AYA OMIRTAY: Біз қалай болар едік?!.

2574
Adyrna.kz Telegram

Дублинде моңғол көршілеріммен пәтерді бөлісіп тұрамыз. Осында 5 мың моңғол бар. Тірі моңғолмен бетпе бет жақын араласуым осы екен. Басында қалалық мәдениетке онша-мұнша келіңкіремейтін дүңк мінездерін көріп шошып, онша жуығым келмеген.

Яғни, ұнамай тұрса ұнатпайды, мәймөңкелемейді. Кішкене жуасып сөйлесе қайтеді екен дегенім ғой. Бірақ ниетің таза екенін білсе қолындағы барын беретін қызық халық. Бір күні таңғы ас, бір күні кешкі ас әкеп тұрады. Күн суытып кетті деп қалың жемпір сыйлайды. Бүгін ұлттық мерекелеріне орай “әжем пісірді” деп нан мен құртын үйіп әкепті. Дәм тат дегені. Көшпенді халық болған соң нанды оңайшылықпен көгермейтіндей етіп пісірген, пештен жаңа шыққан емес кебежеден шыққан дәм бар

Құрт-нанын араластыра табақ тартқан мәдениетіне қараңыз, таза көшпеуи. Тәтті құрты, ашты құрты араласып жатыр. Қала халқына ұқсағысы келетін сәбеттік тыраштану, сәндеу жоқ. Буддизмді ұстанғанымен, өмір салты, сезінуі баяғы тәңірлік сеніммен қалғандай көрінді. Ешкімге еліктемейді, тайпақ келген бойларымен “моңғолмыз” деп қарап тұрады. Бірде орыс, бірде араб, бірде космополит, әйтеуір бәрі болғысы келетін, бірақ қазақ болғысы келмейтін өзімізді ойлап, мұңайып құрт қажап отырмын. Айтпақшы біздің қызыл сиырлар емес, осы құрттар қодастың сүтінен жасалған-ау.

Жаһандану жағдайында мәдениеттер біркелкіленіп бара жатыр дейміз. Бірақ соның осы кісілерге қатысы аз ба дедім. Советтік отарлануға түспегенде, исламның ықпалы күшеймегенде шіркін, біз қалай болар едік?! Осыларға қарап 100 әлде 200 жыл бұрынғы өткен шағымызды елестетіп отырмын. Қол қусырып отырмай, елден әкелген сары қазымды ортаға бір асып, меймандос қазақ екенімді бір көрсетсем бе деп қоям...

Құрметпен, өзі болудан ұялатын ұлттың өкілі.

Aya Omirtay

 

 

 

 

 

Пікірлер