Геноцид миллиондаған қазақты аштан қатырған қызыл империя саясаты

4703
Adyrna.kz Telegram

“Орда босап орнынан,

Болмай қалды сапамыз.

Тау ұшқандай орнынан,

Босап қалды ортамыз...”

 (Халық жоқтауынан)

Қазақтың аяусыз қырғынға ұшыраған аса қасіретті, тарихи қаралы кезеңі, ұлыт ретінде тұтастай жойылып кету қауіпі төнген ХХ ғасырдың 20‒30 жылдарындағы қызыл империя ұйымдастырған “аштық саясат” [Чокаев М. Голод и голодная политика большевиков в Туркестане // Дни. 1923, 22 марта.] ‒ нәсілшілдік геноцид. Мұстафа Шоқайұлы айтқандай, қазақ ұлытын “коммунистің “балғасымен” жаншып, “орағымен” орып тастау” көзделді.

Қазақ жері сияқты географиялық ұлан-байтақ кеңістікті мыңдаған жылдар бойы игерген, климатына, ауа райына сәйкес шаруашылығы мен тұрмыс-салт дәстүрі қалыптасқан көшпелі елдің мәдени дүниетанымы мен кәсіби күн көріс жүйесін эволюциялық жолмен емес, революциялық жолмен бірден өзгеріске түсіру ‒ ұлытты саналы түрде орны толмайтын шығынға душар етті. Ресей империясы өз мүддесі тұрғысынан ХІХ ғасырда Қазақ Даласын ғылыми зерттеген Ф.А. Щербина, Л.К. Чермак, А.В. Переплетчиков, Н.И. Кузнецов, т.т. “есебіне” сүйеніп, қазақтың санын кемітіп жазуға, “артық жер” үлесін көбірек алуға жан таласа кірісті. 1896-1903 жылдардың аралығында Щербинаның экспедициясы құрамында болған Әлихан Бөкейхан егін салуға қолайлы құнарлы жерлердің топырағын аударып жыртудың ауа-райының жағдайына байланысты табиғатқа зияндылығын дәлелдеді. Өйткені Сарыарқаның соққан жел екпінінің күштілігі сондай – аударып жырту әдісін қолданған жағдайда тың жердің жоғарғы қабатындағы 15 сантиметр қара топырақты ұшырып әкету қауіпі барын, егер бұл шарт орындалмаса, таяу жылда Дала табиғаты құлазып, жердің құнарлы бетін ұстап тұрған өсімдік әлемінен ажырап, эррозияға ұшырауы әбден мүмкін екендігін Әлекең ғылыми уәжбен тұжырымдаған еді. Қазақ Даласының соқа тимеген тың өлкелеріне патша үкіметі ішкі Ресейден келімсектерді шегірткедей қаптатып, қоныстанушылар арқылы отарлау саясатын тереңдете түсуді қарқынды жүргізді. Қоныс аударушылар үлесіне тиген аудандардың егіске жарамды-жарамсыздығына қарамай жыртып, қысқа ғана мерзім аралығында жердің түгін кетіріп, ақ топыраққа айналдырып сақараның сәнін қашырды. Көздің жауын алатын құба жон, жапан түздің табиғи көрік келбеті мен өсімдіктер әлемінің танауды қытықтап, ерекше сезімге бөлейтін жұпар иісі, аққу қонып, қаз ұшқан мөп-мөлдір көлдері, жыртылып-айырылған аң-құстары қандай ғажайып сурет еді! Даланың ажарын кетіріп, сүреңін қашырған жаттың пейілі мен ниеті, сұғанақ көзі мен қиянат қолы тигеннен киесі мен берекесін қашырды. Жайылым тарылып, төрт түлік мал азайды, қазақтың күннен күнге күйі тайды.

Қызыл империя Орта Азияда ең әуелі көшпелі қазақтарды, ішінара қырғыздарды аштан қатыруды мұрат тұтты. Көшпелі елді отырықшыландыру барысында коммунистер “қазақ пен қырғыз тосын жағдайға бейімделе алмай, ұжымдасып өмір сүруге көндікпей қырғынға ұшырады” деген қауесет таратып, билік өзін жауапкершіліктен ақтап алудың амалын алдын ала ойластырып қойды. Оған салыстырмалы мысал арқылы өз топшылауын дәйектеуді де көшпелілердің ауыздарына салды. “Орта Азиядағы өзбек, тәжік ағайындар аштан неге өлмеді?” деген сауал тастап, оған берер жауабы да дайын еді. Өйткені ол халықтар ежелден жерді емген диқаншы, еңбекпен жанын бағатын жасампаз, ал қазақ пен қырғыз малдың соңында жүрген “дайын асқа тік қасық” масыл дегенге сайды. Сондықтан бұл ұлысты мәдениетке тартып, отырықшыландыруға мәжбүрлеп едік, тағылыққа үйренген жабайы жұрт еңбек еткеннен аштан қатқанын тәуір көрді. Қазақ, қырғызға көрші отырған төрүк тектес ұлыт пен ұлыстар да аштық деген болған жоқ, ‒ деп қызыл саясат бар пәлені қазақ, қырғыздың өзіне аударып салды.

Империя орыстың түбі бір туысы славяндар ішіндегі өзінен кейінгі сан жағынан басым ұлыт украйндарды да аяған жоқ. Украйндардың саясаттағы белсенділігі мен азаттық аңсаған ұстанымы өзін гегемон санаған революциялық қозғалыстың ұйытқысы орыс шовинистеріне ұнаған жоқ. Сондықтан туыстық жақын, тарихи тағдыры бір, тілдік ара жігі шамалы ұлытты әкімшілік-билік ресурсын пайдаланып ассимиляцияға түсіріп, орыстандырып жіберуді көксегендер оп-оңай деп жорыды.

Қазақтың ұлыт ретінде тірі сақталуы – алаш арыстарының төккен қасиетті қаны мен терінің қайтарымы. Оны бүгінгі ұрпақ ешқашан естен шығаруына болмайды. Өйткені  Алаш ұранын көтерген көсем тұлғалар тарих құрсағы мың жылда бір толғататын ұлытын өрге сүйреген ақыл-ой қазынасы еді. Бұл білімпаз жандар ат үстіндегі көшпелі елді бас-аяғы оншақты жыл ішінде ұлыттық құндылықтары таласқа түскендей дүрмекте ешкімге дес бермейтін саясат сахнасында белсенді, рухы өжет азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Қызыл империяның этникалық-рухани отарлауды мақсатты жүзеге асыруға кешенді қауырт кіріскен өткен ғасырдың 20–30 жылдары алаш арыстарының тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген шәкірт буын оқығандар ұлыт мүддесіне лайықты қорғаныш бола білді. Кеңестік идеология бұрынғы Алашорда өкіметіне мүше болғандар мен әйтеуір оған қатысы барлардың азаматтық көзқарасына саяси сенімсіздікпен күдіктене қарады. Әкімшілік-билік мүмкіндіктерін асыра қолданған кеңестік идеологтар қазақ қоғамын, жергілікті коммунистерді “ескішіл көзқарастағы, түп төркіні, тегі бай-манаптан тарайтын зиянды элементтерден, алашордашыл, ұлытшылдардан” тазарту деген большевиктердің нұсқауын сылтау ғып, ел-жұртына шын жаны ашитын отаншыл азаматтардың арасына от жағу, арына тию, “әшкерелейтін қарсы деректер” жинау, жалған айып тағу, алдап-арбау, өсек тарату, басқан ізін аңду, қудалау, нақақ жазалау, арандату, т.т. адам құқын аяққа таптаған заңсыздықтар арқылы қырғидай тиіп, сағын сындырды. Кеңестік саясат қалыптастырған қоғамдық ахуал ұлыттық мүддемен тіпті де санасқысы келмей ашық жаншып тастауды көздеді. Мемлекет жазалаудың адам төзгісіз жабайы, тағы әдіс-тәсілдерін қолданса да алаштың ардақтылары идеялық ашық айқаста қарсыластарына мойынсұнбай ұлы мақсат жолында адалдығын танытты. Алаш оқығандары кеңестік идеология саласындағы қызметтің барлық түрлерінен шеттетіліп, абақтыдан абақты, жер аударылу, концлагерьлердегі азаптаулар, атылу жазасына кесілген ақырғы сәтінде де дұшпанына басын имей, еңсесін тік ұстап, қасқайып қарсы тұрды. Қоғам өмірінде үстемдік еткен төтенше жазалау жүйесінің қалыптасқан бақылауына қарамай алаштың арыстары жергілікті билік орындарындағы сенімді серіктері арқылы астыртын идеялық ақыл-кеңес беруді тоқтатқан жоқ. Әлбетте, 20 жылдардағы қазақ даласындағы кеңестік “аштық саясатының” зардаптарын жою мен елді аман сақтап қалуға алаш арыстары тікелей атсалысты.

Бұл ретте қызыл коммунистердің орталықтан жүргізген билігінің ықпалымен 1918 жылдан бастап қазақтың Сырдария облысы (оның құрамына кәзіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Ташкент облыстары енетін) мен Жетісу облысы (кәзіргі Алматы, Шығыс Қазақстан облысының бірсыпыра жерлері және Қырғызстан толық енетін) Қазақ автономиясынан бөлініп, Түркістан автономиясының құрамына енді. Бұл біріншіден, Кремль басшыларының өте белсенді қазақтың жақсысы мен жайсаңдарының негізін құрайтын бұрынғы алашордашыларды бөліп тастауды көздесе, екіншіден, қазақ жерінің аумақтық меншігін саяси кесіп-пішу мүддесі алдағы күн тәртібіндегі жоспары еді. 1924 жылы Түркістан автономиясын таратып, жаңадан межелеуге байланысты бес ғасыр бойы қазақтың бас қаласы атанған Ташкентті Мәскеу саясаткерлерінің ұйымдастыруымен өзбектің иелігіне бергізді. Қазақ автономиясы басшыларының бірі, коммунист Сейітқали Меңдешұлы бұған ішкі наразылығын ашық білдіріп: “Ташкенттен айырылу – қазақтың басынан айырылғанмен пара-пар”, – деуі соның нақты айғағы. Мұны айтып отырғанымыз кеңестік “бөлшекте де билей бер” саясаты – ұлыт мүддесінің органикалық бірлігін бұзумен қатар қоғам өмірінің әлеуметтік-шаруашылық, мәдени-рухани саласының барлық буынында авантюралық іріткі салып, адастырумен болды.

Алайда қайда жүрсе де алаш азаматтарының жүрек түкпіріндегі алаңдатқан маңызды мәселе – ұлыт тұтастығы, ұлыт мүддесі болды. Сондықтан қазақ жеріндегі “қолдан жасалған аштықты” олар ұлыттық апат деп түсінді. Ажал құрсауындағы ел-жұртын құтқаруды перзенттік парызы санаған Ташкенттегі Халел Досмұхамедұлы бастаған алаштың айтулы тұлғалары “Ақ жол” газетінде үндеу жариялап, көмек қолын созып, атқа қонды. Ол үндеуде былай делінді:

“АРДАҚТЫ АЗАМАТТАР!

Бұл күнгі мына сұрапыл ашаршылықтың жұртты жан алқымға алып, састырып тұрғандығын өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Бұрынғы тарихтарда мысалы көрілмеген бұл ашаршылық, жұрттың қолын байлап, танауын тарс бітіріп отыр. Аштық аудандағы бауырларың босуда, қырылуда, ашаршылық құрығына іліккен бұл бауырларыңды осы күйі қоя бергенде жұрт болып ел қатарына кіреді, баяғыдай болып үйірге қосылады деуге болмайды. Сондықтан бұл бәленің алдын алып, ерте бастан қамын жеп, тың тұяқ, тоқшылық жердегі бауырлары туысқандық, елдің қайырымын жоғалтпас, ыңырсып өлімнің құшағында жатқан ағайындарын ескерер, жәрдем қолдарын созар деген үміттеміз. Бұл туралы ел ішіндегі ақсақал, жұрт ағасы азаматтар елді түсіндірер, үгіттер деп сенеміз. Ал енді ардақты ақсақалдар, ел ағасы азаматтар:

15-інші майдан бастап Арқадағы ашыққан қазақ, башқұрт бауырларымыздың пайдалары үшін ұдайымен екі жетілік жәрдем аптасы болады. “Өле жегенше, бөле же” деп айтқан бабаларының мақалын қазақ-қырғыз ұмытпас деген ниетпен сіздерге жүзімізді салып, сөзімізді айтып отырмыз. Ендігісін жұрт өзі білер.

Халел Дос-Мұхамедұлы,

Мұхаметжан Тынышбайұлы,

Жаһанша Дос-Мұхамедұлы,

Иса Қашқымбайұлы,

Қоңыр Қожа Ходжықұлы,

Сұлытанбек Қожанұлы,

Санжар Асфандиарұлы,

Мырзағазы Есполұлы,

Кәрім Жәленұлы,

Сәдуақас Сейфуллин,

Әшім Омарұлы,

Уәлихан Омарұлы һәм басқалар”.

Қазақтың досы – қазақ, қазаққа – қазақтың ғана жаны ашитындығын қиын-қыстау шақта алаштың оқығандары ісімен дәлелдеп, қыр өлкесіндегі ауыл-ауылдың тұрғындарын ажал ауызынан құтқарып, елге ес болды. Олар Түркістан азық-түлік комитетін құрып, автономияға қараған ауқатты қазақтың ұждан сезіміне тиіп, аштық жайлаған аудандардағы хал үстінде жатқан бауырларына қайырымдылық көмек беруін жария етуі мұң екен, аянып қалған ешкім болмады. Түркістан азық-түлік комитетінің ұйымдастыруымен жауапты азаматтарды ел ішіне арнайы жіберіп, жиналған астық пен аяқты малды аштық жайлаған аудандарға дереу жеткізу жолдарын қарастыруды қатал қадағалау тапсырылды. 1921–1922 жылдары Жаһаншаһ Досмұхамедұлы Түркістан азық-түлік комитетінің тапсырмасы бойынша Қарақол (Пржевальск) қаласында болып, Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған солтүстігі мен батыс облыстарына жиналған ішім-жем, ас-ауқат жіберумен айналысты. Ашаршылық дерті кең өрістеген әрбір өлкеге ас-су, талғажау етер тамақ жеткізетін жауапты азаматтар бөлініп, қандастарының шығынын азайтуға, шыбын жанына араша түсуге орасан зор септігі тиді. Алаш арыстары ашыққан қырғыз бен башқұртты алаламай, бірдей көмек беруді туысқандық парызы санады.

Аштық тұтқынындағы қазақтың мейілінше титықтаған, арыған, аянышты халі, ақыл-есінен айырылған құбыжық кейіпі – кеңестік қызыл империя саясатының шектен шыққан “зұлымдығы” екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистік концлагерь азабынан асып түскендігіне дәлел. 1921 жылғы қазақ еліндегі аштықты көзі көрген Ахмет Байтұрсынұлы сұм дүлейден соры қайнаған жұртының тартқан азабын бірге шеккендей күй кешіп, жан дүниесі аласұрды. Ел басына төнген қайғы-қасірет ұлыттың ары Ахаңды өңінде де, түсінде де еш маза бермеді:

“Ауру адамның, аш адамның есі, ақылы орнында болмайды. “Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді” деген қазақта мақал бар. Өткен қыс аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мегілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті. Мұның бәрі аштық әсерінен адамның есі шығып, ақылы қалмайтындығын көрсетеді. Аштық ақылын алмаса, адам аң дәрежесіне жетіп, хайуандықтан да асып, бірін-бірі жер ме еді? Анасы баласын жеуге келгенде, ол анада ақылдан түк қалды деуге болар ма?

Міне, тән сау болса, жан да сау болатындықтың сипаты. Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...”.

Бұл Ахаңның 1922 жылғы “Қазақ календарына” жазған “Тәні саудың – жаны сау” атты мақаласынан алынған үзік. Оқығаныңды көріп тұрғандай жаншошырлық сұмдық жағдайды дұшпаныңа да тілемессің. Жан-жүйкеңді біз сұғып алғандай дір еткізер қорқынышты көрініс. Қазақтың басына түскен қайғы-қасіреттің түпкі себебін білімпаз жанның тереңірек талдап, астарын ашып жазуына ерік бермегені байқалып-ақ тұр. Оған әрине күш алған кеңестік билік басындағы коммунистердің Орынбордағы баспасөз құралдарын түгел өз бақылауына алуы – баспа жүзін көретін жарияланымдардың мұқият сүзгіден өтіп, сараптама жасалып тұрғандығы. Екіншіден, Ахаң 1920 жылдан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік автономиялық Республикасының Үкіметі – Халық Комиссарлар Кеңесінің құрамына еніп, Оқу-ағарту комиссары (министрі) болып сайланған еді. Ол 1922 жылдан Оқу-ағарту комиссариаты жанындағы академиялық [ғылыми] орталықты басқарды. Сонымен қатар ол Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті мен Қазақ Республикасы Орталық Атқару комитетіне мүше болды. Осы құзырлы қызметтері мен лауазымын Ахаң туған ұлытының асыл арманына жетуіне жұмсаймын деген дәмесі зор еді. Алайда оның ол үміті көңілінен шықпай, күдер үзгені аян. Оның үстіне Ахаңның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында дәл осы қайғылы оқиғалардың қат-қабат келуі көңіліне қаяу түсіргені күмәнсіз. Ол туған елі – Торғайдағы алапат аштықтан талай адамның ажал құрығына іліккенін естіп, ресми биліктің де, ынталы алаш азаматтарын нақты көмек беруге ұйымдастырып, жатпай-тұрмай әрекет етумен басы қатты. Сондықтан “Бұған толық жауап беру үшін бірнеше том кітәб жазу керек. Бұл жазылып отырған кітәб емес, кәлендәр болғандықтан, жауап толық болмай, қысқаша ғана беріледі”, – деуінің мәні осында еді. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол ауызы жеткенше қазанның құлағын ұстағандарға ықпал етіп, қалам қайратымен ұлытқа жасалған бұл қаскүнемдіктің құныкері кеңестік саяси көрсоқырлық екенін тайға таңба басқандай көрсетті. Ахаң “Партия десек, Ленин дегеніміз” деп пір тұтқызған “күн көсемнің” өзімен бұл мәселеге байланысты жүзбе-жүз, ауызба-ауыз тілдесіп қызыл саясаттың ұлытына жасаған шектен шыққан қатыгездік қиянатын бетіне басып, тиісті мемлекеттік шара қолдануды мәселе етіп қойды. Қайран елін қынадай қырған коммунистік зорлық-зомбылықтың күйігі қысқан Ахаңның сүйектен өтетін ащы сауалынан Владимир Ильич Ленин жауап қатуға дәті жетпей, тайғанақтап, сырғанақтай берді. Башқұрттың саяси және мемлекет қайраткері, төрүктанушы ғалым Зәки Уәлиди “Естеліктер” атты еңбегінде 1920 жылы қазақ өкілдерімен бірге Мәскеуге сапары туралы егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл ресми іссапарға қазақ өкілдерін Ахмет Байтұрсынұлы мен Байқадам Қаралдин бастап барады. “Жоғарыдан берілген арнайы нұсқау бойынша бізге қызыл командирлер мен офицерлер ерекше құрметпен қарады. Ол кезде большевиктердің құпия полициясы (ГПУ) мен шпиондық, тыңшылық қызметі кереметтей дамымаған еді. Ахаңмен оңаша “Метрополь” қонақүйінде емін-еркін, арқа-жарқа пікір алысудың сәті түсті. Осы жолы ұлыттық мәселе, ұлыттың өзін-өзі басқаруына құқықтық билігін беру жөнінде В.И. Лениннің де, И.В. Сталиннің де жеке қабылдауында болып, кең отырып дидарласудың, пікірлесудің мүмкіндігі туды”. Ең әуелі Ахаң мен Зәкиді ұлыт мәселесі жөніндегі көзқарастарын өз ыңғайларына бұру үшін Л.Д. Троцкий, Н.И. Бухарин, Г.К. Орджоникидзе, Л.Б. Каменев, жұмысшы кәсіподағының төрағасы Г.Л. Пятаковтармен кездестіріп, Мәскеудің ұлыттық мәселеге қатысты идеялық ой топшылауларын ашық білдіреді. Бұл сұхбаттасулар пікір қайшылығын туғызған полемикаға ұласып, көңіл түкпірінде жағымсыз әсер қалдырды. Олар В.И. Ленин мен И.В. Сталиннің кіші ұлыт пен ұлыстардың жанашыры болып көрінуі саяси ұпай жинау екендігін аңғарады. Әзірше көңілді аулай тұрып, ұлыттық саясаткерлер арасынан кеңес идеологиясын қолдайтын қайраткерлерді өсіріп алған соң, бұрынғы аға буын ұлытының қамын ойлаған, ұлыт мүддесі үшін күрескен көсем тұлғалардың көзін жоюды алдын ала жоспарлағаны білініп-ақ тұрды. Ресейдің архив қорынан алынған мәліметке түсінік берген Д. Аманжолова былай деп жазады: “В июле 1919 г., сразу после создания КирВРК, И.В. Сталин писал секретарю ЦК РКП(б) Е.Д. Стасовой о Байтурсунове: “Я его не считал и не считаю революционером-коммунистом или сочуствующим, тем не менее его присутствие в ревкоме необходимо” (Аманжолова Д. Казахский автономизм и Россия. М.: “Россия молодая”, 1994, стр. 187). Сталиннің идеологиялық пікірлесіне жолдаған осы құпиялап ескерткен сөз ләмінде – қатыгез деспот, саяси маньяктың ойындағы жоспарынан хабар беріп тұр.   

“29 маусым 1920 жылы мен Лениннен күдерімді үзіп, күрес туын жоғары көтеруге ашық белімді бекем буып, Түркістан таулары мен даласына бет түзедім. Егер бұл күресімнен ештеңе шықпаса, бәлкім, Еуропаға кетуім әбден ықтимал... 30 маусым 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен пойыз үстінде қоштастым. Ахмет Байтұрсынұлы көзіне жас алды”, – деп жазады ол. (Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Борьба мусульман Туркестана и других восточных тюрок за национальное существование и культуру. Москва, 1997. С. 196–198; 259.). 1920 жылы 24 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы А.З. Валиди, Ф. Ходжаев, Т. Рысқұлұлы бірге Ленинге жолдаған хатында ұлыт республикаларындағы колонизаторлық бейбастақ жүгенсіздікті, жергілікті билік арқылы елді тонау мен қанаушылық саясатты түбірімен өзгертуді талап етті. “Қымбатты Ленин жолдас!” деп басталатын хаттың мәтінінде метрополиялық пиғылды Ахмет Байтұрсынұлы: “Боқты сідікпен жуып болмайды”, – деп, саяси көзбояушылықты, шовинистік астамшылықты қадап тұрып жазды. Ахаңның осы пікірі “пролетариат диктатурасы”, “интернационализм”, т.т. жалған ұран жамылған лениндік саяси платформаға берілген әділ бағасы еді. Ол 1919–1920 жылы “Жизнь национальностей” газетінде “Қазақтар және революция”, “Тағы да аштық туралы” атты мақалалар жазып, коммунистердің өтірікке құрылған “қырып-жою” саясатының астарын ашып берді.

“1921 жылғы қарашаның 16-сында Берлинде шығатын “Новый мир” журналының 244 нөмірінде А. Байтұрсынұлының шағын мақаласы (сірә, көшіріп басқан) жарық көрді, – деп жазады шет елде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайұлы. – Соған қарағанда, қазақ жеріндегі қазіргі ашаршылықтың себептері мынада: 1) жұт, малдың көктайғақтан қырылуы; 2) 1920 жылы қатал қыстың ерте түсуі; 3) пішеннің жетіспеуі, жайылымның тақырлығы, өйткені мұның алдында бірнеше жыл қатарынан шөп шықпаған болатын. Басқаша айтқанда, қазақ халқының бұл қырылуы табиғаттың қолайсыз құбылыстарының кесапаты деп көрсетілді”.

Мұстафа Шоқайұлы бұл жазылған жайға сын көзімен қарап, ондағы деректерге бірсыпыра толықтырулар жасайды. Онан әрі ол: “1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918–1919 жылғы қыста мен Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болдым. Бұлар (Торғай және Орал облыстары) кеңес газеттерінің мәліметтеріне қарағанда, және өз көзіммен көргенімді айтсам (мен қазақтардың ең шалғай қоныстарына дейін бардым), сол жылғы жазда шөп бітік шыққан еді. Пішен молынан дайындалды.

Қазақтар бір ғана нәрседен қорықты: 1917–1918 жылдардың қысында “тәжірибе” бойынша жергілікті большевиктердің малды Қызыл армияның пайдасына алу пиғылы және ақтөбелік Скулкин дейтін уездік халық комиссары сияқты заңсыз тартып алу ниеті елді қатты алаңдатуда... ”. Демек, әлгі “Новый мир” журналындағы келтірілген дәйектің шындыққа мүлдем жанаспайтын қисынсыздығы аңғарылады. Саяси күрестің қазанында қайнаған Мұстафа Шоқайұлы дос пен дұшпанын сөз ләмінен ажырататын сұңғылалығы тәнті етеді.

“Мен большевик Сафаровтың айғақтарына сүйенемін, ‒ дейді Мұстафа Шоқайұлы. ‒ Ол ‒ ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссиясының мүшесі. Сафаров былай деп жазады (“Правда”, №133, 20 маусым, 1920 жыл): “Бұл жерде социалистік декреттер” қабылданғанымен (бұл хұқ барлық атқару комитеттеріне берілгенді) олар сөз жүзінде қалған, ал іс жүзінде “национализациялау”, “конфискелеу” деген сылтаумен жер-жерде малды халықтан зорлықпен тартып алу орын алған. “Перовскіде (Сырдария облысы) патша жендеті Гержот деген билік етуде. Ол тұтас бір халықты ‒ қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен бір миллиондай қазақ аштан өлді”, ‒ дейді одан әрі Сафаров...”. Большевик Сафаровтың жазғанына қарағанда, бір ғана Сырдария облысында 1920 жылы миллион қазақ аштан өлді. Бұл дегеніңіз бес жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыста опат болған қазақтардан екі есе артық, сол сияқты дүниені дүр сілкіндірген АҚШ-тың 1945 жылы 6-шы және 9-шы тамызда Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына әуеден тастаған атом бомбасынан зардап шеккендердің санын екі орап алады. Демек, тек қана Сырдариядағы ашаршылықтан бір-ақ жылда қаза тапқандар саны осындай болса, сол тұстағы қалған жеті губерния бір уездегі қазақтың шығынын көзге елестетудің өзі жантүршігерлік оқиға. Сонда екінші дүниежүзілік соғыстағы мерт болғандардан кеңестік аштықтың бізге тигізген зауалы жүздеген есе зор екен. Осы миллиондаған қазақтың көз жасын бір жерге жинаса кәдімгідей ащы көл пайда болар еді. Қазақты миллиондап жалмаған саяси тапсырыс Құдайдан да қорықпады. Малы жоғалса іздеу салатын қазақтың қисапсыз шашылған мәйіті көмусіз, сұрауы жоқ, жабулы қазан жабулы күйінде ұзақ уақыт қала берді.

Мұстафаның Ахмет туралы пікірінің кіршіксіз тазалығы, қоспасыз мөлдірлігі сондай – елден жырақта, жат жерде жүрсе де, алдағы тағдыры не боларын сезсе де, адамгершілік ар-ұжданына қылау түспейтін ақ-адал екендіктеріне мәңгі сенген, осы кісілік қасиеті – олардың биік парасатының, даналық жаратылысының, көреген көсемдігінің айғағы. Оған Мұстафаның “Ол [А. Байтұрсынұлы – А.Мек.] қандай лагерьді жақтаса да, біздер қазақ зиялылары, оның көзқарастарының мөлдір екеніне күмән келтірмейміз”, – деп алыстағы Еуропада жүріп шын жүректен ақ жарма сырын ақтарып салуы куә. Кеңестік идеологияның ақиқатты бұрмалауға шебер, дағдылы машығына бұрыннан қанық Мұстафа қорыта келе: “Ал қазір “Новый мир” журналында жарияланып отырған “Қазақ жеріндегі ашаршылық” деген мақаланың авторы – шынайы Ахмет Байтұрсынұлы емес. Оның мақаласын кеңестік цензураның 99 процентке өзгертіп жібергені аңғарылып тұр, өйткені Ахмет Байтұрсынұлы ешқашан айтқан фактілерге қарама-қайшы келмейді”, – деп түйіндейді. Аңызға айналған Мұстафаның ішкі интуициясы, терең білімпаздығы, көкірек көзі – Ахаңның шығармашылық қолтаңбасын жаулары қаскөйлікпен 180 градусқа теріс бұрып басқанмен, оның теңіз түбінен маржан тергендей шындығын сүзе білген қабілетін және тіл ұшына оралған пікір парықтауын сабақтап қағазға түсіруі қандай ғанибет. Күллі төрүк жұртын құшағына сыйғызған дархан, нағыз отаншыл, ержүрек кемеңгердің осы пайымдауларынан сол сәттегі ішкі жан дүниесіндегі сапырылысқан сезім ағымдары мен қиялындағы қым-қуыт ой-армандарын аңғартатын ірі тұлғасы, күрескерлік кесек бітім-болмысын кескіндейтін бейнесі сомдалып тұр.

Ұлытын аман сақтаудың жолын іздеп, басын тауға да, тасқа да ұрып аласұрған Ахмет Байтұрсынұлы бір жылдай мүше болған коммунистік партиядан әбден түңілді. Ол миллиондаған бейкүнә жанның қанын жүктеген коммунистік партия қатарынан өз еркімен шығатындығын 1921 жылы баспасөз бетінде жария етті. Ахмет Байтұрсынұлы кеңестік әкімшілік-билік жүйесінің Қазақ еліндегі жүргізген кез келген әділетсіздігін дер кезінде әшкерелеп, дұрыс шешімін табудың жолын көрсетуден танған жоқ. Ит жылы мамыр айының аяқ шенінде Орынбордағы Оқу комиссариаты Халық ағартушылардың құрылтайын өткізеді. Форумға елдің барлық түкпірінен 40 шақты өкіл қатысады. Бұл мәртебелі жиынға Ахаңнан басқа екі-ақ қазақ шақырылған болып шығады. Оның өзі орысы жоқ Бөкей губерниясы мен губерния есебіндегі Адай уезінен екен. Ұяттан жерге кірердей қызарған Ахаң иісі қазақтың намысын қамшылап, сыбағасын қолдан берген боркемік жігерсіздігін айыптап мақала жазады.

“Билеп әдеттеніп қалған үлкен ауылдың балалары, өзгеріс болған екен деп, қалай бірден өзгере қойсын? Оқу бөліміне бастығы болса да, өз қолында болғанын тәуір көріп, қазаққа қия алмаған көрінеді. Бастық болып үйренген әдет қандай күшті болса, бағынып үйренген әдет сондай күшті. Орыс қазаққа бастықтық қылса, басып көктеп, басынып, хәкімшілігін жүргізеді. Ол орып жатсын, қырып жатсын ‒ бірде ерсі көрінбейді. Бәрі дағдылы, қалыпты нәрсе болып көрінеді. Қазақ мойынсұнып бас иіп, құлдық дегеннен басқаны білмейді. Қазақ орысқа бастықтық қылса, тіпті үйлеспей, келіспей тұрады. Байлап қойған қасқырдың қасына әкелгенде қабағы жасып, еңсесі түсіп, құйрығын қысып, үрейі ұшып тұрған ит сияқты болып көрінеді. Қимылдаған амалының бәрінде де бата алмағандық, қаймыққандық, жасқаншақ болып қалғандық білініп тұрады. Оны орыс жолдастар жақсы біледі. Сондықтан орысы бар губерналарда “қазақ бастықтық қылып істі жөндеп апара алмайды” деп әкімшілік біткенді өз қолдарында ұстауға тырысады. Орысы бар губерналардан кілең орыс жолдастар, орысы жоқ губерналардан ғана қазақтар сиезге келуінің мәнісі осы”, ‒ деп “рухани көсем” (Мұхтар Әуезов) ұлыт қорғанышының бек сенімді құралы оқу-ағарту саласындағы басқару тізгінін уыстан шығармай, азаматтық сергектік пен айырықша өткірлікті талап етті. “Ауру қалса да әдет қалмайды” деген Қазақ Елінің тәуелсіздік алғанына он сегіз жылға аяқ басса да әлі конституциялық мемлекеттік тілі салтанат құра алмауы құзырлы билік басындағылардың ескі дертінен арылғысы келмейтіндігі мен орыстың мысы басқан үрейшілдігі істің оңға басуына құлықсыз боп тұр. Батпандап бойға сіңген нигилизм – ұлыттық жасампаздық өрлеудің қас жауы. Ендеше, Ахаңның зілді ойлары дәл бүгінгі күні де өзектілігін әлі жойған жоқ. Оның: “... қазақ жолдастардың ақты-қараны айырып білмегендігін, оң қолымен сол қолын танып жетпегендігін көрсетеді; дақпыртқа еріп, далақтап шаба беруге ғана жарайтындығын білдіреді. Әйтпесе, орыс жолдастар орынсыз жерде ұлық болуға ұялса керек еді, қазақ жолдастар жылқыға сиырды қалай қосақтаймыз деп ойланса керек еді.

... Мұны істемей, қазақты қалың қараға қосып жіберіп, қарасына мәз болып, арасына келгенде қазаққа істелген істі таба алмай отырсақ, қазақ сыбағасына орысты оқытып, өзіміз түк білмей қалатынымыз шексіз. Осы күймен бара берсек, қазақ оқу оқып, білім ала алмай, орыс оқып оза беру болады. Қазақ құр қарасына ере беру болады. Ондай ере берудің ақыры не болатыны мағлұм”, ‒ деуі нақ тарихи шындыққа айналды. Кәзіргі қазақтың ғылыми шығармашылық зияткерлік күші егіздің сыңарындай орыстың көшірмесі екенін несіне жасырамыз. Көшірме ‒ түпнұсқа емес. “Қазақтың жаманы орыс болады” деудің де астарында ащы шындық бар. Яғни өмірімізге енген нарықтық экономикалық қатынасқа сәйкес қазақтың миын ұлыттық мүдде тұрғысынан қайта құруға ғылыми-технологиялық жетістікті тиімді де, батылырақ пайдаланған жөн. Демек, еліміздің жаңа тұрпатты ұлыттық мемлекет ретінде жаңғыруы мен түлеуіне, ғаламдастыру дәуірінде бәсекеге қабілеттілігіне ғылым-білім саласында атқарылар іс алда шаш етектен. Әлбетте, ұлыттық ғылым-білімге салынған капитал өз жемісін берері және ол қаржы-қаражатты еселеп ақтары кәміл.

Қыз Жібектің көшіндей сән-салтанатымыздың шырқын бұзып, ел-жұрттың алдындағы малын, қолындағы барын тәркілеп, аттан түсірген, қарсылық білдіргенін аямай, табан астында сотсыз, үкімсіз атып тастаған кеңестік биліктің анархиялық ойран-топыр, сұрапыл жазасынан тентіреген ауыл-аймақ көтеріле көшіп, мінерге көлігі, ішерге асы жоқтар жаяу-жалпылап басы ауған жаққа жан сауғалады. Қызыл сөзден қуырдақ қуырып, сорпа қайнатқан кеңестік алаяқтарға сеніп қалған аңғал жандарды аштық бунап титықтатқан, әбден тарыққан, ісініп-кебініп, әлсіздік меңдеген, күңіренген азалы үнін тас керең өкімет естігісі түгіл елегісі де келмеді. Үндістер: “Әр адамда Құдайдың бейнесі бар”, – дейді. Бейкүнә жандарға зәбір жасап, тірілей көзін жоюды ұйымдастырған мейманасы асып-тасқандардың жазасын Құдай береді. Жаманат хабар ел ішінде жата ма? Мерзімді баспасөз бетінде қазақтың аштан өлуін ресми саясат “табиғаттың қолайсыз құбылыстарының кесапаты” деп ақиқатты бұрмалауға тырысты.

“Жұрт жұтағанда, сен шарпыл” деген ата-баба өсиетін орындауға алаштың арыстары жан-тәнін салды. Егер олардың жазғандары сақталмағанда, тоз-тозы шыққан, шілдің қиындай шашылған миллиондаған қазақтың қайғылы тағдырын, қан қақсатып, жер қаптырған дөкір саясаттың солақайлығын білер ме едік!? Бұл тарихтың ащы сабағы бүгінгі тәуелсіздікке жетудің қаншалықты азабы мол болғанын безбендеуге және бұл қасіреттің енді қайталанбауы үшін ұдайы еске салып тұрудың қоғамдық ой-сананы сауықтырудағы маңызы ерекше.  

“Газет жүзінде жалпы Қазақстанда аштық бар, Қазақстан қазақтары қырылып жатыр деген сөзден басқа осы күнге шейін аштықтың мөлшері санмен көрсетілген емес. Соның үшін аз да болса, халық алдына Қазақстандағы аштық[ты] санменен баяндап өтуді мақұл көрдім, – дейді Мұхамеджан Тынышбайұлы. – Қазақстанда шойын жолдың жоқтығы соғыстан кейін халық арасында пошта қатынасының да үзілуі әркімге мәлім. Әлі неғұрлым қатынас кем болса, соғұрлым ол халық туралы мағлұмат та аз болмақ. Сондықтан менің санмен көрсететін мағлұматтарымда бірінші уақыты өткен, екінші осы күні ескірген. [Оқи]ға ескі һәм көп жері дұрыс емес деуге болады. Сонда да мүлде жоқтан бар жақсы деген оймен жазып отырмын”, – деп баяндайды ол. Оның билік жүйесіндегі аштық жайлаған өлкеден жіберілген жедел ақпардың ресми қорытынды дерегіне сүйенгендігі байқалады. Мұхамеджанның өзі ескерткендей бұл ауқымды әлеуметтік кеселдің географиялық аумақтық шеңбер аясы мен сандық шамасын білмей, оған жасалатын тиісті шаралардың бағыт-бағдарын, мөлшерін анықтау қиынға соғады. Дегенмен Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей губерналары мен Адай уезінен алынған бірнеше есе кемітілген аштықтың ресми дерегінен шындықты тап басқан Мұхамеджанның топшылаған пікірі назар аудартады: “...көректік көмек жалпы аштардың жүзден бүтін екі ондық (9,2%) бөліміне ғана жетіскен болып табылады. Бұл болып жатқан көмектер қай халықтың арасында болып жатыр деген сұрауға жауап бермекші болсақ, көмек қалаға, шойын жолға жақын арасында ғана болып жатыр дейміз. Қазақ халқының қаладан, шойын жолдан алыстығы айтпай-ақ мәлім. Олай болса, ашыққандардың жартысындай (Анық есеп жоқ,  мөлшер – автордың ескертпесі.) қазақ арасында ешбір көмек болмағаны өзінен өзі ап-айқын...”. Тынышбайұлына сүйенсек, үкіметтің азын-аулақ көмегі темір жолдың бойындағы қалалы мекендерге жеткізілген, яғни жіберілген азық-түліктің қызығын тек қазақтан басқа ұлыттың өкілдері көрген.

Аштықтыққа ұрындырған, қазақтың дәрменсіздігіне мәжбүр еткен саяси-әлеуметтік құбылыстың себебін, Халел Досмұхамедұлы тарихи түп-тамырынан қозғап, қоғамдық сананың даму үдерісін киношежіредей сөзбен суреттеп өтеді.   

“... 1723-інші жылы қазақ қалмақпен соғысты. Жеңіліп қалды. Адам көп қырылды, ел шабылды. Қатын-бала шулады. Қонысын тастап ел босты. Ақтабан шұбырынды болды. О заманда қазақ тегіс көшпелі еді. Аууы оңай еді. Бүтін ел тегісінен әскер еді. Босқан ел көршілерін ығыстырып қоныс тапты. Ешкімнен жәрдем сұрамады, ешкім жәрдем бермеді. Ел өз күшімен, өз еңбегімен жуығ арада-ақ жетісіп кетті.

Әрбір зор оқиғаның соңынан зор салдары болашақ. Ақтабан шұбырындының салдары бөтен жұртқа бағыну болды. Жатқа бағынудың толғағы тым ұзақ созылды. Ел амалсыздан еркінен айырылды. Жел жақты күзету қолдан кетті. Ел тынышайды. Қорасы мықты қойдай болды. Күзетші күшті болды. Жарақтың керегі жоқ болды. Темірқазық жастану, бес-алты малта асы қылу қалды. Сүйек егілді, жүрек босады, жігер құм болды. Жарақ ұстаушылар жойылды. Күзетшіге сеніп ел ұйқыға салынды. Майлы тамақ, ашшы қымыз, мамық төсек көңілді бөлді, күзетшінің әлдиі ұйқыға сеп болды. Жауынгер халық құл болды. Қазақтың басына “рахат” дәуірі туды…”.

Бұл ұлытының маңдайына жазған тағдыры осылай қалыптасқанын, тарихтың қалауын өзгертуге Халекеңнің қауқары жоқ қайрансыздығына налыған іштегі зәр запыранын төгіп, шер-шеменін тарқатқан толғанысы. Көсемсөздің көсемі ұлыттың ғасырларға созылған күрес жолының диалектикалық даму сипатының тұжырымды қисынын ащы ішектей шұбатпай екі-ақ ауыз сөзге сыйғызған. Бұл идеялық тарихи деректі кесек-кесек роман, поэма, драмалық, трагедиялық қойылымдардың сахналануына, кинофильмдер сценарийінің желісіне арқау боларлық соқталы-соқталы ой мәйегінің логикалық түйінді фабуласы. Мұны Халекеңнің қазақ ғұрпында төрдегі бас ұстаған ардақты ақсақалдың дастархан шетіндегі бүлдіршінге құлақ бергеніндей әдемі емеурінмен жеткізген даналығы деп жорыған абзал. Қаулаған өрт ішінде жүріп оған шындықтың иінін қандырып, тарата баяндауға заманның мұрша да, ыңғай да бермегені аян. Досмұхамедұлын Мемлекеттік Біріккен ерекше саяси бөлімнің (ОГПУ) қызметкерлері әрбір мәрте тұтқындаған сайын оның үйінен баспаға дайын тұрған оқулықтар мен еңбектерін, қолжазбалары мен хаттарын, құжаттары мен жеке мүліктерін тәркілегендігін көзімен көрген марқұм қыздары Қарашаш пен Сәуле апайлардан талай рет естігенім бар. Өзекті өртейтіні ұлыттық мәдениетке қосылар баға жетпес жәдігерлердің қарақшыларға қолды болып кетуі.        

“Түркістанның жыланы Арқаға мешінде келді. Қой жылы ен далаға симаған қара құрымдай көп мал бір қыс да жоқ болды. Ит жеді, құс жеді, кім болса, сол жеді. Қазақ жұтады, ашықты.

Мешін өтіп тауық келді, екі қанатын жайып келді. Адам мал болып далаға жайылды, атшоңқай мен көсік жеді, тышқан аулап, мысық жеді. Жүрерге жол таппады, барарға жер таппады. Теріс тондылар күзетші болды. Алысқа сөз жетпеді, жақынға қол жетпеді.

Қалтаман-қарылар ел шапты, азаматты қырды. Күзетшілер сөйлеуді білді, ел жылауды білді. Өстіп бір кінә қазақдан тауық өшін алды.

Тауық кетті, ит келді. Шөп таусылды, тышқан бітті, ет құрыды. Атасы баласын, анасы қызын жей бастады. Ел қырылды. Жүрерге жол жоқ, барарға жер жоқ. Келген тағы жәрдем жоқ. Бұ қиыншылықтың түбінің неге соғарын айталмаймыз. Аштықтың тоқтығы, қайғының қуанышы болады деген. Бес жылдан бергі қазақ-қырғыздың басына түскен зор оқиғалар бос өтпесе керек. Бұның салдары алдымызда білінер. Бұндай қиыншылықты қазақ-қырғыз жұрты Ақтабан шұбырындыдан бері көрген жоқ. Бір-ақ кәзіргі Сарыарқадағы әңгіме шұбырынды болмай, тек сұлама болып тұр.

Сұлаған елге итті шығарып салу қиын болып тұр. Ит кетсе доңыз бен тышқан тұр. Бұлардың қалай боларын сұрап келген кісі жоқ.

Құлағанды көтеру адамшылықтың белгісі!

Сұлағанды көтеру ағайыншылықтың белгісі!

Қарны тоқ ағайын, ашыққан тумаңа қарасар күнің осы күн!”, – деп Халекең қабырғасы сөгіле, аза бойы қаза боп, “әкесі өлгенді де естіртеді” көпшілік қауымды ортақ қайғыға топтастыра отырып, көңілін демеді. Халелдің жүйке тамырыңды солқылдата қозғайтын тебіренісі соқыр көзден жас шығарардай әсер етті. Қиналған ел-жұртының жаны алқымға тірелген арпалыс азабын көріп оның дегбірі қашты. Телеграф хабарындай қысқа да нұсқа Халекең тілінен ұлыт қауіпсіздігі шұғыл шешім мен әрекетке көшуді талап еткен әмірдей азаматтық жауапкершілік жүктеп тұр. Қасіреттің себебі мен салдары ұлы тұлғаның жан күйзелісіндегі өксік қысқан ар-ұждан буырқанысы шолақ қайырылған әрбір сөйлемнің астарынан сезіліп тұр. Баяндау тәсілі екі, үш, төрт-ақ сөзден тұратын синтаксистік конструкция ‒ ел басына күн туған сын сағатта тілі мен жағына сүйенген ділмарсыну емес, аштықты жеңуге бар күшті жұмылдыруға жұмсаған азаматтық қуатты рух есіледі. Сондай-ақ Халел Досмұхамедұлының шығармашылық шеберлігі хақында сөз еткенде, стильдік қолтаңбасынан ежелгі төрүк бітіктастарындағы эпитафиялық ақпарат таратудың үлгі нышандарымен арадағы тіні үзілмеген сабақтастық байланыс анық аңғарылады. Салыстырып көрелік:

“...Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі [төрүк] халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым...

Содан кейін Тәңірі жарылқады бағым бар үшін, үлесім бар үшін, өлмеші халықты тірілте көтердім. Жалаңаш халықты тонды, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым, иланған елге игілік қылдым”. (Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Зерттеунама. А.: “Ана тілі”, 1995, 176–177 беттер). Бұл екі мәтін арада он үш ғасыр уақыт кеңістігі бөліп тұрса да, пішіндік және ішкі әуезіндегі (мелодиясындағы) үндестікті, ұлытшылдық пен отаншылдық ізгі қасиеттің сарындастығы, бойға рух құятын құдіретін жоғалтпаған.

Мың өліп, мың тірілген қазақтың қорғанышы Алаш арыстары әрқайсысы мыңның қызметін жалғыз атқарған нар тұлға екендіктерін тарихи сіңірген еңбектерімен дәлелдеді. Тұйыққа тірелген қазақтың қашанда басы-қасынан табылатын Міржақып Дулатұлы сөзімен де, ісімен де туған ел-жұртын айтуға ауыз бармайтын тажалдан құтқарып қалудың жолын іздеп шарқ ұрды. Ол атқа мінгендер мен ел билегендерге, жуан атаның тұқымдары мен болыс-би, мырзаларға соры қайнаған қара бұқараның обалына да, сауабына да ортақ болуға үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Өйткені бұлардың көзі ашық, көкірегі ояу, көмейдегіні ұғатын сезімтал қағылездігі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса, елге келер пәле жоқ деп пайымдады. Жұрты көрген ауыртпалықты жеңуге Жақаңның жорғалаған қаламының ізі, қарымының күші ізденгенге мұрағат сөрелерінде қаттаулы тұр. Мір оғындай Мәдияр арқаға аяздай батқан бұл үрейлі уақиғаның мән-маңызын былай сипатайды:

“Соңғы жылдардағы оқиғалардың қазіргі қазақ халқының басынан кешіп отырған ашаршылық апатының қасында ойыншық болып қалды. Енді алты Алаш, алты миллион елім бар деп, үйде отырып өзіңді толықтырып, атың, қазағың жоқ болудың алдында тұр. Күні кеше пәлен киіктей емін-еркін жортып жүріп сайран еткен Сарыарқаң қан сасып, топалаң тиген қойдай қырылған адам өлексесіне толып, сасық жел иіскеп отыр. Қазақ күйі осындай болған соң, аман елдегі басшыларымыз бұрын да сондай болатын деп өкпелеп, күдерімізді үзе алмай отырмыз... Өйткені бұрын әділеті, мейірімі кем болса да, бұ жолы қазақ халқының көпшілігі бай-кедей, кәрі-жас демей, тегіс ашаршылық апатына ұшырап, елдіктен, жұртшылықтан кетіп баратқанда жақсыларымыздың адамгершілік, ұлыттық, бауырмалдық, рақымшылдық сезімдері оянар деп үміт етіп отырмыз. Жайшылықтағы өзімшілдік мінездерін тастар. Екі дүниеде лағынат естуден сақтанар...

Біздің атқа мінгендеріміз дәл осы айтқандай істесе, Алаш алдында, адамгершілік алдында, тарих алдында борыштарын өтегені, бұрынғы қателерін жуғаны, мұны істемесе екі дүниеде бірдей қара жүзді болғаны аштан қырылып жатқан қазақ баласының Тәңірі алдында екі қолы солардың жағасында”. Ұлытының тауқыметін арқалаған Жақаң сынды Алаш азаматтарының рухы алдында жер басқан бүгінгі ұрпағы тағзым етуге борышты. Сол тұстағы қазақша, орысша мерзімді баспасөздің көтерген басты мәселесі – аштықтан зардап шеккен аудандардағы құтқару шараларына арналды. Әсіресе бұған Ташкенттегі Сұлтанбек Қожанұлы редакторлық ететін “Ақ жол” мен Семейдегі “Қазақ тілі” газеттері ерекше үлес қосты. Бұлай болуының өзі заңды құбылыс еді. Өйткені Ташкент пен Семей қашаннан қазақтың дәстүрі үзілмеген рухани орталығы әрі оқығандардың шоғырланған мекені болатын. Семейдегі “Қазақ тілі” газеті шын мәнінде күллі қазақтың тіліне айналған ұлыттық басылымға айналды. Ұлыт басына бұлыт үйірілген мұндай төтенше жағдайда “Қазақ тілі” газеті елді жәрдем беруге үндеп, есті азаматтарды өзге қызметтің бәрін уақытша тастап, осы жұмысқа жұдырықтай жұмыла кірісуге шақырды. Бұл іске ұйытқы болған Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхтар Әуезов, Даниал Ысқақұлы, Мәнән Тұрғанбайұлы, Әбікей Сәтбайұлы, т.т.

“... Жалғыз үкімет тарапынан көрсетілген жәрдемге ғана сүйеніп отырсақ, елдің көбін қырып аламыз. Үкімет жәрдемін көрсете берсін, ол өз алдына. Біз өзіміз жұрттың қамын ойлауымыз керек... Елді ел қылу үшін, қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек”, – деп дабыл қақты олар. Құр үгітпен де шектелген жоқ, Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған қазақ азаматтары мәжіліс құрып, ашыққан елдерге Семей губерниясынан жылу жинау мәселесін тексеріп, наурыздың 15 күні Қазақстан Кіндік Атқару Комитетіне, Қазақстанның аштарға жәрдем беретін Кіндік Комитетіне, Ресейлік Кіндік Атқару Комитетіне, Ресейлік аштарға жәрдем беретін комитетке жеделхат жолдады:

“Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлер жиылысы  Қазақстан республикасындағы ашыққан елге жәрдем беру мәселесін қарастырғаннан кейін мынадай қорытындыға келді: Қазақстанның кең даласында елі бытыранды, жер теміржолдан шалғай болғандықтан қазіргі үкіметтің Аштар комитеті арқылы берген жәрдемі қазақ халқын аштықтан құтқаруға анағұрлым жетпейді. Мүмкін емес. Сондықтан қазақ халқына жәрдем беру шарасы басқаша болу керек. Жиылысының пікірі бойынша ол шара – қазақтың жауапты қызметкерлері билейтін айырықша жәрдем комитетін ашу, комитет мүшелері, тіленген қазақ азаматтары елге шығып, жұртты көмек беруге үндеп, барлық халықты осы жұмысқа кірістіру, өз еркімен беретін жәрдемін жию, яғни сауындай, астықтай, көліктей, басқа түрлі де жиналған нәрселерді ашыққан елдерге төтесінен қызмет жеткізу, аш халықты керуен жасап, Қазақстанның, Түркістанның тоқ губернияларына, уездеріне көшіру. Үстіміздегі жалпақ ел апатқа ұшырап, күйзеліп жатқан ауыр жылда еңбекші қазақ азаматтары атқа мінбей тек жатуды әлеумет алдында, тарих алдында зор қылмыс деп біледі. Сондықтан кіндік үкіметтің тезінен рұқсатын өтінеді.

1. Семей губерниясында қазіргі аштар комитетінен басқа, ашыққан елге өз тұсынан жәрдем беретін айырықша қазақ комитетін жасауға.

2. Ол комитеттің іс қылатын ауданы Семей, Ақмоламен ашыққан губерниялар болуға.

3. Бұл жолда қызмет қылуға тіленген, я қазақ жиылысы керекті тапқа азаматтарды партия, кеңес қызметтерінен босатуға” (“Қазақ тілі” газеті, 1922, №183).

Көп ұзамай бұл жеделхатқа жоғарғы үкіметтен жауап келіп, Семей азаматтарына губерниялық аштар комитеті арқылы елден жылу жинауға рұқсат беріледі. Азамат біткен атқа қонды. Күні-түні дамыл таппай, табан еті, маңдай терін саудаға салмай, ақысыз-пұлсыз жаз бойы шапқылап мал жиды. Алайда арқа сүйеген үкіметтің аштықтан ашынған жұртқа жаны ашығансып, ары таза ұлытының келешегіне алаңдаған шын қамқорлық иелерін қайткенде де сүріндіруге ілік іздеді. Аштықтың зауалын тартқан, көзі қарауытқан елде қайбір ақыл болушы еді. Мал үлестірушілердің кінәсінен біреуге жетіп, біреуге жетпеген де болар. Оның үстіне ашыққан әлеуметтің бойындағы күш-қуаты сарқылып, қалжыраған, талмаурыған, үзілер шағын өзінің арам пиғылына пайдаланған жүзіқара құзғын қарғалар да отқа май құйып, арыз-шағымды өршітті. Қайырымдылық жасаған жандардың адал ниеті кейін өзіне “жаманат” боп жабысып, басы дауға қаларын кім білген? Сол арқылы ізгілікке сес көрсеткен мейірімсіз қара күштің түпкі мақсаты анық аңғарылды. Алаш азаматтарының қилы тағдыры туралы ҚР Ұлыттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қорында сақтаулы тергеу ісінің деректерін ыждағаттылықпен жүйелі талдау жасап, елеп-екшеп, байыпты сүзгіден өткізіп, ғылыми байламмен сөйлеткен қаламгер-зерттеуші Тұрсын Жұртбаев:

“Соның ішінде көктемнен бастап бүкіл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесіп өтіп, жердің түбі Торғайға екі мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретінде жұрт сеніп тапсырған өкіл ‒ Жүсіпбек Аймауытұлына қарсы астыртын арандату әрекеті жүргізілгені тіпті де түсініксіз. Тіміскі тыңшылар өзі аштықтан ашынған, аш өзегі өртенген адамдардың ашкөзденген сәтін пайдаланып, арғын мен қыпшақ руының аштарын бір-біріне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергілікті жердегі кеңес өкіметі мен партия ұйымдарының белсенділері еді. Ал олар жоғарыдан арнайы нұсқау түспесе, өз бетімен мұндай әрекетке бара алмайтын” (Талқы. А.: Қазақстан, 1997, 142 б.), ‒ деп пайымдайды.

Қазақтың ұлыттық тұтастығы рулық бірлігінен тұрады. Осы сүттей ұйыған этникалық табиғи біртұтастықты түбегейлі бұзу үшін қазақтың рулық намысына тиетін қақтығысты өршіту, руаралық алауыздықты қоздыру, ымыраға келмейтіндей “кекшілдік дертін” ушықтырудың қызыл империя идеологиялық сан алуан сынақтарын жасады. Қазақты іштей ыдырату, өзді-өзі қырқыстыру арқылы “пролетарлық диктатура” бөлшектеп билеуді негізгі идеологиялық қуатты қаруына айналдырды. Бұл “бөлшектеу” саяси әдісі ‒ өткен ғасырдың 20–30 жылдарындағы қазақтың сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтай асыл азаматтарын түгел сыпырып, жалмап өтті. Қазақты әлеуметтік таптық белгісіне қарап жіктеу, ата даңқына орай алалау, руға, жүзге, ағымшылдық шартты топқа бөлу ‒ “байшыл, ескішіл, алашордашыл, “арғын, қыпшақ, т.т.”, “ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз”, “байтұрсыншылдық, сәдуақасовшылдық, меңдешовшылдық, рысқұловшылдық, қожановшылдық, т.т.”, талантты шығармашылық өкілдерін бір-біріне қарсы айдап салу, “халық жауы” деген қарғы бау тақтырып, қуғын-сүргінге, қызыл қырғынға ұшыратты, төбесінен әңгіртаяқ ойнатты. Қазақтың жақсысы мен жайсаңын жою ‒ сталиндік-голощёкиндік, т.т. билік басындағылардың “ұлыттық мәселені оңай шешудің криминалдық жолы еді”.

Қызыл империяның қазақты мансұқтаудың не түрлі қиянаты мен мазағына куәлік беретін сан алуан мағлұматтар мен құжаттар мұрағат қорында жетерлік. Ал ғылыми айналысқа түспей Ленин мен Сталиннің жеке қорында, басқа да арнаулы құпия қорларда қазақ тағдырына қатысты сақталған құжаттар қаншама? Мұрағат демекші, онан табылған ақпараттық дерек атаулыға сындарлы талғампаздық, аса сақтықпен қарап, жүйелі түрде сұрыптау мен салыстыруды, тыңғылықты ғылыми тексеруді қажет етеді. Өйткені о баста біздегі мұрағат қоры ‒ қазақ мәдениеті мен тарихын шынайы зерттеуді мақсат етпеген. Бұл ‒ империяның отарлау саясатын жүргізетін, идеологиялық мүддесін көздейтін ғылыми орталық. Сондықтан тарихи құжаттар арасында, әсіресе ұлыттық мүддеге қайшы келетін “саяси құрылған қақпандар мен қармақтар” кездесіп қалуы әбден ықтимал. Тарихи оқиғаға мемлекеттік мүдде тұрғысынан тұжырым жасалып, баға берілуі заңды құбылыс. Ұлыттық экономикасын басқарудың құралы ‒ төл ақша банкнотын жасау қандай қажеттілік болса, мемлекет мүддесі тұрғысынан кез келген дәуірдегі құжатты, тиісті мөрі басылған, қолы қойылған етіп дайындау империя үшін түкте қиындық тудырмайтындығын ескерген абзал.  

Сонымен әдепкі ойымыздың желісіне оралсақ, 1922 жылы Оқу Комиссариаты Орынборда жазушылар құрылтайын шақыруды мәлім етеді. Осыған орай “Қазақ тілі” газетінің сол жылғы №193 санында ел ашығып, есі шығып өлім ауызында жатқанда Оқу Комиссариатының бұл әрекетіне бұлқан-талқан шамданған Жүсіпбек шыдай алмай “Топалаң уақытындағы той” атты мақала жазды.

“... Жолдастар-ау! Ойласаңдаршы! Қазақстанның басына қандай ауыртпалық түсіп отыр? Осы күнде сіиез жасайтын, сейіл құратын, әңгіме соғатын заман ба?.. Қазақстанның үштен екі есесі жоғалғалы тұрғанда не бетімізбен план жасауымыз, әдебиет гүлдендіремін деп ауызымыз барып сөйлейміз... өзгені тастап, мезгілсіз ажалмен алысуға атқа міну керек. Сіиез құрамыз деу елдің бір жағына топалаң тиіп жатқанда, бір жағы той қылып жатқанмен бір есеп”, ‒ деп терісіне сыймаған Жүсіпбек отты тілімен биліктің кезек күттірмейтін, өзекті мәселені қоя тұрып, дым болмағандай әлеуметтің көңілін әдейі басқаға алаңдату, көлденең іске бұру амалына наразылығын білдірді. Жазушының бұл байбаламы зердесі жүйрік сұңғылаларды қатты ойландырып-ақ тастады. Кейін өлкелік атқару комитетінің жанынан құрылған арнайы комиссия Семейден көмекке деп жиналған малды  Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахметсапа Жүсіпұлы, Шайқы Құлжанұлы, Ілияс Байменұлы, Қазкелді Қарпықұлы сынды азаматтардың аштық жайлаған Торғай өңіріне айдап әкеп, “бас пайдаларын көздеп үлестірген” деген жалған айып тағылды. Имандылық жолында, жақсылық істемек болғандардың моральдық жаны жараланып, ар-ұжданы тапталды. Бұл мәселеге байланысты “қылмыстық іс” қозғалып, сот жұмысы 8 күнге созылды. 1926 жылғы 22 наурыз күнгі сот отырысының мәжілісінде қоғамдық айыптаушы Бекұлының қорытынды сөзінде:

“...Бұл қылмыс ‒ 1922-інші жылдың жазында еңбекші елдің басына аштықтың қара тұманы түсіп, ана баласын, бала анасын жеп жатқанда, аштар тышқан аулап, ісіп, ыңыранып, өліп жатқанда істелген.

Бұл қылмыс ‒ аш адамдардың ауыздарынан бір жапырақ нанын жұлып жеп, сол заманда байлар мен молдалардың семіруін, баюын көздеген қылмыс.

Бұл мәселе зор. Мұның зор болуы аштар комитетіне кіріп мынау малды жинаушылар да, малды аш елге айдап келушілер де және сол малды болушылар да “Қазағым!” деп өзеуреп, қазақтың қорғанымын деп жүрген қазақтың оқыған азаматтары еді. Тіпті, бұлардың кейбіреулері ебін тауып партияға да, исполкомға да кіріп алып еді. Бұлар қазақтан шыққан азғантай большевиктерді қазақтың еңбекші табына жаны ашымайды деп, қалың елге бұзық қып көрсететін еді...

...Бұлар ‒ нашарлар табын байлар, молдалар табының табанына салғысы келгендер. Әлеумет мүлкін орынсыз шашушылар... Қоғамға зиянды, тапқа жау адамдар. Сондықтан бұлар жазаның ауырын тарту керек”  (“Еңбекші қазақ” газеті, 1926 ж., №66, наурыздың 26-сы.), ‒ деп саяси тапсырыс бойынша қара бояуды қалыңдау жағып, істің өңін теріс айналдырып, әлеуметті адастыратын ақпар таратты. Қызыл тілде буын жоқ. Ақты қара, қараны ақ деу бұл орталық өкіметтің пәрменімен ұлыт зиялыларының соңына шам алып түсудің нақты айғағы еді. Жүсіпбек Аймауытұлы сот мәжілісі үстінде өзін-өзі қорғап, үкіметтің істеуге тиіс жұмысына ерікті түрде мыңдаған шақырым жерді көктей басып, мыңдаған қандастарын ажал тырнағынан алып қалғаны үшін алғыстың орнына “жазаға тарту” ‒ қасақана зиянкестік, жеке бастың құқын өрескелдікпен бұзу екендігін шегелеп жеткізді. Сот үкімі Жүсіпбек Аймауытұлына тағылған қылмысты істен лажсыз “ақтап”, қалған азаматтарды 4 жыл мен 3 жылдың аралығында бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

Мұстафа Шоқайұлы РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлұлының “Төңкеріс және Түркістанның жергілікті халқы” атты кітабына сілтеме жасап, “Түркістандағы қазан төңкерісінің еңбегі сіңген басшыларының” бірі ‒ Тоболиннің Түркістан Орталық Атқару комитетінің мәжілісінде тұп-тура былай деп мәлімдегенін айғақтайды: “қырғыздар (қазақтар) экономикалық жағынан әлжуаз, марксистердің көзқарасы бойынша бәрібір құрып-бітуі тиіс. Сондықтан да төңкеріс үшін қаржыны аштық пен күреске шығындағаннан да... майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды...” (қараңыз, алғысөз ХІІ бет).

“Аштықтан өлгендердің (мұсылмандардың) санының мөлшері, ‒ дейді Рысқұлұлы (77 бет), ‒ орасан көп...” (Түркістанның қилы тағдыры. Құрастырған ‒ Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай. А.: Жалын, 1992, 75 б.). Шоқайұлы аштықтан жаппай қырғынға ұшыраған қазақ ұлытының тағдыр-талайы туралы кеңестік биліктің шен-шекпенін киген лауазымды ұлықтың не ойлайтындығын жасырмай, ашық білдірген жоғарыдағы пікірін әдейі келтірген. Бұл ‒ Түркістан өлкесінде большевиктік идеяны уағыздау мен таратуға жіберген “маркстік іліммен қаруланған” сенімді өкілдің жергілікті ұлыт мәселесіне қатысты Ленин мен Сталиннің саяси ұстанымын қалтқысыз орындағандығын айқындап тұр.

Жаны нәзік Мағжан Жұмабайұлының “Сұм өмір абақты ғой саналыға” деуіндегі метафоралық бейнелі “сұм өмірі” ‒ сол өзі ауасын жұтып тыныстап, суын ішіп сусындап, күллі азаматтық болмыс-бітімін, табиғи келбетін қалыптастырған кіндік қаны тамған атамекеніне, жер дүниеге сыйғызбай, байыз таптырмай тентіреткен қан-қасап, қапас кеңестік тоталитарлық билік жүйесіне ішкі наласы мен лағынеті еді.

Қазақстанда кеңестік билік орнасымен бюрократтық басқару аппаратын нығайту мен даурықпа ұранға айналдырған саяси науқаншылдықты үдетті. Қоғамдық ой-сананы кеңестік идеал тұтқан ауқымды жобаларды орындауға қауырт майдан ашты. Жиналыстар мен мәжілістер, конференциялар мен съездер көбейіп, ескіліктің кеселімен ымырасыз күресудің өзекті мәселелеріне пікір жарыстырған жаңа үрдістің насихатшы белсенділері білек сыбана саяси сахна төріне шықты. Өмір салтына сәйкес мәдениет майданында да тың бастамалардың көкжиегі кеңіді. Қызыл коммунистер өмірдің барлық саласында қазақтың дәстүрлі сабақтастық қалыбын бұзу арқылы астан-кестенін шығару, былық-шылыққа айналдыруды көкседі, сосын ғана ауа жайылған ретсіздікті өзінің саяси мүддесіне орай үйлестіруді мақсат етті.  Әйтеуір қиқу салған алашапқын көз алдарқату жаппай етек алды. Елдің ығырын шығарған саяси сілкіністер мен дүмпулер қазақтың шаруашылығын шатқаяқтатып, бар малын шаштырды. Мұның ақыры ішер асқа зар қылып, қыл үстінде тұрғанда кеңестік идеологтар өртенген үйдің жасауын ұрлағандай ұлыттың әлеуметтік дағдарысын өз пайдасына жаратып, жығылған үстіне жұдырық рухани есінен айырып, графикалық тілін ауыстыруды ойлап тапты. Бұл тіл құрылысы саясаты ‒ төрүк тілдес ұлыт пен ұлыстардың рухани бірлігін ыдырату мен этникалық отарлау үдерісін тездетті. Мың жылдық мәдениетінен қол үзгісі келмей, елдің әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеруге ауадай қажетті қаржы-қаражаттың орынсыз текке жұмсалуына қарсылық білдірген зиялы қауымды “ескішіл-жаңашыл”, “арабшыл-латыншыл” деп жікке бөлудің, араларына сына қағудың ұтымды сәті туды.

Зады, өткен ғасырдың 20–30 жылдары аралығында ұлыттық мәдениеттің дамуына субъективті, объективті сан алуан кедергілер болғанына қарамастан, Алаш азаматтары ғажайып ғылыми төлтума тырнақалды еңбектерді өмірге әкелгені қайран қалдырады. Қоғам өміріндегі өріс алған аштық, түрлі эпидемиялар, тұралап қалған шаруашылықтар, гиперинфляция, ұлыттың бас көтерген тұлғаларына қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін мәдени-рухани саладағы серпіліске бөгет бола алмады.          

Манап Шәміл бүркеншік есімімен Сәкен Сейфоллаұлы “Аштардың рухтары” атты мақала жазып, ит қорлықпен жандары ұшқандардың әруақтарымен бақұлдасты. Аққу ақын жантүршігерлік ашаршылық қасіретін көргенде ерекше толқыды, жүйе-жүйесі босады, көздің ып-ыстық жасындай тебіреніс сезімі мөлт-мөлт етіп, аппақ қағаз бетіне үзіліп-үзіліп түсті: 

“...Әрең басқан... өңі қашқан,

Тәлтіректеп аш, аруақ қуарған.  

Шыққан жерден, тұрған көрден

Өліктей боп, ұрттары суалған.

Біраз жүрді... біраз тұрды...

Аш аруақ жол ауызына құлады!

Біраз жатты... ышқынып қатты

Әлін жинап көтерілді, сұлады.

...Төңірекке көзін сүзіп,

Қазақ жұртын – бауырларын іздеді!

Өлгенінше жәрдем күтіп,

Тіршіліктен әлі күдер үзбеді.

...Жомарт едің, мейірімді едің,

Бауырларым, бабам қазақ, қайдасың?

Бар еді ғой сансыз малың,

Ол мал қайда,.. Кім көрді оның пайдасын?..” (Аш қазақ.“Ақ жол” газеті, 1922 жыл, 22 сәуір.). Төңкерістің от-жалынынан өткен “Қызыл сұңқар” отызыншы жылдары аштан өлген қандастарының мәйіттері шашылған Алматының аяқ алып жүргісіз көшелерін көргенде не ойлады екен! Сегіз қырлы, бір сырлы Сәкен сері шабыттана жырға қосқан “Советстаны”, сірә, кейін “Зымыстанға” айналарын ол әрине білмеген де болар!?

Сәкеннің бір қыры ‒ әдебиет тарихын зерттеушілігі. “Әдебиет һәм оның ағымдары” аталатын еңбегінде Сәкен былай дейді:

“... Бұған еліктеп Русианың 18 ғасырдағы ақыны Хирсакоф§ өзінің “Русиада” деген жырмен жазылған кітәбін бастағанда былай деп бастаған:

“Пою Россию Освобожденную,

От ига варваров татар”. Оның қазақша мәнісі мынадай болады:

“Русианы жырлаймын, ‒

Аң-хайуандай татардың

Құлдығынан құтылған...”.

Хирсакоф “Илиадаға” еліктеп, кітәбін соған ұйқас “Русиада” қылған. Осындай рухбен орыстың Екатерина деген хатын падшасын мадахлаб Держауин деген сол хатын падша заманының ақыны да азырақ еліктеб жазыб жүрді. Мәселен:

“О, Богоподобная царевна,

Киргиз-Касацкой орды!”. Оның мәнісі мынадай болады:

“Уа, Қазақ-Қырғыз Ордасының

Тәңірдей падша ханымы!”.

(Екатеринаны Держауин, бір мақтап өлең қылғанда қырғыз-қазақтың падша ханымы деп айтқан. Бұрын қырғыз-қазақтың, татардың мырзасы деп айтқан. Держауин Русианың ең алғашқы ақыны, өзі христиан дініне кірген ноғайдың мырзасы екені рас – Сәкеннің түсініктемесі.)” (“Қызыл Қазақстан”,1923 жыл, №15, 43 бет).

Қазақта “Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас” дейтін мақал бар. Ресей патшалық құрған заманнан саяси ұстанған бағыты ‒ атасы төрүк ұлыты мен ұлыстарын бөлшектеу, бір-біріне қарсы айдап салу, жерінің аумақтық тұтастығын бұзу, құтты қонысынан ығыстыру, рухани ауызбіршілігін жою, әлеуметтік жік салу, шаруашылық тұрмысын әлсірету, этникалық ассимиляцияға түсіріп, сіңіріп жіберуді мұрат тұтты. Бұл әрекетті ашық түрде жасағаны құпия емес. 1917 жылы билікке қарулы көтеріліс арқылы қызыл большевиктер келісімен төрүктекті ұлыт пен ұлысты қудалау, қыру, жоюдың диктатуралық, садистік зорлық-зомбылық әдіс-тәсілі шектен шыққанына өткен ғасырдың 20‒30 жылдары қазақ этносы 75‒80 пайызынан тірілей айырылып, бас сауғалап туған жерінен босып кетуіне мәжбүр етті. Қызыл империяның зұлыбмдығы қазақтың Кеңес өкіметін жан-тәнімен қолдаған зиялы өкілдеріне шейін түгелімен азаптау, қорлаудан кейін ату жазасына кесудегі мақсаты ұлыт ретінде жер бетінен түбегейлі жойып жіберу еді. Кеңестік қазақ әдебиетінің негізін салған Сәкен Сейфуллиннің ауыздан-ауызға жеткен атылар алдындағы соңғы сөзі қаншалықты өрлік пен өжеттікке, тәкәпарлық пен қайсарлыққа, ар-ұжданына қылау түсірмеген мәрттігі құлағыңның түбінен саңқылдап тұрғандай жігерді жаниды.      

“...Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да,

Елімді сатқаным жоқ, сатпаймын да,

Ақтығы жүрегімнің өзіме аян,

Бұл жолдан қайтамын деп, айтпаймын да...”.               

 Ресейде билікке қолы жетісімен қызыл коммунистер қазақты отарлаудың стратегиялық құпия жобасын жасады. Ең әуелі қазақты соңынан еріткен саяси-рухани жетекші интеллектуалдық күшінің ықпалын әлсірету, олардың ұлыт алдындағы абыройы мен беделін түсіру мақсатында өмірдің барлық саласында кешенді іс-әрекеттер жүргізу, алаштың пәрменді тұлғаларына қарсы ақпараттық соғыс ашу көзделді. Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы доңғалақ солай жүреді. Сондықтан алаштың бас адамдары салған сара жолды өскелең ұрпақтың мүлдем жадынан өшіру мақсатындағы идеологиялық ұстанымды әкімшілік-билік жүйесі қалтқысыз орындауға барынша белсенділік танытты. Алаштың асыл перзенттерін туған ұлытының тарихынан бөліп, жетпіс жыл бойы қапаста, қараңғыда жасыру ‒ бұл күннің көзін қолмен жапқысы кеп тыраштанғандай сорақылық еді.

Филип Исаевич Голощёкин [шын аты-жөні Шая Ицович-Исакович] қоғамда орын алған кез келген қарсылық пен наразылық белгілері, келеңсіз құбылыстарды аяусыз жаншып, кеңестік идеологияға көзсіз сенетін сананы қалыптастыру “ұлы құрбандықсыз” әсте болмайды деп ақталды. Бұл ретте жоғарыдан басқарылған ерекше нұсқау бойынша жергілікті әкімшілік-билік пен атқарушы органдар бұқара халыққа террорлық қысым жасаудың барлық шараларын қолданып, зорлық-зомбылықтың, жазалаудың не түріне ерік берді. Бейкүнә ел-жұрттың қолындағы бар дүние-мүлкін, азын-аулақ дән-дақылы мен жан баққан малын шырылдатып тартып алып, арытып, жұтатып, өлгені өліп, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс Кеңес өкіметінің талаптарын мүлтіксіз орындауды еріксіз мойынсұндырды. Қоғамдық өмірдегі болмыстың бетін бүркемелеу, жалған ақпарат тарату – ғылыми теріс пайымдауға, зерттеушілік қабілетті, табиғи таланттарды ақиқат жолдан тайдырып, жетпіс жылдан астам ұрпақтың ақыл-ойын шатастыруға мәжбүрледі. Алайда “алмас кездік қап түбінде жатпасы” аян. Күндердің күнінде шындық алмас кездіктей жарқ етіп, жарып шығарына шүбә жоқ. Ауруын жасырған өледі. Қанға малшынған қызыл империяның өтірікті саясатқа айналдырған ұстанымы ақыры түбіне жетіп, қураған теректей морт сынды. 

Мемлекет атаулының ілім-білімі мұрат тұтқан саяси бағыт-бағдарына байлаулы. Қазақ жастарына сапалы білім беруді желеу етіп, Мәскеуде оқуына таңдау жасаудың мақсаты – кеңестік құрылыстың идеологиялық мүддесін қорғауға жергілікті ұлыт өкілдерінен кәсіби мамандар даярлау мен іске тарту еді. Мәскеуде білім алған Ғаббас Тоғжанұлы, Ілияс Қабылұлы, [...], т.б. жастар қазақ елін “кеңестендіру саясатына” жан-тәнімен үлес қосып, Алаш зиялыларын, ұлыт басына төнген қиын-қыстау аумалы-төкпелі, аласапыран заманда өмірін құрбан еткен ақ-адал перзенттерін Айдың, Күннің аманында кір жағып, қаралап, опасыздық пен сатқындық жасап, ары мен қаны төгілген қасіретке ұрындырды. “Екі аяқты, жұмыр басты пендеге  “итсің, итсің” десе, үре бастайды” демекші қызыл коммунистердің идеологиялық дуасына арбалған “өзгерісшіл оқығандар” алаштың ардақтыларына ауыз салып, үргені былай тұрсын, қаба бастады. Демек, білімдінің бәрі бірдей ұлыттық қауіпсіздікке қызмет ете алмайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Қанша жерден жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деп әлгілердің қылмысын ақтағанмен, қазақтың тарихи танымында жуылмайтын дық қалып қойды. Қазақтың ойлау жүйесін, ұлыттық қадір-қасиетін, этникалық ерекшелік белгілерін жоюға барын салған идеологиялық ұстаным қайткенде де көшпелі елді дәстүрлі тіршілік үдерісінен жаңылтып, империяның айтқанымен жүру, айдағанына көнуге мәжбүрледі. Осы саясатты Қазақстанда жүзеге асыруға өткен ғасырдың 20 жылдары Мәскеуде білім алған “қазақ оқығандарының” бірсыпырасы қолжаулық болды. “Іштен шыққан жау жаман”. Қазақты құртқан өз ішінен шыққан сатқындар. Бұл қазақ арасынан екіжүзді, жалтақ, көріп тұрғанын айтуға жасқанатын жасанды “зиялы қауымды” қалыптастырды. Саяси ірі қайраткер, бейбітшілік үшін күрестің көрнекті өкілі Джавахарлал Неру “Отарлаушы елдің тәрбиесін көрген зиялы қауым – өз халқының басты жауы” деп тұжырымдайды. Талантты жастарды өз ұлытының ізашар санаткерлеріне қарсы қойып, ақ жолдан тайдырған кеңестік қызыл идеологтар қазақ этносына сұмдық зұлмат туғызды. Бір рет ұлытына опасыздық жасаған жанның бойы үйреніп, кез келген қиын-қыстау сәтте сатқындыққа психологиялық-моральдық жағынан бейім тұрады. Өйткені, ұлыт мұратына қиянат жасаған “зиялыларды” кеңестік саясат әрқашан марапаттау мен сый көрсету, ерекше құрмет пен биік мансапқа жеткізу арқылы қызыл империяның дегенін істетудің идеологиялық сенімді құралына айналдырды. Егер айтқанға көнбесе, тиісті мекемелер “күнәсін” жіпке тізгендей ел алдында әшкерелеп, құрта салу, оларға түк те емес еді. Сондықтан ұлытының мүддесіне қарсы әрекет еткен ондайлар Кеңес дәуірінде жалғанды жалпағынан басып өтті. Бұған біздің өткен тарихи тәжірибемізде мысал жетерлік. Ал, кейбір ірі істерге тапсырыс бойынша теріс куәлік бергендердің  артында із қалмас үшін “құпия қауіпсіздік орындар” олардың көзін құртып отырған. “Құлағын сатқан Тәңірі атқан, Оңдырар ма, оңар ма?!” деп Абай айтқандай, Алаш ардақтыларының арасында жүріп, дұшпанға “қоңырау” қызметін атқарған Әбдірахман Байділдин сияқты біреуге қазған орға өзі түскендер де аз емес. Мағжанның Байділдинге жазған эпиграммасында:

“Чик-чик,

Колокольчик

         Дин, дин, дин.

 Сылдыр-сылдыр,

         Былдыр-былдыр

Байділдин”, ‒ деуінің астарындағы уытты кекесін сыр осында еді.

Ресей патшалығынан жалғасқан, кеңестік қызыл коммунистердің дәуіріне ұласқан империялық басқыншылық саясаттың қазаққа жасаған сан түрлі қысымдары мен нақақтан-нақақ қуғын-сүргіні, аштан қатыруы мен жүргізілген құпия тәжірибелердің зардабы, ядролық қарудың және космостық сынақтардың жантүршігерлік зұлымдығы бейбіт күнде де жалғасты. Қазақ елінде ұдайы үстемдік еткен ұлыттық-этникалық ерекшелікке қарсы жойымпаздық саяси-идеологиялық майданның әсер-ықпалы іштен іріген шұбар жыландардың шығуына сеп болды. Ондайлар қазақ бола тұрса да, өз қандасына шекесінен қарайтын эгойстік астамшыл, мансұқтауға дайын тексіз, ана тілінде сөйлеуге арланатын сұрқия, тілі мен діліне өлердей өш жәдігөй, ұлыттық мүддесін табан астында тәрк етуге шімірікпейтін қуыс кеуделер. Мұндай халқының құнарлы қасиеті бойына сіңбеген сатқындар қай қоғамда да, қандай ұлыт пен ұлыста да болған. Демек, ондайлар қай қоғамдық құрылыста да өте қауіпті құбылыс. Егер ел басына сын сағат туа қалса, мұндай екіжүзділер туғанын да сатып жіберуден тайынбайтынын тарихтың ащы сабағы дәлел.        

1922–24 жылдары кәсіп игеріп, мамандық алу мақсатымен Алманияда (Германияда) оқуда болып қайтқан Ғ[азымбек] Бірімжанұлы, А. Мұңайтпасұлы, Қазыбекұлы, Битілеуұлы, Мұстафа Бөкейханов сынды азаматтарды “шет елге қызмет еткен жансыз” деп айыптап, қуғын-сүргінге ұшыратты. Мәскеуде білім алғандардан бұлардың ерекшелігі – бар ақыл-ойымен ұлытының кәдесіне жарауға талаптанғандығы. Олар сол үшін жазаланды.     

Кеңестік саясаттың шектен шыққан сұрқиялығы мен қатыгездігі Қазақ Елін каторгаға айналдырды. Эшелон-эшелон ұлыттар мен ұлыстар арнаулы күзетпен қазақ жеріне депортацияланды. “Таспен ұрғанды, аспен ұру” қазақтың қанына сіңген қасиеті. Бейтаныс жат жұрттың өкілдерін, тұтас мыңдаған аш-жалаңаш этникалық әртекті ұлыстарды қызыл империя атамекенінен көшірген, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған шақта, оларды қазақ халқы үйіне кіргізіп, бауырына тартып, аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдем қолын созды. Алаш азаматтарының артында қалған сүйген жарлары мен балалары да “халық жауының” отбасы ретінде жылы ұясынан күшпен сыртқа шығарылып, азап лагерьлерінде нақақ жазаланды. НКВД-ның “Алжир”, “Ақлаг”, “Қарлаг”, т.т. “лагтерде” мыңдаған аналар ондаған жыл бойы қамақта ұсталды. Сондай алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, қазақтың тұңғыш кинорежиссері – Ескендір Тынышбаев. Мәскеуде киноматография институтында оқып жүрген Ескендір аға қарындасынан әкесінің абақтыға қамалғандығы, кейін Воронежге жер аударылғандығы туралы жеделхат алады. Бұл суыт хабарды ести сала ол алып ұшып әкесіне жетеді. Барар жер, басар тауы жоқ, бейтаныс қалада көше сенделген Мұқамеджанға тұрғылықты мекенжайы мен азын-аулақ азық-түлігін дайындасуға және әзірше жетерлік қаражатпен көмектесіп, Мәскеуге оралған Есағаңды сол күні түн ортасы ауа “алашорданың байланысшысы” деген айыппен ОГПУ тұтқындап, жастық шағының 19 жылын концлагерьде өткізді. Бұдан тура он сегіз жыл бұрын марқұм Есағаңмен өз үйінде дидарласудың, оңаша сұхбат құрудың сәті түскен еді:

– Ең жаманы – өз еліңде, өз жеріңде, өз қандастарың, ет жақын бауырларың нұқып, “жаудың баласы” деп жүрсе, содан жаманы жоқ. Оны басынан өткізген жан жақсы біледі. Ал, абақтыда, концлагерьде барлық адам бірдей болды. Әлімхан Ермекұлы – мемлекет қайраткері, тау-кен инженері, әкеммен көп жыл пікірлес, қанаттас жүрген азамат. Ол екі рет Қазақ Елінің атынан Владимир Ильич Лениннің жеке қабылдауында болған. Әлімхан ағай қамаудан босанғасын Шымкентке келді. Ол кісіге әдейі барғанымда екеуіміз құшақтасып амандастық. Ағайға ағымнан жарыла, ант-су ішіп, “мен стукач емеспін!”, “Алаш” партиясына, менің әкеме шын жүрегіңізден адалын айтып, мінездеме беріңізші! – деп жалбарына өтіндім. Әлекең ба-а-р мейірімін төгіп, – Сені ақылды деп жүрсем! – деді де кеңкілдеп күліп алды. Сосын Ол “Нас можно сломать, но согнуть не может”, – деп орыс тілінде сауалыма көпше жауап қатты. – Коммунистік партияға кіргендер не тапты, бәрі атылып кетті. Мұхтар Әуезов екеуіміздің ойымызша, олар сатқындар, бәлкім, қулық та болған шығар, әркімнің өз ақылы өзіне жетеді. Ал, сенің әкеңе жететін адам жоқ, – деді.

Міне, “Шалқайғанға ‒ шалқай, төбең көкке жеткенше, Еңкейгенге ‒ еңкей, төбең жерге тигенше” деген халық даналығын бойына сіңірген Алаш ардақтыларының өмірлік кредосы.

Ашаршылықтың себебі көп. Соның бірі ‒ Кеңес өкіметі орнасымен бай, би, оқығын-тоқығандардың барлығын “феодализмнің өкілі, буржуазиялық интеллигенция” деген жалған ұран көтеріп, кедей, жалшыны билікке тартып, қоғамды қолдан надандандырып, тектілікке, рухани көсемдікке, өзінің көзқарасы, пікірі бар қазақ оқығандарына таптық жіктеу арқылы ақпараттық майдан ашып, саяси-идеологиялық шабуыл жасады. Байды жою, оның орнына кедей, жалшыны қою саясаты ‒ тексіздіктің салтанат құруына жол берді. Ауқаттылардың бәрін қуғын-сүргінге салудың қаһары көп ұзамай қалың бұқараны, тұтас ел-жұртты қамтып, талғауға дым нәр таппай тірілей аштан қатқан ұлыттық апатқа, айтуға ауыз бармайтын қасіретке соқтырған әлеуметтік-этникалық дағдарысты бастан кешірді. Сөйтіп көзінің алдын көре алмайтын “рухани соқырлар”, екіжүзді жылтыңдар, жағымпаз желбағарлар, парақор, жалақор имансыздар, шаш ал десе, бас алатын әңгүдіктер, ар-ұжданын аяққа басқан нақұрыстар, әпербақан, ұр да жық белсенділер ел бастауға, билік айтуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң орындарына, ұлыт тағдырына қатысты жауапты қызметтерге тартылды. Қазақтың “қолымен от көсетіп” қазақты қырғызудың саяси түрлі амалдарын жасауға мәжбүрледі. “Қолдан жасалған атқамінерлер” қазақтың обалына қалды. “Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы” деген халық даналығы еріксіз еске түсті. Идеологиялық насихат құралы саналған мерзімді баспасөз аттарын “Кедей”, “Кедей теңдігі”, “Кедей еркі”, “Кедей айнасы”, “Жалшы”, т.т. деп қою сәнге айналды. Қазақ қоғамын рухани кедейлендіруге саяси мүдде ақын-жазушылардың шығармашылық қуатымен әдебиет пен мәдениет майданында үлес қосуына ықпал етті. Өмірдің барлық саласында Мырқымбайлар, Шоқпыттар тізгінді қолға алған “жаңа заманның” тыныс-тіршілігі мен көркем шежіресін кескіндеді. Сонымен социалистік реализм әдісі “Ұлы Қазан” тудырған “жаңа адам” бейнесін көркем өнер мен әдебиетте сомдауды басшылыққа алып, қазақ қоғамының әлеуметтік билік жүйесін, буын-буын ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға жаршы болды.

Алғашқы төлтума оқулықтар мен оқу құралдарын Алаш білімпаздары жазғаны аян. Статистикалық дерек бойынша, 98% қара танымайтын сауатсыз елді тарихи қысқа мерзім аралығында ағарту шараларын жүзеге асырудың абыройы сол ардақтыларымыздың еншісіне тиесілі. Кеңестік дәуірде Алаш ақылмандарының тәрбиесін көрген шәкірт буын жаңа заманға лайық оқулықтар жазуға атсалысты және оны қолданыстағы оқу құралдарының ғылыми-әдістемелік деңгейінен әлдеқайда жоғары, әлдеқайда сапалы орындау үшін шығармашылық бәсекелестікке түсті. Мұндай талаптың өзі әуелгі әзірде бірсыпыра ізденуге, шындап еңбектенуге жетеледі. Бүгінгі таңда біздің елімізде жазу-сызуды меңгермеген пенде жоқ. Алайда ғылыми-технологиялық үдерістің қарыштаған ақпараттану заманында төл оқулықтардың ұлыттық тәрбие мен танымдық деңгейі Алаш арыстарының бір ғасыр бұрынғы еңбектерінен әлі аса қойған жоқ.

ВКП(б) Орталық Комитеті Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығына “саяси маньяк” Шая Ицович Голощёкинді жіберді. “Ауылды кеңестендіру – бұл шын мәнінде Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан барлық салада біздің жұмысымыздың ілгерілеуі үшін қазақ кедейлерін ұйымдастырмай әсте мүмкін емес, – деді Голощёкин (“Советская степь”, 1926, 5 мая) Екінші пленумде сөйлеген сөзінде” (В. Михайлов. Хроника великого джута. Документальное повествование. Алма-Ата СП “Интербук”, 1990. С. 58–59.).  Билік басына келгеніне екі ай өтер-өтпесте ол ауыл-аймақты аралап, таныспай-ақ “…ауылда байдың үстемдігі, рудың үстемдігі өзгеріссіз сақталған, шын мәнісінде өлкеде кеңес өкіметі орнамаған” (“Советская степь”, 1925, 4 декабря) деп байбалам салған көріпкел тұжырым жасады. “Советская степь” пен “Еңбекші қазақ” газеттерінің бетінде “Ауылды кеңестендіру”, “Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын” деген Голощёкиннің сөзі ұран етіп көтерілді. Көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ ауылының тыныс-тіршілігі мен қалыптасқан дәстүрлі қоғамдық ахуалымен мүлдем санасқысы келмеген Голощёкиннің “Кіші Қазан” өткізуді жар салған максималистік кеудемсоқ, оспадарлығы – қойға топалаң тигендей елдің есін шығарды. “Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы” дейтін текті ұлытымыздың жер қайысқан төрт түлік малын түгел сыпырып, мемлекет меншігіне күшпен тартып алудың сыры – биліктің не ойлағаны барын айтпай-ақ сездіргендей еді. Ораз Исаев Қазақстан Өлкелік Комитетінің VI пленумында сөйлеген сөзінде 1929 жылы 40 миллион бас малдың 1933 жылы саны 4 миллионға жетер-жетпес екендігін мойындауға мәжбүр болды. Сталиннен және Партияның Орталық Комитетіндегі негізгі басшылардан төтенше шаралар жүргізуге, авантюристік бағытты берік ұстауға рұқсат алған Голощёкин ашықтан-ашық:

“...Сіздер Зиновьевтің: “Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді”, – дегенін білесіздер. Кез келген топтың көсемдері Қазақстанға [яғни бұл арада Республика атын Голощёкин билік басындағы өзінің есімімен байланыстырып тұр – А.Мек.] қарсы шығып байқасын – бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады” (VI Всеказакстанская конференция ВКП(б), стенографический отчет, Кзыл-Орда, 15–23 ноября, 1927 г., стр. 137.), – деп (Нәубет. Құрастырушы З[ахардин] Қыстаубаев. А.: Жалын, 1990, 75 б.) өзеурей айбат шеге екпіндеуі тірек етер сүйенгені мықтылығының белгісі еді. Қолына тиген шексіз билікті оңды-солды пайдаланған Голощёкин бірінші кезекте өзіне бақталас білікті азаматтарды қудалап, тоз-тозын шығарып, жан-жаққа шашып жіберді. Сосын қой дейтін қожа, әй дейтін ажа болмаған соң “ұжымдастыру” деген желеумен көшпелі елді теспей сорған, шектен шыққан арсыздықпен тонаудың салдарынан бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген аштық зобалаңына ұрындырды. Қужақ (Алаш арыстарының Голощёкинге қойған лақап аты – А.Мек.) қолдан ұйымдастырған жан мен тәнді ашықтырудың, қасақана жұтатудың қазаққа түрлі пішіні мен әдісін қолданып-ақ бақты.             

1931-32 жылдары қазақ даласындағы аштықты баспасөз бетінде жазуға кеңестік цензура тиым салды. Бұл Алаш арыстары жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған, елден жырақ жат өлкелерге жер аударылып, концлагерьлерде нақақтан-нақақ азап шекті. Кеңестік билік бұл саяси науқанға қарсылық көрсететін ұлыттың әлеуметтік белсенді бөлігінің әрекет етуіне алдын ала қоғамнан оқшаулау әдістерімен мүмкіндігінен айырды. Сөйтіп Алаш азаматтарының құқын өрескелдікпен бұзған заңсыздық арқылы қазақ ұлытына қарсы жасалған нәсілшілдік қылмысын қызыл империя әлемдік қауымдастық алдында жасыруды мақсат етті. Бұл өмір сахнасындағы қасіретті қойылымның сценарийінің авторы Иосиф Виссарионович Сталин, режиссері Филип Исаевич Голощёкин [шын аты-жөні Шая Ицович-Исакович] болды.

Жоқ-жітік, аш-жалаңаш адамдар үйіндегі бар асыл дүниесін, атадан балаға мұра болған жәдігер бұйымын тірі қалу үшін талғажау етер талшыққа айырбастады. Осы ретте 1995 жылы абыз Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысқан Кёльн қаласынан келген Баймырза Хайт ақсақалдың баяндамасы еске түседі. Ол Германияға оқуға аттануға жиналған өткен ғасырдың 20 жылдары қазақ жерінде антиквар заттар мен кітаптар су тегінге сатылғанын, оның үйінде күлше нанға айырбастап алған сол кездегі қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты жалғыз-ақ данамен басылған 3 мың кітаптың сақталғанын айтқаны бар. Ол қандай кітаптар, оның қазақ мәдениеті мен тарихы үшін ғылыми маңызы бар ма? “Мәдени мұраға” байланысты тиісті мемлекеттік мекемелердің бұл деректің анық-қанығын зерттеу, іздестіру шаралары туралы бұған дейін бізге ақпарат белгісіз. “Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен” дегізген қарғыс атқыр шарасыздықтан жаны алқымға тірелген жұрт ескі-құсқы тулақ, тері-терсек, былғары етік, белдік, торсық, т.т. қолына іліккенін қазанға қайнатып, тісіне басты. Күш-қайраты барлар індетіп тышқан аулады, даладағы өскен шөптің тамырын қазып жеді. Ел ішіне түрлі жұқпалы індет тарады.

Ел ішінде әкімшілік биліктің жүргізген арандату саясатына наразылық дүмпулер өріс жайды. Ашынған жұрт әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа төзбей жергілікті өкімет орындарына қарсы күресті. Билік басындағылардың күткені де осы еді. Бұл жалаң қолмен бас көтерген қарсылықтар мемлекетке жасалған қылмыс ретінде аяусыз жаншылып тасталды. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың мәліметі бойынша, 1929 жылы Қазақстанда қатарында 350 адам бар 31 “бандалық құрылым”, 1930 жылы 1925 адамнан тұратын 82, 1931 жылы 3192 қатысушысы бар 80 “банда” әрекет еткен. Осы кезде селолар мен ауылдарда бұлардан басқа 2001 “дұшпандық топ” анықталған, оларда 9906 адам болған, сондай-ақ, 10 396 жеке қаскөйлер тұтқындалған. Осылардың әрекеттері салдарынан  1929–1931 жылдары 460 партия-совет қызметкері өлтірілген, 372 дұшпандық антисоветтік әрекет жасалып, 127 рет астық өртеу және малды уландыру оқиғалары болған (Нәубет. Құрастырушы З[ахардин] Қыстаубаев. А.: Жалын, 1990, 93 б.). 1931–1933 жылдар аралығында Адай округіне қараған Табын ауданында (Ақтөбе облысы кәзіргі Байғанин ауданы) кеңес өкіметінің саясатына қарсы көтеріліске шыққан. Табын ауданының 1930 жылдың 1 қазанындағы партия хатшысы Әлжановтың мәліметі бойынша үй саны 1930 жылы 11782, жан саны 62663 болса, 1932 жылы 5769 шаңырақ, 27943 адам қалды немесе тұрғын халықтың 52% ашаршылықтың құрбаны болды. Бұл цифрлар сол дәуірдің шындығын бейнелейді. Кемелденген социализм құрған өткен ғасырдың 80-ші жылдары Байғанин ауданының халық саны 28000 мыңға шаққа жетті. Мұнан шығатын қорытынды аудан халқының 30-шы жылғы демографиялық деңгейін қалпына келтіруге әлі алда талай жыл бар екен.  

Патша заманында да, кеңес дәуірінде де ресми жүргізілген халық санағында қазақтың саны ұдайы империялық мүдде тұрғысынан кемітіліп жазылды. Әрине, оның басқа да себептері бар болар. Көшпелі өмір салты тұсында қазақ метірке алуды, яки тууы туралы куәлік алуды білген жоқ. Сондықтан көшіп-қонған елдің саны империяның түтін салығының санымен есептелді. Бұл біріншіден, қазақтардың түтін салығын аз төлеуі үшін отбасының санын кемітіп айтуына итермеледі. Дәл осылай мал басының санын да шектеп берді. Екіншіден, империяның әскер қатарына алуынан сақтанып, еркек кіндікті жасыруына мәжбүрледі. Үшіншіден, жемқорлық, парақорлық өрістеген патшалықтың бюракраттық аппаратындағы шенеуніктері елден жиылған түтін салығынан “өз үлесін” айырып қалмауы мүмкін емес еді. Ал кеңес дәуірінде қазақтың нақты санын бұрмалаудың себебі әлеуметтік-этникалық мәселелерді шешуге жұмсалатын бюджет қаржысының құлағын ұстағандардың іштарлық қызғанышы мен империялық мүдде тұрғысынан бөлуіне негіз болды. Ең бастысы, қазақтың табиғи шикізат қорының байлығы мен санаткерлік, интеллектуалдық қабілет-қарымы (потенциалы) қызықтырғаны сондай – империя ерте ме, кеш пе этникалық-рухани ассимиляцияға түсіруді, яғни ұлыт ретінде түбегейлі жұтып қоюды көздеді. Мәселен, Қытайда бұдан елу жыл бұрын ресми есеп бойынша қазақтың саны бір миллион жарым деп көрсетілсе, сол дерек бүгінгі таңда да еш өзгере қойған жоқ. Демек, бұл империя атаулыға тән ортақ құбылыс. Бұдан шығатын қорытынды әр дәуірдегі қазақтың санына қатысты демографтардың сүйенген деректерінде елеулі ауытқушылықтардың болуы заңды құбылыс. “Молда айтқанның бәрі шариғат емес, Ғалым айтқанның бәрі қағидат емес” деген. Қазақтың санына қатысты бұған дейінгі “қатып қалған” цифрларға сын көзбен қараған жөн. Ол түгіл технологиялық жарақтың ақпараттану мүмкіндігі көз ілеспеген бүгінгі күні қазақтың өз қолы өз ауызына енді жетті-ау деген шағындағы санаққа бөлінген қаржы да шенеуніктердің жемсауына түсіп кетіп, анық дерегін біле алмай отырмыз емес пе?

Орынборда “Қазақ” газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлына салынған талай айыппұлдан құтқаруға демеу болған, миллионер, “Шора” журналының иесі, татардың классик ақыны Зәкір Рамеевтің бар байлығын большевиктер тартып алғаны, Дәрдман деген әдеби бүркеншік атпен төрүк әлеміне әйгілі тұлғаның ақыры аянышпен аштан өлгені белгілі. Сол сияқты Уфада қолжазба “Садақ” журналын Бейімбет Майлинмен бірге шығарған қазақтың классик жазушысы Жиенғали Тілепбергенұлы да аштықтың құрбаны болды. Пародокс сондай–ақ тарыдан дүниежүзілік рекорд жасаған Шығанақ Берсеұлы да аштықтан ажал құшыпты. Тере берсе, мұндай фактілер өте көп.

Кеңестік ашаршылық саясаты мен қуғын-сүргіннің зобалаңы қазақтың зияткерлік ойлау жүйесі мен биік өресін ойсыратып кеткені сондай ‒ ұлытқа тән дархан даналықтың көзі тартылып, босаған шелектей қаңғырлап қалды. Репрессия мәшинесі қоғадай жайпап өткен соң, қазақ қоғамы қаншалықты рухани құлазығандығын абыз Абайдың батасын алған, ілгерідегі Алаш алыптарының тәлім-тәрбиесін көрген жалғыз-жарым сарқыты Мұхтар Омарханұлы Әуезов сынды шалқыған түпсіз теңіз, асқар таудай биік білімпаз тұлғалары санасақ бір қолдың саусағына да жетпеді. Бұл геноцид ‒ ұлыттың тектік құнарының табиғи өсуі мен кемелденуіне, рухани-жасампаздық даму сипатының сапалық деңгейін ұзақ уақытқа тежеген этникалық тоқырауға ұшыратты.

Ашаршылық қазақтың ұлыттық құндылықтарынан түгел айырды. Қазақтың мыңдаған жылдық сұрыптауынан өткен асыл тұқымды төрт түлік малының тұқымы, ит пен құсының тұқымына шейін көз жазып қалуына әкеп соқтырды.

Ашаршылық ‒ қазақ ұлытын түбегейлі жоюға бағытталған кеңестік саяси-әлеуметтік, жойымпаздық жоба. Владимир Ильич Ленин ‒ Ресейдегі 1905–1907 жылдардағы орыс буржуазиялық төңкерісінің сәтсіздікке ұшырауының себебін талдай келіп, бұл ‒ 1917 жылғы Ұлы Қазан төңкерісінің жеңіске жетуіне үлкен дайындық болды деп бағалаған еді. Дәл осы сценарий бойынша қызыл империяның 1920‒24 жылдардағы жүргізген ашаршылық саясаты қазақ ұлытын түбегейлі этникалық жойып жіберудің 1931‒34 жылдардағы геноцидіне басты дайындық еді. Сондықтан 1931‒34 жылдардағы қазақ еліндегі аштықты кеңестік баспасөз құралдары жазуға идеологиялық қатаң бақылау жасап, цензуралық тиым салды. Бұл қызыл империяның қазақ ұлытына ашықтан-ашық бағытталған қылмысын бүркемелеген айла-шарғысы еді.

Осы екі аштықтың зардабынан қазақ арасында қанша қарны тойынса да, яғни өзі тойса да, көзі тоймайтын жемқор, бұрын-соңды жоқ мешкейлік, кембағал құлықты қандастар пайда болды. Әйтпесе, мемлекеттік жүйе өзгерген тарихи өтпелі дәуірде қазақ жерінің табиғи шикізат қорын оңды-солды талан-таражға салып, ұлыттық қазынамызды шет елге таратқандар байып, аз ғана жыл ішінде қалталы миллиардерлер шықты. Ал, сол деуге жарамаса да, жеуге жараған миллиардер шонжарлар қазақ мәдениетіне, ұлыттың рухани дүниетанымына айтулы үлес қосарлық не тындырды?!

Бұл сұмдықты көзбен көргендердің көңіл айнасындағы мәңгі қалып қойған көрініс суреті: “Сол тұста не көп ‒ шаруаға салатын салық көп: ет, жүн, май, тері-терсекті айтпағанда, сүйек салығы, мүйіз-тұқай салығы, тіпті ит терісінің салығына шейін (неге керек екенін бір Құдайдың өзі білсін) болғаны әлі есімде. Әкімдер мен өкілдер: “ет керек”, “жүн керек”, “май керек”, “сүт керек”, “астық керек”, “бәрін де орындау керек!” деп ұрандатқанды ғана білді. Жоспар біткенді асыра орындаймыз деп жанталасқан олардың  және жергілікті белсенділердің аузындағы сөзі: “Жерден қаз, көктен сау ‒ бәрін тап!” немесе “қайдан тапсаң одан тап: қаптың түбін қақ!”. Зіркілдеген өкілдердің зорлап, қару асынған милициямен қорқытып кедейдің жалғыз сиырын етке тапсырттырғанын көзім көрді. Әлгі байғұстың: “Енді қатын-балам аштан өлетін болды ғой!..” ‒ деп еңірегенде етегі толды. Оған қарап жатқан өкіл мен милиция жоқ...” (Нәубет. Құрастырушы З[ахардин] Қыстаубаев. Өтебай Қанахин. Өз көзіммен көрдім. А.: Жалын, 1990, 53 б.).

Батыс Қазақстанға әйгілі Қырдалыұлы Қызыл ақынның ашаршылық жылдары “Мешін-Тауық” атты әні ел арасына кең тараған. Жоқтау сарынындағы мұңды әннің мәтінінде мынадай жолдар бар:

“Қазаққа салмақ түсті Мешін-Тауық,

Жігітке атқа мінген болды қауіп.

Алаштан ән оздырған Қызыл ағаң,

Үйінен іше алмады көже тауып.

Қайырмасы:

О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!..

Жем-Сағыз, Ойыл-Қиыл бойлай жайлап,

Сан сатып, сала сайын бие байлап,

Кешегі баста бағым бар шағында,

Бәйгеге ат қосушы ем, Майлыбайлап...

Қайырмасы:

О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!..

Жайлаған сахараны елдерім-ай,

Алашқа аты мәлім ерлерім-ай!..

Заманының жан алқымнан алған шақта,

Шағайын кімге қайғы шерлерімді-ай!..

 Қайырмасы:

О-о, ерлерім-ай, О-о, елдерім-ай!..”, ‒ деп келеді.                      

Кеңестік аштық саясаты қазақ ұлытының сапалық және сандық өсуін жүз жылға кері шегерді. Қазақ ұлытының дамуы бір ғасырға тоқтатылып, күллі генофонды жойылып кетуге шақ қалды. Өз жерінде азшылыққа ұшырауы ұлыттық табиғи болмыс-бітімінің дамуы шектелуіне, рухани нәр алатын бұлақ көздері бітеліп, ана тілінің әлеуметтік-рухани қызмет аясының тарылуына ықпал етті. Бейнелеп айтқанда, бұл мың жыл бұрын бәйгеге қосылғандармен “қазақтың атын” салыстыратын бәз біреулердің негізсіз мансұқтауына себеп болды. Бұл біздің тарихымыздағы орны толмайтын зор шығын, Ұлы Қасірет. Қазақтың бестен үш бөлігі аштықтың құрбанына айналып сүйегі көмусіз иен далада шашылып қалды, бір бөлігі жан сауғалап шет жұртқа жер ауып кетуге мәжбүр болды, бір бөлігі қалт-құлт етіп, әупірімдеп, әрең дегенде ес жиып, ел қатарына қосылды. Демограф ғалымдар ХХ ғасырдың басындағы екі аштықтың зардабы болмағанда, қазақтың саны бүгінгі күні 30–35 миллионға жетер еді деген ғылыми болжам жасайды. Біздің пайымдауымызша, бұл цифр нақты емес. Себебі, 1897 жылғы патша өкіметінің санағы бойынша қазақ көрші өзбек ұлысынан [мамандардың зерттеуінше, бұнда өзбектердің Ресейге енген аймақтары ғана қамтылған дейді] үш есеге жуық артық, яғни, 4 миллион 84 мың болғаны аян (Козлов В. Национальности СССР. М., 1983 г.). Аштық зұлматын көрмеген, жаппай қуғын-сүргіннен аман өзбек халқы бүгінгі күні 30 миллионға жуық. Ал, қазақтар шет елдегісін қосып есептегенде 15–17 миллион шамасында. Демек, аштық болмағанда қазақтың саны 60 миллионның үстінде болар еді. Ендеше, ұлыт басына төнген аса қатерлі зобалаңды – тұтас этносты аштан қатырып, ақыл-есінен айырып, құтын қашырған сұмдықты қалай ұмытуға болады!? Мұндай қатерлі кесапаттың себеп-салдарын зерттемей, оған ғылыми бағасын бермеген ұлыттың болашағы бұлыңғыр. Сондықтан көктемнің жазға ұласар соңғы аптасын қазақты қынадай қырған “аштық саясатын” айыптайтын, орны толмас қасіретін еске алатын мемлекеттік деңгейдегі күнтізбеге енетін ҰЛЫТТЫҚ ҚАРАЛЫ КҮН жариялап, сүйегі алдақашан қураған, әр жерде көмусіз шашылып қалған ата-бабаның рухына тағзым етуді жыл сайын үрдіске айналдыру ләзім. Бұл әлі талайлардың жүрегінде жарасы жазылмаған тарихтың ащы сабағы – бейкүнә бейбіт елді бір оқ шығармай аштан қатырған империялық саясаттың опасыздығы. Қазақ даналығы “Өлі риза болмай, тірі байымайды”, – дейді. Демек, бұл – әруақ алдындағы ұрпағының азаматтық парызы. Осы игі шара бізді өз тарихымызға құрметпен қарауымызға үйретеді, сол арқылы ұлыттық топтасуымыз бен ынтымағымызға қызмет етуді, жас ұрпақтың отаншылдық сезімін оятуды насихаттайды. Ашаршылық туралы бұған дейін Жақан Сыздықұлы, Валерий Михайлов, Татьяна Невадовская, Шахан Мусин, Ғалым Ахметов, Өтебай Қанахин, Сапар Байжанов, Манаш Қозыбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Адам Мекебаев, Талас Омарбеков, Смағұл Елубаев, Тұрсын Жұртбаев, Мақаш Тәтімов, Бәйдібек Төлепбаев, Бейбіт Қойшыбаев, В. Осипов, т.б. қалам тартты. “Қазақтелефильмнен” “Великий джут” атты деректі фильм экранға шықты. Сценарий авторы – Валерий Михайлов, режиссёры – Қалила Омаров.

Жалпы, қоғамтанушы ғалымдар, әсіресе заңгерлер ашаршылықтың қазақ ұлытына тигізген кесапатын құқықтық тұрғыдан жан-жақты ашып беруге атсалысуы керек-ақ. Генетик ғалымдар ашаршылықтың ұлытымызға тигізген зиянын ашық айтатын уақыт келді. Өйткені қазақ “Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама” дейді, ал, тұтас ұлытты ашықтырудың зардабы қаншаға созылатынын кім білген? Әлбетте, украиндар сияқты біз империяның рухани мұрагерінен құн сұрауға әзір дайын емеспіз. Ол үшін әлі ғылыми-ағарту шараларын пәрмендірек жүргізу қажет. Мұстафа Шоқайұлы “Варшавадағы еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврейдің жүрегі ауырады” дегендей, қазақтың мәселесі – қазақтың бас ауруына айналғанда ғана бұл, бәлкім, өз нәтижесін берер...  

Табиғат-Ана көктемде жаңбыр, қыста қар жауып, кір-қоқыстан тазарып, иіс-қоңыстан жуынып-шайынып, шомылып тұрмаса – қоршаған ортаның экожүйесі бұзылады. Табиғаттың төлтума перзенті жұмыр басты пенде де дәл сондай – тәнін де, жан дүниесін де ауық-ауық мұнтаздай тазартып, рухани шомылып тұрмаса, көңіл айнасын айғыз-айғыз кір басады. Жоқшысы жоқ ел жетім. Жоғалтқанымызды түгендеу – елдік мұрат. Еркіндік сүйгіш, жасампаз ұлытымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы тәуелсіздігіне жетіп, әлемдік қауымдастық дербес мемлекет ретінде Қазақстан Республикасын танығанына да екінші онжылдық. Бүгінгі таңда еліміз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық іргесі қаланған, ішкі-сыртқы жағдайы тұрақты, бағыт-бағдары айқындалған, әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің санатында толық қалыптасты. Енді өз билігі өзіндегі мемлекеттің тарихи танымын ұлыттық мүдде тұрғысынан мұқият ғылыми тазартудың, қоғамдық сананы рухани сауықтырудың кезегі келді. Осы ретте мынадай ұсыныстарды ортаға салғанды жөн санаймыз:    

1.“Ана тілі” ұлыттық апталығы “Аштық құрбандары” атты айдар ашып, оған аштықтың зауалын тартқандар мен естіген ұрпақтары өздерінің көрген-білгенімен бөлісіп, қалың көпшілік үн қосса, тарихи вакуумды толтыруға себі тиер, әруақ алдындағы игілікті іс болар еді.

2.Мемлекеттік тапсырыс бойынша “Қазақфильм” киностудиясы ұлыттық қасіретті бейнелейтін деректі және көркем көп сериялы кинофильм түсіруге бәйге жарияланса.  

3.Елорда мен Алматыда және облыс орталықтарында аштық құрбандарына арналған көздің жасы көл болған ұлыттық апатты бейнелейтін айналасы қырмызы қызыл гүлге оранған композициялық субұрқақ (фонтан) ескерткіш орнатылса.

4.Республикамызда көктемнің соңғы бір аптасы аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын ресми мемлекеттік аза тұту күндері жарияланса.

5.Шығармашылық одақтар мен жекелеген өнер қайраткерлері аштық тақырыбына өздерінің зияткерлік қабілетімен атсалысса.

6.Бұл күндері Құдайдың Үйі – мешіттер мен шіркеулер де аштық құрбандарының рухына арнап дұға оқылса.

7.Өткен ғасырдың 20–30-жылдарындағы аштық тақырыбына тың құжаттарды сөйлетіп, арнайы ғылыми зерттеу монографиялар жазылса.

8.Мұрағат, кітапхана қорларында сақталған құжаттар мен фотосуреттер және бейнетаспалардың көрмесі ұйымдастырылса. 

9.Бұл күндері бұқаралық ақпарат құралдары аштық тақырыбына арналған цикл хабарлардың бағдарламасын жасаса.

§ Мұра болғандықтан түпнұсқадағы емлелік, орфографиялық ерекшелікті сол қалпында сақтадық – А. Мектеп-тегі.

Пікірлер