Темірден түйін түйген, байырғы қару-жарақ жасаудың қас шеберлері, ағайынды үш ұста – Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлментегілердің қара шаңырағына жолымыз түсті. Қара шаңырақ дейтін де жөніміз бар, өйткені теміршілер әкелерінен қалған баспананың алақандай ауласын шеберхана ретінде пайдаланып отыр. Төбесі жабылып, екі бүйіріне қора дуалы қалқан болған шеберхананың ашық далаға қаратылған солтүстігі мен батысынан соққан аңызақ жел өңменіңнен өтеді.
Қасиетті ұстахана
Ұстахана мұнтаздай таза. Әрбір заттың өз орнында тұрғаны аңғарылады. Ағаштан ойылған балбал тас мүсіні, тері мен аң сирақтарынан жасалған үшбұрышты тұмар-панно арғы дәуірлерге саяхат жасағандай әсер қалдырады. Шеберлердің асай-мүсей, құрал-жабдықтары темір балқытатын ошақтың айналасына рет-ретімен қойылыпты. «Әлемде алғашқы болып ата-бабаларымыз темірді игерді. Соның арқасында мұздай қаруланған көшпелі-әскери мемлекет құрды. Сондықтан түркілер үшін ұстахана қасиетті орын саналған», – дейді Айтберген Жетенұлы. Түркияның «Түркі дүниесі алдындағы сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының иегерлері, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері, өнер зерттеушілері, теміршілер Құлментегілерге әлі күнге бір шеберхана бұйырмай тұрғаны түсініксіз. Алматының атынан қанша көрмелерге қатысып жүрсе де, осы қаладан шеберхана салуға ұлтарақтай жер ала алмай отырғанын базына етіп айтты ағайынды теміршілер.
Талғамсыз өнер орға жығады
Жасыратыны жоқ, қазақ шеберлерінің біразы білетін ою-өрнектерін жөн-жосықсыз қолданып, талғамсыз дүниелерге бой алдырып жатады. Бұл ұлттық өнерімізге деген теріс көзқарас қалыптастырмағанда қайтеді? Ал ағайынды ұсталар – тынымсыз еңбектің, ізденістің адамдары. Белгілі бір затты жасамастан бұрын ғылыми зерттеулерге жүгінуді әдетке айналдырған. Олардың қалпына келтірген (реставрация), өңдеп, қайта жасаған заттарын және жеке шығармашылық жұмыстарын облыстың барлық мұражайларынан кездестіруге болады. Сонымен қатар көптеген шетелдік мұражайларда шеберлердің еңбектері көшпенділер мұрасы ретінде орын тепкен. «Тарихи кино, деректі фильмдерден біліксіз ұсталардың қолынан шыққан қару-жарақ, сауыт-сайманды көріп ішің ашиды. Режиссерлер әлемдік ұсталардың ішінде қазақ теміршілігі алдыңғы орында екенін дәлелдеу үшін заттың атауын, қолданылуын, жасалынуын, түр-сипатын дұрыс жеткізе білуі керек емес пе? Бұл ұрпақ игілігі үшін де қажет», – дейді Махмұт Құлментегі.
Жауынгерлік рух қалпына келе ме?
Өзге елдер мен қазақтың байырғы темір бұйымдарын салыстырсаңыз, біздің теміршілердің шеберлігін жазбай танисыз. Ғасырлар қойнауынан жеткен халық мұралары ұлан-ғайыр даламыздың оңайлықпен келмегенін айғақтайды. Бұл жөнінде темірші Махмұт бүй дейді: «Біздің қару-жарақтарымыз ат үстінде алып жүруге ыңғайлы әрі жеңіл болып келеді. Еуропаны аяғынан тік тұрғызған Еділ, Аспарух сияқты билеушілердің асығы алшысынан түсуінің бір сыры сонда жатыр. Орыс әскеріне қарсы күрескен Шәміл де, Кенесары хан да 10 жыл бойы толассыз соғыс жүргізеді. Шәміл тау-тасты сағалады, ал Кенесары зеңбіректер мен артиллерияға қарсы далада қалай шайқасты? Оның көшпенділердің әскери өнерін жетік игергендігін осыдан көреміз». Айтберген ұстаның айтуынша, қазақтар адамзат өркениетіне ауыздық, үзеңгі, таға, жарғақ шалбар, дөңгелек тәрізді дүниелерді қосты. «Жалаңбұт жүрген Еуропа халқына көшпенділер шалбар кигізді» деген сөз бекер емес. Түркілердің тұрмыс-тіршілігі әлгіндей жаһан кәдесіне жараған бұйымдарды ойлап табуына ықпал етті. Шапшаң қозғалуға, қалаған сәтінде бұрылып кеткенге септесер ауыздық, ат үстінде жерде тұрғандай аяқты тірейтін үзеңгі, ықшам да сапалы қару, ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы жеңістерге жетеледі.
Әскери мекемелер отаршылдық санадан арылмай тұр
Бүгінгі әскери оқу орындары мен мекемелерде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырларымыз бен олардың ерліктері насихатталмайды. Ұлттық батырларымыздың шайқаста қолданған әдіс-тәсілдері де үлгі-өнегелік мәнге ие. «Қазақ батырларының атындағы ордендер шығару керек. Сонымен бірге дүниежүзі мойындаған түркілердің әскери өнеріне арналған мемлекеттік дәрежедегі ұлттық қару-жарақ палатасын ашу қажет. Мұндай игі шаралар барлық дамыған елдердің тәжірибесінде бар», – дейді Тұрсынжан Құлментегі. Байырғы әскери атақтар мен атауларымызды қайта тірілту мәселесі де қолға алынбай келеді. Салтанатты шерулерге басты жасақтарымыз ұлттық негіздегі формамен шығып жатса, нұр үстіне нұр болмай ма? Әскери мекемелерде батырлар жыры, қазақ тарихындағы шайқастар құпиясы, атты әскердің соғысу тәсілдері оқытылса, ұлттық рухымыз көтерілмей ме?
Ұлттық дәстүр қолдауға зәру
Жапонияда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, отбасыларымен салт-дәстүрді өлтірмей сақтап келе жатқан адамдарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Ата заңдары әнші-күйші, қолөнершілерге мемлекеттік қауіпсіздік кепілі әрі ұлттық рух көтерушілер ретінде қамқорлық жасалады. Ал бізде бөлінген қаражат дәстүрлі өнер өкілдеріне жетпей, сайда саны, құмда ізі қалмай жоқ болады. Әйтпесе ұлттық дәстүріміздің тасын өрге домалатар қаншама талантты азаматтарымыз күнкөрістің қамымен босып жүрер ме еді?
Темір, түсті металл, тері-терсек, мүйіз-сүйек, ағаш, асыл тас, жылқының құйрық-жалы сияқты заттарды жақсы пайдалана білетін, тарихы мен дәстүрінен толыққанды хабары бар адамды дархан ұста деп атайды. Жетісу өңіріне белгілі ұста Омардың және саусағынан бал тамған ісмер Ажаркүлдің ұрпақтары – үш ағайындыны дархан ұста деуге әбден лайық. Барлық материалдармен еркін жұмыс істей білгенімен, олардың байырғы теміршілікті тірілтуші ретінде еңбегі орасан. Ағайынды шеберлердің мұражайлардағы тозған бұйымдарды қалпына келтіруге, бұрынғы қару-жарақтардың ғылыми нұсқадағы үлгілерін жасауға бейім білікті шәкірттер қалыптастыратын теміршілік-ұсталық мектеп ашуға қолдау таппай отырған жайы бар.
Мұражайға саяхат
Теміршілер шағын ғана бөлмені этнографиялық мұражайға айналдырыпты. Дулыға, аймауыт, қалқан, найза, айбалта, қайқы қылыш, сақетер, қанжар, қол шоқпар, күрзі, сарбазан, садақ, жебе тәрізді қару-жарақ, сауыт-саймандар көздің жауын алады.
Адалбақан, кебеже, астау, ошақ асадал, аяққап, ат әбзелдері секілді тұрмыстық бұйымдардың қолтаңбасы да айрықша. Көненің көзіндей тарихи ескі кітаптар бір қабырғаны алып сіресіп тұр.
Кеңестік зұлмат жылдары зиялы қауым мен ақын-жазушыларды ғана емес, темірші-ұсталарды да аяусыз жазалады. Өйткені олар сол кездегі ұлттық рухтың ұраншылары еді. Қайтадан Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеңестік идеялар құрдымға кетіп, ұсталарымыз ұлықталуы керек еді, өкінішке қарай, шеберлеріміз шерменде күйден арылмай отыр. Сөзіміздің тоқетері, киелі өнердің иелері мемлекеттік дәрежедегі қамқорлықты қажет етеді.
Бір түйер
Алмас қылыштың өткір болу сыры неде?
Алмас қылыш – көне соғыс қаруы. Болаттың ең асылынан соғылады. Қазақ батырлары асынған бесқарудың бірі – осы алмас қылыш. Наркескен – алмас қылыштың аңызға айналған түрі. 1861 жылы Злотоуста орыс инженері Аносов қазақтардың ертеде пайдаланған алмас қылыштарының өте өткір болуының бір сыры суару тәсілінде, болатты салқын күйінде соғуында екенін анықтап, сондай алмас қылыштарды орыс жауынгерлеріне жасатқан.
Арман ӘУБӘКІР