Прокурор Айжан Аймағанова ҚХА Аналар форумында сөз сөйлеп, халықты «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясын бастауға шақырды.
Ол алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, маңыздылығы туралы айтты.
«Осы 10 жыл ішінде Аналар кеңесі еліміздегі беделді қоғамдық институттардың біріне айналды. Ұйымның өңірлерде өз көшбасшылары мен қолдаушылары қалыптасты. Бүгінде олардың басын біріктіретін бір ғана мүдде бар. Ол – ұлттың саулығы мен тәрбиесі, ынтымағы мен бірлігі. Сіздердің отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған бастамаларыңыздың маңызын ерекше атап өткім келеді. Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсене қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар» – деді ол.
Сонымен қатар, соңғы уақытта жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбейгенін айтып, зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдататын мәселе екенін еске салды.
«Мен прокуратура қызметкері ретінде күн сайын осындай істердің куәсімін. Бұл бізге моральдық-психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Бір жағынан ана ретінде аяғын шалыс басқан жастардың болашағына уайымдаймыз, екінші жағынан заңгер ретінде жаның ауырады. Қалай десек те, заңды шешім шығарып, жастарды тура жолға салуға тырысамыз. Бірақ, неге біздің балалар заң бұзады? Неге қатыгездік танытады? Осы ойлар көп мазалайды мені, осы ойлардан бір түйгенім, отбасында тәрбие құлдырап тұр. «Ел боламын десең бесігінді түзе» деп айтқан Мұхтар Әуезов. Ендеше, отбасына бет бұрайық» - деді Айжан Аймағанова.