Тәжікстан Қытайға күміс кен орнын беріп, салықтан 7 жылға босатты

3756
Adyrna.kz Telegram

Тәжікстан парламенті Қытай инвесторларына күміс кен орнын беруді мақұлдап, қытай компаниясын жеті жылға салықтан босатпақ. Бұл туралы “Араша” ақпараттық порталы Орталық Азия ЖҚ сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайлықтарға берілген “Якчилва” кен орны Тәжікстанның Мургаб ауданында орналасқан. Ол Памир тауындағы теңіз деңгейінен 4500 метр биіктікте екен. Бұл елдегі ең биік жерде орналасқан кен орны. Тәжікстан құнды металды өндіруге салатын салықтан да пайда табуына болушы еді, бірақ олар инвесторларды салықтан біраз жылға босатып отыр. Сондай-ақ елге кіргізілетін техникалар мен құрылғыларға салынатын баж салығынан да босатып отыр. Бірақ қытай компаниясының міндеті жұмысқа жергілікті тұрғындарды алып, үйретуі керек.

“Инвестор кен орнын игеру, қойма мен электор тораптарын жүргізу және тағы басқа жұмыстар үшін 385 миллион сомони (шамамен 40 млн доллар) ақша жұмсауы керек. Сонымен қатар инвестор 60% жұмыс орнын жергілікті тұрғындармен толтыруға міндетті, бірте-бірте бұл көрсеткішті 80% өсіруі тиіс. Жұмысшылардың кәсіби деңгейін арттыру үшін компания жылына 500 мың сомони жұмсайды”, – дейді Тәжікстанның Инвесткомитетінің төрағасы Фаррух Хамрализода.

Тәжіктер Қытай компаниясын жеті жылға салықтан босатқанымен, кен орнындағы күміс қорын толық өндіріп алу үшін қытайларға үш жыл жеткілікті. Яғни салық жеңілдігі аяқталғанша кен орны толығымен өндіріліп бітеді.

“Қазір геологиялық барлау мен тәжірибелік өндіріс жүріп жатыр. Тек ғана бір жылдың ішінде 40 тонна күміс өндіре аламыз. Қазіргі уақытта барлау нәтижесі бойынша 113 тонна күміс қоры бар”, – дейді “Кашн Синьюи Дади Майнинг Инвестмент” компаниясының өкілі Юан Ин Ху.

Тәжікстанның сарапшылары елдегі кен орындарының Қытайға беріліп жатқаны Тәжікстан үшін тиімсіз, әсіресе алтын мен күміс сияқты құнды металдарды өзіміз өндіріп, мемлекеттің қорын толтыруымыз керек деп есептейді.

Еске салсақ, Қазақстан парламенты да былтыр 5 желтоқсанда Қытай-Қазақстан серіктестік қоры қаржыландыратын Қытай капиталы бар өнеркәсіп орындарына Қазақстан салық салмау туралы құжатты мақұлдады. Сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек салықтан босату бойынша басымдық өңдеуші өнеркәсіпке беріледі, оның ішінде мұнай химиясы, жалпы химия, тыңайтқыштар дайындауға, металлургия мен басқа да қызмет түрлері бар екенін айтқан.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың бір ай бұрын бізге берген сұхбатында Қытаймен арадағы келісімшарттардың көбі Қазақстанның мүддесін қорғамайды дегенді жеткізіп, жоғарыда айтқан Тәжікстанды мысалға келтірген болатын.

“…Мысалы Тәжікстан да Қытайға қарыз мемлекеттердің бірі. Қазір көріп отырғанымыздай Қытай Тәжікстанға өте қауіпті тәжірибе жүргізіп отыр. Тәжікстан қарыздарын өтей алмай қалған кезде Қытай ақшаның орнына активтер алып отыр. Кен орындарын алып отыр. Қытай мұндай тәжірибені бұған дейін де жүргізен. Ең алғаш Шри-Ланка Қытайға қарыздарын өтей алмай қалған кезде Қытай Шри-Ланканың ең ірі порттарының бірін алып қойған.

Қытайдың әр елдегі экономикалық саясаты ең алдымен өз мүддесін қорғайды, оны ештеңемен салыстыруға келмейді. Қытай бизнесінің Батыс бизнесінен бір ерекшелігі олар жемқорлық жағдайында жұмыс істей бере алады. Бұл жағдай белгілі бір жобаларды іске асыруға байланысты күдікті тіпті ұлғайтады”, -деген еді Досым Сәтпаев “Араша” ақпараттық порталына берген сұхбатында.

Пікірлер