Ақтаудағы апат. Ұшақтан оқ іздеріне ұқсас тесіктер байқалды

289
Adyrna.kz Telegram
Фото: Видеодан скрин
Фото: Видеодан скрин

Әзербайжан ақпарат агенттіктері Баку – Грозный рейсінің апатына қатысты видео таратты. Кадрларда ұшақ фюзеляжындағы тесіктер көрінеді.  Олар оқ немесе снарядтар іздеріне ұқсайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы arbat.media агенттігіне сілтеп. 

Бұл табылған заттар құстармен соқтығысу немесе оттегі баллонының жарылуы туралы нұсқаларға күмәнмен қарауға итермелейді.

Сарапшылар сыртқы әсер туралы болжам жасауда. Бірақ ресми қорытындылар тек тергеу аяқталған соң жасалады.

Еске салайық, экипаж апаттан бұрын ұшақтың корпусына күшті соққы тигені хабарлаған.

Бұған қоса бүгін Грозный қаласы Украина дрондарының шабуылына ұшыраған еді. Бұл - ай ортасынан бергі осындай екінші мәрте жасалған шабуыл. Бұл шабуылға қарсы Ресейдің әуе қорғанысы жүйесі іске қосылған.

Бүгін Ақтау маңында, Ақшұқыр елді мекеніне жақын тұста Azal Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлаған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургке аттанып ұшып бара жатқан кезде, әуе апаты туралы хабар беріліп, орта жолдан кері қайтуға мәжбүр болған. Ақтауға шұғыл комиссия аттандырған Әзербайжан президенті апат себебі туралы айтуға әзірге ерте екенін айтқан.

Ал Қазақстан вице-премьері Қанат Бозымбаев журналистерге берген сұхбатында Ақтаудағы әуе апатынан 38 адамның қаза тапқанын мәлімдеген. Әзербайжан БАҚ-ы мәліметінше, бортта 67 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Сонымен қатар, олар апаттың себебін әуе кемесінің құстармен соқтығысуымен байланыстырған.

Бозымбаев сондай-ақ, қаза тапқандардың денелері қатты күйіп кеткенін айтты. Сондықтан олардың жеке басын анықтау үшін бөлек процедура жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар, вице-премьер 11 зардап шегушінің жансақтау бөлімінде екенін жеткізді. Зардап шеккендер арасында 15 Әзербайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы бар. Тағы үш адамның азаматтығы нақтылануда.

Алдын ала ақпарат бойынша, бортта болған Қазақстанның алты азаматының алтауы да қаза болған.

Пікірлер