Елдік белестері

4808
Adyrna.kz Telegram

Бұрынғы бір «ертегі» – бүгінгі күннің ермегі. Заман да, адам да өзгереді. Уақыт өте келе тарихи шындыққа негізделмеген, үстіртін ой-пікірлер ығысып, дәйекті жаңа тұжырымдарға орын беріліп жатады. Себебі бұл – өмір заңы, онсыз қоғам дамуы жөнінде сөз болуы мүмкін емес. «Жеңіске жеткендердің» «ой қуатымен» жазылған қазақ халқы тарихының пайымдалуы да соңғы уақытта өзгеріске ұшырауда. Қайта қарастырлып отырған проблемалардың ішінде көшпелі социумдардың өркениеттің құрамды және интегралды бөлігі екендігі, көшпелі қоғамды отырықшы және қалалық даму жолы тәжірибелеріне негізделген тұжырымдамалар мен схемалар арқылы түсіндіруге болмайтындығы дәлелденіп отыр. Осыған қарамастан қазақтардың өз дамуында «шаруашылық қауымнан», не болмаса «әскери одақтан» жоғары көтерілмегендігі туралы «уәждер» әлі де кейбір саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан сан-саққа жүгіртілуде. Қазақ халқының тарихын бұрмалап, ол жөнінде әлем жұртшылығына теріс түсінік беруге тырысушылықтың мақсаты – халқымыздың өткенін тарихи құжаттар негізінде саралап, өзінің ой-пікірін білдіру емес, еліміздің егемендігіне, ішкі, сыртқы саясатына күйе жағу екендігі құпия емес. Осыған орай 1996 жылдың сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың: «Бұдан бұрынғы кезде қазақтардың мемлекеттілігі болмағандығы туралы түрлі сыпсың пікірлерге тосқауыл қою қажет», «тарих ғылымының кезек күттірмес міндетінің бірі» осы деп айтқан ұлағатты сөздерінің мән-мағынасы мен өзектілігі күн санап артып келеді (Егемен Қазақстан. 1996. 30 сәуір).

Қазақ халқына ақыл айтуға, оның әлемдік өркениеттегі орнын өзі белгілеуге бейім авторлардың мәлімдемелері, мүмкін, оның Ресей құрамында болған кезін меңзейтін шығар. Мұндай жағдайда олармен келісуге де болады. Ресей империясының құрамына енгеннен кейін қазақтардың өз мемлекеттілігінен айырылғаны рас. Патша өкіметі ХVIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ мемлекеттілігін жоюға, Орта жүз бен Кіші жүз хандарын сайлаусыз, өзі тағайындауға тырысты. Ал, ХІХ ғасырдың 20-жылдары хандық билікті біржолата жою шаралары жүзеге асырылды.

Кеңес заманында да, сөз жүзінде болмаса, қазақ ұлттық мемлекеттілігі қалпына келтіріле қойған жоқ. Қайта жартысы қырғынға ұшырап, қазақ халқы тарих сахнасынан өшіп кетуге аз-ақ қалды. Осылайша қазақтар екі жарым ғасырдан астам уақыт бойы отарлықтың құрбанына айналып, өзінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы тұрғысынан кенжелеп қалды, ұлттық санасы уланды, сан алуан тәжірибе нысанына айналды…

Алайда өткенге – салауат дейік. Дүние жүзінде отарланған ел – біз ғана емеспіз. Ресейдің өзі де екі жарым ғасыр бойына Алтын Орданың құрамында күн кешкен жоқ па еді?!

Талас тудырып келе жатқан мәселе – білімділігінен гөрі менмендігі басым, еуроцентристік көзқарасты тарихи шындыққа жетудің бірден-бір методологиясы ретінде қарастыратын авторлардың мұнан бұрын да, яғни Ресеймен бетпе-бет келгенге дейін «қазақтардың мемлекеттілікті бастарынан кешпегендігі» жөніндегі пікірлері.

Қазақтардың өз дамуында мемлекеттілік дәрежеге қолдары жетпеді деушілер сол баяғы, ХVIII ғасырдан бергі көшпелілік пен мемлекеттілік бірін-бірі жоққа шығарады-мыс секілді болжамдарға сүйенеді. Олар қазақтарды сайын сахарада табиғат маусымдарына орай көшіп-қонып жүрген, ұшарын жел, қонарын сай білетін адамдар тобыры ретінде ғана қабылдайды. Мұндай пікір Гегель және басқа да батысеуропалық философтардан кейін патшалық Ресей заманындағы А.И. Левшиннің еңбегінен бастау алды. Ресейдің Орталық Азиядағы «ағартушылық миссиясы» деген тұжырымдама осыны талап етті.

Кеңес заманында да қазақ мемлекеттілігіне көзқарас түбірлі өзгере қоймады. Ол уақытта «қазақтарда мемлекет болды» деген сөз үшін ғана оның авторына «ұлтшылдық» айып тағыла салатын. Осылайша 1945 жылы «Большевик» журналында жарық көрген М.А. Морозовтың мақаласында Қазақстан тарихына арналған еңбек авторлары «ұлтшылдар» болып шыға келді.

Материалистік әдіснаманы ұстанған ғалымдар мемлекеттің пайда болуы мен дамуын таптық қатынастардың жемісі ретінде қарастырды да, Еуразия көшпелі социумы тарихының күрделі беттерінің бірі болып табылатын бұл мәселе жөніндегі пікірталастар негізінен «көшпелі феодализм» шеңберінде өрбіді. Өз кезегінде бұл тұжырымдама орта ғасырлар мен жаңа заманның бас кезіндегі көшпелілердің мемлекеттігін феодалдық қоғамдық қатынастардың дамуы тұрғысынан зерттеуге ғана мүмкіндік берді.

Зерттеушілер негізгі өндіргіш күш ретіндегі жерге қалыптасқан феодалдық жеке меншіктің болмауына байланысты қазақтарда мемлекет құрылмады және оған тиісті жағдай тумады, тек мемлекеттіліктің кейбір нышандары ғана байқалды деп түйіндеді.

Л.В. Дюков, А.М. Давидович деген авторлар қоғамның рулық-тайпалық негізде ұйымдасуының сақталып келгендігіне байланысты қазақтарда 1917 жылға дейін ешқандай мемлекеттілік болған емес, қазақ қоғамы ХV – ХVIII ғасырларда әскери демократия жағдайында өмір сүрді деген қасаң қағиданы дәлелдеуге тырысты. Ондағы априори айтатындары таптар, тайпалар одағы және мемлекеттің қалыптасу процесі бір уақытта, қатарласа жүрмейді-мыс. Бұл авторлар жеке меншік, таптар және таптық күрес қана қоғамының рулық-тайпалық ұйымдасуын өшіріп, оны мемлекетпен ауыстырады деп есептейді.

Мемлекеттің пайда болуына қажетті алғы шарттарды жерге жеке меншіктен, таптар мен таптық күрестен іздеушілік, оны бір таптың екінші тапты бағыныштылықта ұстау құралы ретінде есептеу сан алуан сұрақтар тудырып, зерттеушіні тығырыққа тірейді.

Материалистік әдіснама көшпелі қоғамда туыстық және генеалогиялық байланыстар негізінде мемлекеттің пайда болуы жөніндегі көпшілік таныған идеяны мүлдем қостамайды.

Бұл секілді философиялық-әлеуметтанушылық ағымның кезінде еуропалық елдердің тарихи дамуының тәжірибесіне негізделген ой-пікірдің жемісі екендігі, көшпелі қоғамды оның тар шеңберінде ұғынудың мүмкін еместігі ғылыми әдебиетте мойындалған. Көшпелі социумдардағы биліктік қатынастардың мәні мен ерекшеліктерін отырықшы-егіншілікті мемлекеттердегі биліктік қатынастар моделі тұрғысынан түсіндіру мүмкін емес.

Тарих ғылымында көшпелілердің, олардың ішінде қазақтардың орта ғасырларда саяси және әлеуметтік дамуы жөнінде жаңа көзқарастың орын алып отырғандығына, ғылыми айналымға қытай, араб, парсы, түрік дереккөздерінің енуіне байланысты көптеген тақырыптарға басқаша баға берілуде екендігін естімейтін «саяси саңыраулық» бүгін де баршылық.

Дүние жүзінің көптеген ғалымдарының еуразия тұрғындарының әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқандығын жазып жүргені бүгін ғана емес. Неміс ғалымы Г.Шварц: «Сонау көне заманнан қазіргі уақытқа дейін Орталық Азия мен оның тұрғындары бүкіл адамзат баласына зор ықпал жасап келеді. Орталық Азиясыз көршілес жатқан елдердің тарихы қаншалықты түсініксіз болса, шығыстағы Қытай, батыстағы Жерорта теңізі маңайындағы мемлекеттер мен оңтүстігіндегі Үндістансыз ортаазиялық елдердің тарихы соншалықты бұлдыр көрінер еді», – дейді (Гельмгольт Г. История человечества. Всемирная история. Т. ІІ. СПб, 1902. С. 112, 115).

Ғалымның бұл сөздері көшпелілердің томаға-тұйық, Даниель Дефоның ХVII ғасырдағы беймәлім аралында өмір сүрмегендігін, олардың орасан зор аймақта отырықшы мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді.

Мұндай пікірдегі Г. Шварц – жалғыз емес. Профессор И.С. Брагинский де: «Орта Азия – адамзат өркениетінің алғашқы ошағының бірі ретінде есептеледі», – деп жазады.

Көшпелілер жөніндегі позитивті ой-пікірлердің, жазба және археологиялық жәдігерлердің молаюы біраз ғалымдарды ескі қисындар мен пайымдаулардан бас тартуға мәжбүрледі. Олар енді көшпелілердің уақытша мемлекеттік бірлестіктерге қол жеткізуі мүмкін, алайда бұл құрылымдар отырықшы халықтардың ықпалымен дүниеге келді дегенге көшті. Басқаша сөзбен айтқанда, көшпелілер жасампаздық әлеуеті төмен, еліктеуге ғана қабілеті  жетерлік халық болып шығады. Мұндай тұжырым 1996 жылдың 3-5 сәуірінде Алматы қаласында өткен «Қазақстанның мемлекеттілік эволюциясы» деген халықаралық конференцияда жасалған бір баяндамада көрініс берді. Онда Ұлы даладағы көшпелілер мемлекеттілігінің шаруашылық қызметтің ұйымдасуын қамтамасыз ете алмағандығы, сонымен бірге көп жағдайда геноцидпен аяқталатын үздіксіз соғыстарға әкеліп отырғандығы, өте тұрақсыздығы, қайшылықтарды шешу қабілетінің төмендігі, өз үстемдігі арқылы Ресейдің Ұлы далада, кейін Түркістанда тыныштық орнатып, Еуразияның геосаяси біртұтастығын қамтамасыз еткендігі туралы пікір алға тартылды (Вестник КазГУ. Сер. истории: 1996. №3. С. 192).

Бұл сөздерді айтып тұрған бүгінгі күнгі құрметті профессор емес, Ресейдің «культуртрегерлік миссиясын» уағыздаған ХІХ ғасыр авторы ма деп қаласың!

«Мемлекет» дегеніміз не? Әдебиетте оның жүзден астам анықтамасы бар. «Қазақтарда бұрын мемлекет болмады» деп жүрген авторлар оның батыстық моделін ғана мойындайды және ол «классикалық анықтама» деп аталады. Оған сәйкес келмейтін мемлекеттік құрылымдар «ерте феодалдық», «мемлекеттік функциялары шектеулі» саяси ұйымдасу формасына жатқызылады.

Еуразия көшпелілерінде соңғылар генераторлық сипаттағы ішкі күштердің емес, сыртқы факторлардың ықпалымен пайда болды, олар «классикалық дефиниция» тұрғысынан шынайы мемлекетке жатпайды делінеді.

Бұл ағым өкілдері мемлекеттіліктің орын алуын көшпелілердің отырықшы өңірлермен қарым-қатынасқа түсуімен байланыстырады. Олардың бір өкілі – Т. Барфилд (АҚШ) «далалық империялардың» (саяси орталығы Монғол үстіртінде орналасқан мемлекеттерді айтады. – К.Е.) пайда болуы және өмір сүруі мен Қытай мемлекетінің саяси және экономикалық күш-қуатының артуы арасында каузальды байланыс болғандығын дәлелдеуге тырысады. Қытай бір орталыққа  бағынған және қуатты мемлекетке айналған кезде көшпелілер де сондай деңгейге көтерілді, Қытай саяси анархия мен экономикалық депрессияға ұшырап құлдыраған шақта, далалық мемлекеттер де сондай күйге түсті дейді ол.

Профессор Питер Голден (АҚШ) Еуразияның көшпелі түркі тайпалары «алғашқы қауымдық», яғни мемлекетсіз қоғам мен «дамыған күрделі қоғам» сатылары арасында өмір сүрді, сол себепті әңгіме мемлекеттің пайда болуы емес, көшпелілердің мемлекеттілікті сырттан әкелуі, немесе өмір сүріп жатқан мемлекетті көшпелілердің жаулап алуы жөнінде ғана болуы керек дегенді айтады.

Мұнан П. Голден тұжырымдарының Т. Барфилд теориясының көшірмесі екендігін көреміз.

Профессор А.М. Хазановтың «Көшпелілер және сыртқы дүние» атты кітабының квинтэссенциясы да «көшпелілер өз алдына, сыртқы дүниенің тікелей ықпалынсыз өмір сүре алмайды» дегенге саяды.

Далалық империялардың қуатты Қытай империясының «көлеңкесі» ретінде пайда болуы жөніндегі теорияның тарихи фактілерге сәйкес келмейтіндігі көптеген ғалымдар тарапынан дәлелденіп отыр. Профессор Майкл Дромп (АҚШ) «Ішкі Азияда империялық мемлекеттің құралуы» деген мақаласында VI – IX ғасырлар арасындағы түркі мемлекеттері тарихын зерттеу жұмыстары нәтижесінде Т.Барфилд теориясының бұл мемлекеттердің пайда болуы мен ыдырауын түсіндіре алмайтындығын, сол себепті оның негізсіздігін көрсетіп берді.

Никола Ди Космо (Италия) Т.Барфилдтің билік циклдары проблемалары мен биполярлық экономикалық модельге негізделген тұжырымдамасының шектеулілігіне нақтылы дәлелдер келтіріп, оның орнына көпфакторлы әдіснаманың маңыздылығына тоқталады.

«Мемлекет» дегеніміз, құрылымдық функционалдық талдау тұрғысынан алғанда, қоғамды ұйымдастырушы – реттеуші жүйе, сонымен бірге қоғамның ресми билік органдарының және атрибуттарының тұтас жиынтығы болып табылады. Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің объективті және субъективті алғы шарттары қандай жағдайда қалыптасып, қоғамды ұйымдастыру және реттеу қажеттілігі туындайды? А.М. Хазанов, Н.Н. Крадин, Т.Д. Скрынникова және басқа да ғалымдардың еуразиялық көшпелілер қоғамында басқару сұранысына әкелетін катализаторлық сипатқа ие ішкі күштер болмады деген пікірлерінде негіз бар ма?

Көшпелі экономиканың тұрақты дамуы және қосымша өнімнің, кейбір жағдайда отырықшы – егіншілікті аудандардан да, көп өндірілуі еуразиялық түркілерде басқару аппаратын құруға жетелегендігі тарихи дереккөздерімен дәлелденеді.

Материалдық және адам ресурстарының жинақталу және шоғырлану процестерін былай қойғанның өзінде, көшпелілер қоғамында бір саяси құрылымға бірігудің экономикадан тыс жатқан, мүдделілік пен қажеттіліктен туындайтын факторлар баршылық. Оларға: қауымдар арасында жерді пайдалану жөніндегі өзара қатынастарды реттеу, көшу бағыттарын анықтау, жайылымдықтарды бөлісу, руаралық мәселелерді шешу, экологиялық, одан туындайтын әлеуметтік және экономикалық апаттарды болдырмау, көрші отырықшы және көшпелі өңірлермен сауда-экономикалық және саяси қарым-қатынастарды ұйымдастыру, сыртқы жаулардан қорғану жатты.

Осы қажеттіліктер тайпалардың, тайпалық одақтардың, олардан да жоғары тұрған бірлестіктердің, жүздердің және т.б. ірі бірлестіктердің (мысалы, алшын, «алаш мыңы») қалыптасуына әкеледі. Саяси эволюция барысында бұл әлеуметтік организмдер арасындағы қатынастарды реттеп отыруға қажетті тетік ретінде иерархиялық сипаттағы потестарлық-саяси ұйым пайда болады. Ол генеалогиялық туыстық принципіне негізделеді. Әскери-потестарлық бірлестіктер басқа рулар мен тайпалар есебінен ұлғайып, осы негізде мемлекеттік бірлестік – хандық құрылады.

Сонымен көшпелі мал шаруашылығы өндіріске қатысушылардың барлығынан жоғары деңгейде ұйымдасуды, қоғамның ішкі өмірін де реттеп отыруды талап ететіндігін көреміз.

Басқаша сөзбен айтқанда, көшпелілердің өзінің саяси дамуында тек тайпалық конфедерация дәрежесіне жеткендігі, мемлекеттіліктің қарсаңында ғана тұрғандығы жөніндегі пікірлердің негізсіздігі айқындала түседі. Көшпелілік мемлекеттілікті жоққа шығармайды, көшпелі социумның даму заңдылықтарыда тіршілік императивтеріне бағынады. Алайда көшпелі өмір сүру салты жөнінде қаншалықты теріс көзқараста болғанымен, көшпелілердің барлығын бірдей «номадтар» деп жалпылама қарастыруға болмайды. Зерттеулерде көшпелілер қоғамына қатысты терминологиялардың да түрліше қолданылатындығы ескеріле бермейді және олардың семантикасы түрліше ұғынылады. Индиана университетінің профессоры Лоуренс Крадер (кейін Германияға қоныс аударды) қазақтар тарихына арналған еңбектерінде мал шаруашылығынан тәуелді адамдар қоғамына «пасторализм» (бақташылық) терминін қолданады.

Бірақ әдебиетте «бақташылық» пен көшпелілік терминдерінің қолданылуы да бір жүйеге түспеген. Профессор А. Хазанов «бақташылықтан» гөрі «көшпелілер» терминіне ден қойса, Т. Барфилд «көшпелі бақташылық» терминіне ықылас танытады. Оның (яғни Т. Барфилдтің) жерлесі Д. Синор номадтардың барлығы бірдей бақташы болған емес және бақташылардың бәрі бірдей номадтар болған жоқ деп дұрыс ескертеді (Sinor D. Reflections on the history and historiography of the nomad empires of Central Asia // Acta Academiае Hung. Vol. 58 (1). 2005. P. 7). Шынында да «номадтардың» барлығы бірдей көшпелілер болған емес, сол себепті бұл екі терминді синонимдер ретінде алуға негіз жоқ (мысалы, тайга терімшілері немесе аңшылар, мұхит үстіндегі көшпелілер, бұғы өсірушілер т.б.). Д. Синор саяси орталығы Еуразияның ашық өңірінде орналасқан тұрғындарды «аттылы номадтар» деп атағанды жөн көреді.

Қалай болғанда да Еуразия халықтарының тарихын, әсіресе, оларда мемлекеттіліктің пайда болуы тетіктерін зерттеу үшін барлығына бірдей «жалпы заңдылықтарды» таңбай, әрқайсысын нақтылы түрде, бірақ көршілес елдермен байланыстар контекстінде қарастыру қажет. Себебі мемлекеттердің құрылу процестері мен формалары түрлі халықтарда біркелкі бола бермейді. Көшпелі тұрмыста өмір сүрген халықтарда да мемлекет генезисінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Орталық Еуразия тарихының негізгі концепциясына тән жалпы қателік бұл өңір тұрғындарының үздіксіз миграциялық қозғалыста болғандығы жөніндегі көзқарас болып табылады. Батыс тарихшыларының пікірінше, «аттылы көшпелілер – жаулаушылар» Қытайдан Еуропаға үнемі жорықтар ұйымдастырып отырады. Ішкі Азия арқылы Қытайдан Еуропаға жалпы миграцияның жасалуы жөніндегі идея Жозеф де Гиньнің «Хундардың, түріктердің, монғолдардың және шығыс татарларының жалпы тарихы» деген еңбегінен бастау алады. Батыс авторларының еуразиялық көшпелілердің үнемі ұласпалы реакциялық сипаттағы миграция құшағында болғандығы және миграциялық қозғалыстың тек Шығыстан Батысқа қарай бағытталып отырғандығы жөніндегі пікірлері де тарихи шындыққа сәйкес келмейді және мемлекеттілік тарихын зерттеуге көмек бермейді.

Орталық Еуразия тарихнамасы, деп жазады Д. Синор, кітаптан кітапқа, мақаладан мақалаға ауысып отыратын негізсіз клишелер, жалған түсініктер мен болжамдарға толы.

Қазақ мемлекеттілігін жоққа шығаруға тырысушылықтың астарында геосаяси мүдделерден туындап жатқан мәселелерді былай қойғанда, ғылыми зерттеулердегі кедергілерде баршылық.

Сонымен бірге көптеген ізденістердің әдіснамалық тұрғыдан әлсіздігі – оларда еуразиялық кеңістік тұрғындарының экономикасын «таза көшпелілік» сипатта ғана танып, басқа шаруашылық укладтарын жоққа шығаруында; көшпелілік пен отырықшылық арасындағы қарым-қатынастарды антагонистік сипатта емес, екі өндіріс тәсілінің ықпалдасуы, симбиозы ретінде қарастырылмауында, әсіресе, қазіргі Қазақстан аумағында ерте және орта ғасырларда пайда болып, бірін-бірі ауыстырып отырған (сақтар, сяньби, ғұндар заманынан бастап) мемлекеттердің қоғамдық құрылысы, билік институттары т.б. белгілерінің бір-бірімен салыстырмалы зерттелмеуінде.

Алайда қазақ мемлекеттілігі жөнінде түрлі қаңқу сөздердің таралуының басты себебі өзімізде көне дәуірден Қазақ хандығына дейінгі кезең жөнінде этногенетикалық, мемлекеттілік, ділдік, тілдік, діни, әдет-ғұрыптық, антропологиялық дәстүр сабақтастығына негізделген кешенді де іргелі еңбектің жоқтығына байланысты. Бұл орайда отандық ғалымдардың сан алуан объективтік қиыншылықтармен ұшырасып отырғандығыда жасырын емес.

Осылардың кейбіріне тоқталатын болсақ, көне және ортағасырлық дереккөздерінде этнонимдер мен әкімшілік терминдердің зерттеліп отырған халықтың тіліне сәйкес келе бермейтіндігі және бір халықтың бірнеше атаумен ұшырасатындығы. Мысалы, хундар византиялық дереккөздерінде тоғыз, венгрлерде он тоғыз түрлі аттарымен белгілі. Венгрлер өздерін түркі тектес мажарлар деп санайды, фин-угор тілінде сөйлейді және әкімшілік теминдері славян тілінде қалыптасқан. Басқаша сөзбен айтқанда, әкімшілік термнологияға да, этнонимдерге де үлкен сақтықпен қарау керек. Мысалы ІХ ғасырда Русь халқының жетекшісі қаған лауазымын алып жүрді, бірақ бұл оның түрік екендігін білдірмейді.

Осы мәселеге байланысты Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері Нәпіл Базылхан мен Жанымхан Ошанның ғылыми ізденістері жаңа нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын.

Бірақ қазіргі кезде мұндай мамандар әлі де саусақпен санарлық. Әсіресе, кеңес заманынан бері келе жатқан ауыр «мұраның» бірі – тарихшылардың лингвистикалық дайындығының төмендігі, олардың басым көпшілігінің қазақ, орыс тілдерімен ғана шектелетіндігі. Шет тілдерінде жазылған зерттеулерді аудармашылар арқылы пайдаланудың сүріндірер тұстары аз болмайды.

Ерте және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын шетелдік дереккөздерінсіз зерттеу мүмкін емес. Себебі ол кезеңге қатысты жергілікті халықтың тілінде жазылған дереккөздері өте сирек, ал сыртқы дереккөздері бірнеше тілдерде жазылған. Түпнұсқалық материалды пайдалану үшін тарихшы орта ғасыр кезіндегі, ең кемінде, екі-үш тілді білуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайдың өзінде шет елдерде үлкен мән беріліп отырған этнолингвистикалық және басқа да еңбектердің ғылыми жетістіктерін білу қажет.

Индиана университетінің профессоры Д. Синордың пікірінше, қазіргі заманғы тілдерге келетін болсақ, батыс елдерінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап тарихшылардың жас буыны арасында француз және неміс тілдерін игеру әлсіреп, оның орнына қытай және жапон тілдеріне көбірек назар аударыла бастаған. Бірінші үрдіс өкінішті болса, екінші үрдіс – қажетті де құптарлық құбылыс, себебі көптеген тақырыптар қытай және жапон ғалымдарының еңбектерімен танысуды талап етеді дейді атақты шығыстанушы.

Соңғы он жыл шамасында бізде де тарихшылардың шет тілдерін игеруі жөнінде оң қадамдар жасалуда, бірақ оларды жеткілікті дей алмаймын. Тарихшылардың лингвистикалық дайындығын арттыру үшін ынталандыруға және мәжбүрлі оқуға негізделген қосымша жаңа шаралар қажет секілді.

Кешегі «кеңес шинелінен» шыққан тарихшылар шетел тілдеріндегі дереккөздерін пайдалануға ықыласының жоқтығын олардың «еуроцентристік» көзқарас тұрғысынан жазылғандығымен бүркемелеуге тырысады. Әрине, еуропалық дереккөздерінің біразы Ішкі Азия тұрғындары жөнінде негативті пікір ауанында құрастырылғаны мәлім. Бірақ бұл ерекшелік олардан мүлдем теріс айналуға негіз бермейді. Ғалымдарымыздың тілдік дайындығын жаңа деңгейге көтермей, этнолингвистикалық зерттеулерге ден қоймай, салыстырмалы-функционалдық, өркениеттік талдауларды меңгермей отандық тарихымыздың – әлемдік тарихтың құрамды бөлігіне айналуы қиын, «қазақ мемлекеттілігі» тақырыбы да Рашд-ад дин мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің төңірегінен алысқа бара алмайды.

Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы

Орталық Азияны мекендеген көшпелі тұрғын­дардың ерте заманнан мемлекеттік түзімде өмір сүргендігі археологиялық, антропологиялық, лингвистикалық, тарихи және басқа да материал­дармен анықталып отыр. Академик К.М.Байпақов қазақ мемлекеттілігін Көне түрік және Батыс түрік қағандығынан бастап келсек, енді Есік қор­ғанындағы жаңалықтан кейін б.д.д. ІV-ІІІ ғасыр­лардағы Жетісу сақтары мемлекеті жөнінде айта бастадық дейді. Жергілікті сақ тайпаларының мемлекеттік деңгейде өмір сүргендігіне дәлел ретінде ғалым С.Жолдасбайұлы «Алтын киімді» адамға Жетісу жеріндегі «Бесшатыр» обасынан алынған материалдарды қосады. Ал академик Б.Е.Көмеков Қазақстан жерінде мемлекеттіліктің қалып­тасуын мұнан да әріден, б.д.д. VІІ-ІІ ғасыр­лар шамасындағы сақ қауымдастығымен байланыстырады.

Қалай десек те, Қазақстан жерінен табылған төрт бірдей «алтын адамның» ұшырасуы ежелгі сақ, сармат тайпалары өздерінің даму дәрежесі тұрғысынан көптеген халықтардан көш ілгері болғандығын көрсетеді. Мұны грек авторларының еңбектері, парсылық, ассириялық дереккөздері, Қытайдың «Ханьшу» жылнамасы растайды. Олардан Арал, Каспий өңірлерінде, Сырдария өзенінің бассейнінде, Таласта және Қаратау маңында, бүгінгі Қазақстанның оңтүстік-шығы­сында өмір сүрген мемлекеттер сөз болады. Соңғылары қытай дереккөздерінде «Шин-Го» («Көшпелі мемлекет») деп аталды.

Сақ мемлекетінің өз патшасы, біртұтас әскері, мемлекеттік рәміздері, қоғамдық жүйені рет­тейтін заңдары болған. Сақ патшасын әр тайпаның төбебасылары мен басқақтары, ақылгөй қариялары (ақсақалдар) сайлаған.

Соғыс жариялау, бітімге келу мәселелері сақтардың жалпы жиналысында талқыланып, тиісті шешімдер алынып отырған. Сақ патшасының Александр Македонскиймен жүргізген келіссөз кезіндегі ескертуі халық жиналысының ерекше рөл атқарғандығын көрсетеді. Бұл құрылым қазақтарда өз тәуелсіздігінен айырылғанға дейін өмір сүрді.

Сақтарды арийлықтардың (ирандық) үрім-бұтағы деу тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Олар шығысқа, оңтүстік өңірлерге, бүгінгі Орта Азияның, Пәкістанның, Ауғанстанның, солтүстік Үндістанның жеріндегі б.д.д І ғасырдың ортасына дейін жергілікті халықтармен сіңісіп кетті. Бірақ бұл сақтар Қазақстан жерінен тұтастай ауып кетті дегенді білдірмейді, олардың қалған бөлігі жергілікті басқа тайпалар арасында қалып, ассимиляцияға түсті. Мұның өзі Қытай профессоры Су Бэйхайдың «Бүгінде қазақ халқының құрамында байырғы сақтардан қалған нәсілдік тек бар» деген сөздерінің негізсіз еместігін білдіреді.

Батыс елдерінің біраз ғалымдары Орталық Азияда тұңғыш мемлекеттік құрылымға сюннулар (hsiung-nu) қол жеткізді деп есептейді. Белгілі неміс шығыстанушысы Отто Прицактың пікірінше, қуатты сюннулар империясының ықпалы тұтас Еуразия кеңістігіне тарап, материалдық мәдениет пен қоғамдық нормалардың жаңа формаларының қалыптасуына әкеледі. Т. Барфилд ортаазиялық сюннулар мемлекетін «самодержавиялық», «ішкі істерінде мемлекетке ұқсас империялық конфедерация» деп есептейді (Barfield T. The Hsuing-nu Imperial confederation: origins and foreign policy // Journal of Asian Studies. 1981. No 31/1. P. 47).

Сюннулар Орталық Азияда ғұндар (хуннулар) атауымен (хуннулар мен ғұндар – этникалық дивергенцияның үлгісі) белгілі болады.

Ғұн проблемасының филологиялық қырын зерттеген ағылшын ғалымы Э. Дж. Пуллиблэнк «Сюнну тілі» мақаласында б.д.д. І ғасырдан жаңа дәуірдің І ғасырына дейінгі қытай дереккөздерінде сақталған ғұн глосстарын реконструкциялау негізінде ғұн этнонимі қытай транскрипциясында «сюнну» болып естіледі деп жазады. Батысқа қарай жылжыған олардың ұрпақтары б.д.д. ІІ ғасырда Тарбағатай таулары мен Каспий жағалауы аралығында қытай деректерінде Юебань деген атпен белгілі ғұн империясын құрады. Ал, Дэвид Кристиан оны «сюнну империясы» деп атайды (Christian D. State formation in the Eurasian Steppes // Silk Rood Studies. II. Worlds of the Silk Roads: ancient and modern / Ed. by David Christian and Craig-Benjamin. Proceding from the Second Conference of the Australаsian Society for Inner Asian Studies. Brepols, 2000).

Елбасымыздың: «Біздің елдігіміз, қазақ жұр­ты­ның арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндар­дан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке тіреледі», деген Ұлытауда айтылған сөздерінде мемлекеттілік дәстүр сабақтастығының негізгі кезеңдері анық көрсетілген («Егемен Қазақстан», 2014, 26 тамыз).

Түркі халықтарының тегі – ғұндардан бастала­тындығын Қарақорымнан жиырма төрт шақырым жердегі (Ноян даңғылында) 1924 жылы П.К.Козлов жүргізген археологиялық қазба кезінде табылған материалдар дәлелдейді.

Неміс ғалымы Франц Альтхаймның Рим, Визан­тия, Таяу Шығыс, ежелгі славян және ежел­гі герман деректері негізінде құрастырылып, 1959 – 1972 жылдары жарық көрген «Ғұндар тарихы» деген бес томдық еңбегінде де ғұндардың басым көпшілігінің түркі тілдес болғаны жөнінде қорытынды жасалады. Орыс ғалымы А.Н. Бернш­там да осындай пікірге келді (Бернштам А.Н. Очерк истории гуннов. Ленинград, 1951. С. 166). В.В. Бартольд ғұн тілінің – ескі түркі тілі екендігін мойындайды.

Ғұн мемлекетінің басқару жүйесі, мемлекеттік кеңесінің сандық және сапалық құрамы, құрылы­мы, негізгі функциялары Ж. Де Грот және басқа да ғалымдар тарапынан зерттелді.

ІІ ғасырдың 50-жылдары ғұндардың бір бөлігі Арал жағалауына, Елек өзені маңына барып, сарматтармен араласып кетеді.

Ғұндармен қатар шығыстан батысқа қарай Іле өзенінен Талас өзеніне дейінгі, солтүстіктен оңтүстікке қарай Балқаш көлінен Есік көліне дейінгі жерлерде көне Үйсін мемлекеті өмір сүрді. Су Бэйхай ежелгі үйсіндер ұлы йозилер және сақтардың бір бөлігімен қосылып, «Батыс өңіріндегі ең қуатты мемлекетке айналды» деп жазады.

Үйсіндердің түркі тегіне жататындығын Ә.Мар­ғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, А.Зуев, С.Сұң­ғатай, Н.Мыңжан, З.Қинаятұлы, орыс ғалым­дары Н.Аристов, Н.Я.Бичурин (Иакииф), қытай ғал­ымдары Жан Чиян, Уан Бин Хуа, моңғол тарихшысы А.Амар нақтылап жазды. Олардың көпшілігі Үйсін мемлекетінің көршілес Қытаймен терезесі тең, дипломатиялық қарым-қатынаста болғандығын мойындайды. Н.Мыңжанның еңбегінде үйсіндердің патшасы күнбиден (куньмо, куньми) бастап мемлекетті басқарушы тоғыз лауазым аталса, Үрімшіде жарық көрген «Ежелгі Үйсін елі» кітабында жүз алпысқа тарта лауазым қытай транскрипциясымен көрсетілген. Олардың арасында қазақтарға ежелден таныс: абыз, сардар, аталық, уәзір, дуанбасы, қаған, мыңбасы, нөкер, патша, патшайым, сұлтан, төреші, тұтқауыл, хан, ханша, шабандоз секілді лауазым атаулары ұшырасады.

Үйсіндер мемлекетінің құрылымы ғұндардың түзімімен ұқсас болып келеді.

Зерттеушілер ежелгі Үйсін ұлысын қазақ мем­ле­кеттілігінің бастауы деп біледі (Сунгатай С. Улус древших усуней – истоки казах­ской государственности // Эволюция госу­дар­­ствен­ности Казахстана. Материалы меж­дународной конференции. г.Алматы. 3-5 апреля, 1996. А., 1996.). Сонымен бірге, олар үйсіндердің – сақтар­дың мұрагері екендігін және көне түркі тілінде сөйлегендігін мойындайды (К. Ақышев, Сиратори Куракити, т.б.).

Үйсін ұлысы б.д.д. ІІ ғасырдан б.д. V ғасыры­на дейін өмір сүріп, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттілік дәстүр сабақтастығын жалғастырды.

«Мемлекеттілік дәстүр» дегеніміз, В.В.Трепав­лов­тың айтуынша, бір мемлекеттен екіншілеріне ауысып отыратын мемлекеттік құрылымның қағидаттары мен компоненттерінің, жалпы және маңызды белгілерінің тарихи-генетикалық сабақтастығы болып табылады (Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. (Проблемы исторической преемственности). М., 1993. С. 12). Ал, «мемлекеттілік» («государственность») терминіне: «Государственность – особый признак, которым отмечено историческое развитие стран (нации, групп национальностей, союза племен и т.п. образований), сумевших создать собственное государство или восстановших утраченное в силу различных причин (утрата независимости, объединение с другой страной) свое государство» деген анықтама беріліпті (Политология. Энциклопедический словарь / Общ. ред. и сост.: Ю.И. Аверьянов. М., 1993. С. 64).

Мақаланың бұл бөлімінде негізінен Қазақстан аумағында орын алған мемлекеттердің бір-бірімен билік институттары мен атрибуттарының тілдік, этникалық сабақтастығына мән берілді. Үйсіндермен қатар, не олардан кейін өмір сүр­ген мемлекеттік бірлестіктер де осы тұрғыдан қарас­тырылды. Олардың бірі үйсіндердің оңтүс­тік-шығыстағы – жері Ертістен Шу мен Сарысу өзендеріне дейін созылған Қаңлы мемле­кеті. Қытай тарихшысы Хэ Цютао 1851 жылы жариялаған еңбегінде Қаңлы мемлекетінің (Канцюйдің) шығыс шекарасы қазіргі қазақ жерінде орналасты деп жазады.

Қаңлылар – қытай тарихнамасында көп зерттелген этностардың бірі болып табылады. Тарихшы Ун Нуан: «Үш ордаға бөлінген қазақтар – ежелгі қаңлылар» десе, жапон ғалымы К. Сиратори: «Қазақтар – тұрмысы, әдет-ғұрып және тіл жағынан ежелгі қаңлылардың жалғасы», – деп жазады (Қинаятұлы З. Тарихи шындық неге бұрмаланды? // «Егемен Қазақстан». 2001. 25 шілде).

Қытай дереккөздерінде Қаңлы мемлекетінде Ваң (патша) фу ван (орынбасар патша), гүй рын (мемлекет кеңесшісі), үнху – ябғу (ұлыс билеушілері), ваньху (әскери және әкімшілік бастықтар), шао ваң (кіші патша), т.б. лауазымдар көрсетіледі. Еуразия кеңістігінде өмір сүрген ғұндар мен басқа да халықтардың шығыстан батысқа қарай қозғалысы Қазақстан аумағындағы сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының антропологиялық түр-сипатына, сонымен бірге түркі тілі ареалының кеңеюіне әсер етеді.

Ғұн империясы ыдырағаннан кейін қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің дамуы Түрік қағанатымен байланысты (552-744). Қытайдың «Жоунама» атты жылнамасында «түріктер – ғұндардың бір тармағы, ата-бабасы – Ашина, олардың арғы аталары ғұндардың терістігіндегі сақ (сэ) жұртынан шықты» делінеді.

Түрік жазушысы Ахмет Ташағыл да көктүрік­тердің (Түрік қағанаты кезіндегі түркі халықтарының жиынтық атауы) ғұндардан шыққандығын қолдайды (Деректану. Алматы, 2002. 148-б.).

Э.Дж.Пуллиблэнк түрік атаулы халық VI ғасырдың орта кезінде Моңғолиядан жужандарды ығыстырып, Еуразия кеңістігінде өз империя­сын құрған кезден белгілі болды, бірақ олардың шыққан тегі жұмбақ күйінде қалып отыр, бір қытай құжатында олар сюннулардың бір тармағы деп жазылады дейді (Pulleyblank E.G. Central Asia and Non-Chinese people of Ancient China. Brookfield, 2002. P. 21).

Ғылымда түркі халықтарының шыққан тегі біршама зерттелген. Көктүріктердің тарих сахнасына шығуын көрсететін нақты дәлел ретінде олардың 542 жылға дейін Алтай тауларының оңтүстік баурайында өмір сүргендіктерін және ғұндардың солтүстігінде орналасқандықтарын айтуға болады. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған ескерткіштер Алтай тауларының оңтүстік беті б.д. 450 жылдарынан бастап көктүріктердің мекені болғандығын растайды, деп жазады А. Ташағыл. 552 ж. көктүріктер құрған Түрік қағанаты, ішкі, сырт­қы шиеленістерге байланысты, екі бөлік­ке: Шығыс Түрік қағанаты (681-744) мен Орта Азия және Қазақстан аумағындағы Батыс Түрік қа­ғанатына (603-704 жж.) бөлініп кеткені белгілі.

Батыс Түрік қағанаты – қазақ мемлекеттілігінің бастауы деуге толық негіз бар, себебі ол кейін қазақ халқының құрамына енген көптеген тайпа­лардың басын біріктірді. Н.Я. Бичурин Батыс Түрік қағанатының өмір сүрген уақытын Үйсін ұлысын жалғастырған мемлекеттілік даму сабақ­тастығының келесі кезеңін құрады деген қоры­тынды жасайды (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. М.-Л., 1950. Т. 1. С. 279).

О.Прицак, М.Дромп, В.Рыбатский және бас­қа да авторлардың еңбектеріндегі түрік қаға­наттарындағы мемлекеттік басқару жүйесі, ондағы дуалдық билік, Көк пен Жердің аралы­ғын­дағы мәңгілік одақ туралы идеологиялық тұжы­рымдаманың зерттелуі мемлекеттілік дәстүр сабақтастығының үзілмей келе жатқанына көз жеткізеді. Р. Груссенің зерттеу қорытындылары бойынша Түрік қағанатында бюрократиялық басқару аппараты 28 билік сатысынан тұрған. Дж.Клосонның «Этимологиялық сөздігінде» жабғу, шад, тегін, илтебер, тудун және т.б. лауазымдар көрсетіледі. Йугруш деген лауазым Қарахан дәуірі кезеңіндегі құжаттарда ірі чиновниктердің бірін білдірді (Clauson G. An Ethymological dictionary of the pre-Thirteenth Century Turkish. Oxford, 1972. PP. 134, 453, 488, 866, 457, 905-906). Олардың ішіндегі шад, алыпби, күшлікби, бөріби секілді лауазымдар үйсін ұлысында да болған.

Екінші Түрік қағанаты кезінде қағанаттың шекарасына жіберілген әскердің басшылары «тутун» (немесе «тутук») аталған. Ал, «тутун будун» ұғымы шекараға шығып кеткен, сөйтіп үлкен ордаға оппозицияда болған кіші хандардың, тегіндердің кәдуілгі ісі болған. Осы «тутун будунды» кейін, ІХ-ХІІ ғасырлар шамасында, «қадақ будун» деген әскери термин ауыстырады (Қ. Өмірәлиев).

П. Голденнің жазуынша, Түрік қағанатында ішкі істер министрі болған. Ол жауланып алынған жерлерден салық жинаумен айналысқан. Әскери міндет атқару («майдан шебінің алдында жүру») «қанмен төлеу» салығы деп аталған. Осыған қарағанда кейбір авторлардың көшпелілер құрған саяси ұйымдастыруларында мәжбүрлеу аппараты мен салық жүйесі болмады, сол себепті олар толыққанды мемлекет емес деген пікірлерінің негізсіз екендігін көреміз. Түркі көшпелілерінде мемлекеттік атрибуттар түгелге жуық орын алды.

Жалпы алғанда, Түрік қағанаттары басқарудың өзіне тән иерархиялық лауазымдарымен, қоғамдық тұрмысының және әлеуметтік институттарының күрделі формаларымен, әскери тәртібімен, дипло­матиялық практикасымен, көршілес елдер­дің идеологиялық жүйелеріне қарсы қойылған дүние­танымымен Қазақстанды мекендеген этнос­тық қауымдастықтардың мемлекеттік дәстүрін байы­тып, жаңа белеске көтерді.

Түрік қағанатының парсы, қытай, батыс мем­лекеттерімен деңгейлес, өзінің дамуы тұрғы­сынан биік тұрмаса да, төмен болмағандығы оның дипломатиялық қызметі мен хаттама норма­ларынан да айқын көрінеді. Қағанаттың халықаралық саяси қатынастардың белсенді мүшесі болғандығы туралы Менандр, Динавери, Симокатта, кейінгі Э.Шаван, И.Маркварт, Г.Моравчик, т.б. ғалымдар жазып қалдырды.

Бір деректерде Истеми қағанның VІ ғасырдың 60-жылдары Орта Азиядағы эфталиттер мемлеке­тіне қарсы жүз мың қол бастағаны және оның қол астында он тайпаның қолбасшылары («он оқ будун») болғандығы айтылады. Осы «он оқ будун» келесі түркі мемлекеттерінің этностық негізін қалайды.

Батыс Түрік қағанатын ауыстырған Түркеш қағанаты (699-766) өзінен бұрынғы саяси құрылым­дардың мемлекеттік-әкімшілік, әскери-әлеуметтік дәстүрін жалғастырды.

Түркештерді, тарихшы Ә. Дәулетхан, Жетісу мен Еренқабырғаны мекендеген ежелгі үйсін, дулат тайпалары мен басқа да түркі тайпаларының басын біріктірген бес дулаттың белді тайпасы деп есептейді. Дала империясы қоғамдық-саяси құрылымның сақталып, жалғасын тауып отыруын түркілердің біртектілік туыстығы мен сол кездегі олардың тарихи және біртұтастығы қамтамасыз етіп отырды.

Түркеш қағанаты Батыс Түрік мемлекетінің тікелей мұрагері болды және бұрынғыша «он оқ будун» («он тайпалы халық») деп аталды. Француз тарихшысы Э. Шаван оны «он оқ елі» деп атайды.

Түркеш қағанатының қарлұқ­тардан жеңілісі жаңа түркі мем­лекетінің орнығуына жол ашады. Енді бұрынғы Батыс Түрік қаға­натының орнында бір­неше мемлекет пайда болады: Солтүс­тік Тянь-Шань мен Жетісуда Қарлұқ­тар мемлекеті (766-940 ж.ж.), Сырдарияның төменгі сағасында, Арал жаға­лауында – Оғыздар мемлекеті, Ертіс жаға­лауын­да, қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақ­с­тан далаларында – Қимақтар (кейін қыпшақ­тар) мем­лекеті (Х ғ-дың басы – ХІ ғ.) және Еділдің төмен­гі сағасы мен Солтүстік Кавказда – Хазарлар мемлекеті.

Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарлұқ қағанаты (766-940 ж.ж.) Батыс Түрік қаған­дығы мен Түркеш қағанатындағы билік жүйесі мен лауазымдар иерархиясын қайталады.

Қарлұқтардың жабғуы дала әмірші­лері­нің заңды мұрагері ретінде есептеліп, қаған лауазымын алады. Араб тіліндегі деректерді талдау нәтижесінде О.Прицак алғашқы қарахан қағаны да, өзін қаған жариялаған қарлық жабғуы да – бір адам, яғни Білге Күл Қадырхан екендігі, қарахан әулетінің арғы тегі қарлықтардан шыққандығы жөнінде қорытынды жасады. Автордың пікірінше, Қарахан мемлекеті көшпелілердің мемлекеттік құрылымы және көшпелілер мен отырықшы халықтың өзара қатынастары секілді өзіндік құбылыстарды танып-білу үшін аса маңызды рөл атқарады.

Қарахан мемлекеті – түркі халықтарының тарихында 940-1212 жылдары мұсылман әулеті билік жүргізген алғашқы мемлекет. Батыс әдебиетінде «қарахандар бір орталыққа бағынған мемлекет құрды» деп көрсетіледі (World of the Silk Roads: ancient and modern. Turnhout, 1998. P. 250). «Қарахандықтар өздерін түрік және Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) шаңырағы деп санаған», – дейді В.В. Бартольд.

ХІІ ғасырдың екінші ширегінде қарақы­тайлар (қидандар) Жетісуды Баласағұн қаласымен қоса жаулап алды. Бірақ Қара­хан мемлекетінің құлауымен түркілік мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы үзіл­меді. Оның үстіне қидандар құра­мында маньчжурлар, тұңғыс, моңғол тайпа­ларына қоса ұйғырлар, қырғыздар және басқа да түркі ұлыстары болады. 1211 жылы Жетісуға келген найман тайпаларының үстемдігін таныған қидандар жергілікті түркі тайпаларына сіңісіп кетеді.

Қазақстан жерінде ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басында өмір сүрген Оғыз мемлекеті де қоғамдық құрылысы, басқару жүйесі тұрғысынан ежелден келе жатқан түркілер дәстүрі аясында қалыптасты. Мемлекетті ябғу (жабғу) басқарған, оның мұрагерлері инал, орынбасарлары күл-ер­кін­дер атанған. Мемлекетте тұрақты салық жүйесі қол­данылды. Мемлекет әскери демократияға негізделеді.

Оғыздарда «халық жиналысының» сақталуы сол баяғы сақтар заманынан келе жатқан мемле­кеттілік дәстүр сабақтастығының бірі көрінісі еді. Кейін ол ел басқарудың ең жоғарғы органы болып есептелетін ұлы және кіші құрылтай жиналысына айналады.

«Оғызнамедегі» Оғыз қаған «Ұлы құрылтай ша­қырды» деген жол осы институттан хабар береді.

Оғыздар қазақтардың этникалық тарихында елеулі орын алады. Тарихи аңыздарда олар қазақ халқының арғы аталарының бірі ретінде аталады. Сонымен бірге, олар өзбектердің, түрікмендердің, қарақалпақтардың, әзербайжан, татар, башқұрт, түрік халықтарының қалыптасуына үлес қосты.

М. Қашқари оғыздар бастапқыда 24 рулы ел болды деп көрсетеді.

Қыпшақтардан ығысқан оғыздардың бір бөлігі Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға өтіп кетеді де, қалғандары ХІ ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақ тайпаларының арасына тарады. Оғыз руларының атаулары қазақтардың Кіші жүз, Орта жүз тайпалары атауларында сақталып қалды.

Түркі тайпаларымен Батыс Түрік қағанаты кезінен бері қарай етене араласып келе жатқан этностардың бірі – қимақтар болатын. ІХ ғасырдың аяғы-ХІ ғасырдың басында Шығыс және Орталық Қазақстанда қимақтардың өз мемлекетін құрып, көшпелілікпен қатар, отырықшы өмір сүргендігі жөнінде араб деректері негізінде Б.Е.Көмеков дәлелдеп шықты. Ғалым еңбектері әлем зерттеушілері тарапынан танылды (қараңыз: Acta Orientalia Hungaricae. Budapest, 1976. T. XXX. Fasc. 2. P. 260 – 261; Al–фурсан ал-фикри ва-с-сийаси. Дамаск, 1976. № 3. 114-115-б.).

Көне түркілердің мемлекеттік құрылымындағы қанат жүйесі Қимақ мемлекетінің құрылымынан да көрініс тапты.

Қимақтарда көне түркілерден қабылдаған қаған, жабғу, шад, тұтық секілді жоғары лауазым­дары болды. Қаған (немесе хакан) ябғу атағынан екі дәреже жоғары тұрды.

ХІ ғасырдың басында Қимақ қағанаты құлаған­нан кейін бұрын қимақ, қыпшақ және куман тай­палары мекендеген аумақта әскери-саяси басым­дық қыпшақтарға ауысады. Қыпшақ мемле­кеттік бірлестігінің халқы біртекті болмады. «Қып­шақ­тар» деген жалпы атаумен аталғанымен, бұл қауым­дастыққа, қыпшақтардың өздерінен басқа, түркі­тілдес қимақтар, кумандар, оғыз тайпалары, көне башқұрттар, қаңлылар, түргештер, иран этникалық тобының түріктендірілген элементтері кірді.

П.Б. Голденнің өзі де қыпшақтар тайпалық конфедерацияға ғана бірікті деп жүргенімен, «Кодекс Куманникус» ескерткішін зерттеуге арнал­­ған еңбегінде қыпшақ қоғамында мемлекет­тік инс­титуттардың болғандығын жоққа шығара алмайды.

Қыпшақ дәуірі кезеңінің ең маңызды ерекшелігі «қыпшақ тілдес түркілер» деген жалпы атаумен этникалық шоғырлану процесі орын алады.

Қазақ халқының құрамына енген керейлердің, наймандар, қоңыраттар, жалайырлар, меркіттер, дулаттар және т.б. тайпалардың да ұзақ мерзімді мемлекеттік дәстүрі болғандығын тарихи құжат­тар растайды.

Рашид ад-дин: «Наймандар мен керейлердің әрқайсысының өз мемлекеті болды», – деп жазады (Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 1. С. 75). Оның пікірі бойынша, керейлер – оғыздармен туыстас халықтардың бірі болған.

Керейлер, басқалары секілді, салт-сана, мемле­кетті басқару, қоғамдық құрылыс салаларында түркі дәуірінің үлгілерін сақтады. Деректерде құн төлеу, әмеңгерлік, ру ішінде қыз алыспау туралы мәліметтер ұшырасады. Осы әдет-ғұрып нормалары қазақ халқына да жетіп, қатаң сақталды. Себебі, керейлердің дені қазақ жерінде қалып, Орта жүздің бір тайпасын құрады.

Керейлер елдің жоғарғы билеушісін әуелде «буюрук» деп атаған, кейін ол хан, гурхан атауымен ауысады. Г. Дёрфер «буюрук» деп жалпы мемлекеттік биліктің ең жоғары сатысында тұрған адамды айтады, ол премьер-министр, ұлы уәзір, рейхсканцлер деген ұғымды білдіреді дейді.

Баһадүр, тегін – кори деген лауазымдар болды. Бітікші хан жарлықтарын жазу және жария­лау­мен, қазыналық кіріс-шығыстар мен салық жинау сияқты әкімшілік қызметтермен айналысты.

Хандық әскери-әкімшілік жүйесі оң қанат, сол қанат және ханның өз қосындары болып үш топқа бөлінді. Қару асынған жауынгер қаптауыл деп аталды. Тұтқауыл қала қақпасын, жол тораптарын, шекаралық бекеттерді, өткелдерді күзетіп, бақылау міндетін атқарды.

Ұлы түркі қағанаттарының мұрасы Найман хандығында да сақталды. Оның билеушілері де: буюрук-қаған, күшілік-қаған, инанч білге буку қаған атанды.

Сонымен, Еуразия көшпелілерінде мемлекет­тіліктің болмағандығы туралы тұжырымдар ғалым­дардың тарихи сабақтастық мәселесін жете зерделемеуінде деуге толық негіз бар.

Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген бір мемлекеттің жойылып, екіншісінің пайда болып отыруы олардың құрамына енген этностардың бірінің құрып, екіншісінің пайда болуын білдірмейді. Олай болса, бұрынғы кездегі мемлекеттілік жөнінде жинақталған тарихи тәжірибе де ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жаңарып, толығып отырады.

Сан алуан мемлекеттік құрылымдардың ауы­суы­на қарамастан, Еуразия даласы тұрғын­дары­ның этникалық, лингвистикалық, антропологиялық, әдет-ғұрпы мен өмір салтының бірегейлігі, олар­дың көпшілігіне көшпелілік пен отырықшылық симбиозының тәндігі тарихи сабақтастықтың үздік­сіз­дігін қамтамасыз етеді.

Әсіресе, бұл құбылыстың берік орнығуында бірнеше мемлекеттік құрылымдар мен ұлыстар құрамында өмір сүріп келе жатқан түркі тайпа­лары­ның Шыңғысхан империясы құрамында біріктірілуін маңызды оқиға ретінде атауымыз керек. Д. Кристиан «моңғол империясы – ең қуатты көшпелі мемлекет болды» деп жазады.

Моңғол империясының құрылуы Ұлы Түрік қағанатының жалғасы ретінде қабылданды, осы арқылы моңғолдар өз билігінің заңдылығын дәлел­деуге ұмтылды.

Моңғол империясындағы жоғарғы билік доктри­насы негізінен көнетүрік тұжырымдамасы негізінде құрылды. Біріншіден, «қаған» лауазымы және Көкпен (Тәңірмен) қасиетті байланысын білдіретін қағандық лауазымның толық формуласы қалпына келтірілді. Екіншіден, қағанның мемлекеттегі және дүниедегі рөлі, орны және функциялары жөніндегі дүниетанымы түрік империясын құрылушылардың дүниетанымын қайталады. Үшіншіден, бұл секіл­ді идео­логиялық дәстүрлер көнетүріктердің салт-жора­лғыларына ұқсас маңызды сарай салт-жорал­ғыларымен толықтырылды.

Тарихнамада Моңғол империясындағы жоғарғы би­лік жүйесі ХІІІ-ХІV ғасырлардың өзінде жан-жақ­ты зерттелінді. Құрылтайдың шешімінсіз өзін хан жариялаған адамның өлім жазасына кесі­летін­дігі туралы П.Карпини: «Алдын ала князь­дар, хан­дар, мырзалар және моңғолдың әйгілі адам­дары­ның жалпы жиналысында сайланбай, император жариялауға өлім жазасымен тыйым салынады», – дейді.

Империяның әскери құрамы да түркілердің дәстүрі бойынша құрылды. Армия оң қанат (барун-гар) және сол қанат (узун-гар) болып екіге бөлініп, оларға бағынатын түмендер ондық жүйеге негізделді.

Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы Моңғол империясының (әсіресе, Жошы Ұлысының) аумақ­тық-әкімшілік құрылымынан және түркі тайпалары өкілдерінің маңызды рөл атқаруынан айқын көрінді. Ең соңында, тарихи сабақтастық тақ мұрагерлігі тәртібінде сақталды. Шыңғыс хан туысқандарының таққа отыру құқығының кезектілік реті жөнінде монархиялық билікті мұра ретінде иелену көнетүрік жүйесіне толық сәйкес келді.

Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы моңғол дәуірі кезінде қабылданған «Ұлы Жасақ» атты көшпелілер кодексінде көрініс тапты. Ол көшпелі халықтардың саяси жүйені қалыптастырудың сан ғасырлар бойғы тәжірибесін іріктеп, екшеп, даусыз дәстүрге айналған элементтерін ресми түрде жинақтап берді.

«Ұлы Жасақта» хан, қағандардың құрылтай жиналысында мұрагерлік жолмен сайлануы, ер адамның елін қорғауға әрқашан да дайын тұруы секілді ғұн-түркі заманынан келе жатқан қағидаттар сол күйінде қабылданды. Түркілерден ауысқан қылмыстық заңның кейбір баптары да «Ұлы Жасаққа» енді.

Түркілік басқару жүйесінің жалғасуы, әсіресе, батыс елдерінде Қыпшақ хандығы аталған Жошы Ұлысы (Алтын Орда) мемлекетінде орын алды. Мұндағы моңғолдардың үстемдігі сонау сақ заманынан бастау алатын түркі тайпалары мен ұлыстарының этногенездік процесін өзгерте алмады, қайта өздері саны жағынан басым түркілік ортада ассимиляцияға ұшырап, жергілікті халыққа сіңісіп кетті. Араб жазушысы әл-Омари, француз ғалымы Р.Груссе, орыс ғалымы В.В.Бартольд Ал­тын Орда халқының «қыпшақтануы» жөнінде жа­зып кеткен. Әдебиетте айтылатын «қыпшақтану» про­цесін «түркілену» процесі ретінде қабылдаған жөн секілді.

Алтын Орда әулеттік тұрғыдан ғана моңғол мем­лекеті делінді, ал өзінің этникалық негізі, шаруа­­шылығы, мәдениеті тұрғысынан шын мәнін­де түркі елі болды.

Жалпы алғанда бұл кезеңдегі «қыпшақ» терми­нінің этнографиялық емес, тарихи мағынада қол­данылатындығы жөніндегі пікір тарихи шын­дыққа сәйкес келеді. Себебі, «қыпшақтар» (кең мағы­насында) ондаған басқа түркі тайпаларының басын біріктіреді.

Ежелгі біртұтас атақоныс, бірнеше ғасыр бойғы бірімен-бірі араласып келе жатуы, ортақ тіл мен дін, барлығына тән көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшылық тұрмыс салты, бірегей мәдени-рухани көзқарас, тамыры терең әдет-ғұрып, әскери демократия нормалары «қыпшақтар» деген атаумен бөлек этникалық қауымдастықтың қалыптасуына, оның болашақ қазақ халқының ядросын құруға негіз қалайды. Өз кезегінде Алтын Орда құрамындағы Ақ Орда мемлекетінде қазақ халқының қалыптасуы мен Қазақ елінің құрылу процестері бір-бірімен қабыса, өзара байланыста жүріп жатты.

Қазақстан тарихнамасындағы моңғол үстемдігі жөніндегі тақырыпқа тек негативті көзқарас қазақ мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы тақыры­бын зерттеуді оңды жолға бағыттамайды. Моңғол­дар­дың қазақ жерін «жаулап алғандығы» және бұрынғы өркениет ошақтарын талқандап, өндіргіш күштердің дамуына кедергі жасауы секілді пікірлер кеңес тарихнамасы ықпалы негізінде орныққан. Шындығына келгенде Жошы Ұлысы (Алтын Орда) қазақ мемлекеттілігінің құрылуы тарихының маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.

Моңғол және түркі тайпаларының шаруашылық укладтарының бірегейлігі, әдет-ғұрып, салт-сана дәстүрлерінің жақындығы, ежелден көршілес, аралас-құралас өмір сүруі Жошы Ұлысында түркі тайпаларының әкімшілік, әскери-шаруашылық, мәдени салаларда лауазымды орындарға отыруына мүмкіндік берді.

Жошы Ұлысында орын алған әкімшілік, құқық­тық жүйе Ақ Орда мемлекетінде жалғасын тапты.

Хандық биліктің нығаюы шаруашылықтың, егіншілік пен қолөнердің, сауда-саттықтың, мәдениеттің дамуын, қираған қалалардың қалпына келтірілуін тездетті. Пошта жүйесі енгізілді, ақша айналымы реформасы жүзеге асырылды.

Көшпелілерде салық жүйесінің болмауы толыққанды мемлекет құруға мүмкіндік бермеді дейтін пікір ұшырасады. Мұның негізсіздігін Алтын Орда мемлекетінде халықтың әртүрлі тобынан жиырмадан астам алым-салық түрі алынғандығынан көруге болады. Егіншілер мен малшылардан алынатын қалаң мен қапшауыр салығы, қалалық саудагерлер мен қолөнершілердің – баж салығы, ал бұқара халықтың бәрі бірдей – әскери салық төлеуі және т.б. күрделі салық жүйесінің болғандығын білдіреді.

Жалпы, Жошы Ұлысы өмір сүрген кезеңді моңғол-түркі дәуірі деп атаған жөн. Бұл дәуірдегі қолайлы жағдай қазақ этносы мен оның этникалық аумағының қалыптасуын қамтамасыз етті. Ұлыс халқының әртектілігіне қарамастан, сол кездің өзінде оның басым көпшілігін арғындар, қыпшақтар, наймандар, керейлер, қоңыраттар, уақтар, маңғыттар және басқа да, кейін қазақ халқының құрамына енген тайпалар құрады.

Этникалық шоғырлану процесі, әсіресе, Ақ Орда мемлекетінде интенсивті жүрді. Бұл процестің негізгі бағытын, әдет-ғұрып, тұрмыс-салты мен мәде­ниетінің, антропологиялық, географиялық фак­торлардың бірегейлігін былай қойғанда, бар­лы­ғы­на тән ортақ тіл – қыпшақ тілінің шығыс тарма­ғында сөйлеуі анықтады. Себебі, эконо­мика­лық, әлеу­меттік, саяси және мәдени тұрғыдан өзін-өзі реттеу ерекшеліктері тіл арқылы ғана жүзеге асырылды.

Осы себепті Ақ Орда – Қазақстан аумағында жергілікті тайпалар негізінде құрылған тұңғыш қазақ мемлекеттілігі деуге толық негіз бар.

Бұл пікір Ақ Орданың едәуір тұрақты аумақ­тық тұ­тастығымен, этникалық құрамының біртек­тілі­гімен, ел билеген хандардың (Орыс ханның әу­леті) әулеттік жалғастығының сақталуымен түсін­діріледі (Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (Тарихи-сараптамалық зерттеу). Астана, 2004).

Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары кезінде Ақ Орда аумағының оңтүстігіндегі иеліктерге (Арал маңы, Сырдарияның төменгі ағысы,

Қа­ра­­тау бөк­тері) және Әбілхайыр ханның тұсында Шы­­ғыс Дешті-Қыпшақтың басым бөлігіне билік жүргізді.

Ортағасырлық «Умдат ат-тауарх» шығарма­сының авторы Әл-қажы Абди Әл-Гафари қазақ хан­дары жөнінде айта келіп, Барақ ханның тұрағы «Қазақ йайлағы деген жерде» деп жазады (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Лето­пись трех тысячелетий. Алматы, 1992. С. 219).

Ақ Орда мен Моғолстан аумақтарын мекендеген ру-тайпа, тайпа бірлестіктері мен этносаяси бөлімдердің бір ұлт ретінде шоғырланып, ұлттық құрамының тұрақталуы мұнан да ертерек кезеңде орын алғандығын меңзейтін дереккөздері де жоқ емес. Солардың бірі 1922-1923 жылдары Қазақстанда болып, қазақ тарихына байланысты зерттеу жүргізген ағылшындық Ральф Фокс «қазақтар – моңғол шапқыншылығына дейін-ақ ұлт болып қалыптасқан халық» дейді. (Fox R. PeopІes of the Steppes. London, 1925. P.139).

«Қазақ» атауының ХV ғасырдың ортасына дейін-ақ этникалық мазмұнға ие болғандығын дереккөздері де теріске шығармайды. 1330-1405 жылдары аралығындағы Орта Азияда болған тарихи оқиғаларды баяндайтын «Зафарнаме» кітабында қазақ елі, қазақ жері деген атаулардың ұшырасуы қазіргі ресми тарихнамадағы пікірдің түпкілікті еместігін көрсетеді.

Өтеміс қажының «Шығыснамада» қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы Жошының ұрпағы Орыс хан (1369-1376 ж.ж.) деп есептеуі де белгілі бір кезеңдерде түркі тайпалары тобының бірде «алаш мыңы», бірде «алшын», кейін «қазақ» атанғаны жөніндегі пікірімізді толықтырады.

Қалай болғанда да ХV ғасырдың орта кезінде Шу мен Қозыбасы өңірінде құрылған мемлекет пен оның халқына «қазақ» атауының берілуі Керей мен Жәнібектің өз жақтастарымен бірге Ақ Орда жерінен Жетісуға қоныс аударуына байланысты айтылады.

Қазақ хандығы 

Қазақ хандығының құрылу уақыты Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Орыс хан мен Барақ хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың Ақ Орда халқының бір бөлігі­мен Жетісудың батыс өңіріне (Шу мен Қозы­басы) қоныс аударуы оқиғасынан, яғни хиджра­ның 870 (1465-1466) жылдарынан басталады деп көр­сетіледі. Әдебиетте мұны әулеттік талас-тартысқа сайып, тіпті Керей мен Жәнібектің бұл қадамы Ақ Орда мемлекетіндегі билік үшін күрес­ті жалғастыру мақсатында Жетісудағы түркі тайпаларымен қосылуды, яғни күш жинастыруды көздеді деп бағалағанның өзінде тәуелсіз өмір сүруге ұмтылған Ақ Орда халқының тарихи процес­тегі рөлі көмес­кіленіп қалады. Әуелі мемлекет (хандық) құрылды, сосын қазақ халқы қалыптасты деген пікірдің өзі де тарихи шындыққа сәйкес келмейді.

ХV ғасырдың 60-жылдары «қазақ» этнониміне ие болғанмен, халық басқа атаулармен оған дейін қалып­тасып үлгерген. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін оның нығаюы мен халықтың қалыптасу тін­дерінің жетілуі өзара ықпалдастықта орын алады.

Қазақ халқының қалыптасуы Қазақ хандығының құрылуына және тұңғыш қазақ хандарының іс-әрекетіне байланысты болуы деген пікір В.В.Велья­минов-Зерновтың «Қасым хандары мен ханзадалары туралы зерттеулер» деген еңбегінен бастау алды да, орыс және кеңес тарихнамасында қазақ мемлекеттілігі іргесінің қалануын да, қазақ этногенезін де ХV ғасырдың екінші жартысымен байланыстыратын тұжырым орын алды.

Дегенмен, кейбір кеңес авторларының Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ оқиғалардың жиынтығы ретінде дүниеге келген құбылыс емес, ортағасырлық Қазақстанның бүкіл шаруашылық, әлеуметтік, саяси дамуы және қазақтардың этни­калық тарихының ерекшеліктерімен байланыс­тырғанын жасыруға болмайды.

Жәнібек пен Керейдің Моғолстанға көшіп келу себебін Т.И. Сұлтановтың феодалдық езгінің күшеюі, осы негізде әлеуметтік наразылықтың өсуі, хан саясатына наразы сұлтандардың осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануды көздеді секілді тұжырымы дереккөздерімен дәлелденбейді. (Султанов Т.И. Некоторые замечания о начале казахской государственности // Изв. АН Казахской ССР. 1971. №1. С. 56.).

Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан аумағын­дағы әлеуметтік-экономикалық және этносая­си дамудың заңды нәтижесі болып табылады. Қазақ хандығының тез аяғына тұрып, Еуразия кеңістігіндегі елеулі факторға айналуының ас­тарын­да ғасырлар бойғы мемлекеттілік дәстүр мен түр­кілік негіздегі қазақ халқының этногенезі про­це­сіндегі сабақтастықтардың қабаттаса, бірін-бірі алға сүйреген күштер жатты. Қысқаша сөзбен айт­қанда, қазақтарда әуелі мемлекет, сосын қазақ хал­қы қалыптасты деген тұжырымдама негізсіз көрінеді. Көрнекті орыс тарихшысы В.В.Трепавлов Қазақ хандығын көне дәуірден бері келе жатқан мемлекеттік дәстүрдің заңды жалғасы деп есептейді. Олкоттың баян­дауы бойынша, Қасым ханның тұсында хан­дықтың құрамына Сырдария бойындағы қалалардың, оңтүс­тіктегі көшпелі және отырықшы өңір­­лер­дегі елді мекен­дер­дің енуіөзін-өзі қам­тамасыз еткен (астын сызған біз. – К.Е.) эко­номика құруға мүм­кіндік берді. Хандықтың ны­ға­юына бірнеше факторлар әсер етті. ХV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдарының басында хандыққа Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан біраз көшпе­лілер қоныс аударды. Осы ғасырдың аяғында Түркіс­тан аумағының орталығы Сығанақта, Сауран мен оның төңірегінде, Қаратаудың Созақпен қос алғанда жапсарлас ауданы және оның теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстарда, Арал өңірінде қазақ хан­дарының билігі орнады (Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХV – начале ХVI веков. Алма-Ата, 1977). Ноғай Ордасы халқының, әсіресе, алшындардың біраз бөлігі Қасым хан тұсында Қазақ хандығына келіп қосылады.

Қазақ хандығының ежелден түркі тайпалары мекен­деген Жетісу жерінде құрылуы тез арада ныға­йып, халқының саны өсіп, этникалық аумағы­ның кеңеюіне жағдай жасады.

Моғолстандағы керей, қаңлы, дулат, қарлық, меркіт, чорас, барлас және т.б. түгелге дерлік түрік тілі­нің қыпшақ тармағына жататын қазақ және қыр­­ғыз тілдеріне жақын тілде сөйледі (Юдин В.П. Центральная Азия в ХIV-ХVIII веках глазами восто­коведа. Алматы, 2001. С.84).

Қасым хан тұсында хандықтың шекарасы оңтүстігінде Сырдарияның оң жағалауымен шек­тесіп, Түркістан қалаларының біразын, оңтүс­тік-шығысында Жетісудың тау етектері мен жазық­тарының бір бөлігін қамтиды, солтүстік-шығы­сын­да Ұлытау және Балқаш көлі өңірі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейін, солтүстік-батысында Жайық өзеніне дейін жетеді. Батыста қазақтардың этникалық аумағының Жайық өзенімен шектесіп жатқандығы жөнінде 1517, 1526 жылдары Мәскеуде дипломатиялық тапсырмамен болған австриялық дипломат С.Герберштейн де растайды.

Қазақ хандығының шекарасы туралы мағлұмат­тар орыс патшасы ІV Иванның 1552 жылғы жарлығы бойынша өз мемлекетінің шекарасын анықтауды көздеген материалдар жинастырылып, 1599 жыл шамасында Федор Ивановичтің тұсында жарық көрген «Большой чертеж» кітабында келтірілген. Мұны құрастырушылар «Қазақ Ордасының» «Хвалынск» (яғни Каспий) теңізінен Қарақұмға дейінгі жері мен географиялық нысандарына сипат­тама береді (Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрон. Т. ХV. Кн.29. СПб, 1895. С. 455).

ХVI ғасырда қазақтар Тобыл өзенінің жоғарғы жағы мен Есіл және Ертіс өзендерінің бассейінінде көшіп-қонып жүреді (Томилов Н.А. Казахи Западной Сибири в конце ХVI – первой половине ХІХ в. // Этногенез и этническая история тюркских народов Сибири и сопредельных территорий. Омск, 1983. С. 70).

Қазақтардың Батыс Сібір жеріне орналасуы Г.Е.Катанаев, М.С.Мұқанов және басқа да автор­лардың еңбектерінде қарастырылды (Катанаев Г.Е. О поступательном движении киргизов Средней Орды к границам Западной Сибири // Зап. Западно-Сибирского отделения РГО. 1886. Кн. 8. Вып. І; Му­канов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата, 1974). ХVI ға­сыр­дың бас кезінде Қазақ жерлері Пермьмен шекара­ласып жатады (Томилов Н.А. Указ. соч. С. 69).

XVII ғасырдың соңғы ширегінде хандық қазіргі қазақ аумағының басым бөлігіне бақылау жүргізеді. (OІcott M.B. The Kazakhs. Stanford, CaІifornia, 1987. PP. 3,4,9).

Қазақ хандығының үш жүзге бөлінуі негізінде оны «федерация» немесе «конфедерация» болған­дығының белгісі деп есептеудің негізі жоқ. Қазақ­тың үш жүзі – бір мемлекеттің үш бөлігі ғана. Бұл жөнінде М.Олкотт былайша түсіндірме береді. Кейбір тайпалардың халқының саны мен иелі­гінің ұлғаюы әлеуметтік ұйымдасу мен бас­қару­ға қатысты проблемалар туғызды. Міне, осы жағ­дайға және генеалогиялық факторларға (басқа жағ­дайларға емес) байланысты ХVI ғасырдың бірінші жартысында хандық аумағы үш жүзге бөлінді (көпшілік авторда басқа кезең аталады. – К.Е.). Бірақ осыған қарамастан, деп жазады М.Ол­котт, қазақтар бір тілде сөйлейтін, жалпыға тән мә­де­ниеті мен экономикасы бар біртұтас халық болып қалды.

Неміс ғалымы Э.Саркисянц «1917 жылға дейінгі Ресейдің шығыс халықтарының тарихы» деген зерттеуінде Қазақ хандығының құрылу тари­хын, оның Қасым, Тахир (1523/24-1531/32), Хақназар (1537/38-1580) хандар тұсында көршілес халықтармен қарым-қатынастарын, тайпалық құрамы мен этникалық аумағының қалыптасуын егжей-тегжейлі баяндайды. Әсіресе, ол Тәуке хан тұсындағы (1651-1718) бір орталыққа бағынған Қазақ мемлекетіне ерекше тоқталады (Şarkısyanz E. Geschichte der OrientaІischen VöІker RussІands bis 1917. München, 1961. S. 310-322).

Қазан төңкерісіне дейінгі кейбір орыс ғалымдары да Қазақ хандығы жөнінде объективті пікір білдірді. «Далалық облыстардың қырғыздары туралы заңдар жинағы» деген еңбекте: қырғыз-қайсақ ханы Тәуке тайпалар арасында тыныштық, рулар арасында жерді әділ бөліп беріп, оны пайдалану тәртібін орнатты, жалпы ол заңдылық негізде әрекет етті; бәрін де ақылмен істеп, тәжірибе мен шеберлігіне сүйенген Тәуке үш қырғыз-қазақ ордасына билік жүргізді; әрбір ордаға өз өкілдерін: Ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені тағайындады делінеді (Сборник узаконений о киргизах степных областей / Сост. И.И. Крафт. Оренбург, 1898. С. 12).

И.И.Крафт ХVIII ғасырдың бас кезінде «жүз» бөлек хандық мағынасындағы құрылымды емес, кө­бі­не-көп бір мемлекет құрамындағы генерал-гу­бер­наторлықты білдірді деп көрсетіпті (Сонда. С. 14).

ХІХ ғасырдың орта кезіндегі А. Терещенко деген автордың «Дешті Қыпшақ іздері және Ішкі Қырғыз-қайсақ ордасы» деген мақаласында да осы секілді мәліметтер келтіріледі.

ХVII ғасырдың бас кезінен Түркістан қаласы қазақтардың астанасына айналды. Есім ханның (1598-1613/14) ұлы Жәңгір (1627-1628) мен немересі Тәуке осы қалада тұрып, барлық қазақтарға әмірін жүргізді деп жазады ол (Москвитянин. 1853. Т. 6. № 22. Кн.2. С. 77).

Қазақтардың атамекен жерлерінің этникалық қалыптасуы ХVI-ХVII ғасырлар барысында аяқ­талды. Ресей Орталық мемлекеттік тарихи мұра­ғаты, Ресей Орталық мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Ресей Сыртқы саясаты мұрағаты, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеті мұрағаты негізінде зерттеу жүргізген М.С.Мұқанов ХVIII ғасырдың бас кезінде қазақтардың қазіргі Қазақстан аумағын тұтастай алып жатқандығын нақтылап берді (М. Мұқанов. Қазақ жерлерінің тарихы. Алматы, 1994. 4-5-беттер).

Ғалымдардың соңғы жылдары жүргізген архео­логиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қазақстанның солтүстік өңірінде қимақ дәуіріне, ал Жайық өзенінің батыс жағалауында Алтын Орда дәуіріне жататын қалалар орындары табылды.

ХVIII ғасырдағы қазақтардың этникалық аумағы тарихи құжаттар негізінде В.Востров, Н.Бек­маханова және басқа да ғалымдар тарапынан зерттеліп, негізделді.

Мемлекеттіліктің басты атрибуттарының бірі – шекара екендігі белгілі. «Қазақтарда шекара болмады» деп ауа жайылушылар үшін қазақ та, ағылшын да, басқа да емес, қазаққа бүй­регі бұра қоймайтын Ресей Бас Штабының капи­таны Л.Костенконың мына куәлігін келтіре кетейік: «Северную границу киргизких кочевок определить легче, чем южную, потому что здесь еще с прошлого века русское правительство стремилось обозначить пределы набегам степняков устройством укрепленных линий. Таким образом северная граница киргизских кочевок обозначилась: частью Алтайских гор, рекою Иртышем, потом так называемою Горькою Сибирскою линиею от Иртыша до Тобола, или до Звериноголовской крепости, затем от этой последней до устья реки Уя рекою Тоболом; далее р. Уем и потом Уралом, начиная от Спасскаго форпоста (близь Верхнеуральска) почти до Оренбурга, или точнее до Нижняго форпоста, затем далее реками Бердянкою, Уралом и Илеком до устья последнего и потом опять Уралом. Несмотря, однакож, на эти пределы, значительная часть киргизов Малой орды, в числе 7000 кибиков, перешла в 1812 году через Урал и с разрешения правительства поселилась в Астраханской губернии (Внутреняя или Букеевская орда); другая часть, в числе 3200 кибиток, несколько ранее перешла Иртыш и кочует внутри линии Сибирского казачьяго войска. На западе границей киргизских кочевьев считается р. Урал и северовосточный берег Каспийского моря. На юге киргизы примыкают своими кочевьями до Усть-Урта, затем до Хивы, до Заравшана, хребта Кашгар-Даванского, гор Уртак-тау, хребта Александровского и гор Киргизын-ала-тау. На востоке киргизская кочевья доходят до хребта Ала-тау, озера Алакуль, гор Тарбагатайских, озер Нор-Зайсана и хребта Тянь-шанского». (Средняя Азия и водворение в ней русской гражданственности / Сост. Л. Костенко. СПб, 1870. С. 30-31).

Бұл орайда орыс бекіністері мен әскери жүйелерінің, оның ішінде «Ащы өзек» аталған «Сібір шебінің» өзі қазақ жері арқылы өткенін ескеру қажет. 1910 жылы жарық көрген «Ақмола облысындағы қырғыз шаруашылығы» деген зерттеудің авторы В. Кузнецов: «Қазіргі қырғыз­дар­дың (қазақтардың. – К.Е.) ата-бабалары Петропавл даласына әр уақытта қоныс аударды. Уезде өздері­нің тұрып жатқанына бес жүз жыл болған бір ауыл табыл­ды. Ол – Полуденск болысындағы Жакей Ораз­бай тұратын 9-ауыл. Осы болыстағы №7, 10, 13, 16 – ауылдардың, Тайыншы болысындағы он бір ауыл­дың мұнда төрт жүз жылдан бері өмір сү­ріп жатқаны көрінеді» (Кузнецов В. Киргизское хозяйство в Акмолинской области. Т. ІІІ. СПб, 1910. С. 31-33).

Басқаша сөзбен айтқанда, орыс мұжықтарына жер іздеген экспедиция басшысының өзі қазақтардың қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында ХV ғасырдан бері тұрып жатқанын мойындайды.

Қазақ хандығы өз заманында Шығыста да, Ба­тыс­т­а да белгілі болды. Шығыс авторларының шығар­маларында Қазақ хандығы «Мамлакат-и казах», «Доулат-и казах», «Улус-и казах» деп аталды.

Парсы жазушысы Хасан бек Румлудың 1931, 1934 жылдары ағылшын тіліне аударылып жарық көрген «Ахсан ат-таварих» атты еңбегінің 12-томында 1494-1578 жылдардағы Қазақ хан­дығы, оның хандары Қасымның, Бұрындық пен Хақназардың іс-әрекеттері, олардың ішінде 1578 жылы Пул-и Хатун түбінде қазақтардың түрікмендермен ұрысы жөнінде баяндалады.

Қазақ хандығы туралы еуропа саяхатшылары, саудагерлері мен дипломаттарының күнделіктері де мол мағлұмат береді. ХVI ғасырдың 50-жылдары Ресейден Иранға қазақ жері арқылы екі рет өткен ағылшын көпесі Энтони Дженкинсон (1538-1580 ж.ж.) қазақтарды өз атымен атап («Cassacks»), олар­дың сол кезеңде (яғни Хақназар хан тұсында) Ташкентпен соғысып жатқандығы, қуатты халық екен­дігі жөнінде Англияға мәлімет жеткізеді. Өзі құрастырған картада Еділ мен Жайық арасында но­ғайларды орналастырып, олардан шығысқа қарай­ғы жерлерді «Казахия» («Cassackia») деп көрсетеді

Австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейн (1486-1566) Қасым билеген Қазақ хандығы туралы жазып, оның тұрғындарын «қазақ татарлар» («Cosatski») деп таниды.

1518 жылдың маусым айынан 1519 жылдың қаң­тар айына дейін Мәскеуде елшілік сапармен болған италиялық Франческо Да-Колло мен Ан­тони Де-Конти өз еліне қазақ жерлері жөнінде мәлі­­меттер алып қайтты. Иранға, Қытайға және басқа да шығыс елдеріне сауда-саттық және дипломатиялық жұмыстарымен барып қайтқан неміс ғалымы және жазушысы Адам Олеарийдің (1635 ж.), голландиялық Ян Стрейстің (ХVII ғасырдың екінші жартысы), француз үкіметінің дипломатиялық агенті Де-ла-Невилльдің (1689 ж.), француз көпесі Жан Батист Таверньенің (ХVII ғасырдың 30-жылдары), швед елшілігінің хатшысы Энгельберт Кемпфердің (1683 ж.), голланд сурет­шісі Корнелий де Бруиннің жолжазбаларында қазақ­тар және олардың қоныстары туралы сан алуан тарихи және этнографиялық материалдар топтастырылған.

Әсіресе, 1664-1665 жылдары голланд елшілігі құрамында Мәскеуге келіп, оның шығыстағы аймақтары жөнінде материалдар жинастырған географ Н.К. Витсеннің 1692 жылы Амстердамда жарық көрген «Солтүстік және Шығыс Татария туралы» деген еңбегін ерекше атау керек. Кітапта Есім ханның, Тәуке ханның, Тұрсын мен Болат сұлтандардың, Сайрам, Түркістан, Созақ, Аққорған, Икан, Сауран, Отырар секілді қалалардың аттары аталады. Түркістан қаласында ұзындығы жиыр­ма бес сажын ғимарат бар, ол «Астана» деп ата­ла­ды; Астананың ішінде жүзден астам баспана орна­ласқан; олардың біреуінде адам бойындай қазан тұр; Астанада Әзірет-қожа деген қасиетті адамның бейіті бар деп жазады автор (Оқырман не туралы, кім туралы айтылып отырғанын білетін шығар).

Голландиялық жазушының мәліметтері бойын­ша Қазақ хандығы Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған, саяси жағынан нығайған мемлекет болған, хандықтың тек Сыр бойындағы қалаларының саны отыз екіге жуықтаған. Қазақтар туралы сыңаржақ пікірлер таратушыларға швед авторы Иоганн Табберт фон Страленбергтің 1738 жылы Лондонда жарық көрген «Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктерінің тарихи-географиялық сипаттамасы» атты кітабын парақтап шықса, біраз пайдасы тиер еді.

Ф. Страленберг Қазақ хандығын Қазақ Ордасы («Kosachi Hordaе») деп атап, қазақтардың көне мәдениеті бар халық екендігіне деректер келтіреді. Олардың ішінен автор «жұмбақ жазуларды» (Орхон-Енисей жазуларын), Солтүстік және Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштерді, әсіресе, Ұлытау шыңдарының біріндегі петроглифтерді, Ертіс пен Есіл өзендері жазығындағы көне мазарлар мен қорғандарды атайды.

Қазақ мемлекеттілігін зерттеуде бұрмалау­шылықтарға ұшырап келе жатқан тақырыптардың бірі – қазақ дәстүрлі қоғамының саяси жүйесі.

Қазақ қоғамында билік жүргізу бірнеше деңгейде жүзеге асырылды. Көшпелілердің синкреттік дүниетанымына орай орныққан биліктік жүйе мемлекеттік атрибуттардың бәрін қамтыды. Ең жоғары билік жүргізу құқы Шыңғыс хан ұрпақтарының әлеуметтік-корпоративтік тобынан сайланатын ханға тиесілі болды.

Хандық биліктің негізгі функцияларына экономикадан тыс қайшылықтарды реттеу, ру-тай­палар арасындағы келіспеушіліктерді шешу, әскери-саяси және сот қызметтері жатты. Қазақ­тарда хан билігінің басты функциясы – халықты сыртқы шапқыншылықтардан қорғау, ел мен жердің тұтастығын сақтау болды.

Қазақ қоғамындағы аға хан институтына қазақ жүздері арасындағы бірлікті нығайту, тұтас қазақ жұртына қатысты мәселелерді реттеп отыру міндеті жүктелді. Қайсыбір деректерде Қазақ хандығының Тәуке ханнан кейінгі билеушісі Қайып Мұхамбет болған (Казахско-русские отношения. Вып. 1. Док. 15. С. 18). 1718 жылдың көктемінде Әбілқайыр ханның «Қайып ханның тапсырмасымен соғысуға дайын екендігі» (Памятник Сибирской истории ХVIII века. Т. ІІ. С. 160) жөніндегі мәлімдемесі де Қайып­тың бас хан болғандығын растайды. Кейін бұл дәрежеге Әбілқайыр, Абылай қол жет­кізеді. Хан билігінің дискреттік сипатта бол­ған­дығы, Қазақстанның саяси жүйесіндегі түрлі билік субъектілерінің арасында қатаң верти­каль­д­ы тәуелділіктің орын алмағандығы жөніндегі пайымдаулар орталық биліктің әлсіздігі секілді, қысқаша айтқанда, Қазақ хандығының мемлекеттілік болмысының пісіп-жетілмегендігі туралы идеяға қосымша қолдау табу ниетінен, қазақ мемлекеттілігінің өзіндік ерекшеліктерін ескермеуден, мәселені отырықшы-егіншілікті мемлекеттерге тән биліктік жүйе негізінде қарастырудан туындайды.

Қоғамдық санада хан билігі мемлекеттіліктің, қоғамды ұйымдастыру ісіндегі тарихи сабақтас­тық­тың символы, қауіпсіздік пен игіліктің нышаны ретінде қабылданды. Бұл – сонау Түрік қағанаты заманынан бері келе жатқан хан мен халық тұтастығының бір көрінісі болатын.

Хан бірден-бір билік иесі болған емес. Жоғарғы сюзерен ретіндегі оған хандықта билік жүргізуді қарауындағы ұлыстар мен тайпалық бірлестіктерді билейтін сұлтандармен және билермен бөлісуге тура келді. Жалпы мемлекеттік сипаттағы мәселелерді шешу үшін құрылтай (халық жиналысы) шақырылды. Тарихта Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы белгілі. Орыс дереккөздерінде құрылтай «съезд» деп аталды. ХІХ ғасырдың орта кезінде қазақтар өмірімен танысқан бір орыс көпесі: «Көне заманнан қырғыздарда орыс бодандығына өтуіне дейін көп адамдар қатынасқан съездер болды» деп жазды (Записки саратовского купца Я.П. Жаркова о киргизах. 1852 г. / Путевые дневники российских чиновников и исследователей о казахской степи ХVIII – середины ХІХ века. Сб.док. и материалов / Сост. И.В. Ерофеева и др. Астана, 2012. С. 599).

Құрылтайда хан сайлау, жау шапқыншылығына қар­сы күрес, шет елмен бітімге келу, т.б. бүкіл қа­зақ халқының тағдырына қатысты мәселелер талқыланды.

М.Х. Дулати «Тарих-и Рашидиде» Күлтөбені Моғолстанның әйгілі аймағы деп жазады. Күлтөбе басында ел бірлігі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қиын-қыстау кезеңдерде халық жиналысы бірнеше рет өткізілгенге ұқсайды. Бірақ онда қабылданған шешімді ханның бұлжытпастан орындау қажеттілігі қағидатты ешбір өзгеріске ұшырамады.

Хандық билік және оның статусы мен функ­ция­лары, сұлтандар және билермен қарым-қаты­на­сы, хандық биліктің пәрменділігі мен берік­тігі секілді мәселелер шығыс авторларының шығармаларында кеңінен зерттелді.

Дәстүрлі қазақ қоғамының ең ықпалды саяси күшін, ханнан кейін, сұлтандар немесе төрелер құрады. Шыңғыс хан әулетінен тарағандардың барлығы сұлтандар аталып, олар, Шыңғыс ханның қай бұтағына жатса да, хан тағынан үміткер болды.

Қазақтар далалық мемлекеттілік дәстүрлерді сақтай отырып, сұлтандардың жеке ұлыстарды басқару құқын да қабылдады. Олардың саяси құқықтарына жалпы мемлекеттік басқаруға, жергілікті (яғни, ұлысты) басқаруға қатысу жатты. Ұлысты басқару сұлтандарға оның халқының үстінен әскери-саяси билік жүргізуге мүмкіндік тудырды. Ұлыстық сұлтандарға соғыс кезінде жасақ құрып, оған қолбасылық ету құқы берілді.

Марта Олкотт: «Қазақтарда екі сатылы әкімші­лік құрылым болды: хандар мен сұлтандар арис­то­кратиясы рулық қағидатқа негізделген әкімшілік жүйе­сінен биік тұрды», – деп жазады. Алайда, аме­рикалық профессордың пікірі үстіртіндеу секілді. Ол қазақ қоғамындағы билер институтының орны мен рөлін жеткілікті түсінбеушіліктен туындайды.

Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны – би халық түсінігінде: сот, төреші; бата­гөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретін­де ұғынылды. Би, «Жеті Жарғы» бойынша, өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкім­шілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Өз қауы­мының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп пен тыныштықтың бұзылмауына жауапты болды. Осылайша, билер билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тірегіне айналып, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттік мәселелерді талқылауға қатысты.

Қазақтарда билер, атқаратын жұмысына, лауазымына, беделіне, адами қасиеттеріне орай, ата би, төбе би, қатар би, жеке би, төтен би, бала би болып бөлінген.

Билер институты мемлекеттің саяси және әлеу­меттік құрылымын тек қана ғұрыптық құқық емес, сол сияқты рухани-мәдени салт-дәстүр негі­зін­­де де ұштастыра әрі теңдестіре отырып қам­та­­масыз етуді көздеген бірден-бір құрылым бол­ды. Оның үстіне ол мемлекеттік басқару жүйе­сімен тығыз астаса отырып, халық пен билеу­ші топтардың белгілі бір әлеуметтік-саяси құнды­лықтар төңірегінде топ­тасуы­на ықпал етті (Ораз­баева А. Қазақ хан­дығындағы билер институтының генезисі мен тарихи эволюциясы / Саясат. 1997. 107-б.).

Билер институты көшпелілер қоғамында бұрыннан да белгілі болды. Қазақ қоғамында ежелгі құқықтық реттеу формаларының бірі ретінде билер соты жұмыс істеді. Оны көне замандардағы хандық басқару жүйесінің тайпа көсемдеріне сүйену арқылы мемлекет ішіндегі тәртіп пен реттілікті нығайтуға бағытталған ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген далалық демократияның классикалық үлгісі деуге болады.

Қазақ қоғамында сот төрелігі мемлекеттік басқару иерархиясындағы жоғарғы буын-хандық билікпен теңдес, кейде одан биік деңгейде тұрды. Билер соты жергілікті мәндегі дау-дамайды, қылмыстық және азаматтық істерді қараған. Билер сотының шешімдеріне көңілі толмаған, әділдігіне сенбеген дауласушы тарап өзге билерге немесе төбе би төрелігіне жүгінуге құқылы болған.

Ал төбе би дәстүрлі қазақ қоғамында арбитр қыз­­метін атқарған (Кенжалиев З. Көшпелі қазақ қоға­­мындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет. А., 1997; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. А., 1999).

Дәстүрлі қазақ қоғамында Еуропа елдерінің парламентімен деңгейлес институт – билер кеңесі болды. Ол жылдың бір мезгілінде, әдетте ел жайлауға көшіп болған соң (ал кейбір авторлар күз айларының бірінде дейді) өткізілген, оған хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, «қара қыл­ды қақ жаратын» әділдігімен танылған билері, батырлар мен қожалар қатысқан. Билер кеңе­сінде мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқы­ланып, тиісті шешімдер алынған. Билер шешім­дерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке хан қалып­тас­т­ырған осы демократиялық-құқықтық қағи­да­ны кейінгі қазақ хандары қатаң ұстанған. Ал би­лер кеңесінің Ресеймен тек бейбіт келісімге келу жөніндегі ұйғарымын бұзып, өз дегенімен Ресей бодандығын (мейлі, тіпті, протекторат-ақ бол­сын) қабылдау жөніндегі Әбілқайыр ханның қадамы халық тарапынан қатты қарсылыққа ұшы­рады. Қазақтардың Әбілқайырдан сырт айнал­ғаны соншалық, 1736 жылы оның ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль: «Хан өз қол астындағылармен аса бір үлкен сақтықпен араласуға мәжбүр, сондықтан жеке басына көрсетіп отырған олардың тұрпайылығын айтып, менің сөге жамандауымды сұрады» деп жазады өз «Күнделігінде» (Джон Кэстль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. Алматы, 1996. 22-23-б.).

Билер кеңесінің шешімдері хан беделінен жоғары қойылғанымен, орталықтандырылған билік пен басқару ісіне қайшы келмеді (С. Өзбекұлы).

Сонау ғұндар заманы, Түрік қағанаты кезеңдері­нен бері келе жатқан мемлекеттік атрибуттар мен басқару институттары Қазақ хандығында сол күйінде, өзгерместен қабылданды деу қателік болар еді. Қазақ қоғамы мемлекеттілік дәстүр сабақтастығын жалғастыра отырып, оны өзінің өмір сүру жағдайына орай дамытты. Әсіресе, ХVIII ғасырда сыртқы күштердің ел егемендігіне байланысты және қоғам өмірінде отырықшылықты – егіншілікті өңірлер рөлінің артуын ескере отырып, аға ханды салтанатты түрде сайлау тәртібі және оған өзгеріс енгізу нормалары қабылданады. Оны Абылайды сайлауға үш жүздің хандары, сұлтандары, билері және басқа да ықпалды адамдарымен бірге, тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан қалаларының өкілдері қатысуынан көреміз.

Абылай (1771-1780) отырықшы халықтарға қоса, көшпелілерден де салық жинай бастайды. Мем­лекеттілік билікті күшейту шаралары қолға алына­ды. Абылай төлеңгіттерден тікелей өзіне ғана бағы­натын жеке гвардия құрады. Хан өкілеттілігі кеңейтіледі.

Төрелер өкілеттігін шектеу мәселесі де алға қойылды. Төле би ханға, қандай қиыншылық болса да, оны көтеретін төрелер емес, халық екендігін айтып, «Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш; Ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш», – дейді. Әйтеке бидің 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен жиында Ресейдің, Қытайдың, не басқа елдердің көмегі түбінде опа бермейтіні, оның орнына әскери дайындықтан өткен тұрақты жасақ ұстап, оған керекті қаражатты төрелер мен ауқатты адамдардан жинауды ұсынады. Ұсынысты Төле би мен Қазыбек би де қолдайды (Билер институты жөнінде: Оразбаева А. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. Алматы, 2004). Мұның өзі қазақ мемлекеттілігінің түбірлі саяси-әкімшілік реформалардың алдында тұрғанын, оның өзгеріске, прогрессивті дамуға қабілеттілігін көрсетеді.

«Қырғыз – қайсақтардың саяси және әлеуметтік қатынастарын» зерттеген неміс ғалымы Франц Шварц: «Қырғыз-қайсақтарда, дворяндармен қатар, жай халықтан шықса да, құрмет тұту жағынан атақты ақсүйектерден жоғары тұрған адамдар бар. Олар – жорықтар кезінде ерлігімен және айла-тәсілмен ерекше көзге түскендер, яғни батырлар», – дейді (Шварц Ф. Туркестан – ветка индогерманских народов / Немецкие исследователи в Казахстане. Ч.І. Пер.с нем. Алматы, 2006. С. 180).

Отандық тарихнамада батырлар институты, оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны, батырлардың әлеуметтік категория ретінде қалыптасуы біршама зерттелген. Батырлардың дәстүрлі функциясы –  елді сыртқы шапқыншылықтан қорғау. Америкалық дипломат Ю.Скайлер: «Ерен ерлікті, елдік пен тәуел­сіздікті жоғары ұстаған қырғыздар қай кезеңде де, Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқты дала төсінде атқа қонған батырлар туы астында жи­­на­луға дайын тұратын», – деп жазды (SchuyІer E. Turki­stan. Notes of a journey in Russian Turkistan, Kho­kand, Buchara and KuІdja. VoІ. I. Іondon, 1876. P. 34).

Батыс авторлары Қазақ хандығындағы билік бөлінісінің дәстүрлі қазақ қоғамының өмір сүру және даму ерекшеліктеріне байланысты екендігін, қайта қоғамды тұрақтандыруға, нығайтуға бағыт­тал­ғандығын ескере бермейді. Себебі, сан ғасырлар тарихы бар көшпелілік, өзіндік өркениет ретінде, абсолюттік жүйені, ешқандай шектеу қойылмаған билікке ұмтылушылық үрдісін қабылдамады. Хан мен халық арасындағы билік тепе-теңдігінің сақталуы көшпелі қоғамның дамуына қолайлы жағдайлар тудырды.

Қазақ мемлекеттілігі функцияларының жүзеге асырылуы негізінен әдеттік ғұрыптар басым түрлі құқықтық нормалар жүйесімен реттеліп отырылды.

Түркі халықтарының сан ғасырлық құқықтық нормалар жүйесі Тәуке ханның 1680-жылдары Күлтөбеде хан кеңесін шақырып, жеті би атсалысып құрастырған қазақтардың «Жеті Жарғы» атты ата заңында жүйеленді. А.И.Левшин: «Билердің ертеден келе жатқан Қасым хан мен Есім хан тұсындағы әдеттік-құқық жүйелері «Жеті Жарғы» заңында жинастырылды», – деп жазады.

Қазақ құқығы өз бастауын ХІІІ ғасырда өмір сүрген үйсін Майқы биден алады. «Жеті Жарғы» ережелер жинағында бұрыннан басшылыққа алынып келе жатқан «Қасым ханның қасқа жолындағы», Хақназардың «Ақ жолындағы» «Есім ханның ескі жолындағы» жосықтар ғана емес, «Ұлы Жасақтың» да кейбір баптары пайдаланылады. Бірақ соңғылары қазақ халқының тұрмыс-салтына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына орай бейімделіп алынды.

«Жеті Жарғы», Моңғол империясы немесе Алтын Ордадағы секілді, жоғарыдан түсірілген құқық емес, құқықтық әдет-ғұрыпты жаңа саяси жағдайға бейімдеудің нәтижесі болды. Мұны неміс ғалымы Г. Дёрфердің көшпелілердегі моңғолдық және түркілік элементтерді зерттеуге арналған еңбегінен айқын көруге болады (Doerfer G. Türkische and mongoІischen elements im neufersischen. Bd. I. Wiesbaden, 1963. S. 264-265).

Ғұлама ғалым С. Зимановтың сөзімен айтқанда, қазақ құқығының ерекшелігі – оның көшпелі мәде­ниет шеңберінде туып, сол дәуірдің ең құнды сипатын иеленуінде.

«Жеті Жарғыда» әдеттік құқықтың басымды­лы­ғы қазақ халқының басын біріктіріп, Қазақ хан­дығының нығаюына жұмыс істеді. Ә.Бөкей­ханов­тың: «Көшпелі және отырықшы өмір сүрген қарғатамырлы қазақтарды «әдет заңы» ортақ тәртіпке шақырды, өз таңбасы, өз ұрандары бар тайпаларды «алаш» ұраны ел басына күн туғанда бір тудың астына біріктірді» деген сөзінде осы тарихи шындық жатыр (Туземец [Ә. Бөкейханов]. Женщина по киргизской былине Кобланды / Туркестанские ведомости. 1899. №35. С. 208-209).

«Жеті Жарғы» – Тәуке хан тұсында қоғам өмірінің сан-саласын қамтыған, Қазақ хандығының, ел-жұртының тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық құжат болды.

Қазақ хандығының этностық негізінің ны­ғаюын­да ислам діні маңызды рөл атқарды. Сырт­қы күштерге қарсы күресте діни идеология халықты жұмылдырушы, интеграциялық процесті жеделдетуші күш болды. Қазақ хандарының бір дінге сенуі және бәрі бірдей ислам дінінің сопылық бағытын ұстанып, далалық исламның негізін қалауы қоғам мен мемлекетке ерекше ықпалын тигізді, рухани жікшілдікке тосқауыл қойды. Парсы ғалымы Меһди Санаи Қожа Ахмет Ясауидің қазақ халқының қалыптасуындағы рөлін жоғары бағалап, ол «Қазақстан үшін ұлттық және исламдық жағынан өзін-өзі тану құралы әрі халық мақтанышы болды» деп көрсетеді (Mehди Caнaи. Иассауи тариқаты – Қазақ әдебиеті. 1998. 17 шілде).

Ислам діні, Қазақ хандығының мемлекеттік діні ретінде, ішкі және сыртқы саясатының доктринасына айналды. Қазақтардың бүкіл қоғамдық-саяси және мәдени өмірі Шариаттың басымдық рөлімен сипатталды. Қазақ заңдарының құқықтық дереккөздерінің бірін ислам діні құрай бастайды. Қорыта айтқанда, Қазақ хандығы исламдық мемлекет ретінде қалыптасады.

Шариаттың мемлекет өмірінде берік орын алуы­мен халықтың әдет-ғұрпында, мәдени дамуын­да соны өзгерістер, елеулі алға басушылық орын алады (Нуртазина Н. Ислам и эволюция государ­ственности в Казахстане / Отан тарихы. 2006. № 1.).

Қазақ хандығының экономикасын тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана сипаттап, осыдан барып «қазақтарда мемлекет болмады» деу ешқандай тарихи құжаттармен расталмайды. Еуразия кеңістігінің тұрғындары, олардың ішінде Қазақ хандығы халқын құрағандар ежелден, мал шаруашылығына қоса, егіншілікпен шұғылданып, кен қорытқан, қолөнер кәсібімен айналысқан. Мұны Еділдің төменгі жағы мен Жайық бойында, Сырдария, Талас, Жетісу өңірінде, Орталық Қазақстанда, Алтай тауының қойнауларында жиі кездесетін тарихи ескерткіштер айқын дәлелдейді.

Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен генезисінде отырықшылық мәдениет пен ежелгі және орта ғасырлар кезіндегі қалалардың рөлі ерекше болды. Осы орайда А.И.Левшиннің мына сөздері ойға оралады: «Один бухарец, часто посещавший Оренбург и слывший человеком ученым, рассказывал нам, будто бы в древние времена берега Сыра и Аральского моря были столь населены, «что кошка могла прийти из Турке­стана в Хиву, перебегая с одной крыши на другую» (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или кир­гиз-кайсацких орд и степей. Алматы, 1996. С. 111).

Бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген мемлекеттердегі көшпелілік және отырықшылық симбиозы әсіресе, қарахандар тұсында айрықша көрінді (Қараңыз: Прицак О. Караханиды / Ислам. ХХХІ. 1951. С. 21-23; Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. А.꞊А., 1986; Пищулина К.А. Присырдарьинские города и их значение в истории Казахских ханств в ХV-ХVII вв. / Казахстан в ХV-ХVIII веках. А.-А., 1969).

Х ғасырдағы ғалым-географ әл-Макдиси өзінің «Китаб әл-бәд ва-тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихы жөніндегі кітап») атты энциклопедиялық шығармасында қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан ондаған қала тізімін келтіреді. Олар қолөнер өндірісі мен зат айырбасына, сауданың дамуына байланысты пайда болып қалыптасады.

Созақ, Сығанақ, Отырар, Түркістан, Сауран, Қойлық, Талғар (Тальхиз), Тараз, Аркук және т.б. ортағасырлық қалалардың ірі сауда, қолөнер және саяси, мәдени орталықтар болғандығы шығыс дереккөздерінде айтылып, археологиялық жәдігерлермен нақтыланып отыр.

Бір ғана Алтын Ордада 110 қала болғандығы, оның 21-інде ақша соғылғандығы анықталды. Бұлардың саны жыл санап артып келеді. 2001 жылы Орал қаласының түбінен, Шағанның Жайыққа құяр сағасындағы қырқасының мүйісінен ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасыр кезеңінде өмір сүрген қаланың орны табылды.

Отырықшы өңірлерді, қала тұрғындарын былай қойғанда, көшпелілердің өздері де кейбір дәнді дақылдар өсірумен шұғылданған. Батыс дипломаты Иософат Барбаро Дешті-Қыпшақ тұрғындарының егін шаруашылығымен айналысатынын өз көзімен көреді (Барбаро и Контарини о России. К истории итало-русских связей в ХV в. Ленинград, 1971).

Сырдария өңірі дамыған егіншілік пен сауданың, қолөнер мен мәдениет орталығы болды. Сырдария бойындағы қалалардың әлеуметтік-экономикалық және саяси маңызы, Қазақ хандығының тарихындағы рөлі В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, А.Х.Марғұлан, К.А.Пищулина тарапынан жан-жақты зерттелді. Тобылдық боярин С.Салтыковпен бірге Тәуке ханға барып қайтқан орыс елшісі В.Кобяков Сібір приказына былай деп хабарлайды: «А города у них, Тевкехана, все сделаны из сырого кирпича… А всего их, воинских людей, будет с 20 000 человек, которые кочуют по Сыру реке… А хлеб у Тевкихана родитца многое число, пшеница и ячмень и проса…» (Расспросные речи в Сибирском приказе казака Василия Кобякова о пребывании его в Туркестане / Дополнения к актам историческим. Т. Х. 1867. Док. № 80, ХІV. С. 389-390).

ХVI-ХVІІ ғасырларда Ясы (Түркістан) қаласы үлкен егіншілікті аумақтың орталығына айналады. Ибн Рузбихан Ясыны «Түркістан билеушілерінің астанасы» деп атайды. Бұл өңір дәнді дақылдармен және басқа да азық-түлікпен өз халқын ғана емес, басқаларды да қамтамасыз етеді. Түркістанда Дешті Қыпшақтың, Мәуреннахр және Қытайдан келетін сауда жолдары тоғысады.

Шығыс дереккөздерінде Ясы қаласының төңірегінде орналасқан Икан, Карнак, Карачук және т.б. елді мекендер аталады.

Қазақ хандығының түпкілікті астанасы болуы­нан бастап Түркістан Сырдария өңірінің саяси, мә­де­ни ғана емес, мұсылмандық орталығына айналды.

Отырықшылық Жетісу өңірінің біраз аумағын қамтиды. Қазақтардың мұнда моғол хандығының тұсында тұрақты жайлау, қыстаулары болған. Қазақ қыстаулары бүкіл Сырдария өзенінің бойын алып жатады (Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме йи Бухара (Записки Бухарского гостя. Перевод, предисловие и примечание Р.П. Джалиловой, М. 1976. С. 94, 31).

Қазақтардың көшпеліліктен гөрі, жартылай отырықшы болғандығын Қасым ханның (ХVI ғ.) моғол ханы Сеид ханға айтқан мына сөздерінен-ақ байқауға болады: «Қыс болса жақындап келеді, біз, дала өңірінің тұрғындары, бұл кезде қыстау мәселесінің қамын ойластыруымыз керек» (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. А.-А., 1969. С. 227).

Мұның барлығы Н.М.Карамзиннен басталған орыс авторларының, орыс әдебиетіне негізделген кейбір батыс зерттеушілерінің қазақтардың «таза көшпелілігі» туралы пайымдауларының жалған­дығын, олардың біраз бөлігінің отырықшы, жарты­лай отырықшы ретінде өмір сүргендігін көрсетеді.

Тіпті, қазақтардың ата-бабалары да сақтар зама­нынан бері тұрақты өмір кешкендігін, егін шаруа­шылығымен айналысқандығын археологиялық материалдар дәлелдеп отыр (Қараңыз: Жолдасбаев С.Ж. Қыстаулар – тұрақты ғұмырдың белгісі / ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. 2008. №7. 81-85-бб.).

Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарының бірі дипломатия саласы болып табылады. Отандық тарихнамада қазақ мемлекетінің сыртқы саясат мүдделері, мемлекетаралық мәселелерді шешу әдістері мен стратегиялық мақсаттары біршама зерттелді. Бірақ бұл мәселе жөнінде қайшылықты пікірлер жоқ емес. Кейбір авторлардың көшпелі­лер соғыс арқылы қоғамдағы әлеуметтік қайшы­лықтарды әлсіретуге тырысты деген сонау Аттила мен Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан пікірді Қазақ хандығына да таңуға тырысуы шындыққа сәйкес келмейді. ХV-ХVІІІ ғасырлар кезінде Қазақ хандығының ішкі өмірінде сыртқы саясатының сипатын айқындайтын әлеуметтік текетірестің орын алғандығы жөнінде қандай да бір мәліметтер ұшыраспайды. Қайта Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен бейбіт тиімді қарым-қатынастар орнатуға ұмтылды.

Қазақ хандығы түркі мемлекеттерінің дипло­матиялық қатынастар орнату, басқа елдермен келіссөздер жүргізу жөніндегі сан ғасырлық дәстүрін жалғастырды. Хандықта өзіндік дипломатиялық рәсімдер мен ережелер қалыптасты.

Түрік қағанатының Византиямен, Иран және Қытаймен қарым-қатынастары жөніндегі құжат­тарда түркі билеушілерінің хаттамалық  нормаларына қатысты мағлұматтар жиі ұшырасады. Шетелдік елші ханның ордасына кірерде табал­дырықты баспай аттап өткеннен кейін тізесін бүге отырып сөз алған, сұрақтарға жауап берген.

ХVІІІ ғасырда да ханға бас ию, тізерлеп отырып сәлем беру рәсімдері қазақтарда да сақталған секілді. 1736 жылы жазда Орынбор экспедициясында жұмыс істеп жүрген ағылшын Джон Кэстль Әбілқайыр хан ордасында елші рәсімдерін сақтай отырылып қабылданады. Ол жөнінде өз «Күнделігінде» Кэстль былай дейді: «Олар (қазақтар. – К.Е.)… (ханға барғанда) қалай тізерлеп отыруды, маңдайды жерге үш рет қалай тигізуді көрсетті… Жарты сағат өткеннен кейін жиналған қарақұрым халықтың көзінше Байбек пен тағы бір кісі екі жақтан қолтықтап, жетектеп мені ханға алып кетті. Хан отырған үйге он адым қалғанда, бір минут қимылсыз тұруымды сұрады. Содан кейін адъютант немесе олардың тілінде жасауыл маған дыбыс беріп, мені тағы алты адым жерге апарып, тағы бір минут жасауыл келгенше тұрғызып қойды. Артынша мені тура есіктің алдына алып барды, тағы біраз тұрғаннан кейін, жергілікті жердің сый-құрметімен демеп ішке кіргізіп жіберді… Есіктен кіргенде басымдағы қалпағымды алдым, ханның алдында француздарша үш рет құрметпен басымды иіп, қошемет көрсеттім…» (Джон Кэстль. Аталған шығарма. 20-21-беттер).

Көшпелілерде, оның ішінде қазақтарда Еуропа елдері мен Ресейде мемлекет басшыларының қабылдауына жалаңбас кіру секілді хаттамалық дәстүрлерден өзгеше, өз дүниетанымдары бойынша қалыптасқан дипломатиялық этикеттері болған. Профессор К. Хафизованың бір еңбегінде: «Петер­бургте Абылай хан елшісі ретінде барған қазақ сұл­таны орыс патшасының аудиенциясында жалаңбас отыруға келіспеушілік» білдіргенін жазады.

Көктүріктердің кезінен бері елші, қазіргі тілмен айтсақ, дипломатиялық иммунитетпен қорғалған. Ақын – философ Жүсіп Баласағұн:

Елші ерекше, барлық ердің сарасы,

Артық біткен білім, ақыл-санасы.

Құдайдың ең асыл құлы – елшілер,

Талай ізгі істі солар тындырар, – деп жазады.

Бүгінгі күні де қазақ «елдестірмек елшіден» дейді. Мұның өзі Қазақ хандығының халықаралық мәселелерді шешуде күш көрсетуге емес, бейбіт жолмен шешуге ұмтылғанын көрсетеді.

Көктүріктерден бергі уақыттың бәрінде түркі ел­ші­лерінің берген антына, одақтастық жөніндегі ше­шім­ге адалдығы талай құжаттарда көрініс тапқан.

Бүгінгі қазақтарда «жүйесіз сөз иесін табады» деген сөз бар. Сөйлеу мәдениетінің жүйелігі де дәлелділігі, байқампаздық пен білімпаздық түркі елшілеріне ежелден тән. Шешендіктің, дипломатия тілінде өз пікірін жеткізе білудің бір үлгісі – Қаз дауысты Қазыбек бидің (1667-1764) қазақ-қалмақ келіссөзіндегі монологы: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз».

Қазақ хандары көшпелілермен қарым-қатынас­тарында әдеттік құқыққа сүйене отырып әрекет етті. Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей ең алдымен Ақ Орда хандарының Сырдария бойындағы мұрагерлік жерлерге өз билігін орнатуға ұмтылды. Барақ хан: «Сығанақ жайылымдары заң мен әдеттік құқық бойынша маған тиесілі, себебі менің атам Орыс хан Сығанақта құрылыс салды», – дейді. (Пишулина К.А. Казахское ханство во взаимоотношениях с Могулистаном и Шайбанидами в последней трети ХV века / Казахстан в эпоху феодолизма (проблемы этнополитической истории) / Отв. ред. А.Х. Маргулан. А.–А., 1981).

Қазақ хандығының одақтастық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті – Моғолстан болды. Бұл одақ Қазақ хандығының құрылуынан бастап ХVI ғасырдың 30-жылдарына дейін созылды. Шығыс Дешті Қыпшақ үшін күресте Жошы әулетінен шыққан Ахмет ханмен, Махмұд ханмен, Ибақ ханмен одақтасты.

1533 жылы Моғолстан тағына отырған Абд ар-Рашид хан өзбектермен (Шайбани әулетімен) одақтасып, қазақтардан Жетісу мен Тянь-Шаньді қайтарып алуға тырысады. Қырғыздармен одақтасу арқылы Қазақ хандығы бұл жерлерді сақтап қалады.

ХVI ғасырдың ортасында Қазақ хандығымен Русь те, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы мен Орта Азия хандықтары да санасуға мәжбүр болады (1558-1559 және 1562-1563 ж.). Бұхар хандығы мен Хиуаға барып қайтқан ағылшын көпесі Э.Дженкинсон: «Мен мұнда (Бұхараға. – К.Е.) келгенге дейін үш жылдай уақыттан бері соғыс жүріп жатты… Ташкент үшін соғысып жатқан мұсылман дініндегі халық – қазақтар (Cassaks) деп аталады, олар – өте қуатты», – деп жазды (Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. Алматы, 1994. 46-б.).

ХVІ ғасырдың ІІ жартысында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы күрделілене түседі. Ноғай ұлысы мен Сібір хандығының қазақтарға қарсы одақтасуы, орыстардың 50-жылдары Қазан мен Астрахань хандықтарын басып алғаннан кейін қазақ жеріне жақындауы қазақ ханы Хақназарды (1538-1580 ж.ж.) өзбек ханы Абдолла ІІ-мен «анттасқан шарт» жасауға әкеледі.

Тәуекел хан тұсында Сырдария бойындағы қалалар үшін ұзаққа созылған күрес қазақтардың жеңісімен аяқталады. Тәуекелдің мирасқоры Есім ханның (1598-1613/14 ж. билік жүргізген) 1598 жылы Бұхарамен жасасқан бітім шарты бойынша Түркістан мен Ташкент Қазақ хандығына берілді (Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине ХVI в. Алма-Ата, 1985).

ХVI ғасырдың бас кезінен Ресей Қазақ ханды­ғына үлкен мүдделілік танытты. Орыс мем­лекеті Алтын Орда құрамында болған елдерді өз қара­мағына алуға және олармен қарым-қатынас­тарда өзін Алтын Орданың «бірден-бір мұрагері» екендігін мойындатуға ұмтылады. Батыс Еуропа мемлекеттерімен жазысқан дипломатиялық құжат­тарында ноғайларды, Сібірді, Қазақ хандығын, қалмақтарды өз қоластына алғанын мәлімдеп, осы арқылы өзін қуатты мемлекет ретінде көрсетуге тырысады.

Көп уақытқа дейін орыс патшасы сарайында Алтын Ордадағы ел басқару жүйесі де, шығыстық этикет те үстем болды. Тіпті, орыс князьдарының біразы өздерінің шыққан тегін Шыңғыс ханнан бастады және олар Рюриковичтен тарағандардан жоғары тұрды. Олардың мұндай мінез танытуында генеалогиялық негіз де жоқ емес-ті. Қыпшақ қыздарына үйленген Всеволод Юрьевич Большое гнездо (1154-1212), Ярослав Всеволодович (1191-1246), Қоншақтың қарындасына үйленген князь Георгий (1318 ж.), Ноғайдың қызына үйлен­ген Федор Рязанскийді атасақ та жеткілікті (Кара­теев М.Д. Русь и татары. Княжеские роды. Динас­тические таблицы. М., 1994). Батыйдың ұлы Сартакпен анттасқан Ярославтың ұлы Александр қыпшақ қолын бастап, 1240 жылы 15 маусымда Неваның Ладога көліне құятын сағасында немістердің әскерін талқандап, орыс халқының тарих сахнасынан жойылып кетпеуіне себепкер болды. А.Невскийдің орыстардың бастарын бірік­тірудегі рөлі жөнінде П.Н.Савицкийдің, тарих­шылар С.М.Соловьев пен Лев Гумилевтің айтқандары жұртшылыққа аян.

1513-1520 жылдар аралығында Қазақ хандығы Мәскеумен елшілік қатынастар орнатады. Бірақ Қасым хан Ресейдің шығысқа қарай бағыт ұстауы жалпы түркі кеңістігіне қауіп төндіретінін алдын ала болжағанға ұқсайды. Қазіргі уақытқа жеткен эпикалық шығармалар мен ән-күйлер Ноғай ордасындағы қазақтар мен Қазақ хандығынан Қазан хандығын қорғауға барғандардың болғандығынан хабар береді (Исин А. Қазақ хандығы мен Осман патшалығы саяси байланыстарының басы / Абай. Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. 1994. №4 (44). 32-б.).

Ағылышын жазушысы Р.Фокстің орыстар қазақ жеріне ХVI ғасырдың соңғы ширегінен бастап көз аларта бастады деп көрсетуі сол кезеңдегі оқиғалар сипатын меңзейді. Р.Фокстің айтып отырған кезеңі Иван Гроз­ный­дың айдап салуымен 1573 жылы орыс-казактардың Сарайшық қаласын талқандап, тұрғындарын қанға бояған оқиғамен тұспа-тұс келеді. Алайда, Ресейдің қазақтар жөнінде мұнан әлдеқайда бұрынырақ мәліметтер жинай бастағанын орыс патшасы мұрағатының тізбесінде 37-жәшікте «Қасым патша тұсындағы кітаптар мен тізімдердің» барлығы туралы мәлімет растайды (Акты, собранные Архео­графической экспедицией. Т.І. СПб, 1836. С. 339).

Қазақ хандығы туралы мағлұматтардың жинас­тырылуы оны танып-білуге, тең құқылы қарым-қатынастар орнатуға емес, көбіне қазақтар­дың саны, әскери күші, қару-жарағы, орналасуы жөнін­дегі барлаушылық мақсатты көздейді. Түркияға барған орыс елшісі В.М.Третьяк-Губинге: «Да и про Казатцкую Орду ему пытати, кто ныне в казакех государь. И где кочует» (Памятники дипломатических отношений Московского государства с Крымом, ногаями и Турциею. Т.2. 1508-1521 / Сборник РИО. СПб, 1895. С. 678) деген тапсырма беріледі.

ХVІ ғасырдың 30-40-жылдарында саяси бытыраңқылықты бастан кешірген Қазақ хандығы өз егемендігі мен жерінің тұтастығы үшін ноғай­ларға, Сібір хандығына қарсы күресуге тура келеді. Айырылып қалған жерлерін қайтарып алу үшін Хақназар хан 1568 жылдың күзіне қарай Хажы-Тарханға (Астрахань) дейін шабуылдап, қазақ әскерлері Еділдің сағасында орыстармен соғысады. Бұл жөнінде Русь Речь Посполитая мен Түркияға хабар береді. Мұрағат деректеріне қара­ғанда, Хақназар хан 1571-1572 жылдары Мәс­кеуге елші жіберген. Елшіліктің алдына қойылған негізгі мақсат Ресеймен өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастар орнату болатын.

Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен өзіне ғана тиімді келісімшарт жасасу үшін қазақтардың ішкі де, күрделі сыртқы саяси жағдайын пайдала­ну­ды көздейді. Ондай жағдай, әсіресе, Сібір ханы Көшімнің қазақтарға шабуылдары кезінде байқалады. 1573 жылы Мәскеу үкіметінің қазақ­тар­ға жіберілген Третьяк Чебуков деген елшісі Көшім­­ге қарсы бірлесіп күресуді ғана ниет тұт­пайды. Третьяк Чебуков бастаған елшілік сапары­ның сәтсіз аяқталуына қарамастан, Қазақ хандығымен шаруашылық-сауда қатынастарын орнату деген желеумен Ресей хандықпен шекаралас өңірлерді отарлай бастайды және ең алдымен Сібір хандығын өзіне қаратуды мақсат тұтады.

Қазақ-орыс қатынастары тарихын зерттеуші­лер­дің пікірінше, Қазақ хандығын тәуелсіз мем­лекет ретінде мойындау, онымен мәмілегерлік байл­а­ныстар орнату арқылы Ресей қазақ жерін де бір­тіндеп отарлау жоспарын жүзеге асыра бастайды.

Қазақ сұлтаны Оразмұ­хамедті (Ораз Мұхаммед) келіссөз жүргізген болып, алдап тұтқынға алуы Ресейдің Қазақ хандығын өзіне бағындырудың бір амалы ретінде қарас­тыруы­ның мысалы болып табылады. 1594 жылы Тәуе­­кел ханның Ораз­мұ­хамедті тұтқыннан босату, әскери одақ құру, сол кезде Сібір хандығымен соғысып жатқаннан кейін қару-жарақпен көмек беру жөніндегі өтінішімен бар­ған Құлмұхамед баста­ған елшілік сапарынан еш­теңе шықпайды. Себебі, Оразмұхамедті босатудың басты шарты ретінде орыс патшасы Борис Годунов Қазақ хандығының Ресей бодандығын қабылдауын алға тартады. Орыс тарих­на­масында бодандық мә­се­лесінің Тәуекел хан тара­­пынан көтерілуін екі ел арасындағы «ұлы достықтың» бастауында тұрған оқиға ретінде сипат­таудың ешбір қисыны жоқ. Бұл қазақ ханының өз туысы Оразмұхамедті босатып алуға ұмтылған жай айласы ғана болатын. Ресей қазақтарды Сібір хандығы мен Бұхара хан­дығына қар­сы бағыт­тауға, осы арқ­ылы олардың үшеуін де әлсіретіп, өзіне тәуелділікке түсіруді мақсат тұтады.

Қазақтарға қару-жа­рақ та бермейді. Қайта орыс патшасы қазақ ханы Тәуекелден өз ұлын ама­натқа жіберуді сұрайды. Бұл жағдай хандықтың орыс сюзеренитетін қабылдауы дегенді білдіретін еді. (Миллер А.Международное положение Казах­стана во второй половине ХVІ века / Истори­ческий журнал. 1942. №6. С.55; Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ веках. А. – А., 1961. С.19).

Онымен қоймай, Тәуекел хан Бұхара хандығы мен Сібір хандығына шабуыл жасап, оларды орыс патшасының құзырына қаратса ғана, қару-жарақпен көмектесетінін айтады. Бұл ниетін 1595 жылы Тәуекел ханға барған Вельямин Степанов деген елшісі арқылы білдіреді.

1694 жылы Тайқоңыр Құлжабай аталық ұлы елшілігі І Петрге Ресеймен ынтымақтастық қатынастарды жандандыру және сауда-саттықты дамыту жөніндегі Тәуке ханның хатын тапсырады.

1697, 1698 жылдары Тәуке хан Тобылға Тәшім және Тұманшы батырлардың екі елшілігін жіберіп, тағы да екі ел арасында «ізгі қарым-қатынастардың орнауына», сауда-саттықтың нығаюына үміт білдіреді (Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках. С.9).

Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынастар, отандық тарихнамада суреттеле­тін­дей, кедір-бұдырсыз, шиеленіссіз орын алған жоқ. Сары батыр мен Келдей мырза елшілігі тұтқынға алынып, Тобылға жөнелтілді. Оның есесіне Тобылдан Қазақ хандығына келген Андрей Неприпасов пен Василий Кобяков тұтқындалды.

1694 жылы патша жарлығы бойынша Келдей мырзаны алып Түркістанға келген Федор Скибин мен М. Трошин: «Как мы учнем наказ честь и про наших великих государей… здравие ему Тевкихану объявлять, и он бы Тевкихан став, слушал без шапки», – дейді. Хан оларға тұрып тыңдай алмаймын, бөркімді де ала алмаймын, біздерде Құдайға да бөркін киіп тұрып жалбарынады деп жауап береді. Сол кезде Скибин мен Трошин «түрік сұлтаны мен қызылбастың (Иранның. – К.Е.) ханы да» патша өтінішін бөркін алып тұрып тыңдайды деп уәж айтады. Оған Тәуке хан түрік сұлтаны да, парсы ханы да менен ешбір жоғары емес деп қайтарып тастайды (Княжецкая Е.А. Путешествие тобольского казака Федора Скибина в Казачью Орду в 1694-1696 гг. / Страны и народы Востока / Под общей ред. Д.А.Ольдерогге. Вып. 22. Кн.2. М., 1980. С. 68).

Тәуке ханның орыс елшілігін салқын қабылдап, орыс патшасына құрмет көрсету рәсімінен бас тартуы сол кезеңдегі орыс-қазақ қатынастарының шиеленісіп тұрғанын, Қазақ хандығының халықара­лық қатынастарда Ресеймен де, Түркия және Пер­сия­мен де өзін тең құқылы, бір деңгейде ұстаған­дығын білдіреді.

Тәуке ханның бұйрығы бойынша бұрын тұтқын­далған Неприпасов пен Кобяковты да, Скибин мен Трошинді де еліне қайтармайды. Ақырын­да А.Неприпасов қайтыс болады да, қалған­дары 1695 жылы қазан айында қашып шығады.

Хиуаға жетіп, одан Уфа арқылы Тобыл қаласына кеткен Скибин воевода А.Нарышкинге өзінің Қазақ Ордасына сапары туралы есеп және «Қазақ Ордасы қалаларының жазба тізбесін» тапсырады. Барлаушылық мағлұматтарының маңыздылығына байланысты мұнан кейін Мәскеуде, қайтадан Тобылда Скибиннен жауап алынады. Ол Түркі­с­танға апаратын жолдар, стратегиялық нысандар, өзендер, көлдер, Сырдария өзені бойындағы қала­лар жөнінде нақтылы мағлұматтар береді. Екі жыл бойына Түркістаннан Жайық өзеніне дейінгі жер­лерді аралаған орыс барлаушысы қазақ­тар­дың орналасуы, шаруашылығы, әскери қуаты жө­нін­дегі де мәліметтері шығыс елдеріне қарай ұм­тыл­­ған орыс үкіметіне аса құнды болып көрінеді. (Ру­ко­пись городков Казачьей орды по пути из Тобольска до Туркестана / Материалы по истории Узбек­ской, Таджикской и Туркменской ССР. М., 1933).

Жоңғарлар тарапынан шапқыншылықтардың жиілеуіне байланысты ХVIII ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастап Ресеймен қатынастарды реттеу, әскери одақ құру мәселелерінің өзектілігі арта түседі. Қазақ хандығы Жоңғарияға қарсы әскери одақ құру туралы Қайып ханның Тобылға елшілігі (1716 ж.), Тантай батыр, Арыстан Аталы­құлы мен Тайқоңыр Құлтабай аталықұлы арқылы І Петрге хаты, Әбілқайыр ханның Тобылға жіберген Әлімбет батыр, Байбек батыр, Төлебай батыр, Есмәмбет батыр­дың елшілігінің (1718 ж.) ұсыныстары аяқ­сыз қалады. Соңғы елшілік сауда қатынастарын дамыту, тұтқындармен алмасу, жоңғарларға қарсы күресу үшін орыс әскерлерін жіберу туралы Қайып хан­ның хатын да тапсырады. Сібір губернаторы М.П.Гагаринге қазақ ханы: «Қонтайшы – сенің де, ме­нің де жауым, оның жолында біз тұрмыз, әскер жі­беру жөнінде ұлы патшаға хат жазамыз, күш жібер­се, біздер соғысуға, не болмаса бейбіт келісімге келу­­ге дайынбыз», – деп жазады (Басин В.Я. О русско-казахских дип­лома­тических отношениях в начале ХVIII века / Извес­тия АН КазССР. Сер. обществ. наук. 1965. Вып. 5. С. 44). Осы кезеңдерде Түркіс­тан қала­сында Н.Белоусовтың (1716 ж.), Ф.Жилиннің (1717 ж.), Б.Брянцевтің (1718 ж.) елші­лік­тері келіп, Қайып ханмен әскери одақ жөнінде келі­с­­сөздер жүргізеді. Алайда, олар сәтсіз аяқталады, Ресей тарапынан нақт­ылы қадамдар жасалмайды. Оның үстіне орыс елшіліктері дипломатиялық жұмыс­тардан гөрі Қазақ хандығының әскери күш-қуатын анықтауға тырысады; Б.Брянцев елшілігі Аягөз өзеніне жеткен кезінде осының алдында ғана өткен жоңғарлармен ұрыста қазақтардың жеңіліс тап­қандығының куәсі болады, Құттыбай биден оның себептерін сұ­рап біледі, Әбілқайыр мен Қайып хан­дардың ара­ларындағы қатынастың сипа­ты жөнін­де мәлі­мет ала­ды. Мұның өзі, әри­не, І Петрді қазақ­тар­мен әске­ри одақ құруға итер­мелемейді. Ресей Қазақ хан­ды­ғының күшеюіне емес, жоңғарлар мен бас­қа да ел­дер­ге қарсы күресте әлсізденуіне, осы арқы­лы өз мақ­­са­тын жүзеге асыруға ғана мүдделілік танытады.

Қазақ хандығының басқа да көршілес мемлекет­термен дипломатиялық қатынастары оның іргелі ел болғандығын білдіреді. Мұхамад Тахир Каз­ви­нидің «Аббаснама» деген шығармасында: «Бұрын­дары Түркістан уалаятынан келмеген қазақ патшасының елшісі келді. Аббас шах Исфахан қаласындағы «Чихил сутун» сарайында қабыл­данды. Түркістан патшаларына, елшілерге көр­сетілетін сый-құрметтің барлығы көрсетілді және хаттың жауабын дайындап, өз елдеріне көп­теген сыйлықтармен аттандырылды», – деліне­ді. Ғ.Қам­бар­бекованың ізденістері бойынша, бұл ел­ші­лік туралы мәліметтер Иран шахы сарайының хат­та­малары мен сарай жинақтарында да көрініс тапқан.

Тәуке ханның хатына Иран шахы жауап ретінде екі елдің арасында орын алып келген достық қарым-қатынастар жөнінде айтып және оның алға қарай да жалғасатындығына сенім білдіреді (Қамбарбекова Ғ.Ә. Сефевидтер тұсындағы дипломатиялық хат алмасулар / Юдин оқулары: «Қазақстан және шығыс елдері тарихы мен бүгіні». 30 наурыз 2012 ж. Алматы, 2012. 10-11-бб.).

Иран шахтары Тәукенің туыстары – Қайып сұлтан, Тұрсын Мұхамедхан және ұлы Болат сұлтанмен де хат жазысып тұрады (Қуанышбек Қари. Тәуке ханға жазылған хат Тегераннан табылды / Айқын. 2005. 10 қараша).

Бірақ екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынастар барлық уақытта сақтала бермеді. Оны Кіші жүз ханы Әбілқайырдың 1724 жылы Иран шахына жазған хатынан көруге болады. Хатты И. Березин 1862 жылы басылып шыққан «Турецкая хрестоматия» атты жинақтың екінші томында жариялаған. Кітапта Әбілқайыр ханның хатына жауап ретінде жазылған Иран шаһының хаты қоса берілген. Шындығына келгенде екі ел арасындағы текетірес Хиуа хандығы үшін мүдделіктен туындайды. 1724 жылы Әбілқайыр хан басқарған қазақ жасақтарынан ирандық әскерлер қатты жеңіліс табады. Оны И. Березин де атап өтеді. (Бақыт Әбжет. Қызылбас пен қалмаққа дес бермеген қазақ ед… / Қазақ әдебиеті. 2002. 27 желтоқсан).

Әбілқайыр ханның хаты осы оқиғаға байланысты жазылған.

Қожамқұлы бек Балх ибн Қыпшақ ханидың (1695-1696 ж.т.) «Тарих-и Қыпшақ хани» еңбегінде Қазақ хандығының Ауғанстанмен, Үндістанмен де қарым-қатынастар жасап тұрғандығы жөнінде айтылады.

Қазақ хандығының Осман патшалығымен үш рет – 1520-1525, 1548-1551 және 1568-1569 жылдары қарым-қатынастар орнату әрекеттері болған. 1713 және 1715 жылдары Қайып Мұхаммед хан Османлы сұлтанына орыстар мен қалмақтардың қазақтарға көрсетіп отырған зорлық-зомбылықтары жөнінде екі рет хат жолдап, көмек сұрайды (Belgelerle Osmanlı – Türkistan ilişkileri (XVI-XX. Yiizyillar). Ankara, 2004).

Османлы сұлтаны ІІІ Ахметтен Қайып ханға жауап хат та келеді. Алайда, екі ел арасындағы географиялық алшақтық тиімді қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік бермейді.

Мұның барлығы Қазақ хандығының ірі де қуатты мемлекет болғандығын, әскери, дипломатиялық тәсілдерді қолдана отырып, тәуелсіз саясат жүргіз­гендігін көрсетеді.

Алаш қайраткерлері кезінде қазақтардың «қазақы­лыққа» оралуының маңыздылығы жөнін­де жазып кеткен-ді. Бұл ұстанымның мәні – халық­тың өзінің әдет-ғұрыптары мен салт-санасын, дәстүрлері мен құндылықтарын, жинастыра айтқан­да, этникалық бірегейлігін сақтай білудің этнос ретінде жойылып кетпеуінің алғышарты болып табылатындығында. Мұның ежелден бері келе жатқан қағида екендігі Геродоттың сақтар өздерін өзгелердің әдет-ғұрпын қабылдаудан аулақ ұстайды деген сөздерінен-ақ байқалады. Сақтар да, олардан кейінгі басқа тайпалар да Грекияға, Еуропаның өзге де елдеріне жеткенімен, көбі өз ата-жұртына оралып, дағдылы өмір салтына көшіп отырады.

Өзіне ғана тән бірегейлігін тану, оны құрмет тұту және қандай жағдайда да өзге құндылықтар мен өзге жұрттың өмір салтына бола айырбастап кетпеу – халықтың бостандығы мен тәуелсіздігінің, ғалым А.Қасымжанов айтқандай, «негіздерінің негізі» болып табылады (Уроки отечественной истории и возрождение казахского общества. Материалы научной сессии. Алматы, 1999. С. 91).

Бұл сөздердің тарихи шындық екендігі күмән туғызбаса керек. Әлем халықтарының бай тәжіри­бесі өзіңнің ерекшеліктерін, оның ішінде тілі мен ділін ескермей, бөтен тәжірибе мен әдет-ғұрып­тар­ды механикалық түрде, ойланбастан өз жұртына таңу­дың аса қауіпті екендігін дәлелдейді. Мұны Кошо Цайдамдағы (Моңғолия) Түрік қағана­ты мен екі ұлы тарихи қайраткер Білге қаған мен Күлтегін тарихы баяндалған ескерткіштер кешені де дәйектейді.

Сонымен ғалымдар мен ақын-жыраулардың, данагөй абыздар мен ел атынан сөз ұстаған билердің ізденістері мен ой-толғамдары негізінен Білге қағанның мәңгі бақи ел болып қалу жөніндегі өсиеті мен ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің «кемел мемлекет», «кемел адам», Жүсіп Баласағұнның «бақытты қоғам» жөніндегі ой-пікірлері төңірегінде өрбітіліп, Қазақ хандығының оптимистік сипаттағы мемлекеттік идеологиясының іргетасын қалады.

«Мәңгілік Ел» – дербес те, дамыған мемлекет құрып, береке-бірлікте тәуелсіз өмір сүруге ұмтыл­ған халықтың арман-мұратының жиынтық идеясы. Бүгінде ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы халыққа Жолдауында, Ұлытау сұхбатында ұстартылып, жаңа деңгейдегі мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыты ретінде жалғасын тапты.

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

АЛМАТЫ, "Егемен Қазақстан".

Пікірлер