңғажайып құбылыстардың бірі – Ұлы Жібек жолы – бұл жол бойынша антика және орта ғасырларда сауда Қытай, Еуразия да­лалары, Үндістан, Алдыңғы Азия мен Еуропа: Византия, Венеция, Иберия, Скандинавия аралығында жүрді. Осы жол арқылы Қытайдан жібек тасымалданды, ал оған жауап ретінде Аспан асты империясына Рим және басқа елдерден шыныдан жасалынған аса көркем бұйымдар, құнды заттар мен басқа да тауарлар жеткізілді.Бұл жолмен бірнеше ғасырлар бойы халықтар, заттар мен идеялар жүріп өткен жол, яғни этникалық миграциялар кезең-кезеңімен, сосын керуен саудасы алдыңғы технологияда, идеологиялық көріністе тарап, Еуразияның әртүрлі халықтарының жетістіктері дүниежүзілік ағымға еніп, Ежелгі Әлемнің қоғамдық даму өркениетіне алып келді.
Бұл байланыс қашан орнады және олар қандай жолдар арқылы жүзеге асырылды?

ЖІБЕК ЖОЛЫ СҮРЛЕУІН ЖЫЛҚЫ САЛҒАН

Ежелгі антик жаһангездері мен тарихшылары Көне Әлемнің шы­ғыс аймақтарын білмеді, олар­дың жағрафиялық ой-өрісі Батыс Үн­дістанмен шектелді. Гекатей Ми­летскийдің «Жер шарына шолуында» да, Геродоттың (б.з.д. V ғ.) «Тарихында» да, Аристотельдің еңбегінде де, тіпті Александрия кітапханасының сақтаушысы атақты Эратосфеннің «Географиясында» да (б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ.) Қытай айтылмағанымен, Иранның солтүстігінде өмір сүретін халықтар – Окса (Әмудария) мен Яксарттың (Сырдария) жағасында тұратын бактриялықтар мен соғдылар және олардың солтүстігіндегі көшпенді көршілері скифтер (сақтар), Корей жартыаралынан Дунайға дейін созылып жатқан жер жөнінде ақпараттар біртіндеп тарай бастайды.
Тек б.з. 43 жылы рим географы Помпоний Меланың «Әлемнің жағдайы туралы» еңбегінде Үндістанның солтүстігіне қарай, Бактрия мен Соғдының шығысына қарай орналасқан жібек елі, яғни «жібек елінің» («серикум» латынша – жібек) адамдары суреттеледі. Ал Үлкен (немесе Ұлы) жібек жолы атауының өзі тек б.з. ІV ғасырында Аммиан Марцеллиннің жиырма үшінші «Тарих» кітабында айтылады.
Осы атақты күре жолдың ашылуын б.з.д. ІІ ғасырға жатқызады, яғни қытай императоры Чжан Цянь елшілігін аттандырып, ұзақ саяхаттан кейін Аспан асты империясына қайта оралып, өзінің сапары Тарим өзені бассейніндегі шөл мен Тянь-Шань тауы арқылы тамаша биік келген күрең жылқылар өсіретін, гүлденген Парфия, Бактрия және Ферғана елдерінің байлығын сипаттауынан бастайды. Палеозоологтардың зерттеулері бойынша, бұл жылқы­лардың арғы тегі қола дәуірі кезіндегі несей тұқымдарына жатқан, ал қазіргі кездегі тектілері түрікмен жеріндегі ахалтеке жылқылары. Бұл ғажайып жылқыларды алдыру үшін қытай императоры Ферған жеріне елшілік жіберіп, бірқатар қантөгісті соғыстар жүргізеді.
Қытай хроникасы мен антикалық авторлар: Плиний, Дионисия, Птолемейдің жазбалары, бірнеше ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында Ұлы Жібек жолы Лобнор көлінің солтүстігінен Куча мен Қарашар арқылы Тянь-Шань (Тәңір тау) тауын бойлай және Тарим өзенінен Кашғарға дейін, Терсек асуы арқылы Ферғанаға, одан ары Сырдария бойымен және Оңтүстік Орал даласымен, Төменгі Еділге, Солтүстік Қара теңізге немесе Ферғанадан Самарқанға, одан ары Әмударияны өтіп, Иран мен Алдыңғы Азияға жүрген. Оңтүстік жол Лобнордан Куньлунь тауының солтүстік баурайын жағалай Яркент-дария бойымен Памирдің Вахандағы Ташқорғанына дейін және Мары асуы арқылы немесе оңтүстікте Үндістан арқылы Гильгит пен Кашмир арқылы Гандгарға барып Инд өзені сағасынан аяқталған.
Ұлы Жібек жолы – ежелгі өркениет­тердің жеткен тамаша жетістіктерінің бірі. Оның тарихы беймәлім елдердің аумағындағы шөл мен тауларды алғаш басып өтушілердің ерлігімен қызықты. Осы континент аралық жолмен тек әртүрлі тауарлар ғана емес, мәдени құндылықтар да өтті. Ұлы Жібек жолы адамзат тарихында алғаш рет Жерорта теңізінен Тынық мұхитқа дейінгі алып кеңістіктегі әртүрлі елдер мен халықтарды біріктірді.
Үш патшалық жылдарында (б.з. ІІІғ.) әрбір қытай патшасы мен атақты қолбасшылары атын өздері мұқият таңдаған сүйікті жылқылары болды. Қытай батырларының бірі Гуаньдидің жылқысы «Чи Туцзы», «Қызыл қоян» деп аталды. Бұл есім тобылғының түсі мен жүйрік жылқыны бейнелейді. Қытайда Гуаньди культі Соғыс құдайы және оның жылқысын білдіреді. Оның құрметіне храм тұрғызылып, ал оның батыры Пекин операсындағы поэзияда дәріптелген.
Тан дәуірінде Ұлы Жібек жолы әртүрлі өркениет арасын жалғаушы көпір болып, көшпенді немесе дала өркениеті Қытай өркениетімен тепе-тең әріптесі бола білді.
VI-Х ғасырларда Қытай Моңғолия, Алтай аумағында пайда болған Түрік қағанатымен қарым-қатынас орнатады, ал бұл кезеңде бүкіл Ұлы даладағы жылқы мәдениеті биік сатыда тұрған. С.Е.Малов аударған тасқа қашап жазған Күлтегін ескерткішіне көңіл аударайық. Мұнда Күлтегіннің он үш шешуші шайқасы баяндалған. Онда да ол өзінің алғашқы ерлігін 16 жаста жаяу әскер қатарында жасап, батырлықтың «ер» дәрежесімен марапатталады. Тек 21 жасқа толғанда ғана ол басқа бір батырдың әскери жылқысымен жауға шабуға мүмкіндік алған. Бұл жылқы Күлтегінге тиіп, ақ түсті жылқыға тоғыз рет, бір рет торы және екі рет құба, бір рет бөрте (сұр) жылқыға отырады. Оған бәрінен көбірек қызмет еткен ақ түсті Шалшы жылқысымен Күлтегін үш-төрт рет шайқасқа қатысқан. «Шал» сөзі көне түркі тілінде «алып, ержүрек адам, батыр, мерген» дегенді білдіреді.
Осы уақытта патшалық еткен Тан әулеті түрік әскерлерінің көмегі арқасында тақты жаулап алады. Тан императоры мен оның нөкерлері жылқыларды үйретті. Қытайдың ақсүйек әйелдері ерлермен қатар жылқыны көлік етті. Жылқы культі қытай поэзиясына, прозасы мен сурет өнеріне жаңа эстетика әкелді. Императорлар суретшілерге өздерінің әскери тұлпарларын жібекке полихромды және монохромды тушьпен салдырды. Осы кезде қайтыс болған батыр мен оның өлген сенімді жылқысына айтылған жоқтау «Ақ жылқы туралы өлеңі» кеңінен белгілі болды. Сенімді адамдар туралы сол кезде «Жылқы секілді адал қызмет етті» деп айтылды. Тан императорының ат қорасында бауырындағы ұзын жүнімен, түнгі қараңғылықта көру қабілеттілігімен және күніне бес жүз ли (бір ли өлшемі 500 метрге тең) жүретіндігімен ерекшеленетін жүйрік жылқысы болды.
Әйгілі ақын Омар Хайям өзінің «Наурызнама» эссесінде былай деп жазады: «Төрт аяқтының ішінде жылқыдан күштісі жоқ, өйткені ол – барлық жайылатын төрт аяқтылардың патшасы деп айтылады». Омар Хайям сонымен бірге Хұсрау Парвиздің Патша жылқының жолбасшысы, ал жылқы төрт аяқтылардың басшысы және Афрасиабтың (Алып Ер Тонға): «Ай аспан үшін секілді жылқы патша үшін» сөздерін келтіреді. Басқа аңыздардағы кейіпкерлердің пікірлері де бар. Әскери жағдайлардағы жылқының маңызы мынандай сөздермен келтірілген: «Жылқы – бұл соғыс тағы, ал түсі оның қару-жарағы». Жылқының бұл терең пәлсапалық бағасы көріністің түсімен ерекшеленуі парсы тілі мен парсы поэзиясына тән.
Ирандықтар Х ғасырда бір түсті жылқы, ерекшелігіне қарай ақ түстісі бәрінен артық және көңіл аударуға тұрарлық деп айтқан. Оның иесі соғыста әрқашан жеңімпаз болып табылған. Ежелгі ирандықтардан шыққан дәстүр бойынша ақ жылқыға патша мен қолбасшыларды отырғызған. Ақ түсті жылқыны шайқас алаңында көтерілген қалың шаңнан көру оңай, оған қоса айтарлықтай анық түсі жылқы-альбиносқа тән.
Ежелгі ирандықтарда күн мен отқа табыну Рустам-Рахшаның жасындай жирен түсте, ал мінезі «жалын от секілді» болған жылқысы кейпінде бейнеленеді. Сиявуш пен оның ұлының қара түсті әскери жылқысы бір мезгілде әкесі мен ұлына адал болған, ол ұлына бағынғанымен, өзінің бірінші иесінің ер-тоқым, жүгенін иіскеп білді. Иран аңыздарында жылқыны сипаттау исламға дейінгі кезеңде-ақ сол эпитетте, ал ежелгі түркі халықтарында «пы­рақты», «құрыш тұяқты» деп кездеседі.

ДАЛА ЖОЛЫ. САҚТАР

Б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында Қара және Азов теңіздерінің жағалауын Орталық Азиямен байланыстырып жатқан «Дала» жолы өмір сүрді. Бұл жол біздің заманымыздың бірінші ғасырынан бастап Боспор патшалығы билігі мен Рим империясына қараған Солтүстік Қара теңіз қалаларынан басталды. Осы аймақтағы негізгі қалалар: Тир, Ольвия, Херсонес, Пантикапей, Фанагория Жерорта теңізі елдерімен, скиф және сармат тайпаларымен, сонымен қатар шалғай аймақтармен сауда байланыстарын жандандырды. Қара теңіз бен Орта Азия арасындағы сауда және мәдени байланыстарда үлкен рөлді сақ пен сармат тайпалары, әсіресе Арал маңы мен Қара теңіз маңы аралығындағы алып аумақты алып жатқан аорстар мен аландар атқарды. Бұл тайпалар Алдыңғы Азиядан Кавказ маңы, Еділ мен Жайық бойы далаларына апаратын сауда жолын бақылауда ұстады.
Дала жолы оңтүстік орыс даласын Төменгі Еділ бойы, Арал маңымен түйістірді, сосын Оңтүстік Қазақстан арқылы Алтайға және Шығыс Түркістанға шығып, шамасы Ұлы Жібек жолының негізгі трассасына жалғасқан. Осы жолдың тармақтарының бірі солтүстік Жайық бойынан Хорезм арқылы Согдианаға, одан оңтүстікке кеткен. Дегенмен, бұл жол белгілі бір уақыттарда біршама жемісті қызмет еткенімен ол жүріп өту үшін құрылған, өйткені ол қалалары мен қоныстары жоқ бірнеше ондаған шақырымнан өтті. Одан басқа, сауда керуені ешкімнің билігін мойындамайтын әртүрлі тайпалардың шапқыншылығына ұшырады. У Ди император тұсында қуатты Хань империясының саяси және экономикалық өсуіне байланысты Қытайдың сыртқы саясатының негізгі мақсаты ғұндар мен үнділерді араға салмай батыс елдерімен тікелей сауда қарым-қатынасын орнату болды. У Ди императордың ғұндармен үздіксіз соғыс жүргізу саясатының және Вэй Цинь қолбасшының жемісті әрекеттерінің арқасында қытайлықтар стратегиялық маңызы бар Ганьсуй дәлізін бекітті.
Бұл б.з.д. ІІ ғасырдың екінші жар­тысында болды және Орталық Азия­дағы халықаралық жағдайды айтарлықтай өзгерістерге ұшыратты. Чжан Цзяньның саяхатынан кейін Қытайды Таяу және Орта Шығыспен тікелей жалғастырып тұрған Ұлы Жібек жолы жөнінде жеке айтуға болады. Хань әулетінің тарихында Ганьсуй дәлізінен шыға берісте әртүрлі бағытқа тараған батыс-оңтүстік және солтүстік деген екі жол жазылған.
Оңтүстік жол Шаньшань (Лобнор өзені алқабы) арқылы оңтүстік таудың (Куньлунь) солтүстік баурайымен, одан ары өзен бойымен Шачэден батысқа өткен. Одан ары батысқа қарай Оңтүстік жол Цинлин (Памир) арқылы Үлкен Юечжи (Бактрия) мен Аньсиға (Парфия) барады.
Солтүстік жол Чешьтен (Турфан оазисі) басталып, Солтүстік тау (Тянь-Шань) және Тарим өзені бойымен батыста Сулэге (Қашғар) дейін өткен. Одан ары батысқа кеткен. Солтүстік жол Цинминде түйісіп, Давань (Ферғана өңірі), Канцьюй (Қазақстан) мен Яньцайға (Төменгі Еділ мен Жайық бойы) барған.
Екі өркениетті – батыс пен қиыр шығысты жалғастыруда Орта Азия мен Қазақстан халқы көрнекті рөл атқарды, олардың қай жағынан болмасын жолсерік болғандығы даусыз. Біршама уақыт өткеннен кейін Ұлы Жібек жолымен сауда керуендері мен дипломатиялық елшіліктер өткендігі жөнінде қытай және грек-рим деректері куәландырады.

Қазақстан аумағындағы Жібек жолының тармақтары

Ұлы Жібек жолы саудасында қазіргі Қазақстан аумағы маңызды рөл ат­қарды. VI-VII ғасырларда Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа шыққан сауда жолы айтарлықтай жанданды. Жолдың осылай ауысуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орта Азия арқылы өтетін сауда жолын бақылауда ұстаған түрік қағанаттарының ордасы болды. Екіншіден, VIIІ ғасырда өзара соғыстар болып жатқандықтан Ферғана арқылы өтетін жол қауіпті болды. Үшіншіден, бай түрік қағандары және оның айналасындағылар теңіздің арғы жағындағы тауарлардың ірі тұтынушысы болды.
Жібек жолы арқылы VI-ХIV ғасырларда елшілік және сауда керуендердің негізгі бөлігі өтті. Жүз жыл бойы ол өзгерістерге ұшырады: бір бөлігі ерекше маңызға ие болды, екінші біреуі керісінше кетті, ал қалалар мен ондағы сауда-саттық орны құлдырады. Сонымен VI-VIII ғасырларда Сирия – Иран – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас өңірі – Шу өңірі – Ыстық көл қазаншұңқыры – Шығыс Түркістан негізгі трасса болды. Осы жолдың бір тармағына, яғни бір бағытына Византиядан Дербент арқылы Каспий маңы даласы – Маңғышлақ – Арал маңы – Оңтүстік Қазақстан кірді.
Б.з. І мыңжылдығының бірінші жартысында Жібек жолы белсенді қызмет етті, осы кезде Қазақстанға рим шынысы мен монетасы, қытай жібегі, айнасы мен лакталған ыдысы, еуропалық фибула – ілгек пен Сасандық Иранда жасалған тас-мөрлер келді. Осы кезеңде Шу, Талас пен Сырдария өңірлерінде егіншілік қоныстар орнында қабырға және мұнаралармен қоршалған қалалық орталықтар қалыптасты. Жібек жолының қазақстандық бөлігімен Батыстан Шығысқа жылжысақ Шаштан (Ташкент) Турбат асуы арқылы Сайрамға (Исфиджаб) өткен. Исфиджабтан құлдарды, ақ мата, семсер, мыс пен темірді тасыды. Ол жерден керуендер шығыста Шараб пен Будухкет қалалары арқылы Таразға барған. Деректерде Тараз көпестер қаласы деп аталады. Одан басқа ол, одан кейін Қарлұқтар мен Қарахандардың астаналық қаласы болды. Тараздан сауда жолы қашық емес жердегі Талас бойымен төмен солтүстіктегі Адахкет пен Дех Нуджикет қалаларына барған. Талас өңірінің таулы бөлігінде әйгілі Шелжі, Сус, Күл және Такабкет қалалары орналасқан. Олар күміс кеніштері маңында пайда болған. Талас өңірінде керуендер Ферғана өңірінен шығып Чанач асуы арқылы Талас Алатауындағы Шатқал жоталары мен Қарабураға баратын жолға түсе алған. Жолдың осы бөлігі Жібек жолының «ферғаналық» және «жетісулық» бағытын біріктірген.
Тараздан Құланға баратын жол Ақыртас, Күлшөп және Жолшөп қалалары арқылы өткен. Құланнан ары қарай шығыста бір-бірінен төрт фарсах қашықтықта Меркі мен Аспара қалалары тұрды. Одан кейін керуен Нузкет және Харражуван арқылы Жүлге өткен. Жүлден шыққан жол Сарығқа және Қырмырауға барған. Қырмыраудан шыққан жол Жетісудағы ірі қалалардың бірі Навакетке алып барған. Навакеттен шыққан жол Бунджикет арқылы Баласағұн мен Суябқа апарған. Суябтан шыққан жол не солтүстікке, не Ыстық көлдің оңтүстік жағасына қарай кеткен. Оңтүстік бөлігімен керуен Жоғарғы Барысхан қаласынан өтсе, ал солтүстігімен анықталғандай аты бүгінгі күнге жетпеген шағын керуен сарайға, сосын осы жолдар Бедел асуында қосылып, Ташрабат арқылы Қашғар мен Ақсуға апарған. Ыстық көл шұңқырынан Санташ асуы мен Қарқара өңірі арқылы жол Іле өңіріне, сосын Іленің оң жағасындағы Алмалық арқылы Өсек пен Хоргосқа, ал Такла-Макан шөлінің солтүстік шеті бойынша Хами және Турфан оазистері арқылы Дуньхуанға, яғни Қытайға алып барған.
Х-ХІІ ғасырларда Жібек жолы тармағының бірі Іле өңірінің барлығын оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бағытында қиып өтті. Тармақ Навакеттен басталды, сосын Баласағұнға барған және Қастек асуы арқылы Іле Алатауының солтүстік баурайына өткен. Осы жерде көзге түсерлік бағдар ретінде қасиетті Урун-Ардж тауы болған. Трасса ортағасырлық Қастек (Қыстақ), Қаскелең, Алматы қалалары арқылы өтіп, қазіргі Талғар қаласының оңтүстік шетінде орналасқан Тальхиз (Тальхир) қаласына жеткен. Тальхиз (Тальхир) транзиттік сауданың ірі орталығы болған. Осы жерден Жібек жолы тармақталған. Оңтүстік бөлігі Есік, Түрген, Шелек арқылы Илиуэн асуына жеткен, сосын осында Ыстық көл өңірінен шыққан Хоргос арқылы Алмалыққа шыққан маршрутқа қосылған. Осы тармақтан археологтар Есік, Түрген, Лавар атты шағын қалаларды және үлкен келген Шелек қаласын тапты. Тальхизден шыққан солтүстік жол Талғар өзені бойымен жүріп отырып Іле өзенінен өтіп Қапшағай шатқалына жеткен. Одан кейін жол Шеңгелдіге, одан Алтынемел асуы арқылы Көксу өңірі мен Екіоғыз қаласына түскен. Вильгельм Рубрук мұны Эквиус деп атаған және онда «сарациндер» (ирандық көпестер) тұрғандығын мәлімдейді. Екіоғыздан жол қарлұқ жабғуының астанасы – Қаялыққа (Қойлыққа) барған. Ары қарай жол Тентек өңіріне түсіп, Алакөлді айналып, Жоңғар қақпасы арқылы Шихъо өңіріне өтіп, осы жерден Бешбалық арқылы Дуньхуан мен ішкі Қытайға жеткен. Екінші бір трасса Шеңгелді ауданымен өтіп, Көктал мен Бояу­лы асулары арқылы Балқаш маңына, одан Іле Ортасу өзендері ағысы бойымен, ондағы ортағасырлық Ақтам, Ағашаяқ, Қарамерген қалаларынан, яғни көлдің оңтүстік және солтүстік жағалауларын жалғап, бұғаздың 8 км-ден астам ендік жолын артқа тастаған. Керуен бұғаздың өткелінен өтіп, Тоқырау өзенінің сағасына, сосын оның жағасымен Ұлытаудың етегінен шыққан.
Солтүстік Іле жолынан бір тар­мақ Алакөлді айналып өтіп, батыс жағындағы Тарбағатай арқылы Ертіске, сосын қимақ мемлекетіне жеткен. Тарбағатайда және Ертіс бойында қимақтардың Банджар, Ханауш, Астур, Сисан қалалары және бекіністі қабырғалармен, темір қақпалармен қоршалған ірі қаласы – «хақанның астанасы» орналасқан. Қимақтардың қалалары жол арқылы Енисейдегі қырғыздардың, ұйғырлардың, Моңғолия мен Шығыс Түркістан оазистерінің қалаларымен байланысып жатты.
Отырар көптеген керуен жолдарының тоғысында болды. Бұл жерден жолдың бірі Шауғарға, екінші бірі Сырдария арқылы Васиджге барды. Одан шыққан жол Сырдарияны жоғары өрлеп оғыздардың Сүткент қаласы арқылы Шашқа, ал төмен қарай Жент, Сарайшық, Сарай Бату мен Кафуға жеткен. Шауғар деректер бойынша VIII ғ. белгілі, оған Түркістан маңындағы Шойтөбе қала орны тура келеді. Шауғардан қашық емес қазіргі Түркістанның орнында Х-ХІІ ғасырларда әйгілі ақын сопы Ахмет Ясауи тұрған және дінді уағыздаған Яссы қаласы қалыптасты. Отырардан Арсубаникет арқылы Арыстанды, Шаян алқаптарымен Қаратауды асып, Шауғар мен Яссыдан Тұрлан асуы арқылы, Сауран мен Сығанақтан, Жаңакенттен шыққан жолдар Орталық Қазақстан даласына, Сарысу мен Кеңгірге, Торғай мен Есіл жағасына жеткен. Бұл жерден де Болған ана, Жаман қорған, Нөгербек дарасы, Домбауыл, Милықұдық, Ормамбет атты ортағасырлық қалалардың қалдықтарын ашты. Дәл осы жерлерден ортағасырлық деректерде кездесетін Жубин, Кангликет қалаларын, Ортау мен Кейтау жайлауларын, Гарбиана мен Бақырлытау кен өндіру орындарын іздестіру керек сияқты.
Ұлы Жібек жолы жоғарыда аталып өткендей қытай жібегін Батыс елдеріне экспорттау үшін қызмет етті. Сонымен бірге Рим, Византия, Үндістан, Иран, Араб халифаты, кейінірек Ресей мен Еуропадан ол бойынша Қытайға осы елдерде өндірілген таңғаларлық, экзотикалық мол тауарлар тізбегі: мирра мен ладан, ақгүл суы мен амбра, кармодон мен жұпар жүзімді жаңғақ шырыны, женьшень мен питон өтті, кілем мен кенеп мата, бояғыш заттар мен минералды шикізаттар, алмаз бен яшма, кәріптас пен коралл және «балықтың азуы», күміс пен алтынның сомы, тері мен монета, садақ пен жебе, семсер мен найза тасылды. Жібек жолы бойынша саудада Ферғананың «асыл тұқымды» жылқылары, араб және нисийлік тұлпарлар, түйелер мен пілдер, мүйізтұмсықтар мен арыс­тандар, қабыландар мен қарақұйрықтар, ақ тұйғындар мен ителгілер, тауыстар, тотықұстар мен түйеқұстар жүрді. Саудагерлер арқылы мәдени өсімдіктер: жүзім, шабдалы, қауын, көкөніс, сонымен бірге дәмдеуіштер мен қант таралды. Әйтсе де, саудада негізгі және тұрақты зат болып жібек қала берді, ол алтынмен қатар іс жүзінде халықаралық валютаға айналды. Жібек – тауар, салым-салық пен сыйлық ретінде жоғары бағаланғандықтан, оны патшалар мен елшілерге сыйлады; ол жалақы ретінде жалдамалы жауынгерге берілді және мемлекеттік қарыздар төленді. Ол туралы бізге келіп жеткен деректерде көптеген мысалдар бар. Иранның шахиншахы Хосров 1 Ануширван қытай императорынан (басқа сыйлықтар жиынтығымен бірге) көкшіл шетіне тәжді және әшекейленген патша бейнеленген жібекті қытайлық ушари киімін алады. Жібекті қадір тұтуы Қытай, Орта Азия, Шығыс Түркістан билеушілері сарайларындағы сылаққа салынған суреттерден анық көруге болады: ақсүйектер киген жібекті киімдер оған тән қымбат бұйымдармен, әшекейлермен, бөлшектермен, тіпті тігістеріне дейін салынып көрсетілген.
Импорттық бұйымдардағы көз тартар заттар Талғар қаласынан табылды. Көмбеден шыққан қытай кәрленінен (фарфор) жасалған төрт тостағанның ішіндегі балалардың фигурасы ойылған бейнелер саңырауқұлақ пішінінде – ұзақ өмір символындағы медальондармен жиектелген. Табақтағы символика ерлердің үрім-бұтақ тілегі ретінде түсіндіріледі. Көмбеде сонымен қатар фаянсты тостағанның сынығы болды. Ішкі фонында тау және теңіз көрінісінде қызыл фонда аспашам орындалып, он бір отырған ер мен әйел бейнеленген. Кәрлен тостаған Қытайда жасалған, ал фаянстың сынығы Талғарға ХІІ-ХІІІ ғасырдың басында Жапониядан әкелінген.
Жібек жолы бойымен діни идеялар, яғни теңіздің арғы жағындағы елдерге миссионерлер өз діндерін таратты. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан және Қытай арқылы буддизм, Сирия, Иран мен Аравиядан – христиан, сосын ислам діні.

 

ЛАЗУРИТ ЖОЛЫ

 

Бүгінгі таңда осы жолдың жекелеген бөліктері қола дәуірінде-ақ қызметін бастағандығы анықталып отыр. Ұлы Жібек жолына кірген ең ежелгі сауда трассасының бірі, тарих ғылымында «Ұлы лазурит жолы» деген атауға ие болды. Ерекше әдемілігімен және сирек кездесетіндігімен құнды болып табылатын бұл көк тас көптеген халықтарда жоғары бағаланды. Бұл тас Еуразия материгінде тек Таулы Бадахшан, Байкал маңы мен Корей жарты аралының кейбір жерлеріндегі кен орындарында ғана кездеседі. Сонысына қарамай осы тастан жасалған бұйымдардың таралу аймағы өте кең. Мұны төмендегідей археологиялық жәдігерлер дәлелдейді:
1) Оңтүстік Түркмениядағы Алтын-депе, Намазга-депе, Анау, Геоксюр-1 ежелгі егіншілікпен айналысатын қоныстарынан табылған лазуритті моншақтар мен кішкентай фигуралар (б.з.д. IV мыңжылдықтың ортасы – III мыңжылдық);
2) Ауғанстандағы Мундигак қонысынан табылған моншақтар (б.з.д. IV мыңжылдықтың аяғы – III мыңжылдық);
3) Ежелгі Иран ескерткіштерінен та­былған көптеген лазуритті әшекейлер;
4) Б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың екін­ші жартысы – ІІ мыңжылдықтың бі­рінші жартысына жататын харапп мәдениетінің лазуриттен жасалған бұйымдары (Белуджистан мен Инд алқабы);
5) Месопотамия көкшіл тасты немесе шумерліктердің тілінде «ункуды» Убейдтік мәдениеттің дамыған уақытында тасып әкелуді бастаған. Шумерлік дәуірде пайда болған «Энкерман және Араттаның жоғарғы абызы» дастанында Урука Энкерман хабаршыны Аратта еліне алтын, күміс пен унку-тасы үшін жібергендігі айтылады;
6) Египетте лазуриттен Маат әйел құдайының бейнесі мен әртүрлі зергерлік әшекейлер дайындалған;
7) Анатолиядан (Троя мен Дарак) б.з.д. ІІІ мыңжылдықтың ортасына жататын бай жерлеу орнынан лазурит табылған;
8) Бактрия мен Согдианадан әкелінген моншақтар б.з.д. ІІ мың­жыл­дықтардағы бақташы тайпалардың қо­рымдарынан, яғни Орал маңынан, Сын­тас пен Ушкаттан лазурит, Ала­бұғадан көгілдір ақық, Бұқара маңын­дағы Гурдуштан мальтийлік крест пі­шінінде лазурит, ақық, көгілдір ақық, керек десеңіз, Сібірдегі Ростовкадан, Сопка ІІ-ден малтийлік крест пі­шінінде көгілдір ақық табылған.
Олай болса, мұның барлығы көне дәуірде (б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдық шегінде) Бадахшанның қымбат тасы Ежелгі Шығыстың әртүрлі аудандарына жеткендігін дәлелдеуге негіз болды. Лазуритті тасымалдау бағыты былай болған, Бадахшаннан алынған тас Мундигак қонысына жеткен, одан Сиалк арқылы Иранның таулы өлкесі – Месопотамияға, ол жерден Сирияға, Египетке, Анатолияға тараған. Лазуритті теңіз арқылы да тасымалдау жолы болған (б.з.д. ІІ мыңжылдықтың бірінші жартысы), Бадахшаннан Инд өзені арқылы Аравия теңізіне, онан Парсы шығанағы бассейніне жеткен.

НЕФРИТ ЖОЛЫ

Қытайдан батысқа дейін қызмет еткен жолдың ең ерте кезеңі «Нефрит жолы» деп аталды. Нефрит – майда-шүйде жасайтын көк тас, сирек жағдайда ақ, сұр, қара түсті болады. Әдемілігі, беріктілігі мен тұтқырлығы жағынан ежелгі халықтарда айрықша жоғары бағаланды. Көне Қытайда бұл минерал ізгілік әкеледі деп есептелді. Одан әртүрлі табыну заттарын: мосы, литфон, ваза, құрбандық тостағаны мен басқа да көптеген нәрселер жасады. Сыма Цянь нефритті тас ретінде түсі бойынша қармен, дымқылдығын – жаңбырмен, жылтырақтығын – маймен, жарқылы бойынша – шырақпен салыстыруға келмейді деп сипаттаған. Дегенмен, оны алу өте қиын, ол үшін Куньлунь тауындағы нефрит шығатын жерге бару үшін екі өзен мен алты көлден өтуге тура келген. Тек мыңнан жүз, ал жүзден он ғана саяхатшы үйіне аман-есен оралған. Осы қысқа ғана хабарламаға екі факті ақиқат.
1) нефрит ежелгі қытайлықтар үшін ерекше бағаланды.
2) нефрит Қытайға Куньлунь тау тармағында орналасқан Хотаннан әкелінді.
Чжан Цзянь Орталық Азияда б.з.д. 140-130 жылдары болған кезде Хотанда Хань империясына жөнелту үшін нефрит өңдеу өркендегенін атап өткен.
Сыма Цяньның жазбасында Цинь Ши Хуан императордың төрешісі Ли Сыдың Куньлуньның мемлекеттік қазына қоймасына нефриттің түсуі жөнінде рапорт берген мазмұндағы баяндамасы сақталған. Хотан және ондағы нефрит өндірісі «Таулар мен теңіздердің каталогінде» айтылады. Хотан мен Қытай арасындағы нефрит саудасындағы делдалдар ретінде б.з.д. ІІІ ғасырға дейін Орталық Азияның алып кеңістігін алып жатқан юэчжилер алда тұрды.
Сонымен Қытай ежелгі дәуірден бастап Ганьсуй дәлізі, Тарим ойпатымен өтетін сауда жолы арқылы юэчжилерден нефрит алатын Хотанмен байланыста болды. Осы минералдың сауда-саттықтағы балама өнімі – жібек болды, ол батыс елдеріне сыйлық, тасқа айырбастау ретінде жөнелтіліп отырған. Олай болса, қытай жібегі б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында Орта Азияға әкелінгендігін археологиялық зерттеулердің деректері дәлелдейді.
Қытай батыс көршілерімен жібекті саудалауды шамамен Чжань Го кезеңінің аяғында бастады. Ең алдымен Қытай жібегі Персияға және Инд алқабына (б.з.д. V ғ.) тарады. Мұны Геродот пен Ксенофонт хабарламалары негізінде дәлелдеуге болады. Олар парсылар өте қымбат, сәнді де, әдемі болып есептелетін үнділік киімдерді киетіндігін жазған. Осы хабарламаларды айқындай келе, Прокопист бұл киімдер жібектен болған деп пайымдады, одан парсылар дайындаған кәдімгі киімдерді гректер үнділік деп атады, бүгінде оны серик деп атайды. Осы уақытта батыс меридиональды жол – оңтүстік қытай аудандарын Орталық Азия, Оңтүстік Сібірмен байланыстыратын трасса болды. Бұл жол Шығыс Түркістан, Цайдам арқылы, Миньцзян мен Даду өзендері бойымен Юнаньға, одан ары Бирма мен Вьетнамға барған. Жолдың солтүстік тармағы – Қырғыз жолы Жоңғариядан Минусин шұңқырына дейін барған. Осы жолдың болғандығы жөніндегі мәліметтер Сыма Цяньда кездеседі.
Б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жарты­сында Қытай меридиональдық жол арқылы Сібір, Орта және Оңтүстік Азия аймақ­тарымен байланыста болды. Б.з.д. ІІІ ғасыр­дың аяғында Шығыс Азияда екі алып им­перия: Сюнну (ғұндар) мемлекеті мен орталық­тандырылған Цинь-Хань империясы құрылды.
Мөде шанью тұсында ғұндар сол­түстікте Байкалдан оңтүстікте Ұлы қытай қорғанына, шығыста Ляохэ өзенінен батыста Серендия оазистеріне дейінгі ау­мақты жаулап алады. Чжичжи шанью тұсында (б.з.д. 53-34 жылдары) ғұндардың саяси ықпалы Орал маңы мен Төменгі Еділге дейін жүрді. Азияның кіндігінде орталықтанған осындай империяның құрылуы және ғұндардың Батыстың қиырына дейін өктемдік жүргізуі сауда қарым-қатынастарын айтарлықтай кеңейтті. Ғұндар жеріндегі таяу шығыстық шеберлердің бұйымдар жолы Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігіндегі оазистер арқылы шанью ордасы орналасқан Моңғолияның солтүстігіне барды. Ол арқылы Қытайдан сыйлық ретінде жібек мата, күріш, әдемі заттардың көп мөлшері түсіп жатқан. Ғұндар жібектің бір бөлігін Жерорта теңізі шеберлерінің бұйымдарына айырбастау үшін Қара теңіздегі грек отар­лары мен Боспор патшалығына сахара арқылы жіберіп отырған.

ЖІБЕКТІҢ ҚҰДІРЕТІ

«Ұлы Жібек жолы» атауының шығуы осы уақытта Батыс елдері үшін қымбат тауар – жібекпен байланысты. Жібек құртынан жібекті дайындау құпиясын қытайлықтар шамамен 5 мың жыл бұрын ашса, белгілі жібек шаруашылығын зерттеуші А.А.Тихомиров оның нақты уақытын – б.з.д. 298 жыл деп атап өтеді. Қытай аңыздары бойынша ең алғаш алынған жібек жіп Си Линг-чи патша ханымға тәуелді болды. Шай ішу кезінде патша ханым шыныаяғына ағаштан жібі шығып тұрған құрт түсіп кетеді, сосын құрттың жібін тарқатып алады, солай алғашқы жібек жіп алынады, ал Си Линг-чи император әйел осы үшін ризашылық ретінде Аспан асты империясының құдайын тұрғызды, оның құрметіне осы күнге дейін Қытайдың көптеген аудандарында жыл сайын ғұрыптық мейрамдар өткізіледі.
Бірқатар зерттеушілер жібек ша­руашылығының отаны Шан-дунь провинциясы, өйткені б.з.д. 2255 жылдың өзінде-ақ қытай патша ханымына салық ретінде жібек мата төлеген деп есептейді. Әсіресе, жібек шаруашылығы б.з.д. 1-мыңжылдықтың 2-жартысында ақша, мата дайындау, салық төлеу, сауда келісімдері барысында есептесу жібектен болған кезде кеңінен дамыды. Бірқатар ғалымдар таза жібектің отаны Үндістанның таулы аудандары десе, келесі біреулері – Батыс Гималай, тіпті Иран деп есептейді. Дегенмен, бомбикстің отаны, осы күнге дейін жібек құртының жақын аталасы – теофиль мандарин көбелегі өмір сүретін Солтүстік Қытай болып табылады.
Табиғаттағы жібек құртын қара­па­йым жинаудан қолға үйретуге дейінгі сатыда бірнеше жүздеген жылдар өткен. Жібекті алу үдерісі ежелгі уақытта қалай болса, бүгінде де тура сондай. Екі құрт шағылысқаннан кейін, аталығы өліп, аналығы 600-700-ге дейін жұмыртқа-ұрық тастайды. Көктемде (сәуір айында) ұрық жылы бөлмеге кіргізгеннен кейін, 10-12 күнде одан кішкентай қырықбуынды жібек құрты шығады. Олар өте қомағай болып келеді. Негізгі қорегі тұттың жапырағы болған олар өзінің салмағынан анағұрлым көп жейді. 30 күнге созылатын өзінің өмірінде қырықбуынның салмағы 10000 есе артады. Өзінің өсуінде ол бес жастан немесе түлеуден өтеді. Бесінші жасында жібек жібінің өзі жасалынады. Жібек бөлетін бездің нәрселері сыртқа шығып екі қабатты жіпке айналады, сосын қырықбуын үш күн бойы өзіне орауында жібек құрты пайда болады. Бір жібек құртында жібек жіптің ұзындығы есеп бойынша 100-2000 метрге дейін жетеді.
Ежелгі дәуірде айтулы тауарлардың арасында бірінші орынды қытай жібегі алды. Жібек мата – жұқа мата, салмақсыз, жеңіл, жұмсақ және әдемілігімен көне заманда табиғаттың кереметтілігі деп есептелді. Сыры көп жібек жіп айқын әрі төзімді, әртүрлі түсті не түрлі керемет мата берді, ал түрлі түсті күрделі өрнекті осы маталар өздігінше бағаланды. Батыста олар алтыннан жоғары бағаланып, саудаға қымбат тастармен бірге жүрді. Жібекпен алым-салық, әскери және дипломатиялық қызметтер төленді. Оның қиындылары патшалар мен храмдарға, жауынгерлер мен ақсүйек сұлуларға сыйға тартылды. Мұның барлығы синолог Фридрих фон Рихтгофеннің 1877 жылы Қытайдан Еуропаға дейінгі сауда трассасын Ұлы Жібек жолы деп атауына толығымен дәйекті құқық берді. Бұл атау Еуразияның қазіргі елдерінің барлық қоғамдық қызметтері мен ғылымында қабылданды. Шынайы әрі нәзік түрдегі түсті және өрнекті жібектер Әлемнің байлығы символына айналды. Оның сапалығы мен жеңілдігі жүзік көзінен өтетін мата деп анықталды. Оны құрыш болаттың өткірлігімен сынады, оның жүзі жібек орамалды қиып өту керек болды.
Александр Македонскийдің шығысқа жорықтарынан кейін антикалық әдебиеттерде қытай жібегі туралы нақты мәліметтер пайда болады. Александрдің ұстазы Аристотель өзінің «Жануарлар тіршілігі» атты еңбегінде жібек өндіру жөнінде былай деп жазады: «Үлкен құрттан кішкентай қуыршақ, сосын жібек құрты шығады. Мұның барлығы алты айда болады. Осы жәндіктен әйелдер жібек құртын бөліп алып, тарқатады, одан кейін оны иіреді. Платестің қызы Полифония Кос аралында алғаш рет иірген деп айтады». Б.з.д. І ғасырында жібек Клеопатрия патшайым үшін арнайы шеберхана жібектен салтанатты киім-кешек тіккен Александрияға жеткен. Октавиан Августтың билігі уақытында рим поэзиясында жібек туралы көптеген ескертпелер пайда болады. Римде Visсus Tusсus ауданында сириялықтар Ннтиохи мен Пальмирден сатып алынған жібектерін саудалайтын арнайы базар болды.
Жібек жолы бойындағы саудада айтарлықтай рөл соғдылықтарға тиесілі болды. Олардың Шығыс Түркістанға баруы б.з.д. IV-III ғасырларға жатады. Айтарлықтай соғды отары мен қоныстары б.з. бірінші ғасырына жататын Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Шығыс Түркістан мен Солтүстік Қытайдың керуен саудасының басты орталықтарынан анықталды. Соғды қауымының Жібек жолы торабындағы елді мекені – Дуньхуан­да болғандығы жөніндегі жазба дерек IV ғасырға жатады. Соғдылық «көне жазба» мәліметтері бойынша олардың саны бір мың адамдай делінген. Айтарлықтай соғды отары Батыс Қытайдың сауда орталықтары Лянчжоу мен Сучжоуда болған. Бұл мекендер Тан уақытында да белсенді сауда қызметтерін жүргізуді жалғастырған. Соғды саудагерлерінің едәуір бөлігі тандықтардың астанасы Чаньань қаласында тұрған. Оңтүстік жолдың басты орталығы Шаньшаньнан (Лобнор көлі маңында) VII ғасырдың бірінші жартысында Самарқанд пен Тараздан шыққандар бірнеше қоныстан тұратын өз отарын құрған.

ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІ

VI ғасырдың ортасында Орталық Азияның саяси аренасына жаңа мемле­кеттік құрылым – Түрік қағанаты шығады. Түркілер алғашында Алтайдан Сырдарияға дейінгі аумақты қамтып, Иранмен одақ орнатып, эфталиттер мемлекетін талқан­дайды, сосын Қара теңіз жағалауына дейін жылжиды. Қытайдан алым-салық ретінде алған үлкен байлықты иеленіп, олар соғыс уақытында соғдылық көпестерді қолдай отырып, Ұлы Жібек жолындағы сауданы қар­қынды дамытуға қы­зығушылық танытады. Дегенмен, оңтүстік трассаның ай­тарлықтай бөлігі Иранның бақылауында болған­дықтан, қаған 567 жылы Иранға сауда трассасын бірігіп бақылау мақсатымен соғды көпесі Маниахты басшы етіп елшілік жібереді. Бірақ Хосров І шах елшілікті қабылдап, әкелген жібектерін сатып алып, оларды наразылықпен астана алаңында өртеп жібереді. Қағанның бес айдан кейін жіберген екінші елшілігінен де нәтиже болмады. Бұл тікелей соғысқа алып келді. Осыдан кейін қаған елшілікке тағы да басшы етіп Маниахты Тараздан тікелей Византияға Бұқара, Хорезм арқылы, Каспий теңізінің солтүстік жағалауын айнала, Кавказ арқылы жіберген болатын. Сауда және әскери келісім жасалып, Византияның императоры Юстин ІІ шығыс жерлерінің стратегі, тіпті ол түркілердің Иранға жасаған жорығына қатысқан Земархты басшы етіп әскери елшілігін жібереді.
Осылай солтүстік жол бойынша Орталық Азия мен Византия арасында тұрақты сауда қарым-қатынасы орнады. Испиджаб, Отырар, Самарқандтан шыққан керуен Арал теңізі бойымен Хорезмнен өтіп, Еділ арқылы солтүстік кавказ тайпалары арқылы Кавказ жоталарының Қара теңіз жағалауына жетіп, одан ары Византия шекарасына барған. Бұл жол VI ғасырдағы грек тарихшысы Меандрда жазылған. Византиямен және осы жолдың торабындағы саудадан таңғаларлықтай қызықты заттай қалдықтар сақталған. Ортағасырлық Самарқанд, Мерв, Тараз, Андижан, Ташкент қалаларынан б.з. VI-VII ғасырларындағы византиялық және солардікіне ұқсас алтын монеталар табылды. Қолөнер өнімдерінің қалдықтарымен бірге монеталар Орта Азия мен Қазақстанның қалалары мен қоныстары қарапайым транзиттік елді мекен болмағандығы жайлы айтады. Олар өз өндірістері мен қолөнері және ауыл шаруашылығындағы көпшілік мөлшердегі әртүрлі тауарларды экспорттаушылар болды.
Жазбаша деректердегі мәліметтер бойынша Орта Азия мен Қазақстан иеліктерінен металл мен дайын металл бұйымдарындағы салтанатты ыдыстар мен қымбат металдардан қару-жарақтың әртүрлі түрлеріне: садақ пен жебе, семсер мен сауыт-сайман, тері бұйымдар, олардың ішінде, әсіресе шаштық киіз, мата мен киім бағаланды, асыл тас пен түсті шыны әшекейлер, дәрілік және бояу заттарына дейін тасыған. Егер бұрын айырбас өнімі тек қытайлық жібек болса, б.з. бірінші мыңжылдығының ортасында соғдылық шеберлердің өзіндік жібек мата өндірісі болғандығы жөнінде ауыз толтырып айта аламыз. Бұл жаңалықты күтпеген жерден жібекті зерттеуші француз Д.Шеперд жасады. Бельгияның Юн қаласындағы храмның құлпытасын жапқан ежелгі жібекті зерттеуде ол белгілі шығыстанушы В.Хеннинг оқыған беймәлім жазудың бірін тапты. «Занданашы» деп жазылған жазу оның өндірілген әйгілі ортағасырлық Шығыстың тоқымашылық орталығы – Соғдыдағы, Самарқанд пен Бұқара арасындағы Зандана қонысын нақты көрсетіп тұр. Бұл қоныстың келесі жүзжылдықтарда өте әдемі жұқа матасымен даңқы шыққан. Зандананың әйгілі матасы туралы араб деректері де атап өтеді. Ол жөнінде «Бұқара тарихының» авторы Мұхаммед Наршахи Юн қаласындағы храмнан шыққан жібектегі суретке ұқсас өрнекті жібек мата Муг тауындағы соғды билеушісі Деваштич қамалының қоймасынан табылғандығын жазған.
Солтүстік транзит жолы б.з. VI-VII ғасырларда тармақтары толық қалыптасқан керуен жолының құрлықтағы трассасымен толықты. ІХ-Х ғасыр басындағы араб-парсы географтарының географиялық еңбектерін талдаған шығыстанушылар олардың алғашқы еңбектерінің негізінде осы уақыттың жолшылары өздері болған деп есептейді. Ежелгі жолдар мен елдерді жазған 820 жылы туған Ибн Хордадбех б.з. ІХ ғасыр басындағы Табаристан билеушісінің ұлы болған. Оның өзі Джибал аймағының бастығы болған, осы лауазым құрамдас бөлігі шығысында Бағдаттан Орта Азия мен Үндістанға, батыста Испания мен Византияға, солтүстікте Кавказға дейінгі сапары болған «Мемлекет және саяхат кітабын» жазуға түрткі болған болуы мүмкін. Жеке Құрлықтағы және теңіздегі бірқатар трассасы, Дон, Еділ және Каспий бойынша орыс көпестерінің бағыттарына шейін көрсетілген. Басрадан шыққан Кудама ибн Джафар – халифат поштасының бастығы болған. Оның «Харадж және хатшылық өнер жөніндегі кітап» атты еңбегі жарым-жартылай сақталғанымен, оған пошта бағыты түскен. Пошта басшысы барлық жолды білуге тиісті болды, себебі халиф бір жақа баруға жиналуы немесе әскерді бағыттауы мүмкін. Сондықтан ол трасса бойынша орындардың аттарын, жол, тұрақ, миль мен фарсах саны, жолдың қиыншылығы мен оңайлығын, судың барын және т.б. тізіп шыққан. Біршама кейінгі географтардың еңбектерінде Орта Азия мен Қазақстан облыстары, оның ресурстары, қалалары, қолөнері, иеліктің өнімі, сауда трассасы жақсы берілген.

ЖАҺАНДАНУ КЕЗІНДЕГІ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР

Олай болса, Ұлы Жібек жолының далалық трассасы оның дамуы мен қызмет етуіне өз ерекшелігімен қайталанбас айрықша колорит енгізді. Көшпенді дала мен отырықшы аудандардың өзара қарым-қатынасы Ұлы Жібек жолының арқасында күшейіп, көшпенді мен отырықшы-егіншілік мәдениеттер бір-бірін өзара байытуға септігін тигізді. Отырықшы қалалықтар мен көшпенді тайпалар бірін-бірі түсінуі нәтижесінің барысында адамзаттың алуан түрлі ежелгі мәдениетінің ішіндегі өзіндік мәдениетті құрды. Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіру бүгінгі таңның ең өзекті мәселелерінің бірі және бұл ірі халықаралық жобаны, оның ішінде Ұлы Жібек жолы бойымен халықаралық туризмді дамытуға Қазақстан белсенді қатысып келеді. Туризм халықаралық қатынаста ұлттық масштаб шеңберінде қарастырылмайды. Орталық Азия мемлекеттері ғаламдық туристік жоба тізбегіне біріккен. «Ұлы Жібек жолы» Жапониядан Еуропаға дейінгі (шамамен 20 ел) елдер өз кезегінде 138 елдің мүшесі бар Әлемдік туристік ұйым жобасына кіреді. Археологиялық ескерткіштер өз кезегінде туризм нысанына айналып, туризмнің инфроқұрылымдық доминанты болып, оның дамуы Қазақстан экономикасының басымдықтарының бірі болды. 1998 жылы Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтарды қайта өркендету, түркітілді мемлекеттердің мәдени дамуының сабақтастығын сақтау, туризм инфрақұрылымын құру» бағдарламасын бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Жібек жолын қайта жандандыру – бұл ұқыпты стратегиялық жоспарлауды талап ететін күрделі көп жақты жоба. Жібек жолы – бұл ежелгі маршрут бойындағы жай ғана құрылыс жолы емес, бұл инфрақұрылымның дамуы, тиімді ынтымақтастық үшін ең жоғарғы деңгейдегі қолайлы жағдайда құруды толық жетілдіру заңнамасы, сонымен қатар елдер-қатысушылар арасындағы өзара түсіністік жетістіктері үшін шебер дипломатия.
Жібек жолы жүйесін қайта жандандырып, қалпына келтіру тек Қытайдың батыс аудандары үшін ғана емес, Қазақстан және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның басқа да елдері үшін маңызды болып табылады. Бұл континент ішіндегі аймақтар үшін жаһандық ықпалдастықтағы бірден-бір, тіпті жалғыз ғана мүмкіндік болуы мүмкін. Жібек жолын қайта жаңғырту оның бойында орналасқан барлық елдердің экономикасына өзгеріс алып келетіні сөзсіз. Қытай Жібек жолының өз бөлігін қалпына келтіріп, Орталық Азия елдерінің аумағындағы автожол құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларға көлемді қаражат жұмсап келеді. Жобаның негізгі мақсаты ежелгі сауда жолының күретамырын қалпына келтіріп, Жаңа Жібек жолын Роттердамға (Нидерланд) дейін созу.
2008 жылы Женевада 19 елдің, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия мен Иранның министрлері Жібек жолының бір бөлігін қалпына келтіру бойынша көлемді жоба қабылдады. Шамамен 7000 км созылған Жаңа Жібек жолының жаһандық перспективасы тек ежелгі маршруттар ғана емес, жаңа бағыттарды да қамтыған автокөлік және темір жолдардан тұрады. Келешекте Қытайдан Еуропаға дейінгі, Ресейден Онтүстік Азия мен Түркияға дейінгі негізгі континент аралық жолды ашу жоспарланып отыр.
Жібек жолының басым бөлігінің бойын­­дағы континент іші көлік жүйесінің дамымағанына қарамастан, бұл ай­мақтарды дамытудың келешегі өте жоғары. Мұнда бай табиғи ресурстар, пайдалы қазбалар және көп халық, мысалы еуразия континентінің барлық аумағының 3/5 бөлігін құрайтын Шанхай Ынтымақтастық ұйымына қатысушы (Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан) елдерінде әлемнің 1/4 тұрғыны шоғырланған. Еуразия елдерінің экономикалық күре тамырын қайта жандандыру тек мәдени-экономикалық айырбас пен өрбуге мүмкіндік туғызып қана қоймай, аймақтағы бейбітшілік пен бірлікті орнықтыруға септігін тигізеді.
Жаңа Жібек жолын қалыптастыру Орталық Азия елдері үшін ерекше маңызға ие. Орталық Азия елдеріне географиялық тұрғыдан қарасақ, ол материктің ортасында орналасқан, мұхитқа дейінгі ең жақын қашықтығы 1700 км құрайды, бұл халықаралық сауда үшін табиғи негізгі тосқауыл болып табылады. Жаңа Жібек жолы материк ортасындағы елдерді біршама дамыған Қытай және Еуропамен жан-жақты ықпалдастыққа, сауданың дамуына мүмкіндік туғызып, аймақтағы кедейшілік, қауіпсіздік пен жұмыссыздық мәселелерін шешуге септігін тигізетіндігі сөзсіз.
Бүгінде ежелгі алып мемлекеттер жоқ және географиялық шекаралары да өзгер­ген, ал онда тұрып жатқан адамдар әйтсе де өмірлік маңызы бар экономикалық өзара әрекеттесуге мұқтаж әрі көрші халықтардың өмірі мен мәдениет танымын көксеп келеді. Тарихи, экономикалық және табиғи байланыс, сонымен қатар діни ортақтық халықтардың жақындасуында маңызды рөл атқарады. Елдер арасындағы жан-жақты байланыстарды орнату шеңберінде Жаңа Жібек жолын құруды күшейту, шын мәнінде, үйлесімді дамуға, бейбітшілікке жетуге және халықтардың жарасымды өмір сүруіне бағытталған.


Арнабай Нұржанов,
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының

жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Ералы Ақымбек, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің PhD докторанты,

«Ана тілі».

 

Пікірлер