Бүгін, 31 наурызда Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан президенттері Садыр Жапаров, Шавкат Мирзияев және Эмомали Рахмон кездесіп, үш елдің шекарасы түйісетін жер туралы келісім мен Мәңгілік достық туралы Хожант декларациясына қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Салтанатты іс-шара Тәжікстанның Хожант қаласында өтті. Тарихи құжатта тараптардың мүддесі толық ескерілген. Келісімде шекара сызығы, инфрақұрылымдарды пайдалану, бейбітшілікті нығайтуға бағытталған тетіктер сияқты мәселелер де қамтылған.
«Құжат тұрақтылық пен орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етуге, бүкіл өңірдің халықаралық беделін арттыруға қызмет етеді», - делінген Өзбекстан президентінің сайтында.
Одан бөлек, шекаралардың түйіскен жерінде Достық стелласы орнатылды.
Кездесуде тараптар экономикалық ынтымақтастық, көлік байланыстарын дамыту және жасыл энергетика саласындағы жобаларды талқылады. Өзбекстан президенті кеден пункттерін жаңғыртуды және үшжақты сауда алаңын құруды ұсынды. Сонымен қатар, көшбасшылар бірлескен мәдени іс-шараларды өткізуге келісті.