Халқымыздың «Қырық батыр» аталатын қымбатты қазынасын сан жылдар бойы жадында сақтаған Мұрын жыраудың «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» топтамасына жататын бірнеше жырлардың ішінде «Шора батыр» дастаны да өзіндік ерекшеліктерге толы.
Ақташ хан алпыс биіне «Нәрік баласы Шораның тұлпарын алып кел» деп жұмсауымен оқиға басталады. Алпыс би келіп үйді шыр айналып шапқанда Таспакер сарайдың есігін бұзып қашып шығады. Мұны көрген Нәрік ұйықтап жатқан баласын оятып, жағдайды баяндайды.
Сонда Шора жүгіріп,
Үйден шықты далаға.
Барармын оған мен деді,
Қалайда болса жетермін.
Таспакерді жіберіп,
Үйде қалсам не етермін?
Сөйтіп, қара тұлпарды мінген Шора Балбұлақтың басында демалып жатқан алпыс бидің қасына құйғытып жетеді.
Суырып Шора қылышын,
Тарылтты алпыс бидің тынысын.
Тырп еткізбей билердің,
Шығармады дыбысын.
Алпысының да атын алады,
Әр аттың шылбырын,
Әр бидің мойнына салады.
Алпысын да қуады,
Билерге мүшкіл туады.
Алпыс биді қуалап әкесі Нәріктің алдына алып келсе, хан: «Сегіз күнде ер Шора барады. Ақташ ханға осыны айта барыңдар», – деп, тұтқындардың қол-аяғын босатып, оларды жөніне жібереді. Сорлары әбден қайнап, жалаңаяқ жүгіріп азап шеккен, мойындарын шылбыр қиған алпыс би Ақташ ханға келіп, көрген қорлықтарын зарлап айтып береді. Үш күннен соң бүкіл дүниесін тастап, Үшбөкенбай деген жерге барып паналайды. Демек, шайқаспай жатып-ақ батырдың айбарынан қатты қорыққан Ақташ ханның халі мүшкіл.
Жарлысы мен жақыбай,
Ер Шораға ереді.
Ақташтың жеріне,
Шұбырып жетіп келеді.
Тігулі тұрған үйлер бар,
Жайылып жатқан қойлар бар.
Ешкімнің малмен ісі жоқ,
Ішінде жалғыз кісі жоқ.
Олжаға батып аш-арық,
Ие болды дүниеге.
Осылайша, қалың ноғайлы мол пайдаға кенеледі. Осыдан соң Шораны Құлыншақ деген досы іздеп келіп, Ақташты одан әрі қуу туралы ұсыныс айтады. Екі мың кісісі бар әскермен шыққан Ақташқа қарсы ноғайдың екі жігіті лап қояды.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Келген ерлер қозғалып.
Үстінде бар-ды ерлердің,
Ішінен киген сауыты,
Қалмақтан артық зауыты.
Сонда соғыс салады,
Жұлқысып ерлер қалады.
Күннің көзі көрінбей,
Жердің жүзі шаң болды.
Бір күн, бір түн соғыста,
Қалмақтың бір мыңы өледі.
Ұшқан құстай жүйрік Таспакерімен Шора алдындағы қалмақты бұтадайын көрмей, жапыра береді. Құлыншақ екеуі дұшпанды екі жақтан қысып, ойрандап, қандарын судай төгеді. Қалмақты жеңіп, Ащыбас шаттың бойымен Шора еліне келсе, әкесі қартайыпты. Атқа мінетін жағдайы қалмапты. Анасы ұлына келін әкелу керектігін құлаққағыс етеді. Сөйтсе, Қазан қаласының ханы Әділшенің қызы Ханжаннан хат келген екен.
Келем деген ер еді,
Ақсүйек туған төре еді.
Өзі қолай көрмесе,
Хабар берсін өзіме, – деп жолданған сәлемнен-ақ Шораның бейнесі сомдала түседі. Бір аптадай тыныққан соң бұрыннан сөз байласқан ғашығына баруға батыр қамданады. Бұл жолы да Шораға серік болып Құлыншақ ілеседі. Қашаннан күтіп жүрген Әділше хан батырларды жақсылап қарсы алады. Ат шаптырып, алтын қабақ аттырып, он күндей ойын-сауық ұйымдастырады.
Артық туған Ер Шора,
Атаң Нәрік хан еді.
Мынау тұрған Қазан да,
Атаң туған қала еді.
Берейін мінген атымды,
Басыма киген тәжімді,
Атаңның ұстап тұрсайшы,
Мынау қазына мұрасын.
Берейін мұра мен, – деді,
Ие бол, балам, сен, – деді.
Алайда қайын атасы Әділшенің берген қырық түйе байлығынан және ұсынған билігінен де Шора бас тартады. Сән-салтанаты жарасып тізілген керуенмен аттанған Ханжанды алып Шора өз елінде ұлан-асыр той жасайды. Ата-анасының қасында сегіз күндей демалып, аунап-қунап жүргенінде тағы да Құлыншақтан: «Көкөзеннің бойына қалмақтар келіп қалды», – деген хабар жетеді. Көлденең жатқан Қаратау мен сол жерге таяу Маңғыр тауларының қасына жиналған қалың топпен шайқасуға Шора белін шарт буады.
Жиналдың, қалмақ, сен деді,
Мен бір ноғай деген ел деді.
Мекенімді сұрасаң,
Үшқиян деген жер деді.
Қаумалап тұрсаң сен заңғар,
Жасқанбаймын мен деді.
Шораның батыл сөздерінен қалмақтың ханы Мұсаханның өзі сескенеді. Сонысын білдірмеуге және кідіртуге тырысып, «Балдырғандай жас жігіт, сен, сонда қай ноғайсың?» – деп қарсы сауал тастайды.
Ноғайлының ішінде,
Асылым артық арғынмын.
Бергі атамды сұрасаң,
Көк нарлы танамын.
Іздегенім сұрасаң,
Қалмақтың байтақ елі еді.
Жерін алып қалмақтың,
Ноғайға қоныс етем деп,
Мен сол ноғайдың ері едім,
Шора деген мен едім.
Сөйтеді де, ақырып ұран шақырып, екі мың кісі қалмаққа қарсы тұра ұмтылады. Тіптен ен майданда қалмақтан шыққан көп әскермен шайқасқан кезде батырларға олардың тұлпарлары Таспакер мен Қатукер де көп көмегін тигізеді. Жылқылардың шабысының өзі топырақты суырып, айнала шаңдатып, жауды адастырады. Жиырма күндей жаумен аяусыз соғысып, нәтижесінде жеңіске ие болған екі батыр биік таудың басына шығып, демалмақшы болады.
– Менің аруағым бар. Күншығыстан саған бір айдаһар жылан келіп сені жұтам дер, сонда қолыңды сермеме, қолыңа қару алма, егер қару жұмсап, қолыңды сермесең, онда мені көрмейсің, – деп сол жерде досына Шора сырын ашады да, өзі жатып қалады. Сол уақытта күншығыстан бір айдаһар жылан ысқырып қоя береді. Жылан Құлыншақтың қасына келіп аузын ашып жұтуға айналады. Сонда Құлыншақ беліндегі алмасты суырып алып, жыланды шабайын дегенде, жылан жоқ болып кетеді. Енді артына айналып қараса, Шора да жоқ, сонда жер ойылып, Шораны жер жұтып кеткен екен. Үстіне мінер адам жоқ екенін сездіріп, тұлпар да ішін тартып, жүрмей тұрып алады.
Белді буған көкберен,
Ер қасында ілулі.
Қорамса салған көк жебе,
Қанжығаға байланып,
Жыланды таудың басында,
Шора батыр қалыпты.
Жылағанмен пайда жоқ,
Құдайға қылар айла жоқ.
Жерге түсіп кеткесін,
Шығарып алар шара жоқ.
Елін сыртқы жаулардан қорғаған, бостандық үшін жанын аямаған батырды елі қатты жоқтайды. Көз жасын төгіп Құлыншақ қатты қайғырады. Ханжан сұлу болса, батырдың қорамсақ пен қылышын сандыққа салып сақтайды.
Батырын өлімге қимаған, бұл тек Тәңірдің бұйрығы деп мойындаған халықтың сол кезеңдегі түсінігін сол күйі қабылдамасқа біздің де амалымыз жоқ. «Азаттық жолында, жауды басындырмау мақсатында дұшпандарымен аянбай күресетін ерлеріміз ел аман тұрғанда қай дәуірде де бола береді» деген ұғым ғана санаға сіңіп, мәңгі салтанат құра берері хақ.