Қатаған қырғынына жаңаша көзқарас немесе Есім хан мен Тұрсын хан мәселесі

5534
Adyrna.kz Telegram

IV ғасыр бойы халық ауыз әдебиетінде жиі еске алынып, тарихи дау туғызып келген бұл проблемаға тарихшылар тек бір жақты ғана пікір ұстанып келеді. Есім ханның Қатаған ұлысына жасаған шабуылын Тұрсын ханның сатқындығымен ақтап алғысы келетіндігі мәлім.

Ал, енді өткенге бір сәт зер сала отырсақ, ортағасырлық тарихшылар Хафиз Тыныш, Әбілғазы Баһадүрлердің еңбектерінде Тұрсын ханның таққа Есімнен бұрын келіп, ел арасында үлкен абыройға ие болғандығын байқар едік. Сонда, Есім хан таққа қалай отырды? – деген сұрақ санада туындайтыны анық. Есім туралы алғашқы тарихи деректерді назарымызға моғол жылнамашылары ұсына алады. XV ғасырда мұсылмандық Шығыс Түркістанда қуатты «нахшбандилік» бағыттағы діни сектаның болғаны мәлім. Бала Есімнің ер жеткен аймағы да шығыс Жетісумен байланысты. Өзі Шығай ханның баласы, билікке әкесі өліп, Тәуекел отырған кезде Есім көбіне Тұрфан билеушісі Әбдірахимнің қасында жүреді. Бұл шақ қуатты Моғолстанның ыдырап, жекелеген ұлыстарға бөлініп жатқан кезі еді. Жаркентте діни сауатын аша жүріп, 1598 туысы Тәуекел ханның Бұхарға жасаған жорығы кезінде ерекше қолбасшылық талантымен көзге түсіп, біраз беделге ие болады. Осы жорық барысында Тәуекел мерт боп, аяқ астынан Есім қолбасшылық дәрежеден бір саты жоғарылайды. Қазақ шежіресіне үңілетін болсақ, Есімнің билікке келу тұсын осы жылмен байланыстыру – ақылға аса сыймайтын іс. Неге десеңіз, толыққанды билікті өз қолына алған жағдайда Тұрсын секілді күшті Орта Азиялық екінші қазақ ханымен әскери қақтығысқа түспеген болар еді. Ал, екіншіден, Тәуекелдің өз ұрпақтары да болатын. 1598-1627 жылдар аралығын Есімнің өзін хан есебінде мойындамаған ұлыстармен жүргізген күресі деп қарастырғанымыз жөн. Оған бір дәлел, Жаркент билеушісі Ахметтің өз елшісімен саудаға байланысты келісімшарт жасар алдында алдымен Тұрсынмен жолықтырып, куәгер ретінде Есімді шақыртқаны. Бір қызығы, «Қатаған қырғынына» дейінгі аралықта жазба деректерде Есім «сұлтан» немесе «кіші хан» лауазымдарымен аталып келді. Оған дәлел ретінде, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресін» негізге тартамыз. Онда әкесі Арабмұхаммед өлімінен соң, билік үшін тартысқа араласқан 17 жасар Әбілғазының ауыр жарақаттанып, Маңғыстаудағы қазақтарға қашып құтылғандығы айтылады. Келісімен, қазақ қолбасшысы Есімді іздеп, алғысын айтып сәлем беруге келгенінде, Есімнің өзінен бұрын қазақтың үлкен ханы Тұрсынға барып сәлем беріп қайтуын сұрағандығы туралы баянадалады. Біз бұл жерден тарихта талас тудыратын екі билеушінің шынайы лауазымдық деңгейін аңғарған болар едік. Есім өзінен үлкен билеуші деп Тұрсынның сарайына баруын тектен-тек айтпады. Бұл құбылысты дархан мінезбен, не болмаса жасы үлкенді сыйлауымен шатастыруға әбден болмайды. Неге десеңіз, ел арасындағы беделі жағынан Тұрсын хан Есімге қарағанда танымалырақ және билікке ерте келген билеуші еді. Әсіресе, сол заманда көп жырланатын Ноғайлы әдебиетіндегі алты санды Алаш еліне қазақтың Үш жүзімен бірге қарақалпақ, қатаған елдері жатты. Қазақ шежіресінде Қатағанның өзі екі жүзді құрайтыны анық болса, Махмұд Уәлидің қатағанды ең саны көп қазақ тайпасы дегені ақиқат.

Тіпті, бұл заманда Есім мен Тұрсыннан да өзге кіші хандар есебіндегі құдіретті билер болғандығы белгілі. Мәселен, мемлекеттік құрылымы билердің соты негізінде қалыптасқан Ноғайлы Ордасы сияқты, сол елден кеп Кіші Жүзге біріккен 12 ата Байұлы, 6 ата Әлімұлы бірлестіктерінде «би» рөлі елеулі еді. Оған Жиембет жыраудың Байұлы атынан Есімге әскер жинағандығы және оппозициялық күш ретінде өз руымен қарсы көтерілгендігі куә.

 Сондықтан да бұл ғасырдың тарихы Жапонияның билік үшін таласқан екі қуатты сегундықтары Асикага мен Токуганың күресіне қатты ұқсас. Жапон тарихында бұл уақытта мемлекетті бір ортаға біріктіру жолындағы күресті аңғарар болсақ, төл тарихымызда да соны байқар едік. Қалай болған кезде де, екі ханның «ұлы хан» дәрежесі үшін өзара қақтығысының нәтижесінде болған тұтас «Қатаған қырғынын» ұлы геноцид десек, толықтай өз бағасын бере алған болар едік. Қатағандардың («қатақин» терминімен кездеседі) көп санды ел болғандығы туралы тіпті «моңғолдың құпия шежіресінде» де айтылып өтеді. Бұл тайпалық бірлестік Шыңғыс ханның XIII басындағы Отырарға жасаған жорығы кезінде қоңырат (кунхират), уақ(оңгут), жалайыр(джаджират), керей, найман (наймн), қият тайпаларымен бірге қоныс аударып, Арал теңізінің солтүстігіне жайғасқаны белгілі. Қазақ хандығы құрылған тұста тайпалық бірлестіктен үлкен тайпалық конфедерацияға, кейін Жүздік деңгейге көтерілгенін білеміз. Соңғы сатысында Моңғол жазықтығынан келген ұсақ тайпалардың бәрінің «қатаған» атты ортақ атау қабылдап, күшейген тұсы деп қарастырғанымыз жөн. Себебі, орталығы Ташкент болған Арал теңізінің солтүстігінен Сырдария мен Әму өзендерінің аңғарларындағы кең жерлердің бәрі қатаған ханы Тұрсынға қарады. Тұрсынды соңғы Еуропалық зерттеушілер сол жергілікті Шыңғыс тұқымынан шыққан тұлға деп қарастырады. Бұған дәйек ретінде Прага тарих институтындағы ағылшын саяхатшысы Дженкинсонның еңбектерін негізге алады. Ұлы Жібек жолының не себепті тоқтап қалуын анықтау үшін Орта Азияға келген сапарында ең ірі екі қаланың (Қашғар қаласын «кинг» ойраттар болуы мүмкін, Ташкентті қазақтар) жаулап алынуына байланысты тоқырағанын айтады. Әсіресе, Ташкент қаласында қатаған тайпасы туралы сөз қозғалады. Осындай тарихи алғышарттар қатағанның дербес хандық есебінде көтерілуіне толыққанды саяси жағдайлар жасағаны анық. Біз бұдан, Тұрсын ханның кезінде қазақтардың Орта Азиядағы қуатты экономикалық державаға айнала бастағандығын көре аламыз. Себебі, ресейлік архивтерде соңғы жылдарда анықталған Тұрсынның Сібір хандығымен, Қазанмен, Астраханьмен, Қырыммен, Қытаймен, Тұрфанмен, Самарқандпен, Үрімшімен, Ферғанамен сауда байланыстарын орнатқанын көре аламыз. Бірақ, қандай қуатты билеуші болғанымен, Тұрсын ханның шығу тегі талас тудырады. Орыс жылнамаларында ол Жалым сұлтанның баласы ретінде көрсетілген. Махмұд Уәли де Тұрсынның ата-тегіне тоқталар сәтте аса ештеңе айтпайды. Тіптен, Жалымның өзінің кім екендігін анықтау қиын болып отыр. Есім тек Түркістанмен шектелсе, Тұрсын хан Ташкентте ғана емес, Біскент, Йасы (Есімге дейін), кейде Сауран, Әндіжан, Шахрухийя, Сығанақ, Самарқанд қалаларында толық қожалық етті. Бір жағынан, Тұрсынның соншалық күшке ие болуы – Әбілқайыр мұрагері Шайбанидің мерт болып, билікке Аштарханилердің (Астрахань хандығының заңды мұрагерлері) келуімен де байланысты. Тұрсын өмірге келмей тұрып, Ташкент билеушісі Дербістің Баба сұлтанның қолынан қаза табуы, Абдолла мен Баба сұлтанның арасындағы шайқаста Хақназардың ұтымды саясаты, аяқ астынан Шығайдың келіп, Баба сұлтанды өлтіріп, Хақназардың кек айыруы Орта Азиядағы жағдайдың келешек тағдырын анықтап берген болатын. Бұл мерзім Тұрсын сынды билеушіге өте қолайлы еді. Ағылшын тарихшысы Эндрю Петрсон Тұрсынға «қазақтың жаулап алушысы», – деп баға берген болатын. Есім мен Тұрсынның құрған мемлекеттік жүйелері мүлдем бір-біріне ұқсамайтын, бірі – капиталистік, екіншісі – социалистік сипаттағы жүйелер еді. Осындай далалық үлгіде құрылған қос партиялық системаның Шығыс Дешті-Қыпшақта саяси дербестікке ұмтылу жолындағы күресін азамат соғысы деп қарастыруымызға да болады (XIX ғасырдағы АҚШ-та болған солтүстік және оңтүстік штаттардың идеология үшін жүргізген азамат соғысына жақын). Қарапайым халыққа қан қақсатқан соғыстардан гөрі дәулет пен қаржының керектігін жақсы түсінген Тұрсын хан ірі Орта Азия қалаларын өз уысында ұстауға тырысты. Ал, Есім бір орталықтандырылған мемлекет құру үшін халықпен де құрбандыққа бара алатын билеуші еді. Есім көшпенлі өркениеттің, Тұрсын модеризацияланған жартылай отырықшы, жартылай көшпелі өркениеттің өкілі еді. Сол себепті, де бір халық болғанымен, екі өркениет арасында қақтығыс болмай тұра алмады. Оның үстіне қазақ хандығының заңды мұрагері ретінде көрші мемлекеттер көбіне Тұрсынды таныды. Оның дәлелдік негізі Есімге қарсы Бұхар билеушісі Имамқұли, Яркент ханы Ахметпен, Сібір, татар кінәздерімен саяси әрі экономикалық одақ құруында жатыр. Есім өз одақтасы ретінде Әбдірахимді паналайды. Сыр бойындағы қалалар үшін болған Есім мен Тұрсын арасындағы соғыстар жайлы «Имам кули-наме» шығармасында баяндалады. Бұл тарихи шығармадан біз Ыстықкөлдік қырғыздардың да екі жүзді саясат ұстанып, біресе Есім жағында соғысса, біресе Тұрсынға өтетіндігін байқаймыз. Тұрсынмен бітімге келуін Орта Азиядағы билігі мен беделінен сескенуімен байланыстырсақ болады. Ал, саудалық аренада қырғыз тайпалары Тұрсынға тәуелді болғысы келмегендіктен Есіммен одақтасады. Қырғыз ағайындымыздың түсініксіз әскери саясатын XIX ғасырдағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде де көреміз. Бұхарлық шығармада Тұрсынның Есімнің қырғызбен біріккен одақтық әскерін Сыр бойында талқандағанын жазады. Есім хан өзінің әскери әрі экономикалық тұрғыдан өзінің әлсіз екендігін түсініп, өзіне жаңа одақтастар іздей бастайды. Соған орай 1626 жылы Есім өз елшілерімен Тұрсын ханның Ташкенттегі сарайына келіп, ымыраға келу, бейбітшілік туралы шартқа қол қойғаны бар. Оның үстіне Еділ қалмақтары (торғауыттар) әскери шатырларын Ырғыз, Жем, Ойыл, Сағыз өзендерінің жағаларына тігіп, Шекті, Шеркеш, Қарасақал руларын оңтүстікке тықсырып, қазақ астанасы Түркістанға жақындай бастаған кез еді. Бұның алдын алу үшін 1627 жылы Есім әскер жинап, қалмақ әскерін тізе бүктіруге аттанғанда, Тұрсын ханды тарихшылар Есімнің астанасы Түркістанға шабуыл жасады деп көрсетеді. Бұл тарихта I Петрдің Варна түбіндегі шайқаста жеңіп тұрып, аяқ астынан Москваға кетіп қалуы секілді сәл түсініксіздеу әрі көлеңкелі тарих тұсы. Қалмақтарды қирата жеңген соң, көп уақыт ойрат шабуылынан мазасы әбден кеткен Кіші Жүз және Арал қазақтарының бір ауыздан Есімді хан есебінде көтергендігі белгілі. Өзінің одақтасы ретінде Есім көбінесе рубасылары мен беделді ақсақалдарды қасына тартып, Тұрсынға қарсы әскер жинауға тырысты. Тұрсынның шабуылын сылтаурата отырып, сол жылы Сайрам түбіндегі шайқаста өз қарсыласын күйрете жеңеді. Өзбек тарихшылары бұл соғыстың Тұрсын хан үшін жеңіліс боп кетуін әскерінің ұйымдаспағандығымен, аздығымен және күтпеген кезде болғандығымен көрсетуге тырысады.

Оңтайлы сәтті керемет пайдаланған Есім хан Ташкентке салтанатты түрде кіріп, көп ұзамай Тұрсын ханның сенген тірегі – көп санды Қатаған елін қыруға көшеді.

 Ресей Ғылым Академиясы Есім ханның бұл әрекетін көп жылдан бергі Тұрсын ханға қарсы жиналған кері эмоционалды әсердің психологиялық тұрғыдан көп болуымен салыстыра зерттеуге талпынып келеді. Аз уақыттың ішінде Сыр өзені қан сасып, Қатаған елі өз таңбасымен тарих сахнасынан өшеді. Қашқан бөлігі Аштарханилерді паналап, парсыланған болса, қолға түсіп қырылудан аман қалғандары Орта Жүздің қоңырат тайпасына «жетімдер» рулық бөлімшесі боп еніп, Ұлы Жүзде «Шанышқалы» атымен ғана сақталып қалды. Әсіресе, қоңырат тайпасының Арқадан Сыр бойына қоныс аударуы да «Қатаған қырғыны» оқиғасынан соң Есімнің бұйрығымен іске асқан саяси процесс болатын. Тарихтағы «қатаған қырғыны» кінәз Олегқа салық төлеуден бас тартқандығы үшін древляндардың қырылғанына қатты ұқсайды. Жеңіс тұғырына жету үшін, жолына бейбіт халықтың қанын төккен Есімнің бұл әрекеті – әскери өнер үшін жеңіс боп есептелгенімен, қазақ халқы үшін шын мәнінде жеңіліс еді. Қос ханның билік жолындағы соғысының зардабының бүтін елге тигені – өкінерлік жайт. Егемендік пен тұтастық жолындағы бабаларымыздың білместікпен жасаған әрекеттері келешек ұрпақты бірлік пен ұйымшылдықта болуды тәрбиелейді деп ойлаймын.


Оралбек ЫСҚАҚ, «АДЫРНА»

Пікірлер