«Айналайын» орталығының атқарған жұмысы мол

2693
Adyrna.kz Telegram
Жалпы қай заманда болмасын балалар мен жасөспірімдердің мәселесі назардан тыс қалған емес. Оларға саналы тәрбие беріп, қоғамның бір бөлшегі етіп қалыптастыру ауқымды жұмыс. Осы ауқымды жұмысты Айгүл Разақова 1998 жылдан бері талмай атқарып келеді.
Әйтсе де Айгүл Разақова жетекшілік ететін «Айналайын» балалар мен жасөпірімдер орталығы 2004 жылы бірақ заңды түрде тіркелген екен. Оған дейін Айгүл апай өз қызығушылығымен жұмыс жүргізе бергенін айтады.

«Айналайын» орталағы балалар мен жастар және отбасылық мәселелерді шешуге атсалысады. Нақтырақ айтсам, жұмыссыз әйелдерге жұмыс орнын тауып беріп, оның аяқтан тұруына ықпал етеміз. Абай атамыз айтқандай балалардың бір кірпіш болып қалануына да жұмыс жасаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыссыз үйде отырған азаматтарды жұмыспен қамтып, екі қолға бір күрек табуға үндеп жатыр ғой. Оның үстіне өзім жетекшілік ететін «Айналайын» орталығы балаларды жастайынан еңбекке тәрбиелейді. Яғни, 11 сыныпты бітіргеннен кейін балалардың жұмыссыз қалмай, өз жолын тауып кетуге біздің орталық үлес қосып жатыр. Бұл жерде бала өзін ғана асырап қана қоймай, сонымен қатар ата-анасына да белгілі бір деңгейде көмек көрсете алады», – дейді ол.

Айгүл Разақова орталықтың облыстық Туризм басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жұмыс жасайтынын айтады. Нақтырақ айтсақ, ол Төрткөл керуен сарайында Көне Тараз шеберлер ауылын ұйымдастырып келеді.

«Ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қол өнер шеберлерінің бұйымдарын көптеп жасауға болатынын аңғардық. Бұл бірінші кезекте қол өнер шеберлерін жұмыспен қамту болса, екінші жағынан туристерге ұлттық қол-өнерімізді дәріптеу болды. Жалпы соңғы кездері қол өнер бұйымдарын дамыту туралы жиі-жиі айтылып жатыр. Біздің Тараз қаласы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқаннан кейін туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Алайда Төрткүл Керуен сарайына 2000 жылдары реставрация жасалғанымен ұзақ уақыт назардан тыс қалды. Ұлы Жібек жолы кезінде Керуен сарайда халық ең жиі келетін орталық болған. Біз ежелгі тарихты қайтадан қалпына келтіріп, онда қол өнер шеберлерінің ауылын жасадық», – дейді ол

Айгүл Разақова орталыққа қолдау білдірген Туризм басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына дән риза. Өйткені қос басқарманың қолдауының арқасында Керуен сарайға алыс жақын шет елдерден көптеген туристер келіп, қазақтың салт-дәстүріне қайран қалған көрінеді.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер