Тегеранда исламдық киім үлгісінің енгізілуіне наразылық ретінде киімін шешкен студент қыз Аху Дарьяидің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, студенттің өз киімін "міндетті түрде жабық киюді талап еткен қауіпсіздік қызметкерлерінің әрекетіне наразылық ретінде" шешкенін мәлімдеді. Ұйым Дарьяиді "шұғыл және ешбір шартсыз босатуға" шақырған болатын.
Daily Mail басылымының жазуынша, халықаралық сыннан кейін Иранның сот органдары 19 қарашада студентке ешқандай айып тағылмағанын және оның отбасына қайтарылғанын хабарлады.
"Ол ауруханаға жеткізілгеннен кейін денсаулығында мәселе бар екені анықталып, отбасына тапсырылды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған", – деп мәлімдеді сот өкілі Асгар Джахангир.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Иранда әйелдерге жабық киіну міндеттелген. Аху Дарьяидің наразылық әрекеті елдегі ресми тұлғалар тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Иранның ғылым министрі Хоссейн Симаи студенттің әрекетін "әдепсіз және дәстүрге қайшы" деп атағанымен, оның университеттен шығарылмағанын айтты. Университеттің өкілі Амир Махджубтың айтуынша, студенттің полиция бөлімінде қатты психологиялық қысым көріп, психикалық ауытқудан зардап шегетіні анықталған.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі оның әрекеті әдейі ұйымдастырылған наразылық болуы мүмкін екенін айтуда.
Еске сала кетейік, 2 қараша күні Тегеранда хиджаб заңдарына қарсы екенін көрсету үшін іш киімге дейін шешініп, наразылық білдірген студент қыздың ұсталғаны жайлы жазған едік. Оны қауіпсіздік қызметкерлері ұстап, кейін психиатриялық ауруханаға апарған.
Бұл оқиға Ирандағы әйелдерге қатысты заңдарды қайта қарау және олардың құқықтарын қорғау мәселелерін одан әрі күшейтті.