ЕРМҰРАТ БАПИ: Кейінгі ұрпақ білер-білмес Сейтқазы аға кім еді?

1595
Adyrna.kz Telegram
Сейтқазы Матаев. ҚазТАГ суреті
Сейтқазы Матаев. ҚазТАГ суреті

Қазақстан Журналистер Одағының басқарма төрағасы Сейтқазы Матаев 70 жасқа толды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ол "Құрмет" орденімен марапатталды.

Кейінгі ұрпақ білер-білмес, Сейтқазы аға кім еді? Қазақстанның жаңа тарихында аты-жөні аталуы тиіс қайраткер азаматтың бірер есіл еңбегін ел есіне салайын.

КСРО тарап, Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдары иесіз қалған ҚазТАГ-ты (ТАСС-тың Қазақ ССР-Індегі филиалы) "тірілтіп", жеке бастамасымен, өзінің қаражатын жұмсап, елдің ақпарат әлеміне қосты. Бүгінде бұл агенттік танымал және беделді БАҚ саналады, ол тарататын ақпаратқа отандық және шетелдік информейшн-медиа сілтеме жасайды.

Тағы да сол тақыр-таза 90-жылдары жетімнің күйін кешкен Қазақстан Журналистер одағын құрып кетуден сақтап қалып, мемлекеттік маңызы бар осы қоғамдық бірлестікті 25 жылдан бері басқарады. Одақ тағайындаған "Қазақстанның құрметті журналисті" атағын журналистер қауымы мемлекеттік марапаттан бетер бағалы төсбелгі санайды.

Тәуелсіз Қазақстанда ең алғашқы Баспасөз клубын ашқан адам - Сейтқазы Матаев! Секең Алматыда 2000-жылдардың басында құрған Ұлттық баспасөз клубы тәуелсіз қоғамдық-саяси платформаға айналды. Екі ғасырдың ортасында назарбаевтық жеке дара биліктің қудалауына тап болған, саяси ұстанымы мен көрген қорлығын жария етуге трибуна таппаған: саясаткерлер - Серікболсын Әбділдин, Әкежан Қажыгелдин, Ғазиз Алдамжаров, Ирина Савостина, Заманбек Нұрқаділов,

Нұрболат Масанов, Жармахан Тұяқбай, Асылбек Қожахметов, Перт Своик, Болатхан Тайжан, Дос Көшім, Жасарал Қуанышәлин, Әміржан Қосанов және басқалар;

ДВК"-ның алғашқы құрылтайшылары Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Алтынбек Сәрсенбаев, Ораз Жандосов, Төлен Тоқтасынов, Мұхтар Аблязов; Қудалауға түскен медианың жетекшілері, журналистер - Гүлжан Ерғалиева, Сейдахмет Құттықадам, Шәріп Құрақбай, Батырхан Дәрімбет, Ирина Петрушева, осы посттың авторы, Бигелді Ғабдуллин, Сергей Дуванов, Бақытгүл Мәкімбай, Лира Байсейітова және тағы басқалар Сейтқазы Матаевтың тәуелсіз платформасында батыл баспасөз мәслихаттарын өткізді.

Ұлттық Баспасөз клубында марқұм Заманбек Нұрқаділов президент Назарбаевтың отставкасын талап еткені үшін Матаевтың өзі қысымға ұшырады. Биліктің талабына бас бермеген клубтың жетекшісі кейіннен нақақ жаламен істі болып, 5 жылға сотталды. Екі жылға жуық түрмеде отырып шығып, бертінде толық ақталды.

Тәуелсіз журналистерге қамқор болды. Оппозициялық "DAT" газетін қолдап, Ұлттық Баспасөз клубының ғимаратына редакцияны тегін паналатты.

Қымбатты менің Сейтқазы әкейім (тегім - Сейтқазыұлы), 70 жас мүшелтойың құтты болсын!

Аман бол, Ұстаз!

100 жаса, корифей!

 

Ермұрат Бапи

 

 

 

 

 

Пікірлер