Демократия қарлығашы

458

Жаңа ғасырдың алғашқы жылдары ел ішінде "Дат" газетінің ықпалы сұмдық еді. Ауылда жұрт газетті қолдан-қолға тигізбей оқитын. "Әй, осы газет жазады-ей" деген әңгімені әр ауылдан естуге болатын. Сол кездері "Дат" біздің үйде де тұратын. Жаңа номерінің үйге қалай жететіні беймәлім, бірақ осы газет үйден үзілмеді. Оқушы бала арманыма журналист боламын деген мақсат осы "Дат" пен "Жас Алаштан" қалыптасса керек.

Студент болып оқуға түскенімде де қалтамдағы соңғы тиыныма "Датты" сатып алатынмын. Бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай деп шығатын "Дат" сол кездегі қоғамның қоясын ақтарып, биліктің бүйіріне шаншудай қадалатын. Бақытгүл Мәкімбайдың бетің бар, жүзің бар деп қарамай сойып салатын мақалаларынан талай шенді жасқанып жүретін. Сұхбаттарындағы сұрақтары да өзі секілді өткір де өжет. Журналистикаға қадам басқан қаншама қыздар Бақытгүл апайдай болсақ деп армандады

.

Бақытгүл Мәкімбай бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы 22 партсьезд совхозы Құмкөл ауылдық советінде 1962 жылы 15 қазан  күні дүниеге келген. Туған ауылындағы  М.И.Калинин атындағы орта мектепті 1979 жылы бітірді. Білетіндер Бақытгүлдің өміріндегі алғашқы әділетсіздік сол мектеп бітіретін жылы басталған дейді. Сабағын үздік оқыған алғыр қыз мектепті "Алтын белгіге" бітіре алмапты. Дұрысы бітіртпепті. Оның орнына сол кездегі бастықтың баласын ұсынып, Мәкімбай екінші кезекке ысырылып қалады. Үлкен өмірге басқан қадамы әділетсіздіктен басталған Бақытгүл 40 жылға жуық өмірін ақиқат пен шындыққа арнап келеді. Саясаттың заңғар тұлғалары мен қоғам қайраткерлері Бақытгүлдің еңбегін бас бармақпен бағалады.

Кеше осы бір қайсар да өжет қыздың туған күні екен. Туған күніңізбен Бақытгүл апай! Қазақ журналистикасының Сізге өкпесі жоқ! Өкпе Сізде болмаса.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер