Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсу талаптары өзгеруі тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, талапкерлерден ағылшын тілінен міндетті түрде емтихан талап ету — қазіргі заманда ғылымға бет бұрған жастардың жолын бөгейтін кедергіге айналуы мүмкін.
Аймағамбетов ағылшын тілі ғылым үшін аса маңызды екенін мойындай отырып, бұл талапты кезінде өзі министр болғанда енгізгенін де жасырмады. Алайда уақыт алға жылжыған сайын технологиялар өзгеріп, жаңа мүмкіндіктер пайда болуына байланысты бұл талапқа қайта көз жүгірту қажет екенін алға тартты.
"Қазір ChatGPT, Gemini сынды құралдардың көмегімен кез келген ғылыми мәтінді санаулы секундтарда сапалы аударуға болады. Демек, жастар ғылыми ізденісін енді осы технологиялардың көмегімен де жүргізе алады"- деді Аймағамбетов.
Депутат қазіргі ахуалды ескере отырып, қабылдау ережелерін бірқатар бағытта қайта қарауды ұсынды.
1. Ағылшын тілін мектептен сапалы үйрету
Президент тапсырмасына сәйкес басталған 3–4 және 10–11 сыныптардағы ағылшын тілі сағаттарын көбейту жұмыстарын нақты іске асыру қажет.
2. Ағылшын тілінен емтиханды оқу соңында тапсыру
Егер магистратура мен докторантурада оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе, ағылшын тілінен емтиханды оқу басталғанға дейін емес, оқу аяқталған соң тапсыру ұсынылады.
3. Ағылшын тілінде оқытатын бағыттарда талапты күшейту
Қос дипломды бағдарламалар немесе шетелдік филиалдарда оқитындар үшін ағылшын тілі талаптарын сақтау немесе күшейту қажет.
4. Эссе орнына – нақты зерттеу ұсынысы
Докторантураға түсетін үміткерлер эссе жазудың орнына ғылыми зерттеу ұсынысын ұсынуы тиіс. Жазба жұмыстар тәуелсіз сарапшыларға берілуі қажет.
5. Ғылыми мақала жариялау талабын икемдеу
Scopus секілді беделді базаларда мақала жариялау талабын әр мамандықтың ерекшелігіне қарай бейімдеу ұсынылады. Мысалы, музыка, қазақ филологиясы сияқты салаларда балама талаптар енгізілуі мүмкін.
"Бастысы – талапкердің диссертациясы сапалы болуы және ғылыми ортаға нақты үлес қосуы керек", – дейді Аймағамбетов.