Қазақстандағы әскерилер өздерін өзгелерден ерекшелеп жүретін бес жұлдызды алғаш бедерлеген өз ата-бабалары екенін біле ме екен? Әй, қайдам… Дегенмен, өте ежелден аспан сырына қанық бабаларымыздың бұл өнертапқыштығына қайран қалуға да болмайды.
Шығыс Қазақстандағы Шілікті қорғанынан алтын бесжұлдыз үлгісіндегі түйме табылғанда жұмған аузымызды ашпаған едік. Шіліктінің Оңтүстік-батысында Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайхан және солтүстігінде Маңрақ тауларымен қоршалған үлкен алыпта тізілген қорғандар тізбегінен тұрады. Әлгі қабірханадан алтын бұйымдар әр жерден, әр қабаттан кездесе бастаған. Бұл жапсырмалар сом алтыннан құйылған әшекей дүниелер, яғни таза құйма алтындар. Олардың ішіндегі ең үлкені – арқардың мүсіні. Сондай-ақ екі бұғының мүйізі айқасып тұрғанын бейнелейтін алтын жапсырма “Мәңгі әлем бәйтерегі” өрнегін еске түсіреді. “Ал бір-бірімен тұмсық түйістіріп тұрған екі таутекенің басы кейпінде жасалған жапсырмадан үш сюжетті көруге болады. Оның біріншісі, қос таутекенің басы десек, екіншісі, тура қарап тұрған барыстың бейнесі. Үшіншісі, осы жапсырманы жатқызып қойып қырынан қарағанда, оның ұшып бара жатқан құсқа ұқсайтындығы. Бұл нағыз өнер шыңы.
Аса бір геометриялық дәлдікпен жасалған бесжұлдыз бейнелі түйме де еріксіз таңдандырады. Бес жұлдыздың қырлары мен түйменің жиектері жіңішке алтынмен көмкерілген. Сырты да түгел алтын. Түйменің ортасындағы жұлдызшаның өзі көк түнікеден (эмальдан), жұлдызшаның шеті ақ түнікеден тұрады. Сондай-ақ, бесжұлдыз сақтарда патша билігінің белгісі болғандығы жөнінде де қосымша деректер бар. Бүгінде бүкіл жаһан әскери белгі ретінде пайдаланатын бесжұлдыздың – атасы қазақтар екенін неге білмейміз.
Сағын СЕРІК