Шет ауданының тұрғындары: Электр қуаты мемлекет меншігіне берілсін!

1123
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысының Шет ауданындағы 28 елді мекеннің тұрғындары ызғарлы қыста жарықсыз және жылусыз қалды. 2986 тұрғын үй, 44 әлеуметтік нысан қара түнекке батты.

Бұл тек статистика емес, артында әрқайсысының өз қайғысы мен үміті бар адамдар тұр. Тастай қараңғыда ауруханалар қалай жұмыс істемек? Мектептің жағдайы не болмақ? Халық қашанғы жарықсыз, жылусыз тас дәуірінде өмір сүреді?

Соңғы күндері ақпарат кеңістігінде жарияланып жатқан материалдарға зер салсақ, бұл жағдайға жауапты екі тараптың сұқбаты келтірілген: Шет ауданының әкімі және «ШетЭнерго» компаниясы. Әдеттегідей, біріне бірі сілтейді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін сонау 90-шы жылдардың соңында болған оқиғаны майшаммен қарадық.

27 елді мекеннің электр желісі, подстансалары мен трансформаторлары жеке кәсіпкердің иелігіне 1997 жылы берілген екен. Алайда 30 жылға жуық уақыт ішінде «Шет Энерго» ЖШС тарапынан электр желілерін жаңартуға инвестиция құйылмаған. Бұл тұрақты түрде электр қуатының үзілуіне, жиі істен шығуына әкеп соқты. 

Алысқа бармай-ақ, соңғы 4 жылды алып қарасақ, апатты жағдай жиілеп кеткен. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шет ауданы 2022 жылы – 81 рет, 2023 жылы – 93 рет, ал 2024 жылы – 324 рет электр қуатынан апаттық жағдайда ажыратылған. Биылғы жылдың бар-жоғы 2 айында жарық 81 рет өшірілгені анықталды. Соңғысы төтенше жағдай жариялаумен тынды. 

18 ақпанда - 1 сағат, 19 ақпанда - 2 сағат жарықсыз қалған тұрғындар 20 ақпанда сағат 11:00-ден бастап мүлдем жарықсыз қалды. Басты себеп – «Шет Энерго»-ның кертартпалыққа салынып, "Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы" АҚ тоқ тасымалдауға қойып отырған талаптарын орындамай, екі жақты келісімшартқа қол қоймай отырғанында. 

Шектеулер қойылғанға дейін "Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы" «ШетЭнерго» компаниясына 2024 жылдың желтоқсанынан бастап тоқ тасымалдауға және желідегі шығынды өтеу жөнінде шарт жасасу жөнінде бірнеше мәрте ресми хат жолдаған. Ал «Шет Энерго» компаниясы 2 ай бойы шартқа отыру талаптарын назарға алмай, шектеу қойылғанға дейін жағдайды ушықтырды. Осыған байланысты аудан әкімдігі жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Бұл шара электр энергиясын қалпына келтіру үшін қабылданды. 

«ШетЭнерго»-ның салақтығы мен немқұрайлылығы кесірінен бүгін 12500 адам зардап шегуде. Шамасы келгендер генераторға шығындануына тура келді. Аудан тұрғындары компания жұмысына наразылық білдіріп, талай жылдар бойы шағым да жазды. Алайда, жағдай өзгерген жоқ. “ШетЭнерго” басшылары халықтың жанайқайын естімеді ме, әлде естігісі келмеді ме? 

Бұл мәселе бойынша 2025 жылдың 20 ақпанда аудан әкімдігінде тұрғындардың және кәсіпорын басшылығының қатысуымен болған кездесуде "Жезқазған таратушы электр торабы компаниясымен" арада шарттың жасалмағандығы және құжаттардың талапқа сәйкес тапсырылмағаны анықталып, тұрғындарға түсіндірілді. 

Мәселенің күрмеуін шешу үшін 23 ақпаннан бастап тәуелсіз аудиторлар Бұрма, Ақой, Батық және Красная поляна елді мекендерінде «Шет Энерго» компаниясына тиесілі электр желілері мен подстансаларды тексеруге кірісті. Мақсат – техникалық ақауды тауып, тиісті жөндеу жұмыстарының көлемін анықтау. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында Премьер-Министр Олжас Бектеновтың басшылығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында «Шет Энерго» компаниясының мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау үшін сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды. 

Өркениеттен тысқары, ШЕТ-те қалған жұрттың «үніне құлақ асатын үкімет» бұл мәселені қаншалықты тез шешеді екен?

Пікірлер