Конституция күнін қалай тойлау керек?

558

Тәуелсіздігіміздің тірегі - Қазақстан Республикасы Конституциясы күні құтты болсын! Осынау айтулы күн қарсаңында мемлекеттігіміздің бас құжаты Ата Заң қабылданған күнді қалай атап өткен жөн деген сауал турасында ой бөліссек.
Халық бұл мерекені «қосымша демалыс беретін күн» немесе «жұмыстан сыйақы алатын күн»,- деп есептемес үшін не істеуіміз қажет?
Мен бірер жыл Норвегияда тұрғаным бар еді. Сол кезде норвегтердің Конституция күнін қалай тойлайтынына куә болдым. Бұл елде конституция күні шын мәнінде бүкілхалықтық мерекеге айналған. 17-мамырды еңбектеген нәрестеден еңкейген қартқа дейін асыға күтіп, шын ниетімен тойлайтыны сырт көзге бірден көрінеді.
Бұл күн - норвегтер үшін мереке таңнан басталады. Аулаларына, балкондарына өздерінің туларын іліп, туған-туыс, ағайындарымен алаңға шығады. Жәй ғана шықпайды. Өздерінің ұлттық киімдерін киіп, өздерінің норвег екеніне, тәуелсіз ел екеніне масаттанып шығады. Осы елді мекендейтін өзге ұлт өкілдері де норвег ұлттық киімдерін киіп, бұл үрдістен қалыс қалмайды. Бұл күні Норвегияның әр қаласының үлкен алаңдарында түрлі парадтар болады. Балалар парады, әскерилер парады дегендей түрленіп кете береді. Жыл он екі ай осы елде болған адам Конституция күнінің норвегтер үшін ең айтулы күн екенін тойлау масштабына қарап аңғарған болар еді. Ұрпақтар сабақтастығын да, нағыз «Рухани жаңғыруды» да дәп сол күні Норвегиядан көресіз.
Бұл мерекенің біздің елде де дәл осылай еш жасандылықсыз тойланғанын қалар едім. Еліміздегі әр азамат өзінің ұлтына, нәсіліне, діни наным-сеніміне қарамай, мемлекетімізге, Ата Заңымызға деген құрметін шынайы көрсетіп, мерекені бар ниетімен атап өткенін қалаймын. Осындай мерекеге көзі қанып өскен жас ұрпақ келешекте өз елінің патриоты болады емес пе? «Тәрбие тал бесіктен»,- деп дана халқымыз тегін айтқан жоқ. Біз жас баланың сана сезіміне кішкентай кезінде осынау сәулені дұрыс құя білсек, ол ертең ержеткен кезде өзі-ақ бұл мерекені қалай тойлау керек екенін біліп тұрар еді.
Сондықтан да меніңше баршамыз Ата заңымыз қабылданған күнді отбасымызда атап өтуді дәстүрге айналдырып, балаларымызға бүгін қандай керемет мереке екенін түсіндіріп, көк байрағымызды көтеріп, Отанымызға деген құрметімізді көрсеткеніміз жөн деп ойлаймын. Уақыт өте бұл тамаша дәстүрге айналып кетері сөзсіз.

 

 

Бибигүл Жексенбай, Астана телеканалының басшысы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер