Тағы да апат. Ақмола облысында су тасқыны салдарынан 70-тен астам үйді су басты

917
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР ТЖМ
Фото: ҚР ТЖМ

Ақмола облысында көктемгі су тасқыны салдарынан ондаған елді мекен зардап шекті. Ulysmedia.kz мәліметінше, өңірде 70-тен астам тұрғын үйді су басып қалды. Қауіпті жағдайға байланысты кей аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Астрахан ауданының Жаңатұрмыс, Колутон, Старый Колутон, Ягодное елді мекендері мен Атбасар ауданының А.Құрманов ауылында 69 үйді су басқан. Бұланды ауданының Новобратское ауылында тағы 29 аула аумағы су астында қалған.

Қауіпсіздік мақсатында 383 адам эвакуацияланды. Олардың 10-ы уақытша орналастыру пунктілеріне жайғастырылса, 159 адам туыстарының үйінде тұрып жатыр. Қазіргі уақытта 214 адам үйлеріне оралған.

Су тасқыны жол қозғалысына да кері әсерін тигізді. Облыс аумағындағы 26 жол учаскесін су шайып өтсе, 5 учаске мүлде жарамсыз болып қалған. 14 елді мекенге көлік қатынасы тоқтап тұр.

Министрлік қазіргі уақытта төрт облысты – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарын – ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді. Дегенмен, биылғы су тасқыны қаупі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен екені айтылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атбасар мен Макинск қалаларында да су тасқынына байланысты қиын жағдай орын алған болатын. Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда үйлердің жартысына дейін су кіріп кеткені байқалады. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай әр көктем сайын қайталануда. 19 наурызда Макинск қаласындағы мектеп су тасқыны салдарынан қашықтан оқыту форматына көшірілген.

Пікірлер