Ырым-тыйымды біз қалай түсінеміз?

7082
Adyrna.kz Telegram

Бағзыда адам әулетін бір-біріне қарама-қарсы екі лагерьдегі рухтар қоршап тұр деген наным-сенім болған. Олар әдетте  ізгі және кесірлі рухтар. Адам осы  рухтардың қатерінен қорғанып, сақтану немесе  мейіріне ие болып, қолдауына жетуді көздеп әрекеттер жасаған. Өз іс-қимылдарын сол ие-киелерге үйлестіру, үндестіру мақсатында әр түрлі  ырым-тыйымды ойлап тауып, тұрмыста қолдана бастаған.

Тыйым (табу) болатын белгілі  бір қатерден адамды қорғандыру, сақтандыру, сол арқылы табиғат пен әлеуметтік күштердің ризашылығын алу үшін жасалды. Ырым мен тыйымның міндеті болашақты (істі) болжау, сәтті нәтижеге жету үшін алдын ала жоспар құру, белгілі бір қағида-ережеге бағынуды шарт етеді. Тыйым алғашқы қауым заманында магиялық түсінікпен тіндес басталғанымен уақыт өте келе  қоғам дамыған тұста әлеуметтік заңи мәнге ие бола бастаған. Енді адамдар рухтарды емес, пәк-күнәһар,  ақ-қара, обал-сауап категориясын алға тартқан. Тыйым – ол адам сөзсіз орындауға тиісті, талқылауға жатпайтын, қоғамда қатаң қалыптасқан, сірескен ережелердің жиынтығы. Оны адам бала кезден естіп, үйреніп-біліп, өле-өлгенше орындауға тиісті.

Ал, ырым болса, жеке адамның немесе қауымның  жору, болжау арқылы орындауға тиісті ережелері. Бұнда болашақты болжау, жору функциясы басым. Халықтың ұғымында ырым екі түрлі болады:

1. Жақсы ырым. Мысалы:  а) аттың есінеуі;   ә) баланың тоңқайып жол қарауы; б) сауысқанның шықылықтауы.

2. Жаман ырым. Мысалы: а) жақ таяну;   ә) қолды артқа ұстау;   б) тізе құшақтау.

Жалпы,  ырымды табиғат пен әлеуметтік күштер тарапынан жеке адам бұлжытпай орындау үшін хабардар етіп, сездірілетін тұтқиыл сигналдар, рәміздік әрекеттер жүйесі деуге болады. Мысалы: 1. Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек;  2. Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек; 3. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады; 4. Ерттеулі тұрған ат сілкінсе, жын-шайтанды үркітіп жатқаны; 5. Түнде жолыңда сиыр жатса, сапарың оң болмайды; 6.Оқпақ шақырса, бие құлын тастайды; 7. Алдыңнан түлкі қашса, сапарың сәтті болады; 8. Сол құлағың шыңылдаса, біреу сені жамандап жатыр.

Ырымның келесі  бір түрлері – жеке адамның өзі істеуге тиісті емес деп саналғанымен қауым тарапынан ескертілмесе, яки талап етілмесе, орындалмай қалуы ықтимал,  бір ұшы тыйыммен тығыз байланысып жатқан ырымдар. Бұның  ырымға жататыны, жеке адам абайсызда «соны» істеп отырса,  қауымның жөн-жосықты білетін кісісі, «оған» тыйым салып, себебін жолай түсіндіріп, кісіні сақтандырады. Мысалы: жақ таянба. Демек, ырымның бұл түрі  «жеке адам» –  «тыйым салынған әрекет» – «қауым мүшесінің жоруы» деген үштікке табан тірейді.  Тыйымды адам  бұлжытпай орындауға тиісті болса,  ырым (не жақсы, не жаман) жеке адам тарапынан (әрекет пен сөз  арқылы) әбден көрініс тапқан соң, оны қауым мүшесі жору, ескерту, түсіндіру түрінде талқыға түсіретін құндылық болып саналады. Сонымен, ырым-тыйым жеке адам мен қауымның кез-келген мүшесінің арасында белсенді сұхбат, еріксіз пікір алмасуды  тудырып,  жедел реттелетін әлеуметтік-психологиялық категория.

Ырым-тыйымда заттар мен құбылыстар белгілі қауымның түсінігі тұрғысынан рәмізделеді де дағдылы сөз тіркесі арқылы көрініс тауып, бағзы мифтік ұғым жаңаша пішінге түсіп  жаңғыртылады. Ырымда шын мәнісінде  болашақты болжау –  басымдыққа ие. Ол күнделікті өмірде жиі ұшырайды, кездейсоқ сипатта және ауыз екі тілде жиі қолданылып, адамды адамдармен қызу қатынастыратын  қабілетке ие. 

Қайталап айтсақ, ырымның негізгі мәні – болашақты болжау, болуға ықтимал қатерден адамды алдын ала сақтандыру, бір сөзбен айтқанда, жаманшылықтан құтқару немесе  орындалуға тиісті шарапатты көрегендікпен сездіріп, қуанышқа кенелдіру, сол қызметтері арқылы жеке адамның әлеуметтік-психологиялық ахуалын  оңалдыру.

Сонымен, ырым-тыйымды  қазақ фольклорында кездесетін ең қысқа әрі ең өміршең жанрдың бірі деп танимыз. Ол адамның күнделікті  тұрмыс-тіршілігінде тұтқиылдан көрініс тауып,  қағылез бақылаушылар тарабынан жария етілетін, қоғамдық санада бағзыда  қалыптасқан қасаң қағидалардың түйіні, түйіршігі деуге болады. Оның ғасырлар керуеніне өтіп, бүгінгі ұрпақтың зердесіне ұя салуы –  қысқа да ұшқыр, ұтқыр да тұтқыр сипатында жатыр.

Ырым-тыйымдар кәріқұлақ естияр жандар тарапынан бақыланып, үнемі қадағаланып отыратын қасиетке ие. Ол әлеуметтік-қоғамдық реттілікті, тәртіпті қалыптастырушы, орнықтырушы бірегей жүйе. Бір сөзбен айтқанда, оны «заңға дейінгі заң»  деп бағалауға болады.

Әрбір ырымның өзегінде бір замандарда  қоғамда  маңызды рөл атқарған әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің сарқыны, қуатты қайнар көзі жатыр.

Ырымның негізгі ерекшелігі – ол  өте-мөте себеп-салдарлы. Оны  мифке жақындатып тұрғаны дәл осы сипаты. Бір сөзбен айтқанда, бұнда қандай бір әрекетті «істесе не болады?» немесе «олай істеуге болмайды, оның себебі мынадай» деген  этиологиялық түсінік орын алады.

Ырым кейде қандай бір шұғыл әрекетке байланысты туындайды. Оған қауым мән беріп, бір мезет назар аудару арқылы қарымта жауап (пікір-тілек, көзқарас, баға) білдіреді. Мәселен, біреу оқыстан  түшкірсе, оған көңіл бөлініп, мынадай сөздер айтылуға тиіс:

  1. «Бер Тәңір, бес жүз жылқы,

Асығып айттым, алты жүз жылқы,

Жетпей айттым, жеті жүз жылқы».

  1. «Жәрекімалла, жарылқа,

Құнан қойдан қабырға».

  1. «Ақтұш, ақ сиырдың сүтін іш,

Ақ сүт берер саған күш!

Шым-шым мөлдір суға түс,

Тұмау тисе, қуа түс!».

Мифтік танымда әлем қарама-қарсы екі жікке жарылып тұрады: жақсы-жаман, адал-харам, ыстық-суық, обал-сауап, шарапат-кесапат және т.б. Ал, барлық ырым осы керағар түсінікке табан тірейді.

Ырым-тыйым түрік-моңғол халықтарының барлығында кездеседі. Оны әзербайжандар «сынама», қырғыздар «ырым-дарымдар», моңғолдар «ёр», «цээр», қалмақтар «йори», татарлар «ырым-ишанулар», «сынамыштар» деп атаған.

Ырым-тыйымдар жекетоғай өмір сүре бермей  кейде мақал-мәтелге де  айналып кетеді. Себебі, ырым-тыйым мен мақал-мәтел екеуінде де халықтың ғасырлар бойы табиғат пен әлеуметтік құбылыстарды бақылауында туған нәтижелер қорытындыланады. Мәселен, «молаға қарай жүгірме», «асты қорлама», «жылағанға күлме» деген тыйымдар «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді», «Асты қорлама құстырады, ерді қорлама састырады», «Күлген күле жетеді, екі етегін түре жетеді» деген түрде мақал-мәтелге айналғанын көруге болады.

Сонымен бірге, кейбір ырым-тыйымдар қарғысқа да айналады. Айталық, «құр бесікті тербетпе» деген тыйым «құр бесікті тербетіп қал!» пішінінде қарғыс сөз боп айтылады. Тіпті ертегілерде кейіпкер кесе-көлденең тыйымдарға (әдетте үш рет) тап болады, бірақ оны бұзғандықтан шым-шытырық шырғалаңға түседі, демек көркем сюжеттің динамикалық қарқынмен өрбіп-өрістеуіне біз талдап отырған нысан түрткі болады. Сонымен,  ырым-тыйым жеке дара тұйықталып қалмай фольклорлық сан алуан басқа жанрларды да түрлендіріп, нәрлендіре түсуге себепші болған.

Ырым-тыйым көбінде  бұйрық райда айтылады да кейде ақыл-кеңеске де ұқсайды, рас ол бұл тұрғыдан мақал-мәтелге жақындағанымен түпкі мәнінде ескерту, сақтандыру, болуға ықтимал қатердің алдын-алу шарасы жатыр. Бір сөзбен айтқанда,  мақал-мәтелдер керсінше тарихта болған, бастан кешкен жайттардың куәсі іспетті болса, ырым-тыйымда үнемі болашақ болжанады. Айталық, «Үй иен қалса, төсектің үстіне пышақ қойып кет» деген ырым ақыл-кеңеске ұқсайды. Ал,  түпкі себебін таратып айтсақ, дәстүрлі танымда  иен үйге, бос төсекке жын-шайтан қонуы ықтимал, ондай рух-иелер өткір жүзді саймандардан, пышақтан сескенеді, демек, ырымда пышақ арқылы қаскөй күшті қуу магиясы тұспалданған.

Қорыта айтқанда, ырым-тыйым қазақ магиялық фольклорындағы шағын жанрлық түр ретінде енді анықталып отыр. Бүгінге дейін бірсыпыра мәтіндер жинақталғанымен арнайы зерттеле қоймаған осы шағын жанрлық түрдің  халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде көтеріп келе жатқан жүгі орасан ауыр екендігі байқалады.

Әдетте кейбір ырымдардың тобы дереу жорамал жасауға  итермелеп, психологиялық ахуалға түрткі болады. Бір сөзбен айтқанда, ол таза практикалық қызмет атқаратын жанр. Ырым-тыйымдарға А.Дандис, Е.Г.Павлова секілді ғалымдар саралау жасаған. Біз қазақ ырым-тыйымдарын  өзіндік ерекшелігіне сай төмендегідей екі топқа бөлеміз:

І. Белгі-дабыл қағушы ырым-тыйымдар. (Мақсаты – болашақты болжау).

ІІ. Ережелеуші — ырым -тыйымдар (Мақсаты – магиялық).

І. Белгі-дабыл қағушы ырым-тыйымдар адамның шарасынан тыс, табиғаттың-тағдырдың үкімі секілді сезіледі. Айталық, «бөбек тоңқайып жол қараса, алыстан жолаушылап туысқан келеді», «тіліңді тістеп алсаң, үйіңе ашыққан қонақ келеді», «оң қабағың тартса, қуанасың», «қой ыңыранып ұйықтаса, қыс жайлы болады», «сауысқан шықылықтаса, алыстан хабар аласың»  және т.б.

Бұларда болашақты болжау, жору сарыны басым. Аталған ырым-тыйымдар адамның еркінен, қалауынан тыс, кездейсоқ, тосын  жағдайда туындайды.

ІІ. Ережелеуші-ырым-тыйымдарда адамға ақыл-кеңес беріледі де, онда «не жақсылықтың, не жамандықтың» белгі-ишарасы жатқаны анық байқалады. Мысалы, «торғайдың жұмыртқасын жарған баланың бетіне секпіл түседі», «жиенін ұрған  адамның қолы қалтырауық болып қалады», «тілі жай шыққан балаға итаяқтан су ішкізу керек», «аспанға аяғыңды көтерме», «адамға сұқ саусағыңды кеземе»,  т.б.  Бұнда болашақты болжау сипаты әлсірегенімен не жақсы, не жамандыққа түрткі болып тұрғаны –  оңай аңғарылады, демек магиялық айрықша басымдыққа ие. Мысалы: «үйге кірген жыланға ақ құйып шығару керек», «қасқырдың атын атауға болмайды», «сәбидің аузына киелі адам түкірсе, ол мықты азамат болады», «мұрыныңнан қан аға берсе, аттың шашасын тұтатсаң тыйылады», «күйез ұстаса, сұлу қыздың артынан сәлем салсаң жазылады», «бөрінің тарамысын тұтатсаң,  ұрының қол-аяғы тартылады» және т.б.

Ережелеуші-ырым-тыйым сонымен бірге тыйыммен (табу) тығыз ұштасып тұрады. Айталық, «аяғыңды көкке көтерме», «босағаны керме», «бас киіміңді бөгде адамға берме», «отқа түкірме», «күлді баспа», «малды басқа ұрма»,  «әкең тірі болса,  кәдеге тартылған басты кесуге қақың жоқ».

Ережелеуші – ырым-тыйымдар әсіре себеп-салдарлы болады. Ал белгі-дабыл беруші ырым-тыйымдар әсіре болжағыш келеді. Айталық, «мысық ағашты тырнаса, қарлы-бұрқасын болады», «айғыр таласса, жылқы түлігі өседі», «қой күзде өрістен ауызына шөп тістеп қайтса, қыста жұт болады». Бұл топтағы ырым-тыйымдар халықтың ұзақ жылдар табиғатты бақылауынан, өмір-тіршілікті тануынан туғандықтан белгілі дәрежеде ғылыми дәлелдерге  жақын болады да, шыншылдық қасиеті күшейіп,  магиялық (наным-сенімдік) сипаты әлсірейді. Ал, ережелеуші – ырым-тыйымдарда магия зор қызмет атқарады. Айталық, «ақ жауын тыйылмаса, кенже балалардың дамбалын шешіп, аспанға артын көрсетіп, тоңқайту керек», «қозы-лақтың енін құмырсқаның ініне тастасаң, мал қаулап өседі», «баланың аяғы сырқырап ауырса, қарыстасаң жазылады», «аяғы ауыр әйел балықтың етін жеуге болмайды, себебі нәресте мылқау болып қалады», «жұма күні көшуге болмайды, себебі түйе тулап қазаның сынады, қатының өледі», «ауға балық түспей қойса, әйелдің дамбалын жылымның абағына (ұшына) байлау керек, сонда олжаға батасың» т.б.

Сонымен бірге, ырым-тыйымның шектеушілік және қолдаушылық (мақұлдаушылық) негізгі екі функциясы бар екенін байқаймыз. Айталық, төмендегі ырым-тыйымдар шектеушілік қызмет атқарады: «көк шөпті жұлма», «кем-кетікке күлме», «малды басқа ұрма», «үлкеннің жолын кеспе», «қара қосқа қамшы алып кірме» т.б. Ал, келесі ырым-тыйымдарда мақұлдаушы сарындар үстем: «дастарқандағы нанның қоқымын жесең, бай боласың», «қариядан бата алсаң, жолың ашылады», «жұма күні иіс шығарып, шелпек  таратсаң, аруақтар риза болады», «сәрсенбінінің сәтті күні той жаса» т.б.  Шектеушілік қызмет атқаратын ырым-тыйымдарда абайсызда  кие-кесірге ұрынбауды сақтандырса, мақұлдаушы топта тылсым күштің ризашылығына бөлену амалын көздейді. Жастарға тәлім-тәрбие беру, үлгі-өнеге көрсету жағы да жүзеге асады.

Әлбетте, белгі-дабыл беруші топтағы ырым-тыйымдардағы жайттар негізінен адамның қалауынан тыс болып жатады. Мысалы, «оң қабағың тартса, қуанасың», «мініп келе жатқан атың есінесе, жол болады, пысқырса сор болады», «күн қызарып батса, ертеңгісін ыстық болады», «жыланның аяғын көрсең,  бақытқа кенелесің», «шаңыраққа байғыз қонып шақырса, зауал болады».  Демек, бұнда тағдырдың – табиғаттың үкімі, киелі күштердің үстемдігі елеулі орын алады да адам тұлғасы шарасыз бағынушы кейіпте көрініс табады. Керісінше ережелеуші – ырым-тыйымда адам белсенді әрекет (магиялық шаралар) жасау арқылы шарапатқа жету тұспалданады, демек халықтың ізгілікті арман-аңсары көрініс табады деуге болады. Мысалы, «мойын-омыртқаның сіңірін жесе, қыз баланың шашы ұзын болады», «таңдай жесең, әнші боласың», «үлкендердің қолына су құйсаң, ақ батасы тиеді», «үйді адыраспанмен аластасаң, пәле-қала қашады», «алыс сапарға шыққанда сәбидің «ит көйлегін» қойыныңа салып жүрсең, жолың болады» т.б.  Әрине, бұл ырым-тыйымдарда «ұқсастық-ұқсастық тудырады» деген магиялық жоралғы маңызды рөл атқарып тұр.

Түйіндеп айтқанда, ұсақ-түйек секілді  былайғы көзге елеусіз көрінетін ырым-тыйым деген шағын да қысқа жанрдың көтеріп тұрған жүгі ересен зор. Шынтуайтында,  «Алпамыс»,  «Қобыланды» секілді көлемді эпостарды күн сайын жырламайтынымыз да, тыңдамайтынымызда белгілі, ал түрлі ырым-тыйымдарға сағат сайын тап болып жататынымыз өмір шындығы. Коммунистік кезеңде керітартпа әдетке жатқызылып, күресінге итерілгенімен ырым-тыйымдар жас ұрпақты әдептілікке, инабаттылыққа, имандылыққа әрдайым шақыратын, әрі этномәдени бет-бейнемізді қалыптастырушы, қадағалаушы құнды құрал екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр.


Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, 

филология ғылымының кандидаты

 

Пікірлер