«Арылу-Оңтүстік» бірлестігі семинар-тренингтер ұйымдастырды

3852
Adyrna.kz Telegram

Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылық ара-тұра кездесіп қалып жатады. Осы «әттеген-айлардың» алдын алу үшін тәрбие жұмыстарын белсенді жүргізген жөн секілді.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігі «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру мен жүргізу» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырды. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Дәурен Бағжановтың айтуынша,  соңғы 8 айда облыста кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қылмысы 13,4 пайызға арқан.

«Күнделікті өткізілген рейдтік және профилактикалық шаралардың нәтижесінде полиция бөлімшесіне 3082 кәмелет жасқа толмаған жасөспірім жеткізілген. Ал олардың ата-аналарына 2796 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты. Алайда бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 496 дерекке артқан. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуі өткір мәселе, өйткені олар ересектерге қарағанда тәжірибесі мен білімінің жеткіліксіздігінен көптеген проблемаларды шеше алмайды», – дейді ол.

Оқушылар арасында қылмысты азайту үшін «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігі табанды түрде еңбек етіп келеді. Ұйым мамандары облыстағы барлық он ауданындағы мектептерде арнайы семинар-тренингтер өткізген. Аталған оқыту семинарларын Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, психикалық сауықтыру орталығының маманы Мейрамгүл Ибашова жүргізген.

«Девиантты мінез-құлықтың көбіне жасөспірімдер арасында көрініс табатынын психологтар жақсы біледі. Бұл ретте әр сабақта мұғалімдерге ең бірінші кезекте ата-аналармен бірігіп жұмыс істеуге кеңес беремін. Бала тәрбиесіне келгенде жан-жақты әсер етпесек, жасаған әрекетіміздің бәрі зая кетеді. Көп жағдайда ата-ана мектепке келген кезде баланың тәрбиесіне емес, басқа ұсақ-түйек дүниелерге бола келетінін тәжірибе көрсетіп жүр. Жасөспірімнің қылмысқа баруының ең бірінші себебі баланың психологиялық ерекшелігіне, психологиялық денсаулығына тікелей қатысты», – дейді Мейрамгүл Смағұлқызы.

Жалпы өңірде Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен өткен тренингтерге барлығы 300-ге тарта сынып жетекші, 300 мектеп директорының орынбасары қамтылған. Кәмелетке толмаған жастардың арасында қылмыстың алдын алудың кешенді шарасы ретінде бағаланған бұл тренингтер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

«АДЫРНА»

 ұлттық порталы

Пікірлер