1 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) ұшағынан ақау анықталып, Могадишода сәтті апатты қону жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы БҰҰ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сомалидегі БҰҰ қолдау басқармасының (ЮНСОС) ұшағы Могадишодан Байдабоға тұрақты рейс жасаған. Ұшу барысында экипаж шассидің дұрыс ашылмауына байланысты ақауды анықтады.
"Ұшқыштар дереу әуе кемесін астанадағы Аден-Адде халықаралық әуежайына бағыттап, мәселені қауіпсіз түрде шешті. Эвакуация кезінде бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Ал қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ", – делінген БҰҰ мәлімдемесінде.
Сомалидегі БҰҰ өкілдігі экипаждың жедел әрі кәсіби әрекетін, сондай-ақ құтқару қызметтері мен әуежай қызметкерлерінің жеделдігін жоғары бағалады. Бұл туралы ЮНСОС басшысы, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Айса Кирабо Касийра мәлімдеді.