320 жылдан аса тарихы бар Йель университетінің профессоры Джейсон Стэнли АҚШ-тағы элиталық жоғары оқу орнын тастап, Канадаға кететінін мәлімдеді.
Бұл Американың жоғары білім саласында үлкен дүрбелең тудырды. Профессор өз шешімін Трамп әкімшілігінің саясатымен байланыстырады.
«БҰДАН АСҚАН ҚОРЛЫҚ БОЛМАС...»
Профессор Джейсон Стэнли CNN-ге берген сұхбатында әріптестері, белгілі тарихшы Тимоти Снайдер және оның әйелі Марси Шормен бірге АҚШ-ты тастап, Канадаға кететінін айтқан.
«Мен Йельді жақсы көремін. Бірақ Марси, Тим және мен демократияны басқа жерден қорғауға барамыз», - деді 12 жыл бойы университетте дәріс оқыған Стэнли.
Олар бұл шешімін 2024 жылдың қараша айында АҚШ президентінің сайлауынан кейін және Трамптың бірінші 100 күні ішінде жоғары білімге қарсы жасаған қатал әрекеттерінен кейін қабылдаған.
Үшеуі де 2025 жылдың күзінен бастап Торонто университетінің Питер Мунк атындағы Халықаралық қатынастар және мемлекеттік саясат мектебінде сабақ беретін болады. Стэнли бұл туралы 29 наурызда шыққан Zeit Online газетіне берген сұхбатында растады.
Стэнлидің кетуіне себеп – Колумбия университетіне бөлінген жүздеген миллион доллар қаржыны қысқарту саясатын енгізуі болды. Сондайда Трамп әкімшілігі «антисемитизмге төзуші» колледждерге бөлінген федералды қаржыны тоқтатып тастады.
Трамп әкімшілігі иммиграцияны және колледж кампустарындағы палестиналықтарды қолдайтын шерулерді басып-жаншып жатқан кезде, Колумбия университеті федералды қаржыны қысқартудан зардап шекті. Себебі, Трамп Израиль-Палестина соғысы аясында антисемитизмді қолдайтын колледждерге тиесілі қаржыны тоқтататынын мәлімдеген болатын.
«Бұдан асқан қорлық болмас. Олар университеттерді қорлап жатыр, ал мен бұған қарсы тұратын әрқандай бір университетті көрмей отырмын», - деді Стэнли CNN-ге берген сұхбатында.
«БАРЛЫҒЫ КОЛУМБИЯ БОЛУДАН ҚОРҚАДЫ...»
Енді Стэнли, Йель университетінің тарих пәні профессорлары Марси Шор мен оның күйеуі Тимоти Снайдер өздерінің оқуын Торонто университетінде жалғастыра отырып, демократияны қорғап, фашизмге қарсы шығуды және Ақ үйге академиялық мойынсұнушылықтан қорықпай сабақ беруді мақсат етеді.
Айта кетейік, фашизмді зерттеуші Стэнли – «How Fascism Works: The Politics of Us and Them» және «Erasing History: How Fascists Rewrite the Past to Control the Future» кітаптарының авторы.
«Университеттің қаржыландыруынан айыру үшін заңды негіз болған жоқ. Бұл – нағыз қорлау. Ал Колумбия университеті не істейді? Олар бәріне бағынады. Қазір АҚШ-та бәрі тек бір нәрсені қалайды: аман қалуды… Газеттер, университеттер, заңгерлік фирмалар - бәрі тек өз қамын ойлап жатыр. Біз біртұтас болуымыз керек. Колумбияға шабуыл жасалғанда, Йель мен басқа университеттер бірігіп, қолдау көрсетуі керек еді. Бірақ Олай болмады. Барлығы Колумбия болудан қорқады. Қазір болып жатқан нәрсе – фашизм», - деп қосты Стэнли Трамптың саясатын сынап.
«ТҮРМЕГЕ ОТЫРУҒА ДА ДАЙЫНМЫН»
Канадаға эмиграцияның себептері туралы айтқан Стэнли қорықпайтынын айтты.
«Мен қорықпаймын, керек болса өз сенімім үшін түрмеге отыруға да дайынмын», - деді ол.
Профессор Торонтоға әйелі және 9 бен 14 жастағы екі баласымен бірге көшіп барады.
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС террористік ұйымының Израильге жасаған шабуылынан кейін АҚШ университеттерінде, оның ішінде Колумбияда студенттердің палестиналықтарды қолдап, Израильге қарсы наразылықтары басталды. Еврей студенттері өздерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.
2025 жылдың наурыз айының басында Дональд Трамп әкімшілігі Колумбия университетінен 400 миллион доллар мемлекеттік көмекті қайтарып алғанын хабарлады. Университет басшылығын антисемитизммен күреспей, еврей студенттерін қорғауда немқұрайлы деп айыптады. Федералды шенеуніктер университетке қаржыландыруды қалпына келтіру үшін академиялық саясат пен қауіпсіздік шараларын дереу реформалау талабын қойды.
21 наурызда Колумбия университетінің басшылығы билік тарапынан қойылған талаптарды қабылдады.
Дискриминацияға ұшыраған студенттер енді гранттарынан айырылуы мүмкін немесе оқудан шығарылуы ықтимал. Университет аумағында көпшілік наразылық акциялары мен шерулерге тыйым салынды, олар оқу процесін бұзады деп саналады. Жаңа жүйе бойынша студенттердің жеке тұлғасын анықтау енгізілді, маска тағу және студенттердің акцияларына бөгде адамдарды қатыстыруға тыйым салынды. Заң бұзушыларды тұтқындауға Нью-Йорк полициясына рұқсат етілді. Қауіпсіздік үшін қосымша 36 қызметкер жұмысқа қабылданды, олардың жалпы саны 100-ден асты.
«АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕРКІНДІКТІ БҰЗУ»
Колумбия университеті Таяу Шығыс, Израиль және сионизм тарихы бойынша оқу бағдарламасына шолу жариялады. Израиль және еврейтану институтына жаңа оқытушылар шақырылды.
Америкалық БАҚ университет басшылығының антисемитизммен күресу шараларын Вашингтонның талаптарын орындау әрекеті ретінде түсінді. Адам құқықтары жөніндегі бірқатар ұйымдар бұл шараларды академиялық еркіндікті бұзу деп сынады. Бұдан бұрын АҚШ әкімшілігі тағы 60 университетке осындай шараларды қабылдау мүмкіндігі туралы ескерту жасаған.
Йель мен Колумбия университеттері өткен айда АҚШ Білім министрлігінің Азаматтық құқықтар бюросынан ескерту алған 60 университеттің қатарына кірді. «Антисемитизмге қарсы шаралар қабылдамаса, соның осы университеттер үшін ықтимал салдары» туралы билік ескерту жасап қойған.
Ақ үй өкілі алдыңғы аптада CNN-ге университеттердің трансгендерлердің әйелдер спортына қатысуына тыйым салған атқарушы жарлықты бұзғаны үшін Пенсильвания университетіне федералды қаржының 175 миллион долларлық бөлігі тоқтатылғанын мәлімдеді.
Пенсильвания университеті өткен аптада ресми хабарлама алған жоқ деп мәлімдегенмен, мектеп өзінің үнемі федералды нұсқаулықтарға сәйкес жұмыс істейтінін айтты.
Йель профессоры және «Academic Freedom Alliance» ұйымының негізін қалаушы, бүкіл елдегі профессорлар мен жоғары білім факультетінің сөз бостандығын қорғаушы Кейт Уиттингтон «бұл жерде үлкен ақша тұр» деп мәлімдеді.
Алайда, ол егер басқа да жоғары деңгейдегі оқытушылар Стэнли мен оның әріптестері сияқты себептермен кетуге шешім қабылдаса, университеттердің әлсірейтінін атап өтті.
«Егер сіздің ең үздік мамандарыңыз басқа елдерге кетуге шешім қабылдаса, бұл АҚШ-тың көшбасшылық позициясына және ғылыми зерттеулерге қауіп төндіреді», - деп атап өтті Уиттингтон.
Йель университетінің өкілі CNN-ге сұхбатында: «Йель университеті әлемдік деңгейдегі факультет мүшелеріне үй болған және болады, олар өз зерттеулері мен оқыту саласында үздік болуға тырысады. Бұл факультет мүшелері маңызды зерттеулер жүргізіп, болашақ көшбасшыларды дайындайды және қоғамның барлық саласында қызмет ететін адамдарды тәрбиелейді», - деп атап өтті.
ТҰТҚЫНДАУ ЖӘНЕ ШЕКТЕУ
Айта кетсек, осы аптаның басында Массачусетс штатындағы Тафтс университетінде оқитын Түркиядан келген 30 жастағы Рүмейса Өзтүрікті бетперде киген адамдар ұстаған видеосы пайда болды. Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, Өзтүрк студенттік газетте Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін «геноцид» деп айыптаған мақала жазған - енді оны депортациялау күтіп тұр.
Иммиграциялық адвокаттың айтуынша, Өзтүрктің Массачусетс штатында қалуы туралы сот шешіміне қарамастан, Луизианадағы тергеу изоляторына жеткізілген. Оның адвокат жалдау құқығы да шектелген.