ТУҒАН ЖЕР ТОПЫРАҒЫ (әңгіме)

4092
Adyrna.kz Telegram

 

Авторы: Данагүл Берекет

Байланыс телефоны: 8 747 255 10 96

Мен бұл жайында көптен айтқым келетін. Ол – түстер шеруінен өз ғұмырында бойын аулақ ұстауға тырысқан жалғыз төбе еді. Сөйте тұра, қоңыр аты қалмаған осы бір бәкене тау сымақтың бүгінгі тіршілігі тып-тың-тұғын.  Бауырында бір ауылдың қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Оны баяғы күнде кеңес құратын би-бабалардың Күлтөбесіндей көретін Күнгей шал да осында жүр. Бұл кім дейсіз ғой, ол сіздің бірінші кейіпкеріңіз. Ә, бісіміллә деңіз.

– Бұл менің кіндік кескен топырағым, - дейтін. Әредік өзді-өзі боп күбірлеп кетер сәтінде.

– Әгәрәки, – дейтін сосын: – Хайуан боп кетпесек, басқа бөтен күн туып, қай қиуада жүрсек те түптің-түбі осы ұйыққа тартамыз-ау? - деп қалың ойға шоматын. Сөйтетін де жылқы туралы ойлай бастайтын. Оның да хайуан текті жаратылыс екенін, алайда осы бір жануардың езуі тілінген топыраққа да екі аяқты болмыстан бөлек езіліп, емексіп тартатынын есіне алатын.

Бүгінде қарттықтың ауылына қоңсы қонған соң ба, оның ойы байсал тартқан. Ең бір сұлу сүгірет сол – бұрынғы әдетімен еңбекке елпек ниет танытқысы келсе, тотыққан жүзі тобылғы түстене қалатын. Маңдайынан шып-шып шыққан, самайынан аққан тер, сөйтіп, әлпетін ептеп әрлейтін. Өзі де оны іштей мақтан көріп: «Осы жасқа бұдан артық жарастық жоқ», – деп тәубесі мен шүкірін шындап қайталайтын. Тәлпіш танау немересі Тасығанның да атасының етегіне оранып ержетіп келе жатқаны рас. Осыдан аз-ақ күн бұрын ашамайлап атқа қондырды. Онда да «Немерем ат жалын тартып мінді, азамат болды. Ақсарбас»  деп алқа-тілек айту үшін. Осылайша, шағын ауылды шаңырағына толтырып, сәті келгенде ауылдастың ақ ниетіне тағы бір көміліп қалуды да ойлап еді.

Тағы бір дегеннен шығады ғой. Осыдан бір жыл бұрын құс қайтқан күреңтөбел күндердің бірінде үлкен той болған. Күнгей қарттың әншейінде момақан ғана тыныстап тұратын қоңырқай қожырасында. Елдің елпек көңілі ойға да, қырға да шапқан сол тұста. Бірі отынын қамдап, бірі ыдысын суға мелдектете жүгірді. Әйтеуір, үйдің маңы аламан шаптырар ауылдай алабөтен әбігерге түсіп алған. Тойдың болғанынан боладысы қызық дегендей, енді ойласа, немере сүндет тойының сартап сүгіреттей сүйінтер сәті көп болыпты. Төріңе төсе деп сырмағын ала ұшқан құдайы көрші – жесір Сақпыш та, алыстан келген қонағыңа түстік қыл деп бүйрегі бітеу жалғыз тоқтысын сүйреп келген Жұмақан да, тегінде басқа өңірден ауа келіп, қарияны тамыр атап, бұл күнде жақынына айналған Жомарттың да жетектеп келген торы тайы көз алдында. Күні кешегідей. Бұл тізімді тізе берсе, айтты-айтпады, бір ауылдың бүтін тұрғыны атымтай, жарлы-жақпайы да ашық алақан болып кеткендей сезіледі бүгін.

***

Торы құнан биыл жыра тойынған. Қария үстіне шыбын қондырмай сылап-сипап ұстады. Ойдың өлеңі түгіл, арпа-бидайынан да жарты түйір дән тістетпеді. Жемді былай қойғанда, қаны тазарсын деп таудың көгін тасып берді. Кешкісін суат барғанда жануар судан басын көтергесін қайта еңкейсе, «тәйт, ары» деп тағы жақтырмайтын. Арбаның атындай болып тезегі қуға айналып, шашырап түскенде барып қуанатын. Ол кезде торы құнан шалдың әлгі «тәйт, арысын» естуден бір жола құтылатын. Ауыл бұлағының бұлдырықсыз таза суынан сусап кеп бір сіміретін де, танауын суға қайта тигізбейтін.

Ең қызығы – Тасығанның атасы атбегі де болған жоқ. Арғы аталарының қайсысында ондай бекзат өнердің болғанын да білмеуші еді. Мүбәдә, біреу сыртынан осы жасында «атбегі ата» деп атар болса, құнанға айтатын әлгі бір «тәйттің» көкесін сол адам естімек. Әлде біреу орай-ораты келген бір тұста қабағын танып, оның жайын сұрар болса, айтары да біреу-ақ. «Атбегілік – әркімнің қолын сүртер сүлгісі емес» деп кесіп тастайтын. Бұл да өз сөзі емес. Мұны да қай атасы айтқаны белгісіз. Бабасы қазақ болған соң, сол абыз жүректердің бірі айтқанына ол шүбәсіз сенетін.

Күнгей шалдың Меркі жақта тұратын Оңғар есімді бауыры бар-тын. Төбесі бұл ауылдың төбесіндей ыстық сол туысының мұнда келмегеніне де жылыстап әлде неше жыл өткен. Келген-кеткен ағайыннан еститіні де «байып кетіпті» дейтін бір сөзден аспапты әлі. Қазақтың қай заманда да «Көршің байыса, қуан» дейтін әдеті қалсын ба, қария қалбалақтап оны да атаусыз қалдырмады. Көрші-қолаңға көңілін көлдей байытып бір дастархан жайды. Бір есептен ел де: «Бауыры қарайласып тұрады екен» деп ойласын деді. Жиылған жұрт та тегін келген бе, оңаша қалған тұста дастархан иесіне арнап өсетін елдің әдебін сақтап іштерінен: «Қайрымды болғанға не жетсін?» деп қарияны бір, оның алыста жатқан туысын екі мақтап әуре болысты.

Оңғар – атқұмар азамат-ты. Меркі топырағының жылқыға деген ықыласы да алабөтен еді. Жүйрік десе, ішкен асын жерге қойып, «ат қайдалап» жүгіретін ат ұстар ағайын көп онда. Сосын ба, Күнгей қарияның ауылына келгелі Оңғардың көріп-баққаны торы құнан болып, айтқаны сол жануардың жүріс-тұрыс, бітім-болмысына тіреле беріп еді. Таза қан да, аралас қан да емес, қазақы жылқы тұқымы болған торы шіркіннің, сырт көзге қорас көрінгенмен, сыншыңа сүйегі сұлу құнан еді. Тұяғы төңкерген кеседей дөңгеленген, бота тірсек, серке санның нағыз өзі-тін. Қақпанбел торының қашанғы бір әдеті сол – өн-бойына шыр қоныдырмасқа серт еткендей мамағашты шыр айналатын да тұратын. Қос танауы көріктей тынысты, екі қолтығының арасынан бала жүгіріп өткендей алшайып тұрған оны көргенде меркілік қонақтың көз құрты жыбырлап-ақ жөнелетін. Өзіне салса, бүгін-ақ сұрап әкетіп, ертең-ақ бабын тауып, бағын шаптыруға қамданар ма еді, кім біліпті. Әйтеуір, алқымына өтінішті әлде неше рет кептей жүріп, аттанар алды айтып қалып еді. Ағайынның көңілі қаласа, ханның астындағы күліктен басқасын «бір тулақ тері емес пе?» деп қимастықты жыға жетектетіп қала беретін қазақ емес пе Күнгей шал да. Тасыған тулап «бүлінген» түннің ертесі ағасының ауылынан Оңғар солай разы болып аттанған.

***

Арада бір-ай өткен. Таң атпастан елдің бәрінің әңгімесі торы құнанның жершілдігіне сүйініп үйрілумен басталған. «Бөлек-ақ жануар ғой сабазың» дескен. Шал өзі дабыр-дұбырдан оянып, сыртқа ұмтылғанда сұлбасын таныған торы да оқырана кеп жерді тарпып-тарпып иіскей берген. Көзінен жасы ыршып кеткен шал да оның аяғын құшып жылауға шақ қалған еді осы тұста. Бір уақытта барып жиналған елге қарап: «Аяғы ғой әкелген» деп босай беріп еді. Сосын туған даласынан жаттың қолымен ауған барып, тұяғына қатқан топырақтың жұғынын ауық-ауық иіскеп отырып елге оралған тұлпар жайлы ұзақтан-ұзақ әңгіме айтқан-ды.

***

Биыл Күнгей шал тағы қуанды. Кезекті бір тойға «сылтау» да тапты-ау, шіркін! «Болашақ» бағдарламасымен Америгон ашты дейтін әлгі бір құрлыққа арман арқалап аттанған Тасыған табақтай дипломмен ауылына оралды. Енді қарияның немересі де ауылына қызмет етпек...

 

Пікірлер