«Алматыдан сөйлеп тұрмыз...» Әнуарбек Байжанбаев кім еді?

1044
Adyrna.kz Telegram

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Байжанбаевы» атты естелік кітап жарыққа шықты.

Әлемге қазақтың сөз өнерін қоңыр үнімен танытқан Әнуарбек Байжанбаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылығына арналған бұл кітапта замандастарының, шәкірттерінің және белгілі қаламгерлердің естеліктері мен өлең-жырлары топтастырылған. Туындының жарық көруіне «Атамұра» корпорациясының президенті, ұлт жанашыры әрі меценат Рахымғали Құл-Мұхаммед қолдау білдірген. Кітапты құрастыруда Құдайберген Тұрсын мен Аманжан Еңсебайұлының еңбегі зор болса, Серік Қалиев редакторлық еткен. Жиын барысында:

«Кітаптың аты маған ұнап отыр. Соңғы кезге дейін Әнаға туралы сөз болса, бәріміз қазақ тілінің элитасы деп келдік. Сол элитаны біз Намазалымен бірге көргенбіз. Мен әскери ақпарат оқимын. Ал Байжанбаев бүкіл халықтың, ақын-жазушылардың, мықты журналистердің жазғандарын өзі оқитын», - деп радио ардагері Құсман Игісін өз естелігімен бөлісті.

Ұлттық кітапханада өткен таныстырылым шарасында«Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Нұртас Сұлтанұлы, профессорлар Намазалы Омашев пен Кенжехан Матыжанов, белгілі ғалымдар Ислам Жеменей, Кәкен Қамзин, Сағатбек Медеубек және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Кітаптың демеушісі «Қазақтың Байжанбаевы» атты кітаптың қалай шыққаны туралы айтып берді.

«Осы кітапқа келетін болсақ, қалай демеушілік жасағанымды айтқым келеді. Қолымыздан келгенше ұлттық құндылықтарымызды демеп жүреміз. Бірде маған бір бауырымыз айтты. «Шешендік өнерді дамыту үшін үлкен конкурс жариялап жатырмыз. Соған демеушілік болсаңыз» деді. Сол жерде Аманжан ағамызбен таныстым. Кейіннен ол кісі «Қазақ радиосы туралы бір кітап шығару керек. Көп адам «шығарамыз» деп уәде еткен. Кейін шығармай кетті. Соған қолдау білдірші. Аты «Қазақтың Байжанбаевы» деді. Қазақ дегенде ол кітапты оқиын дедім. Біз негізі естелік кітапты көп шығармаймыз. Оның ішінде артық-кемі болады. Академик Қозыбаев, Қасым Қайсенов, Камал Смайловқа шығарғанымыз бар. Мен ең алдымен «уәде бере алмаймын, оқиын» дедім. Оқып, бұл кітапқа риза болдым. Себебі Қазақ радиосының ғасырдан асатын тарихы біз білмейтін құпияларға толы екен. Мысалы, Шәкен Аймановты оқырмандар кино саласының майталманы деп білсе, ол кісі де осы дикторлық қызмет атқарған екен. Оның басында Мина Сейітова апамыз да болған. Мәншүк Мәметовамен бірге медицинада оқыған екен.

Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың да өмірі қилы болған. Кітапты оқып, одан сайын жақсы көре бастадым. Бұл кітапты біз шығарамыз дедік. Басында қалың кітап болған. Бірақ мүмкіндік болса бір адам туралы отыз бетке де, үш бетке де жазуға болады. Редакторы Серік Қалиев деген бауырымыз. Осы жігіттер маған ұсыныс айтты. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» дегенді білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол дауыс, ағамыздың сөзін елестетіп отырдық. Біз білмейтін көп адамдар радиода, осы салада істеген екен. Қазақ радиосымен бірге өскенбіз. Бірінші Сауық апайымыздың 80 жылдығына арнап кітап шығардық. Ал кейін 20 наурыз күні «Қазақтың Байжанбаевы» кітабын шығардық. Кітаптың оқырмандары көп болсын! Қазақ радиосының қызметкерлеріне шығармашылық табыс тілеймін», - деді кітапқа демеуші болған «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед.

«БАЙЖАНБАЕВ КҮНІН ЕНГІЗУ КЕРЕК»

Радио ардагері Руслана Құдайбергенова Қазақ радиосының өткені мен бүгіні туралы айтты.

«Ол кісінің есімі ешқашан ұмытылмауы керек. Сондықтан жәй ғана кітаптың тұсаукесерін ғана атап өту емес, әр жылы 7 мамыр күні, радио күні, Жеңіс күнінің қарсаңында Байжанбаев күнін, Байжанбаев сабақтарын атап өту керек. Кейінгі ұрпақ Байжанбаевтың кім болғанын білу керек. Радионың дәрежесі қазір өте төмендеп кетті. Мен қатты қынжыламын. Өйткені, Қазақ радиосының еңбегі ұшан теңіз болған. Оны бір мезетте миллиондаған адам тыңдаған, тыңдап та келе жатыр. Бірақ оның мәні, маңызы көмескеленіп бара жатыр. Радио бұрын мәдениеттің, өнердің, барлық саланың ұйытқысы болды. Бәрі Қазақ радиосында тоғысатын. Бәрінің даусы «Алтын қорда» сақтаулы. Радионы ұмытуға болмайды», - деп өз ойын білдірді.

АЛТЫН ҚОРДА САҚТАЛҒАН ЕСТЕЛІКТЕР

Кешті жүргізген «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлы Әнуарбек Байжанбаевтың өмір белестеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ, тыңдаушыларға Әнуарбек Байжанбаевтың "Алтын қорда" сақталған жанды дауыстағы жазбалары тыңдатылды. Шара барысында дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман жүректерді тербеген әсем ән орындады.

Таныстырылым аясында ұйымдастырылған көрмеде Әнуарбек Байжанбаевтың жеке мұрағатынан алынған медальдары, куәліктері мен сирек фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылды.

Одан бөлек, Қазақстанның Халық әртісі, диктор Әнуарбек Байжанбаев туралы кітаптың тұсаукесерінде «Алтын қордан» арнайы материалдар қойылды. Соның бірі - 1944 жылы Байжанбаевты жұмысқа қабылдаған Омарғазы Оспановтың сөзі.

Этнограф Бағдат Мүптекеқызы шараға қатысты өз ойын білдіріп, Facebook парақшасында жазба жариялады.

«Қазақтың ұлттық бояуымен байтақ даланы ерекше қоңыр дауысымен баурап алған Қазақ радиосының әйгілі дикторы, Қазақ ССР Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың ғасырлық тойына арналып жазылған "Қазақтың Байжанбаевы" атты кітапта өз естелігімді осылай атап едім. Әйгілі диктордың дүбірлі тойын екі жыл асыға күтіп жүрсек те, "Атамұра" корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, меценат Рақымғали Абрарұлы бауырымыздың демеушілігі арқасында, Құдайберген Тұрсын, Аманжан Еңсебайұлдары екі жыл бұрын бастап, Серік Қалиев бауырымыз қостаған қалың кітаптың Таныстырылымы Алматыдағы Ұлттық кітапханада айтулы оқиға болып, дүрілдеп-ақ, өтті! Астанадан ат арытып келген "Қазақ радиолары" ЖШС-нің Бас директоры Нұртас Сұлтанұлы, ғалымдар: Намазалы Омашев, Кенжехан Матыжан, Ислам Жеменей, Кәкен Қамзин, Сағатбек Медеубек, Болатбек Төлепберген, Қымбат Досжан,  ардагерлер: Құсман Игісін, Руслана Құдайбергенова, Бақытжан Атагелдиев, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Темірхан Момбекұлы, Бүркіт Бекмағанбет, Сайлаубай Тойлыбаев, Фарихан Атаханова, кейінгі буын: Бақыт Жағыпар, Есболат Есболат Айдабосын, Арман Әубәкір, Жарқын Сәленұлы, Оңғар Құрал секілді сөз өнерінің "тамыршылары", белгілі ғалымдар, әсем әуенді әуелеткен Еркін Шүкімандай  өнер қайраткерлері, Алматының біршама зиялысы қаумалаған басқосу  мағыналы, әрі тартымды деңгейде ұйымдастырылғаны аңғарылып тұрды. Талай тарландардың, аттары алысқа тараған ірі тұлғалардың тойларының тізгінін ұстап жүрген ақын, Қазақ радиосындағы қаламы жүйрік журналист Бақыт Жағыпар бауырымыздың "бас-аяғын тап-тұйнақтай" етіп, түйіндеген әр сөзі, Байжанбаевтың байсалды қоңыр үнімен көркемделген жоспарлы дүниесі "қыздың жиған жүгіндей", қатпарлы қалтарыстары жоқ, текшеленіп, түрленіп, тыңдаушыны да, айтары бар ақыл иелерін де бір арнаға тоғыстыра білді. Естеліктер айтылды, есте  қалатын, алда ескеруге тұрарлық елеулі ойлар ортаға тасталды. Жақсы әкенің асыл қасиеттерін ардақ тұтып, асыл мұрасын аялап, ұрпағына сақтап жүрген  тұлпардың тұяғы, Арыс ағамыз да балаларын бүгінгідей ерекше тойға ерте келгені, естеліктер тыңдатып, Құранның ішінде болсын дегені, жақсы әкенің әруағына деген құрметін көрсетті. Бүгінде сөзге тоқтамай бара жатқан, сөз қадірі төмендеген, әркім өзінше "сөз жасап алған",  сөйлеу мәдениеті мешеу тартқан заманда, туған тілінің тіптен әр әрпіне, дыбысталуына жанын сала қызмет етіп, қазақтың таң сәріден сергек тұрып, кеш батқанша қат-қабат шаруадан шаршамай, түн тыныштығын тілеген құлаққа жағымды майда қоңыр дауысы талай ұрпақты баурап алатын қара сөздің кемеңгері Байжанбаевтың өнегелі өмірі, бүгінде айтылған өзекті мәселелер жоғары жақтан қозғау болса,  әлі талай жасай берері анық», - деп жүрекжарды лебізін білдірді.

«БАЙЖАНБАЕВ ЕСКЕРТКІШІ»

Жиында сөз сөйлеген Бақытжан Атагелдиев бірнеше ұсынысын айтты.

«Байжанбаевты танымайтын қазақ жоқ еді. Бірақ қазір сол Әнағаңды танымайтын қазақ көбейіп бара жатқаны өкіндіреді. Шіркін-ай, жыл сайын Байжанбаев күні аталып өтсе... Алматының көрнекті бір жерінен қазақтың руханиятының тұлғасы Байжанбаевқа үлкен бір ескерткіш қойылса дейміз. Жыл сайын ескерткіштің жанында көркем сөз оқитындардың байқауы өтіп отыруы керек. Алматыда Серкебаевқа ескерткіш тұрғызылып жатыр. Серкебаев та Байжанбаевтың шәкірті. Мұқағали ағама қойылды. Мұқағали ағам да Байжанбаевтың шәкірті. Ұлылардың ұстазы болған кісіге бір үлкен ескерткіш қоюға Үкіметтің аз қаражаты бөлінсе деген ой бар. Ал енді Аманжан екеуміздің де ұстазымыз ғой. Бірақ мені эфирге жетектеп шыққан Сауық әпкеміз болды. Қазір радионы тыңдасаңыз да, теледидарды тыңдасаңыз да осы жүргізуші дейді. Көбі сүрініп-жығылып жатады. Үндестік заңы дегеннен мүлдем хабары жоқ. Осыған қатысты оқу орындардында «сөйлеу шеберлігі» деген сабақты қосса болар еді. Өнерге тәрбиелейтін оқу орындарында «сахна тілі» деген сабақ бар. Сабақ беріп жүрген қазақ тілінің майталман шеберлері бар», - деді радиожурналист.

Жиналғандар бір ауыздан «дұрыс» деп, Бақытжан Атагелдиевтің сөзін қолдады.

Ал қаламгер Оңғар Құрал Facebook парақшасында:

"Кітапты құрастыруға атсалысқан барлық азаматтарға зор алғыс білдіреміз. Бұл еңбек болашақ ұрпақ үшін баға жетпес мұра болып қалары сөзсіз," – деп жазды.

«Қазақтың Байжанбаевы» атты кітапта бірқатар радио ардагерлерінің сөзі топтастырылған. Аманжан Серіковтың «Қазақ көркемсөз мектебінің қас шебері», Ілия Жақановтың «Сұңқардай саңқылдайтын Байжанбаев!», Қасымхан Ерсариннің «Алматыдан сөйлеп тұрмыз», Құсман Игісіннің «Әнаға», одан өзге зиялы қауымның Әнуарбек Байжанбаев туралы естеліктер берілді.

Сымбат Наухан

«Адырна»

Пікірлер