Бүгін мәжіліс отырысында депутаттар Қазақстанда қыз ұрлауға қатысты мәселелер көтерілді. Олардың айтуынша бұл туралы тиктокта видео түсіріп, қылмысты кеңінен насихаттайтын материалдар көбейген.
«Өткен аптада Астанада университет студенттерімен кездестім. Олар неге біздің мәдениет саласы, ақпарат саласы азаматтардың арасында Заңды құрметтеу, Заң бұзушылыққа төзімсіздік бойынша шаралар өткізбейді, - деген мәселе көтерді. Қыз балалар маған ролик көрсетті. Онда қыз баланы алып қашқан. Қасында бір адам көндіріп айтып отыр, ал қыз бала өз еркіммен келдім,-дейді. Бұл ролик тик токта да тұр, соны мазақ қылып жатыр. Бұл нағыз құқық бұзушылық, заң бұзушылық. Бірақ ешкім, ешқандай әрекет жасамаймыз. Соған қыз балалар біздің құқығымыз қорғалмайды, Заң жоқ, Мәдениет саласы осыны ескермейді деп ренжиді. Мысалы, белгілі әншілер сахнада ән шырқап жүр, теледидардан көрсетеді. Былай: Алып қашамын, мейлі олай қаламан, келін қыламын сені қалай да анама, - дейді. Тағы бір әнші: - көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндіремін, көнесің, қыз болып келесің, келін болып қаласың, - дейді. Міне мәжбүрлеу. Соны біз теледидардан насихаттап көрсетіп жатырмыз» - деді Мұрат Әбенов.
Депутат бұл Заң жобасын қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде насихаттағысы келетіндер бар деген пікірн алға тартты.
«Мен өзім депутат ретінде алдында қаралған зорлық - зомбылық бойынша заңға ұсыныс бердім. Зерттеп қарадық. Мысалы адам алып қашу туралы 125 - бап бар. Соның ішінде қаралады дейді. Онда қаралмайды. Ол баптың ішінде егер үш төрт күн ішінде босатып жіберсе, жауапкершілікке тартылмайды деген қосымша бар. Сонда қалай? Қыз көнбейді, көндіреді, қағаз жаздырады, ұялтады, мәжбүрлейді, үш-төрт күн ұстайды, әбден абыройы төгіледі, сосын жібере салады, оған ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Үш жылдың ішінде 214 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілген, оның 10 ғана сотқа жеткен, қалған жерде қылмыс құрамы жоқ деп жаба салған. Сотқа бармаған, полицияға бармаған қыздарымыз қаншама» - деді Мұрат Әбенов.
Ол әріптестерінің барлығын Президентің айтқан тапсырмасын бірге орындауға шақырып, қоғам болып бұл дертке қарсы тұру керек екнін атап өтті.
Бұл пікірді Еділ Жаңбыршин де қолдап, қалыңдықтарды ұрлау күлкілі емес, бұл қыздардың тағдырын бұзады деп мәлімдеді.
«Әбенов мырза көтеріп отырған дұрыс мәселе деп есептеймін. Күлетін зат емес. Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Ол қазір етек алып кеткен жағдай. Себебі, 21-ғасырда әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адам салып алып, ол тауар емес, ол зат емес, ол адам ғой. Оның өмірлік тағдырына әсер етеді. Бұл Заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ Парламенттің төрінде қоғамдағы кез-келген өзекті мәселе талқылану керек деп,- Президент айтқан жоқ па осы жерде» - дейді ол.
Көтерілген мәселенің дұрыс екенін алға тартып, бұл дүниенің қоғамдағы үлкен дерт деп атады. Оның ойынша, бұған қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастыру керек.
«Қызды зорлап кетіпті, қызды ұрлап кетіпті, баланы зорлап кетіпті, өлтіріп кетіпті, ата-анасын балтамен шауып тастапты, кілең сондай әңгіме. Әлеуметтік желіні ашу мүмкін емес. Сондықтан Ерлан Жақанұлы бұл мәселені Парламент болып, депутат болып дұрыстап күн тәртібіне қоюымыз керек, Президенттің тапсырмасын орындауымыз керек. Мен басқа ештеңені білмеймін» - деп сөзін қорытындылады ол.
Депутаттардың ұсынысына Ерлан Қошанов «Шынында өте өзекті мәселені көтеріп отырсыздар. Бұл қоғамдағы айғайлап тұрған проблема. Бұл туралы Президенттің де тиісті тапсырмасы бар. Өкінішке орай ол әлі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Қылмыстық Кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті қарайтын алдымыздағы отырыстарда Заң жобалары келе жатыр. Сол Заң жобасының аясында қарау керек деп ойлаймын» - деп жауап берді.
Сондай-ақ, ол бұл мәселені басқа депутаттар да қолдайды деп ойлайтынын айтып, бұған тек қана моральдық қана емес, заңдық тұрғыдан да баға берілуге тиіс екенін атап өтті.