«Хандар шежіресі» ЮНЕСКО-ның «Әлемдік жады» тізіміне енді

1520
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының бастамасы нәтижелі жүзеге асты. Қазақстан тарихы үшін маңызды жаңалық: XVIII ғасырда жазылған «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлемдік жады» тізіміне енгізілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Facebook желісінде хабарлады.

“Мемлекет басшысының тағы бір бастамасы жүзеге асырылды. «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық «Әлем жады» тізіміне енгізілді”, – деп жазды өз парақшасында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында:

“Еліміздің деректі мұраларын сақтау бағытындағы жұмысты жандандыру қажет”, – деп нақты тапсырма берген болатын.

«Хандар шежіресі» — ұзындығы 3 метрден асатын, XVIII ғасырда жазылған бүктеме қағаз түріндегі құжат. Бұл бірегей артефакт қазақ хандарының билік тарихын қамти отырып, VI-XIX ғасырлар аралығындағы тарихи тұлғалардың шежіресін, олардың шығу тегін және өзге халықтармен байланысын айқындауға мүмкіндік береді.

ЮНЕСКО тарапынан бұл шежіренің мойындалуы — қазақ халқының тарихи жады мен мәдени мұрасының маңыздылығын халықаралық деңгейде дәлелдейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи мен шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына қатысты мұрағат материалдары, Арал теңізінің архивтік қоры да ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілген болатын.

Пікірлер