«Сайлауда Назарбаевты жеңді...» Азаттық қарлығашы, ақиқатшыл Әбділдин

5526
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – ұстанымы берік саясаткер, ғалым, ұстаз Серікболсын Әбділдин қайтыс болған күн. Қайраткерді саясаткерлер қалай бағалайды? Шағын шолуда осы туралы айтылады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин 2019 жылы 31 желтоқсанда 83 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді.

НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАТАҢ СЫНШЫСЫ

Серікболсын Әбділдин 1967 жылдан бастап Қазақ ССР жоспарлау комитетінде біраз уақыт бойы жұмыс істеді. Кейіннен ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылық қызметін атқарса, кейіннен Қазақ ССР министрлер кеңесінің Мәскеудегі өкілі болды. Ал 1990 жылы ХІІ шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кейін Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, 1991 жылдың қазанынан 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес таратылғанға дейін оның төрағасы болған.

Серікболсын Әбділдин басшылық еткен уақытта Жоғарғы Кеңес 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" декларацияны қабылдаған. Кейін Назарбаев саясатына қарсы болып, оппозицияға кетті. Назарбаевты жиі сынайтын. Оның айтқандарын Назарбаев жоққа да шығармады, растамады да.  

Қазақстан коммунистік партиясы төрағасы болған Әбділдин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан авторитарлы билік жүйесін ашық та қатаң сынады. Ол 1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауына Назарбаевпен бәсекелес кандидат ретінде қатысты. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, саясаткер аз дауыс жинаған. Бірақ Әбділдин "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп мәлімдеді.

«ПРЕЗИДЕНТ БОЛУЫ ТИІС ЕДІ»

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серік Әбдірахманов «шын мәнінде Серікболсын Әбділдин президент болуы тиіс еді» дейді.

- Ол кісі өте мықты саясаткер болды. Сайлауда Назарбаевты жеңіп кеткен еді. Бірақ біздің саясат Секеңді жібермеді. Ол кісі 80 жылдығын тойлағанда1990 жылдардағы партияны, мәжілісті еске алып, қуанышына ортақтасқан жайым бар. Демократияға бейім басшы болды. Біреулер Секеңді сынап жіберетін кездері де болған. Алайда ол кісі өзін сынағандарға күліп жауап беретін. Ешқандай кек сақтамайтын, адамды бөліп-жармайтын кең адам еді. Өкінішті, әрине. Егер ол кісі мемлекет басына келгенде біздің Қазақстан мүлдем басқаша болар еді. Қазір ол кісіні солай өкінішпен еске аламыз, - дейді ол.

Серік Әбдірахманов Серікболсын Әбділдинмен істес болғанын айтады.  

- Секеңмен біз көп жылдар бойы таныспыз. Бір-бірімізді білетінбіз. 1999 жылы мәжілістің депутаттығына сайланды, бір комитеттің құрамында болдық. Ол кісі өте ақылды, білімді, ұлтшыл, мемлекетшіл, байсалды адам еді. Сөз саптауы керемет еді. Секең бізге үлгі болды, білгенін үйретті, - деп еске алады Серік Әбдірахманов.

Серік Әбдірахманов депутат болғанға дейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі  қызметін атқарған.

«ЕЛГЕ ӨТЕ ЖАҚЫН БОЛДЫ»

19 жыл бойы Парламент Мәжілісінде қызмет еткенкеле жатқан депутат Нұртай Сабильянов Серікболсын Әбділдин туралы лебізін былай жеткізді.

- Мен ол кісімен жақын араласқан жоқпын, кездесіп, сөйлеспеппін де. Дегенмен Серікболсын ағамыз өмірде елге, қоғамға еңбегі сіңген азамат. Жоғары Кеңестің билігі болғанда өзінің қайраттылығын көрсете білген. Ол кісі елге өте жақын болды. Сонымен қатар туған жері үшін еңбек еткен. Серікболсын аға өмірде ешқашан біреуге жамандық ойламаған. Өзгелер туралы жаман ой, пікір айтпаған. Өз ойын тікелей, ашық түрде айтқан шыншыл адам болды. Серікболсын Әбділдин Қазақстан тарихында ірі тұлғалардыңбірі болып қала бермек, - дейді депутат Нұртай Сабильянов.

АЗАТТЫҚ ҚАРЛЫҒАШЫ

Серікболсын Әбділдиннің саясаткерлігін, әділдігін Қазақстанның жоғары басшылары да мойындаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Республика күні қарсаңында, Ақордадағы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде саясаткер туралы мынандай пікір білдірген.

«Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек», - деген президент Тоқаев.

«ПАРЛАМЕНТАРИЗМДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ӨЗ ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРҒАН ТҰЛҒА»

Осыдан 12 жыл бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев бір кезде өзімен сайлауға түскен Серікболсын Әбділдин туралы былай деген.

«Азаттықтың алғашқы тәй-тәй басқан жылдарында жанымда болып, бірге қызмет атқарған Серікболсын Әбділдин, Сергей Терещенко, Ерік Асанбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және тағы басқа азаматтарға бүгінгі мереке күні шын жүрегіммен ризашылығымды айтып, оларға жақсылық пен денсаулық тілеймін», - деген сол кездегі ел басшысы.

Ал саясаткер қайтыс болғанда Президент Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айтқанда оны «елімізді дамыту жəне парламентаризмді қалыптастыру ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға» деп бағалаған.

Қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор Серікболсын Әбділдин 1937 жылы Қазақстанның шығысындағы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 2019 жылы саясаткер қайтыс болғанда Алматыдағы Кеңсай – 2 қорымына жерленді.  

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер