Әділет министрлігі 2025 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы қазақстандарға туу туралы куәлікті жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«АХАТ органдары берген электронды құжаттар бойынша – туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамалар бойынша электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарланып отыр. Жаңа өзгерістер азаматтарға аталған құжаттарды алуға және оларға бір өтініш шеңберінде апостиль қоюға мүмкіндік береді»,—делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұл қызметке 2025 жылдың төртінші тоқсанында қол жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ заң көмегін көрсету саласында Әділет министрлігі 2025 жылы Атқарушылық жазба жасау жөніндегі пилоттық жобаны іске қоспақ. Ол «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе» ақпараттық жүйесіне талаптардың даусыз екендігі және борышты тану, борышкердің жеке кабинеті арқылы қарсылық беру туралы растайтын құжаттарды салуды, сондай-ақ нотариустың борышкердің (жеке немесе заңды тұлға) тіркелген жері бойынша ғана атқарушылық жазба жасауын көздейді.