Украинаның мемлекеттік “Өмір сүргім келеді” жобасы Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан немесе қатысып жатқан 660-тан астам Қазақстан азаматының тізімін жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Азаттық радиосына” сілтеп.
Аталған тізімде азаматтардың аты-жөні, туған жылы, әскери келісімшартқа отырған күні, жетон нөмірі және қаза тапқан күні көрсетілген. Жоба мәліметінше, бұл тізімдегі 661 адамның 78-і қаза тапқан.
“Бұл – тек бізде нақты деректері бар, өлім күні мен жерленген орны белгілі азаматтар. Волонтерлердің мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында Украинада қаза тапқан этникалық қазақтардың саны 3000-нан асқан”, – делінген хабарламада.
Жоба бұл тізімді Ресей армиясы қолбасшылығындағы “өздерінің адамдарынан” алғанын айтады. Бұл – алдағы уақытта жарияланатын шетелдік жалдамалылар туралы мәліметтердің алғашқы бөлігі.
Қазақстан билігі өз азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысуы туралы ақпаратқа ресми түрде жауап бермеді. Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха бұл мәліметтердің нақтылығын тексеру қажет екенін айтты.
“Бұл сандардың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін білмейміз. Оларды тексеру керек. Қазір мен нақты ақпарат бере алмаймын”, – деді Лепёха.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік әскери қақтығыстарға қатысқан азаматтар заң бойынша жалдамалы жауынгер ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.