Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз Серікболсын Әбділдиннің бақилық болғанына 5 жыл өтті. Тәуелсіз журналист оппозициялық саясаткердің өмірі мен қызметіндегі жұлдызды сәттерді еске алды.
Бүгін Қазақстанның саяси сахнасында ерекше орынға ие мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдиннің өмірден өткеніне 5 жыл толды. Ол 2019 жылы 31 желтоқсанда 82 жастан асқан шағында Алматыда қайтыс болған. Биыл 15 желтоқсанда Серікболсын Әбділдин туралы режиссер Қанат Тілеухан түсірген «Төраға Әбділдин» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Саясаткерді еске алу бағытында бұдан басқа көзге көрінер шара байқалған жоқ.
Серікболсын Әбділдин 1990 жылдардың басында Қазақстан Жоғарғы кеңесінің басшылығында қызметін атқарып, елдің егемендікке жетіп, тәуелсіздік жариялауына үлес қосты. Оның төрағалық ету кезеңі Қазақстан тарихындағы шешуші сәттермен байланысты уақытқа сәйкес келді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңес Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағанда, ақжолтай хабарды бірінші сүйіншілеген Серікболсын Әбділдин болатын. Совет одағы кезінде қалыптасқан оның кейбір тұжырымдары тәуелсіздік құндылықтарына сәйкес келмеген кездері де болды. Алайда ол Қазақстан билігін өз уысында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевты қатаң сынап, жеке әулет басқарған авторитарлы жүйеге қарсы шықты. Сөйтіп биліктен шеттетілді. Серікболсын Әбділдин туралы көзі тірісінде саясаткерден талай сұхбат алған тәуелсіз журналист Асылхан Мамашұлын сөзге тарттық.
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ТҰҢҒЫШ КОНСТИТУЦИЯ
- Cерікболсын Әбділдиннің саяси өміріндегі өзгерістерді елдегі өзгерістерден бөле-жара қарастыру қиын сияқты. Әбділдин дегенде есіңізге не түседі? Сұхбат алған кезіңіз, немесе ол кісінің ел өміріндегі саяси бейнесі – осының қайсысы басым?
- Серікболсын Әбділдин дегенде біздің Қазақстанның мемлекеттік басқару форматы еске түседі. Әсіресе, 1990 жылдары Қазақстанда парламенттік басқару сипатындағы республика болды. Ол кезде президенттік билік әлі қатты күшеймеген. 1993 жылы Конституция қабылданды. Сол Конституция бойынша Қазақстан парламенттік басқару жүйесінде болды. Соның бәрінің басында жүрген осы Серікболсын Әбділдин еді. 1995 жылы Конституция қабылданғаннан соң қазіргі форматқа көштік. Яғни, Қазақстан президенттік басқару нысанындағы билікке айналды. Енді Серікболсын Әбділдиннің еңбегі дегенде бірінші осыны айтамыз. Бұл кезеңде ол Жоғарғы кеңестің төрағасы болды.
Парламенттен кеткеннен кейін өмірінің соңына дейін оппозицияда жүрді. 2010 жылдардан кейін болуы керек, өзі басқарып отырған партияның тізгінін де берді. Бірақ саяси ұстанымы оппозициялық көзқараста қалды.
Ол Қазақстанның билігі мен Назарбаевты жиі сынады. Бірақ, жасалып жатқан дүниені де жоққа шығармаған. Өзінің қарсыластарына да объективті баға бере алды.
«ДАУЫСЫ ҰРЛАНҒАНЫН РАСТАЙТЫН ФАКТІ КӨП»
- Кейін биліктегі қызметінен шеттетілді, президент сайлауына да түсіп көрді. Соның бәрінде жеке-дара билеудің салдарын көрді, қиянатқа да ұшырады. Неге осылай болды?
- Қызметтен кетірілгені біраз дау болды. Жоғарғы кеңесті Назарбаев уақытында заңсыз таратып жіберді. Оның таратылуына қатысты әңгіме өте көп. Бірақ парламенттегі депутаттар парламентті тарату керек деген ұсынысты қолдағаннан соң тарады. Сондықтан «заңды» таралды.
Бірақ тарату жөніндегі идея бұл президент Назарбаевтан шыққан болатын. Оны Назарбаев өз кітабында да айтып кеткен. Ол «Серікболсын Әбділдинді ұнатпағаным рас. Бірақ, оған кішкене өкінемін. Себебі оппозицияның болуы дұрыс екен» деген сөздер бар кітабында.
- Сол Назарбаевқа балама кандидат ретінде президент сайлауына да түсті. Бұл сайлау туралы да сөз көп. Неге сайланбай қалды десек, артық па? Президент Назарбаев емес, осы кісі болуы керек дейтіндер бар...
- Біз «президент болуы керек еді» деп өткен шақта айта береміз ғой. Бірақ шын мәнінде 1999 жылы президент сайлауы өткен. Қаңтарда Серікболсын Әбділдин президенттікке түсті. Сонда, әсіресе Қазақстанның батыс бөлігінде ол кісіні қолдап, дауыс бергендер көп болды. Бірақ, Назарбаев билігі дауысты бұрмалап, өзіне жазып алған. Сайлау әділ өткенде бәлкім, ол кісі Қазақстанның президенті болар ма еді. Оған Назарбаев билігі мүмкіндік бермеді. Серікболсын Әбділдин сонда дауысы ұрланғанын маған да айтқаны бар. Сол кезде премьер-министр Нұрлан Балғынбаев болатын. Сол кісі де, сол уақытта билікте жүрген Алтынбек Сәрсенбаев та мұны мойындаған екен. Оны растайтын факті көп.
«МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ҚОЛ САЛМАҒАН»
- Серікболсын Әбділдиннің қай қасиетін қатты бағалайсыз?
- Мына жайтты баса айту керек. Серікболсын Әбділдин билікте отырған кезде де, одан кеткеннен соң да мемлекет қаржысына қол салған адам емес. Мен бұл туралы ол кісінің өзінен де сұрадым. «Сізге қысым жасала ма? Қудаланасыз ба?» дегенімде «Маған ашық қысым жасай алмайды. Менің соңымнан бұлар лупа алып түскен. Лупамен қарап, бәрін тексерген. Ішкен-жеген болсам бұлар бірден түрмеге қамар еді» деген еді.
- Журналист ретінде Серікболсын Әбділдинмен сөйлескенде есте қалған ерекше жайлар болды ма?
- Мен ол кісіден көп комментарии алғанмын. Серікболсын Әбділдин Қазақстандағы саяси оқиғаларға бейтарап баға бере алатын. Тағы бір қабілеті – ештеңені ұмытпайтын. Күнін де, керек болса сағатын да ұмытпайтын еді. Маған бір айтқаны бар, 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының атауын өзгертті ғой. Түске дейін өзгертті, түстен кейін Назарбаевтың қолына «Қазақстан Республикасының президенті» деген куәлік берген.
Өйткені 1 желтоқсанда Назарбаев президент болып сайланды. Президент сайлауынан соң билік тармақтары басшылары, соның ішінде Жоғарғы кеңестің басшысын да сайлау керек. Жоғарғы кеңестің сол кездегі төрағасы Ерік Асанбаев Назарбаевтың орынбасары, вице-президент болып сайланып кеткен.
Сонда Жоғарғы кеңеске төрағалығына кандидатурасы ұсынылғандардың бірі Серікболсын Әбділдин болды. «Ол тұста Нұрсұлтандар білді. Назарбаевпен оңашада әңгімелескенде маған айтқан болатын. «Секе, сізге көп рақмет, маған көмектестіңіз. Енді сіз Жоғарғы кеңестің төрағасы болып сайланасыз, мен сізді қолдаймын» деп айтты деді.
«Таңертең сайлау болды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев басқаша сөйледі. Ол сөзін басқаша сөйлегеніне мен қатты таңқалдым. Содан кейін Назарбаевтың бір де бір сөзіне таңқалмайтын болдым» дегені бар еді.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы