«БҰРЫМЫМ-МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ…»

183

Оларға бір сәтке болсын көз қиығың таңдана, бәлкім тамсана тастамайтын адам кемде-кем. Өз орталарыңда да оларды бір нәрсе ерекшелеп, еріксіз құрметіңді жаулап алады. Көрік, сұлулық деген ұғымдарды соларға қарап танығандайсың. Себебі, олар- бұрымды арулар.

 

Бұл мақаланы жазам деген ой да, кейіпкерлері де кездейсоқ кезікті. Оқу жылының алғашқы күндері сырғып өтуде болатын. Күнделікті таңертеннен университеттегі сапырылысқан студенттердің   қызу тірлігіңе кіресің де кетесің. Түрлі қызығы өз алдына бөлек бір әлем. Сондай күндердің бірінде, біздің факультетте бір емес, екі емес, бұрындары көрмеген төрт бірдей бұрымды қызды бір жерден көргенімде алғашында  көз алмай қаттым да қалдым. Құдды бір тосын жағдайға тап болғандаймын. Шынында да солай. Себебі, қазіргі заманда шашың өріп жүрген бұрымды қыздарды көру сирек түгілі, арман болғандай. «Бірінші курстың қыздары

болар» деп топшыладым. Не керек, тек менің ойымда емес, басқа да жігіттердің ауызында күннің басты тақырыбы ретінде осы бұрымды қыздар жүр екен. Екі-үш қулау жігіттеріміз танысып та үлгеріпті. Менде содан бері танысуға мүмкіндік болмады, бәлкім бұйырмады, осы жақында ғана таныстым. Дұрысы танысуым да, әңгімелесуім де ресми болды. Өзімді осы уақытқа дейін бұрымға, қыздарға қатысты қызықтырған сұрақтарымды қойып, сұхбаттастық. Төртеуі де биылғы журналистика факультетінің 1курс студенттері екен.

Бүгінгі таңда  қыз баланың  жан  дүниесінің, психологиясының, тіпті  сыртқы түр-тұлғасының  өзгеруі  заман  ағымынан туындап отыр.  Бұрымды қыз бүгінгі  ұрпақтың арасынан  қырық  қаздың  ішіндегі  жалғыз аққудай некен-саяқ кезігеді.

«Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін»-деп Абай атамыз сипаттаған қыздардың жиынтығы қазір аңыз секілді. Шолпысы арқылы өткен дәуірде арудың мінезің таныса, бүгінде үстіндегі шүберегіңе қарап ой қорытатын болдық.  Жаһанданудың белгісі деп, батыстан келген леппен шаш та, киім де күн өткен сайын қысқарып бара жатқан заманда олардың осы құндылығың сақтап қалу құпиясы мен мақсатың сұрағанымда былай жауап берді:

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ботагөз Сағындық: «Шашымды екінші сыныптан бастап өсіріп келемін. Мектепте оқып жүргенде сыйға алған шолпымды әлі күнге тастамай тағамын. Осы уақыт аралығында түсінгенім, бұрымды өсіріп, оны сақтау-қай қазақ қызына болмасын тән жазылмаған міндет. Себебі, бұлақтың құрақсыз, орманның бұлбылсыз сәні келмейтіндей, бұрымсыз қыздың бір жағынан көркі толық болмаса, екінші жағынан ұлттық тәрбиесінің жетімсіздігі сезіліп қалады. Рас, өздеріңізге белгілі, ұзын шашты күту де оңай емес. Жуғаннан кейін кептіру, тарау, әр күн сайын өру, жатарда тарқату секілді амалдарды машақат көріп, сондықтан өздерінің басты байлықтарың көп арулар өз қолдарымен кеседі. Бұл дұрыс емес. Өйткені, әр нәрсенің өз құны, бағасы болады. Ал, бұрымның асқақтығы, оны сол биіктен түсірмей үнемі сақтап жүруімен құрметтеледі».

 

 

Айнұр Қаратай: «Менің бұрымым-менің тағдырым. Өзімнің қазіргі ұстанғанда, келешекте ұстанатын қағидам осы. Олай дейтінім, осы уақытқа дейін өмірімде болған маңызды қандай жағдай болмасын, айналып келгенде осы бұрымыммен байланысты түйісіп жатады. Қазақ қыздары кешегі сұлулықтың, тәрбиелік, нағыз қазақ қызына тән бар биіктің басында тұратын Қыз Жібек, Баян Сұлулардың жолын жалғастырушылары екенін ұмытпауы тиіс. Өткен дәуірдің аманатын болашаққа жеткізу біздің мойынымыздағы парыз екенін ескерсек,  аманатқа қиянат жасамас болар. Шариғатта шашты белден асқаннан кейін кесу күнә екенін білсе де, көп жағдайда соған қарамай барып жатады. Меніңше, қыз балаға кішкентай кезінен құлағыңа құйып, ұлттық тәрбиені бойыңа сіңіру анасының мойынындағы міндет. Қазіргі таңда, ол міндетті дұрыс атқарып жүрген аналардың аздығы өкінтеді.  «Қыз баланың шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақалмен бүгінгі жағдайда толық келіспеймін. Қайта керісінше, шашы ұзын қыздарға қайтара ойлана, басқаша қарап көріңіз. Алыстағы, жақындағы туыстарымның бәрі бұрымымның ұзын екенін біледі. Жиі-жиі сол үшін де хабарласып алдымен өзімнің емес, шашымның халін сұрайтын. Бірде, әдейі не істер деген оймен ойнап басқа қалада тұратын апайыма қоңырау шалдымда, бұрымымды кесіп тастағанымды айттым. Ол кісінің ашуланғаны соншалық, сол күні кешке поездбен шығып, таңертен үйге келіп тұр. Осындайда қызықтар болып тұрады. Бірақ, амандық болса менің өзіме берген сертім-бұрымымды ешқашан кеспеймін. Себебі бұрымым- менің тағдырым..  »

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аяулым Сағындықова: «Шыны керек, Алматыға оқуға келген бір айдан бері шашымның күтімі әлі күнге күнделікті сабынсуға үйренер емес. Себебі, үйде жүргенімде бір литр суға бір қасық айран қосып, немесе шашты қатайтып, жылтыратып көріну үшін жұмыртқа жағып өзімнің әдістерімді қолданатынмын. Бірде қызық болғанда шаршап келіп, түнде аузымдағы сағызыммен ұйықтап қалыппын. Таңертен тұрғанда, ол сағыздың шашыма жабысып, алынбайтынын көргенде жылап та жібердім. Амал жоқ, ұшынан әжептәуір кесуге тура келді. Бала кезден шашымды өріп жүретін әдетім көп жағдайда алдымнан сәттілік болып айналып шыға келеді.  Үлкендерден көп жерлерде бұрымыма қатысты алғыстар естимін.  Әсіресе, мектепте оқып жүргенде есімнен әлі күнге кетпейді, маған сөз салған жігіттердің бәрі осы бұрымыма ғашық болатын. Ғашықтық хаттарын да «Бұрымды қызға» деп бастайтын. Өзімді айнаның алдында тұрып, бұрымсыз кейіпте талай елестетіп көрдім. Бірақ, қанша тырысып ұқсатқаныммен қазіргі Аяулымнан көріктірек Аяулымның кейпін таба алмадым. Бұрым баптау қызға барлық жағдай жасалғандығының немесе бар жағынан жан-жақтылығын көрсетеді. Сондықтан да әке-шешесі қыздың бұрымына қатал қараған. Бұрымын кесу  бар абыройынан айырылу деп түсінген. Яғни, әке-шешенің тәрбиесінің еш пайдасы немесе жақсы тәрбие көрмегендігін көрсеткен. Барлық тәрбие мен кейінгі жарқын өмірінің кепілі ретінде бұрымға үлкендер мән бере қараған».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гүлжайна Нұрғожаева: «4 жасымда әкем қайтыс болғаннан кейін шашымды марқұм әкемнің аманаты ретінде өсіріп келемін. Кішкентайымнан ұзын бұрымым болса екен деп армандайтынмын. Тіпті, ойнайтын қуыршақтарыма да шаш жалғап қоятынмын. Шашым өсе келе бұрын қуыршақтарымның шашына қандай күтім жасасам, енді оны өзіме істейтін болдым. Қасымдағы құрбыларым қазір кейде өкінеді, шаштарың қиып тастағанына. Біруақыттарда қысқа шаш қою сәнге айналғанда соның желігімен қидырып алып, бармақтарың тістеп қалған көп қыздарды айналамнан кездестірем. Ұзын шаш-меніңше ешқашан сәннен түспейді. Қазіргі жағдайды уақытша батысқа еліктеуден болған адасушылық, тоқырау деп білемін. Шүкір, қазір қай мектепке барсаңызда, ақ бантигің тағып шашың өріп қойған қара көздерді көптеп кезіктіресіз. Енді, оларға мектептен дұрыс бағдар беріп тәрбиелеу әрине ең алдымен ата-анаға, екінші-ұстазына байланысты. Менің негізгі имиджім-бұрымым. Қандай киім алатын болсам да оның бұрыммен үйлесімділігіңе баса назар аударамын. Себебі, бұрымды абыройлы күтіп ала жүру, қай қыз балаға болмасын үлкен сын ».

«Иықтан шашы төгілген жерге, күмістен шашбау жарасқан белге» біздің де арамызда бұрымды қыздар жоқ емес баршылық. Оларға қарап көз тояды. Көңіл қуанады. Бұрым – қыздың  көркі. Бұрым – қазақ әйелінің сұлулығының, ұлттық бет-бейнесінің, танымының  белгісі  іспетті. Бірақ, сол құндылықты жоғалтпай болашаққа жалғау бәріміздің мойынымыздағы ауыр жүк.

P.S.    Бұрымды қыздар өз шашың-тағдыры деп білсе, бұрымсыз қыздардың тағдыры не екен?..

Асқарбек Қазанғап

Пікірлер