Мәжіліс төрағасы Қырғыз парламентінің депутаттарымен кездесті

986
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевпен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан мен Қырғызстан парламенттері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық кеңестің екінші отырысына қатысты.

Жогорку Кенеш депутаттарымен кездесу барысында басты тақырып – парламентаралық ынтымақтастықты нығайту болды.

"Ағайынды Қырғызстан әрдайым еліміздің сенімді стратегиялық серіктесі және солай болып қала бермек. Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі кездесулердің қарқыны да, мазмұны да ынтымақтастығымыздың одақтастық сипатын айшықтайды. Президент Садыр Жапаровтың биылғы Қазақстанға жасаған ресми сапарының тарихи маңызы зор болды. Одақтастық қатынастарды тереңдету мен кеңейту туралы мемлекетаралық шарт және бірқатар маңызды салалық келісімге қол қойылды", – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері қырғыз әріптестеріне Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер туралы айтып берді. Ол сондай-ақ көппартиялы Мәжілістің VIII шақырылымдағы заңнамалық қызметі туралы хабардар етті. Әсіресе, Қазақстан қоғамы үшін маңызы зор "Ұлттық қор – балаларға", әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, құмар ойынға тәуелділік пен есірткі өндірісіне қарсы күрес туралы заңдарға кеңінен тоқталды.

Ресми сапардың екінші күніне Ерлан Қошановтың Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаровпен кездесуі жоспарланған.

Пікірлер