Екі ел басшысы екі сағат бойы не айтты, не қойды?

1520
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Қазақстанға Путиннің мемлекеттік сапарында құжаттардың үлкен пакетіне қол қойылды. 20 келісім жайлы сөз болған. Бұл келісімдердің мазмұны бірден белгілі бола қойған жоқ.

Бұл туралы DW – «Дойче велле», «Неміс толқыны» радиосының мақаласында айтылады.

Ресей президентінің 2015 жылдан кейінгі Қазақстанға екінші мемлекеттік сапары 27 қараша күні түске дейін басталады деп жоспарланған еді. Астана уақытымен сағат 15:00-де Қасым-Жомарт Тоқаев пен келіссөздерді жариялауға жиналған журналистер Қазақстан президентінің резиденциясы кездесу үшін толық дайын екенін атап өтті. Бірақ, Владимир Путиннің ұшағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға кешкі сағат 17:00-ден кейін қонды. Бұл уақытта Астанаға қараңғылық түскен еді. Сол сәтке дейін құрметті қарауыл полкі бірнеше рет дайындық жасады. Мәскеуден келген делегация үшін арнайы авиашоу да ұйымдастырылған. Бұл шоуда қазақстандық жойғыш ұшақтар ресейлік үш түсті ту түріндегі із қалдырып, аспанға түрлі түсті жолақтар салды.

САПАР БАСЫНДАҒЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Шағын жанжал да болмады емес. Путиннің келуіне бір күн қалғанда, Астана әкімдігі ресми түрде қала тұрғындарына 27 және 28 қараша күндері Путиннің сапары және келесі күні өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммитіне байланысты таңғы сағат 8.00-ден бастап бірқатар орталық көшелер мен даңғылдардың жабылатыны туралы ескертті. Осыған байланысты кейбір астаналық кәсіпорындар мен жоғары оқу орындар қашықтан жұмыс істеуге көшті немесе қызметкерлер мен студенттерді қысқамерзімді демалысқа жіберді. Украинаға жанашырлық танытатын астаналық тұрғындар көшелер мен даңғылдарды ресейлік символикамен тым әшекейлеп жібергеніне назар аударды. Олар бұған "шектен шыққандық" деп баға берді.

Кейбір тәуелсіз БАҚ пен әлеуметтік желілер Қазақстан басшылығын Мәскеудің агрессивті саясатын қолдады деп айыптап, бұл мәселе қызу талқыға түсті. Осыған жауап ретінде Ресейге жақтас пікірдегі азаматтар пікірталасқа араласты. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға түсініктеме беріп, көшелерде шетелдік рәміздер мен билбордтардың пайда болуы халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін және барлық мемлекеттік сапарлар кезінде қолданылатын протокол екенін айтты.

Келіссөздер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің шағын құрамдағы кездесуімен басталды. Бұл кездесудің өзі бас-аяғы екі сағатқа созылды. Қазақстандық БАҚ-тың айтуынша, бұл – рекордтық көрсеткіш. Себебі, бұған дейін мұндай ұзаққа созылған кездесу болмаған.

Алайда, кеңейтілген құрамдағы тараптардың отырысы өте қысқа, шамамен жарты сағатқа ғана созылды. Екі жақтың нақты не талқылағаны белгісіз болып қалды. Кездесуді баспасөз орталығынан бақылаған қазақстандық журналистер тараптардың микрофонды өшіріп сөйлескенін атап өтті.

ГРЭС ЖӨНДЕУДЕН – СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІККЕ ДЕЙІН

Келіссөздердің нәтижелері бірден белгілі болған жоқ. Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған құжаттар туралы ақпарат кездесу аяқталғаннан кейін екі сағаттан соң жарияланды. Барлығы 20 құжатқа қол қойылғаны хабарланды. Олардың ішінде: теміржол және көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы бірнеше міндетті келісімдер және Қазақстанға мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізуді ұзарту туралы келісім, Ресей Федерациясының Тергеу комитеті мен Қазақстанның Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер, сондай-ақ Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі – Екібастұз ГРЭС-2-ні қайта құруға көмек көрсету туралы келісім бар.

Сонымен қатар, Владимир Путин Қазақстанды БРИКС ұйымына серіктес ел ретінде қосылуға ресми түрде шақырды.

Ресми БАҚ-та көрсетілген бейнематериалдардан белгілі болғандай құжаттардың ішіндегі ең маңыздысы ретінде "Жаңа ғаламдық тәртіп жағдайында стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме" саналды. Бұл құжат екі ел арасындағы өзара құрмет, егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық қағидаттарына негізделген мемлекетаралық диалогты көздейді.

Түнге қарай қос президенттің қатысуымен брифинг өтті. Онда Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына "Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының дамуының маңызды кезеңін айқындайтын тарихи оқиға" деген баға берілді. Өйткені екі ел арасындағы тауар айналымы жақын арада 30 миллиард долларлық межеден асады деп күтілуде. Қазақстан мен Ресей арасындағы ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясында ынтымақтастыққа қатысты ешқандай келіспеушіліктер жоқ екені айтылды.

Брифингте келіссөздердің нәтижесінде қойылған жаңа амбициялық міндеттер Мәскеу мен Астана арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ықпал ететіні туралы сөз болды.

Сонымен қатар, Украинаның америкалық ATACMS зымырандарын, британ-француздық Storm Shadow/SCALP зымырандарын және Ресейдің "Орешник" баллистикалық зымыранымен Днепрдегі "Южмаш" зауытына жасалған шабуыл мәселелері 28 қарашадағы ҰҚШҰ саммитінде қаралатыны айтылды. Бұл сұрақтар Тәжікстан мен Ауғанстан шекараларын нығайту мәселесімен бірге талқыланбақ. Владимир Путиннің осы саммитке қатысуы да оның Қазақстанға жасалған мемлекеттік сапарының бағдарламасына кіреді.

Пікірлер