Жәкішев бүгін босай ма?

297

Бүгін Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сотында түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қарай бастады. Сотта адвокат Нұрлан Бейсекеев барлық судьяға сенімсіздік танытты.

Адвокат судьядан отырысқа Мұхтар Жәкішевтің қатысуын қамтамасыз етуді талап етті. Бірақ судья Жәкішевті видеоконференциямен қосуға "техникалық мүмкіндік жоғын" айтты. Осыдан кейін адвокат сотты кейінге қалдыруды талап етті. Бірақ судья адвокат шағымын қанағаттандырмады. Бейсекеев Шығыс Қазақстан облыстық сотының барлық судьясына сенімсіздік танытты.

24 шілде күні Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқанКейін ол апелляциялық шағым берген.

10 қыркүйекте Өскеменде сот апелляциялық шағымды қарап жатқан сәтте Алматыда белсенділер биліктен Жәкішевті босатуды талап етті. Мұндай шаралар елде бір айдан бері өтіп келеді.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен Жәкішевті дереу босатуды сұраған.

Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстанда бірнеше айдан бері биліктен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен пикеттер мен наразылық шаралары өтіп келеді. Қазақстандағы құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер