Қазақ тарихының қай кезеңіне ой жүгіртіп, зердемізде таразыласақ та ел болып қалыптасуының оңайға түспегенін көреміз. Отанын отаршылдықтың бұғауынан босатпайынша аттан түспеген батыр бабаларымыздың ерлігі — бүгінгі тәуелсіздігіміздің тірегі іспетті. Өзге жұрттың көзіне шел бітірген қазақтың ұлан-байтақ жері мен байлығы, сайын даласын жайлап жатқан мыңғырған малын талауға қанды ұртын тамсана жалап, кімдер құмартпады дейсіз?! Алайда, бірлігінен бүтіндік, тірлігінен адалдық айнымаған елді Алланың берген несібесінен айыруға ұмтылғандар қаншалықты қиянат пен қиямет тудырса да рухын сындыра алған емес.
Сондай дүбірлі оқиғалардың бірі 1931 жылы ақпанда басталған Абыралы көтерілісі бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданында болды. Көрші жатқан Шыңғыстау, Шұбартау, Қарқаралы, Қу аудандарындағы өздеріне ниеттес азаматтармен байланысқа шығып, оларды көтеріп, күресті бірге өрбітуге талпынған. Көтеріліс алғашқыда Ұзынбұлақ, Тайлан, Ақбұлақ, Бөрілі, Мыржық, Дегелең ауылдарында басталып кейіннен бірінен кейін бірі барлық ауылдар қостаған. Жалпы 3500- ға тарта адам атқа қонып қарулы қақтығыстарға қатысты. Жазалаушы отрядтармен болған шайқастар кезінде 60 адам оққа ұшып, 171 адам үштік соттың шешімімен атылған, 183 адам 10 жылдан астам уақытқа сотталып, Сібірге айдалды. Мыңдаған адамдар қуғын сүргінге ұшырап шет елдер мен еліміздің әр тараптарына босып кетеді. Одан кейін елімізді жаппай жайлаған аштық салдарынан аудан халқы аштыққа ұшырап, халықтың үштен бірі ғана қалған. 1937-1938 жылғы халық жауларынан тазарту мен Отан соғысының зобалаңы келіп елді мүлде тұралатып тастады. Ел енді есін жия бергенде 1949 жылы КССРО-да ең алғаш рет сутегі атом бомбасын осы аудандағы Дегелең тауында сынақтан өткізілген. 1954 жылы халқы жан-жаққа көшіріліп Абыралы ауданы біржолата таратылып, жері сынақ полигонына айналдырылды.
Жазықсыз жұртты жаппай ашаршылыққа ұшыратқан 1931-32 жылғы алапат ашаршылық елдің еріксіз көтеріліске шығуына мәжбүр етті. 1928 жылдан бастап «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген жалаң ұранды жамылған ұжымдастыру кезеңіне қарсы жер-жерде біліне бастаған халық наразылығы 1931 жылы шарықтау шегіне жетті. Яғни, дәл осы жылдың ақпан-наурыз айларында тарихтан белгілі бес көтерілістің алғашқысы болып Абыралы көтерілісі бұрқ етті. Үкіметке ет өткізу жоспарын орындауды талап еткен жергілікті шолақ белсенділердің ақылға сыйымсыз әрекетінің ақыры жақсылыққа апармасы айдан анық еді. Тіпті, далада мал тұрмақ, тіске басар азық қалмағанын біле тұра халықтың обалынан қаймықпай салығын үдете түскен сол кездегі Үкіметтің үстемдік жүргізуіне бұдан ары төзу мүмкін де емес еді. Жергілікті елдің есінде «Абыралы көтерілісі», «Қамбар көтерілісі» деген атпен қалған сол бас көтеруге қатысқандарды қылышынан қан тамған құрығы ұзын қызыл империя аяған жоқ: атты, асты, абақтыға жапты, бір сөзбен айтқанда көтерілісті күшпен басты. Ең қасіреттісі сол, көтеріліс құрбандарының сүйегі қай жерде қалғаны «жабулы қазан жабулы» күйде қала берді…
Биыл Абыралы көтерілісіне 80 жыл толды. Ұрпақ үшін ұмытылмайтын, ұмытуға да болмайтын сол тарихи оқиғаның құрбандарына тағзым етіп, ерліктерін паш ету тәуелсіз еліміз үшін ортақ парыз саналады. Сол себептен де шілде айының 27-і күні Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Абыралы ауданының орталығы болған Қайнар ауылында «Бабалар ерлігі-тәуелсіздік тірегі» атты мемориалдық-кешен ашылып, жұртшылық «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген» тағы да бір тағылымды істің куәсі болды. Монументте осы көтеріліске қатысып құрбан болған аталарымыздың есімдері мәрмәр тақтаға қашалып жазылды. Қазір еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын, көтеріліске қатысып жер аударылған, қуғын көрген аталарымыздың ұрпақтары жиналып, бабалырының ерлігіне тағзым етіп, атақоныстағы ел жұртымен естен кетпес қауышу болды.
Еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл толуымен орайластырылған мұндай елеулі шаруа «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының мұрындық болуымен жүзеге асқанын алдымен айтқан жөн болар. Аталмыш монументтің Қайнар ауылынан бой көтеріп, туған жердің рухын асқақтауы «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының президенті, кәсіпкер-меценат Марат Құрманбаевтың ұйытқы болуымен осы өңірден шыққан азаматтыр өздерінің қаражаттарына тұрғызып отыр.
Сенбі күнгі шара алдымен Қайнар ауылының кіре берісіне орналасқан Семей полигоны құрбандарына арналған монумент басындағы жиыннан басталды. Семей ядролық полигонының жабылуына 20 жыл толуына орай өткізілген жиынға Шығыс Қазақстан облыстық Жер қатынастары бөлімінің бастығы Қонысбай Төлеубеков, Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, Семей Орталық мешіттің найб-имамы Мақсат қажы, Алматы қаласынан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, Қазақстан Энциклопедиясының Бас директоры, ақын Бауыржан Жақып сынды қадірлі қонақтар арнайы келді.
Әкімнен кейін сөз алған абыралылық қадірменді ақсақал Мүбәрак Ағыбаев пен Мақсат қажы Қуантайұлы ел атынан Қазақстандағы тыныштық пен бірліктің тұрақтылығы мен тәуелсіздігіміздің баянды болуына тілектестігін жеткізді.
Тамыздың жиырма тоғызы..
Жанған күн көкте өшкен күн,
Талай тағдырды шешкен күн.
Абыралымнның бауырынан
Абдырап халқым көшкен күн… деп ақын Бауыржан Жақып күрсіне жырлағанындай тыныш жатқан елдің берекесін бездіріп, қонысынан қозғап жіберген атом зардабының кесапаты ел есінен ешуақытта кетпесі анық.
Ел асыға күткен мемориалдық кешеннің ақ матасы түсіріліп, тарихи ескерткіш көз тартып сала бергеннен-ақ сөз алған мәртебелі мейман, осы шараға арнайы шақырылған ғалым Талас Омарбеков Абыралы көтерілісінің шығу себептері жайында тағылымды баяндама жасады. 1931 жылдың көктемінде болған көтерілістің маңызы қаншалықты екендігін жиналған қауым тілге шешен ғалымның шешіле сөйлеген сөзінен айқын ұғынды.
Дегенмен Абыралы көтерілісінің тарихы әлі толық зерттелген жоқ. 1929-1931 жылдары 300-ден аса ірілі-ұсақты көтерілістер болды десек, соның ішіндегі ең ірілерінің бірі осы «Абыралы көтерілісі». Ал бұл көтерілістің мақсат-мүддесі Алаш мүддесімен, Алаш Орда алдына қойған мақсаттармен жалғасып жатты. Ел арасында кеңестер үкіметі құлады , Алашордашылар жақында елге келіп көтерілісті өздері басқармақ деген қауесеттер тараған. Көтерілішшілердің жоспары бойынша барлығы бір тудың астына бірігіп, аудан орталығы Қайнарды алып, Шыңғыстаулықтармен бірігіп алдымен Знаменканы( Қарасу) талқандап Семейге шабуылдап, Алаш үкіметін қайта орнату ниетте болған. Кезінде Семей Алаш Орданың астанасы болғаны белгілі.
Абыралылықтардың Алаш Орда көсемдерімен байланыстарының қалай болғанын зерделесек, оның тамыры тіпті де тереңде жатқанын көреміз. 1905 жылы әйгілі Қарқаралы петициясы жазылды. « Дело об агитаций среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург депутаций для предстовления от Киргизского народа петиций царю» Осы құжатқа 42 адам қол қойған. Солардың оны Абыралы ауданына қарасты бес болыстың азаматтары. Петицияны ұйымдастырушылар Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев. Петиция 47 пункттен тұрады. Онда қазақ халқының барлық мұң – мұқтаждары қамтылған. Кейіннен Абыралы ауданына біріктірілген бес болыстан мына адамдар петицияға қол қойған. Абыралы болысынан : Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов; Ақбота болысынан : Жүсіп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев; Бөрлі болысынан: Толмұхамет Алтынторин, Рақия Сатбаев; Дегелең болысынан: Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов; Темірші болысынан: Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов;
Бұл аты аталған адамдар елінің жоғын жоқтай білетін, халқына жаны ашитын нағыз ұлтжанды азамматтар болғанына шүбә келтіруге болмас. Елінің алдында зор беделге ие азаматтар өте дәулетті де болған. Ел- жұртына қарайласа алатын осынау тұлғалар қазақты қалай да еңселі ел етеміз деген Алаштың көсемдерін қашан да қолдап отырған. 1918 – 1920 жылдар аралығында Семейді Алаш қаласы, Алаш Орданың астанасы деп жариялағанда да бір есептен осы өңірдегі осындай азаматтарға арқа сүйегендігіненде болар. Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметін де қаржыландырушылар болған. Солардың бірі №14 ауыл Ұзынбұлақтық, мал-мүлкі тәркіленген, Алаш қайраткерлерінің жанашыры Аман Белгібаев 1931 жылы көтерілісшілерді жазалау кезінде НКВД үштік сотының шешімімен ауылдастарының көзінше атылған. Кейін жоғарыда аты аталғандардың барлығы да халық жауы атанып, бастары айдауда кетті. Осы бабаларымыздың аяулы есімдері монументке ойылып жазылды. Ал олардың жарқын іс-әрекеттері болашақ ұрпақтарының жадында мәңгілік сақталу үшін тереңдей зерттелуі керек.
Қайнар жеріне табаным тиіп, Абыралы мен Дегелең тауын көргенде көкейіме ақын Серік Ақсұңқарұлының мына өлең шумақтары көкейіме орала берді.
Қарқабат Ана –
Абыралы –
Шашын жайып
Аңырады!
Хан –
Тақтан түсті!
Қазақ –
Аттан түсті…
Рухсыз Денеде –
Боқ!
Дегелең –
Жоқ!!!
Кім мені бүйректей бөлген кеп?
Аттың жалында Арқаның желі ұйқтайды.
Абыралы –
Хан Кененің аруағы күңіренген!
Күндіз көз алдымда көлеңдеп,
Түнде түсімнен шықпайды…
Абыралы – Хан Кененің
аруағы күңіренген…
Иә, ресми тарихта көп айтылмаған соң да шығар, тарихтың қайталанатынын еске ала бермейтін, өткенінен қортынды шығармайтын бүгінгі біздер шынайы бағасын бермеген көтерлістер, қанша жерден жеңіліп, жаншылса да халықтың рухын жасыта алмады. Ал бүгінгі біздер аталарымыздың ерліктерін ешқашан ұмытпақ емеспіз.
Ардақ Беркімбай,
Алматы — Абыралы — Алматы.
БАУЫРЖАН ЖАҚЫП. АБЫРАЛЫ КӨТЕРІЛІСІ
Сонау бір жылы ақпанда,
Көк боран ұлып соққанда,
Шиті мылтықты қолға алып,
Қонды ерлерім аттарға.
Топталып келіп жылынды
Түнде жанған оттарға
Азаттығын қазақтың
Жазып кетті ақ қарға.
Кемпірбайдың Сқағы
Көп алдында сөйледі:
«Қанға тойған қызылдар,
Байлықты алды, байды алды,
Орташадан тайды алды.
Кедейден жалғыз қойды алды.
Ата қыстау жерді алды,
Аспандағы Айды алды,
Бабадан қалған дінді алды,
Көмейден қызыл тілді алды,
Билікті алды, төрді алды,
Енді халқым, нең қалды».
Құрсын деп бүйткен күніңді,
Ит — өмірден түңілді.
Бір аллаға сыйынып,
Аталы сөзге жүгінді.
Бес Бошанның баласы,
Бес саусақтай бірігіп,
Жұдырықтай жұмылды.
Шоқпар, қылыш алысты,
Білектері түрілді.
«Абылайлап», «Ақжолдап»
Көтеріп қолға ту ілді.
Сол бұрынғы белестер,
Сол бұрынғы дөңестер,
Айқай сүрең дауыстар
Айлы түнгі елестер.
Тұяғымен жер қазып,
Аттар шапты бел жазып,
Сол баяғы терең сай,
Сол баяғы кең жазық.
Ұшырап халық кәріне,
Қолға түсті жаулары,
Куә болған бәріне,
Абыралы таулары.
Көкшетау жақтан оқ құсып,
Мылтық үні «гүрс!» – етті,
Тайлан жақтан от құшып,
Көтеріліс бұрқ етті.
Қолдап кетті кеу-кеулеп,
Қызылшоқы, Ақшоқы,
Қарашоқы, Көкшоқы,
Сарышоқы, Қаншоқы,
Ұзынбұлақ, Еңбектес,
Айнабұлақ, Балапан,
Қарабұлақ, Ақбұлақ,
Ақты тулап, шапқылап,
Қаратұмсық, Дегелең,
Егіз, Самай, Қараөлең,
Қусақ, Тоқа, Ақсоран,
Қарға жақты от Шаған.
Аршалы мен Айдарлы,
Айқайдан бас айналды,
Сүттібұлақ, Келдібай,
Тілеуін елдің бер Құдай.
Қара биік, Жырық су,
Ақсайда тұрды тұнып шу.
Қаз дауысты Қазыбек,
Қажыға барған Жәнібек,
Тәттімбет пен Алшынбай,
Қаратеке, Бақтыбай,
Бар Байбосын, Тышқанбай,
Жапалақ пен Сартымбай,
Елқонды мен Толыбай,
Кемелбай мен Шыныбай,
Атақозы, Бөлеген,
Ақтамберді, Төлеген,
Байқошқар мен Божахан,
Ноха қажы, Өндірбай,
Сеңкібай қажы аруағын
Шақырып қонды атына,
Аттанды Ақсай шатына,
Қайран да біздің батырлар.
Қожыр тастар, қой тастар
Көне жақпар жартастар,
Бота тастар, нар тастар,
Жеткізеді дауысын:
Кісінеген аттардың,
Жарқылдаған оттардың,
Зар жылаған баланың,
Қан жылаған ананың,
Шиті мылтық тарсылын,
Үрген иттің арсылын,
Лақтырылған тастардың,
Шабылғанын бастардың,
Мөңірегенін табын мал,
Лап қойғанын қалың қол.
Аққан қанның суылын,
Жүректердің зуылын,
Салынғанын салықтың,
Ашынғанын халықтың,
Қыспаққа алып жандарын,
Тартып алып малдарын,
Аша тұяқ қалдырмай
Асыра сілтеу болғанын.
Буыршын мұзға тайған күн,
Мұнар да мұнар, мұнар күн.
Айтылғанын «Ақсарбас!»
Оқылғанын құранның.
Қызылжалда түрмеде,
Қиналғанын ерлердің,
Тас көзінен басқа таулардың,
Айтыңдаршы көрген кім?!
Көріп тұрмын мен бүгін:
Сасырбасты басқа ұлт,
Сабағанын басқа ұрып,
Алтын қайда, ат қайда?
Мылтық қайда, оқ қайда?
Күміс толы қап қайда?
Қаруланған топ қайда?
Сансыз сауал жаудырып,
Елдің есін аудырып,
Ұрып-соғып Тайланда,
Жауап алып Қайнарда,
Қырып салып Қусақта,
Атып салып Ақсайда,
Мынау сұмдық басыну,
Тоқтамай ма, тоқтай ма?!
Күрестің осы бар сыры,
Қайтсін қылыш, қамшыны,
Қаруы аз топты бөлшектеп,
Күшпенен билік жаншыды.
Көз жасын төкті, көрді де
Абыралының тау-шыңы.
Сатқыннан бастық сайлады,
Атты, қуды, айдады,
Қолға түскен ерлердің,
Қол-аяғын байлады.
Молда менен Қожаның
Сақалын жұлып ойнады.
Абыралы десе, жау көріп,
Қуғындауын қоймады.
Қойсын жендет сауалын,
Мен берейін жауабын:
Бодандықтан құтылып,
Бостандыққа ұмтылып,
Жанын қиды сол ерлер,
Жанарына нұр тұнып,
Бірі кетті түрмеде,
Бірі кетті іргеде,
Бірі атылды қапыда,
Бірі оққа ұшып мерт болып,
Ел алдында серт беріп,
Бірі жанды өрт болып,
Тірідей жаудың отына.
Бірі өлді қыстау түбінде,
Бірі айдалды Сібірге,
Бірі атылды таң алды,
Бірі атылды іңірде.
Бар кінәсі олардың,
Қазақтың ойлап бірлігін,
Азаттықты аңсаған,
Осыдан сексен жыл бұрын ,
Тәуелсіздікке жол салған.
Шетінен батыр, текті олар,
Жазықсыз жапа шекті олар.
Бұл дүниені сыйлап ұрпаққа,
О дүниеге кетті олар.
Солар еді жұрттың нар ұлы,
Гүлденген елдің тамыры.
Білмей қалды ұрпағы
Қайда екенін қабірі
Нағлет заман күйігі,
Ал не істейсіз, енді сіз?!
Бәрінен де қиыны,
Қабірі жоқ. Белгісіз!
Мен білмеймін дәл бүгін,
Қайда бабам сүйегі.
Соны ойласам әр күні
Жан-жүрегім күйеді
Қырғынды еске-ап Кәрі тау,
Кемсеңдейді иегі,
Жел болып келіп әруақтар,
Бетімізден сүйеді.
Бұл да бір Сарыарқамда,
Шертілмей жүрген күй еді.
Тасқа ойылып жазылған
Аттары тұрған жаңғырып,
Ұмытпайды елі мәңгілік,
Ерлерге, басын иеді …
Ақиқаттың ақ пердесі,
Уақыт қолымен түрілді.
Жаңғырып заман зердесі,
Әділетке жүгінді.
Өшкеніміз жанды ағайын,
Өлгеніміз тірілді.
Қабыл да болсын дұғамыз,
Аруаққа тағзым бүгінгі!