Ұлттың айнасы: Қазақстан рәміздерінің мәні мен маңызы

538
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Қарапайым бір жалау, елтаңба немесе әнұран – бұлар тек ресми белгілер ғана емес. Бұл – халықтың жүрегінде сақталған тарих, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұра. Қазақстан Республикасының рәміздері де дәл солай – тәуелсіздігіміздің символы, ұлтымыздың айнасы.

Көк ту – көк аспандағы тәуелсіздік жыры. Туды көргенде ең алдымен көзге түсетіні – оның тұнық көк түсі. Бұл түс – бейбітшілік пен тұрақтылықтың белгісі, сонымен қатар қазақтың кең-байтақ даласындай шексіз көк аспанның көрінісі. Ортада алтын күн жарқырайды, оның астында қыран қалықтап тұр. Күн – өмір мен молшылықтың белгісі, ал қыран – еркіндіктің, тәуелсіздіктің символы. Қанша дауыл соқса да, қыран көк аспанда қанатын кең жаяды, бағытын жоғалтпайды. Қазақ халқы да дәл сол секілді – тағдырдың қандай сынағы болса да, еңсесін тіктеп, алға қарай ұмтылған. Ал енді туымыздың сол жақ шетінде өрнектелген ұлттық ою-өрнекке қараңызшы! Бұл біздің мәдениетіміздің айнасы емес пе? Бабаларымыздың қолтаңбасы, ұлттық рухымыздың беделі!

Елтаңба – елдіктің белгісі. Кез келген мемлекеттің жүрегі – оның елтаңбасы. Ал біздің Елтаңбамыз ерекше! Ондағы шексіздікті меңзейтін шеңбер – әлемнің тұтастығы мен бірлікті білдіреді. Қос пырақ – еркіндікке деген ұмтылыс пен қайсарлықтың белгісі. Қазақтың қанында жылқыға деген сүйіспеншілік бұрыннан бар емес пе? Пырақ – арман, мақсат, биікке самғау! Ортасындағы шаңырақ – бірлік пен үйдің символы. Қазақ үшін шаңырақ – қасиетті, ол бүтін отбасының тірегі. Демек, Елтаңба – елдің татулығы мен бірлігінің айғағы.

Әнұран – рухты көтерер ұлттық рух. «Менің Қазақстаным» әнін естігенде бойыңды ерекше сезім билемей ме? Бұл ән – жүректің үні, елдің дауысы. Әнұран әрбір қазақстандықтың бойына мақтаныш пен жігер ұялатады. Ол бізге тек ән емес, елдіктің жыры, болашаққа деген сенім.

Рәміздерге құрмет – елге құрмет! Рәміз – тек ресми белгі емес, ол – әрбір азаматтың жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілік. Оларға тек қағаздағы сурет деп қарауға болмайды. Бұл – біздің ұлтымыздың мақтанышы, рухымыздың бейнесі. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы өз рәміздерін құрметтеп, оның мәні мен маңызын түсінуі керек. Себебі рәміздер – ұлттың айнасы!

Айгүл Мұратқызы

Пікірлер