Бельвир қамалының «Ханшайымы»

4122
Adyrna.kz Telegram

«Бельрив қамалын иеленетін адам да пайда болды, бірақ 62 миллион [франк] (63,5 миллион АҚШ доллары шамасы – ред.) төлемек» деп жазады Женевада шығатын Bilan іскерлік журналы. Осындай тақырып қойылған шағын мақала авторының сөзінше, 17 ғасырда салынған, ұлттық маңызы бар тарихи объект болып саналатын бұл ғимарат «Қазақстанның [бұрынғы] президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваның иелігіне өткен».

Bilan-ның хабарлауынша, қамалдың бұрынғы иелері ағайынды Сёрсоктар Женева кантонындағы 28 700 шаршы метр мүліктерін 120 миллион франкқа сатпақшы болған. Үш жыл бойы мұндай ақша шығарғысы келетін сатып алушы табылмаған. Сол кезде «мүлдем дерлік сатылмай тұрған жылжымайтын мүлік» жаңа қожайынға бұйырған.

Басылымның мәліметінше, қамалды 62 миллион франкқа сатып алған-мыс Динара Құлыбаева «2009 жылғы желтоқсанда Женева кантонындағы Аньерде жылжымайтын мүлікті 75 миллионға сатып алып өзіне елді бір қаратқан». «[Бельрив] қамалын оның талғамына сай жөндеп болғасын алдыңғы алғанын сатар-сатпасы әлі белгісіз» деп бір қайырады Bilan.

Швейцариялық БАҚ «ғаламат Аньер коммунасындағы» үлкендігі сегіз мың шаршы метр деп сипаттаған вилланы ерлі-зайыпты Құлыбаевтар (Динараның күйеуі Тимур Құлыбаев Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясын басқарады – ред.) 2009 жылы сатып алғанда ел бір елең еткен. Оған жылжымайтын мүліктің бағасы емес, 2010 жылы ақша жылыстату ықтималдығын тексеру себеп болған. Сәл кейінірек швейцариялық билік ерлі-зайыптылар «қаржының қайдан шыққанын» түсіндіріп бергенін, ақша «заңсыз жолмен табылмағанын», 2006 жылы Лондон биржасында Халық банкіндегі «акцияларының бір бөлігін сатқан кезде» пайда көргендерін мәлімдеген. Сол жолғы «акция сатудан» Құлыбаевтар 735 миллион АҚШ долларындай ақша тапқандарын, «оның бір бөлігі вилланы сатып алуға жұмсалғанын» айтқан.

Бельрив қамалы

  • Швейцарияда ұлттық маңызы бар мұра-объект мәртебесіне ие, тарихы бай ғимарат. 1666 мен 1672 жылдар арасында салынып жатқан кезде қырғиқабақ Савойя және Женева князьдіктерінің соғысып қалуына себеп бола жаздаған. Тұз қоймасы деп жарияланған қамал бекініске көбірек ұқсайтын. Женева бұл құрылысты екі тарап арасындағы бейбіт келісімді бұзу деп танып, дипломатиялық дағдарыс туған.
  • Француз революциясынан кейін мемлекет меншігіне өткен. Кейін жекеменшікке берілген. Бұл ғимараттың ең әйгілі қожайыны Садруддин Ага-хан болды. Ол исмаилит мұсылмандардың имамы, қазіргі исмаилиттердің жетекшісі Ага-хан IV-тің ағасы, ханзада Ага-хана III-тің ұлы еді.
  • Садруддин Ага-хан 12 жыл (1965 пен 1977 арасы) БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары қызметін атқарды. Бұл қызметке 33 жасында тағайындалып, мекеменің ең жас жетекшісіне айналды. Оның жұмыс істеген кезінде босқындарға Еуропа ішінде ғана емес, ғаламдық ауқымда көбірек көмек жасала басталды деген пікір бар.
  • Садруддин Ага-хан 2003 жылы қайтыс болып, артында бала қалмаған соң Бельрив қамалы оның екінші әйелі Катерина Алея Берикетти Сёрсоктың ұлдарына өткен. Ага-хан қамалдың территориясында жерленген.
  • Bilan журналының жазуынша, ағайынды Сёрсоктар Монакода тұрады. Қамалды сатып жіберген соң олардың иелігінде Женева кантонында әлі 15 және 18,5 мың шаршы метрлік екі учаске қалған.

Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар

  • Динара Құлыбаева – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның ортаншы қызы. Forbes журналы жариялаған әлемдегі ең дәулетті адамдар тізімінде күйеуі Тимур Құлыбаев екеуі 715-орында тұр. Forbes-тің мәліметінше, ерлі-зайыптылар бір жылда 14 позицияға жоғарылаған.
  • Журнал Құлыбаевтардың 2018-2019 жылдардағы ортақ дәулетін 6,4 миллиард АҚШ доллары деп бағалаған. Динараға бұл соманың дәл жартысы тиесілі болуы мүмкін. 2010 жылдың наурызынан бері оның байлығы 2,3 миллиард АҚШ долларына өскен.
  • Forbes-тің ақпараты бойынша, ерлі-зайыптылар құрылыс саласына, мұнай өндіруші және газ ұңғымаларына қызмет көрсетуші компанияларға инвестиция салған. Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы мен күйеу баласының ең ірі активі «АЛМЭКС» компаниясы, екеуі сол арқылы елдегі ең ірі Халық банкін басқарады.
  • 51 жастағы Динара Құлыбаева – әкесінің атындағы білім қорының жетекшісі. 2017 жылы «педагогика» саласы бойынша Ұлттық ғылым академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылым бөлімінің академигі атанған. 52 жастағы Тимур Құлыбаев – қазақстандық мұнай-газ және энергетика ұйымдарының ассоциациясы KAZENERGY-дің басшысы, ресейлік «Газпром» компаниясынсың директорлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы, Азия олимпиада кеңесінің вице-президенті және Қазақстанның бокс федерациясының жетекшісі.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер