2 сәуірде Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский Ресейдің Чехияда жалға алып отырған жылжымайтын мүліктері үшін шамамен 4 миллион еуро қарызы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы eadaily.com-ға сілтеп.
Оның айтуынша, Ресей Чехияда 80-нен астам нысанды жалға алады, бірақ тиісті төлемдерді жасамаған.
Чехия СІМ-не қарасты Дипломатиялық қызмет 2023 жылдың шілде айында Прага қалалық сотына Ресейге қарсы заңсыз баю фактісі бойынша шағым түсірген. Чех тарапы 2,1 миллион еуродан астам қаражаттың соңғы үш жылда төленбегенін алға тартып отыр.
«Олар социализм кезінде бауырластық қарым-қатынастың белгісі ретінде жалдау ақысын төлемегенін түсінемін. Бірақ революциядан кейінгі 30 жыл ішінде де төлем жасалмауы – түсініксіз жағдай», – деді Липавский.
2023 жылдың мамырында Чехия үкіметі 1970-80 жылдары Кеңес Одағына дипломатиялық мақсатта тегін пайдалануға берілген жер телімдеріне қатысты тоғыз қаулының күшін жойды. Кейін Чехия СІМ тексеріс жүргізіп, Ресейдің 42 ғимаратқа иелік ететінін, бірақ олардың көпшілігі дипломатиялық мақсатта қолданылмайтынын анықтаған.
2023 жылдың қарашасында Чехия үкіметі ресейлік мемлекеттік мүлікті басқарумен айналысатын кәсіпорынды санкциялық тізімге қосты. Бұл шешім Ресейдің Чехиядағы мемлекеттік активтерін іс жүзінде бұғаттауды білдіреді, алайда ол елшілік ғимараттарына қолданылмайды.