Шындықты ашатын шымылдық па? Хәкім Абай туралы фильмдер

1422
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тарихы мен әдебиетінде атақ-даңқы Абайдан асқан, Абайдай танымал, Абайдай дара туған тұлға жоқ. Ақын есімімен аталатын көшелер, театрлар, кітапханалар, мектептер, ЖОО мен саябақтар ақынға көрсетілетін құрметтің бір парасы ғана. Ал Абайдың алып тұлғалы ескерткішін кез келген қаладан кездестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, Абай қазақ халқының «бренді».

Деректісі бар, керектісі бар, Абайға арналған фильмдер де жетіп артылады. Сондықтан бүгін Абай Құнанбайұлының бейнесін сомдап, еңбек жолын дәріптеген кейбір фильмдерге шолу жасап, топтастырамыз.

«АБАЙ ӘНІ» – АЛҒАШҚЫ ФИЛЬМ

1945 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толды. Дәл осы айтулы датаға байланысты Алматы көркем және хронологиялық фильмдер студиясы «Абай әндері» фильмін түсіруді қолға алды. Бұл туындыны соғыс жылдарында Қазақстанға келген, сол кездегі Одаққа танымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон түсірді. Сценарийін Мұхтар Әуезов жазды.

Фильмде басты кейіпкерді  танымал актер Қалибек Қуанышбаев сомдаса, басқа рөлдерді Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Сондай-ақ, белгілі актриса Әмина Өмірзақованың экрандағы жолы осы кинодан басталды. Ол Ажар бейнесін сомдады. Бір жағынан, осындай ұлттық театр және кино өнерінің сүт бетіне шығар қаймақтары топтасқан құрам фильмнің сапалы шығуына үлкен әсер еткен де шығар.

Осы туынды туралы белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов арнайы мақала да жазды.

«Бұл фильм Мұхтар Әуезовтің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңа­ша жастармен бірге екенін суреттеген», деп жазады «Абай әндері атты мақаласында публицист Камал Смайылов.

Айта кетейік, фильмнің премьерасы 1946 жылы Мәскеуде өткен.

«АБАЙ» ДЕЙДІ – ҚҰНАНБАЙДЫ МЕҢЗЕЙДІ

Арада табаны күректей жарты ғасырдан соң ақынның 150 жылдығына орай 1995 жылы Ардақ Әмірқұловтың екі бөлімнен түратын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен жазылған сценарий бойынша «Абай» атты көркем фильмі өмірге келді.

Фильмге ақыннын жастық шағы, медреседе оқып жүрген кезеңдері, алғашқы өлең-жырлары мен өмірге қалыптаса бастаған азаматтық көзқарасы арқау болған. Суреткердің шебер қаламынан шыққан Абай бейнесі, оның өмір сүрген ортасы, әлеуметтік майданда қалыптасу ерекшеліктері, жастық шаққа жарасымды үміт-армандары, күйініш-сүйініш сынды қасиеттерден жинақталған ұлы ақын тұлғасы әдеби нұсқадан экран заңдылығына сүйене отырып, мүлдем жаңа қырынан көрінеді. Фильм оқиғасы тарихи шығарма желісімен өрбітілгендіктен де, жалпы көркемдік жинақтаудың ортақ заңдылықтарынан да  алшақтамайды.

«Абай» фильмінің сюжеті ең алдымен Құнанбай – Абай төңірегінде  өрбиді. Фильм авторлары романдағы оқиға суреттемелерін экранға көшіруде екі кейіпкер арасында тең қашықтықта ұстайды. Фильмдегі күмбезді ғимараттар, қазақ үй жиһаздары, актерлердің киім киістеріндегі ұлттық, ерекшеліктер біршама үндестік тапқан.

Абайдың рөлін сомдаған бас кейіпкер - Ғабиден Тұрақбаев. Ол өз рөлін жақсы алып шыққан. Дегенмен, киносыншылардың пікірінше, актердың түр әлпеті бас кейіпкер Абайдың бейнесіне ұқсамаған. Фильмдегі қателік - ол Абай бейнесі емес, көбінесе әкесі Құнанбай бейнесінің басымдығы. Фильм тақырыбы «Абай» болғанымен, Абай бейнесі әкесі Құнанбайдың көлеңкесінен шыға алмай қалған көрінеді.

«ҚҰНАНБАЙҒА» КЕЛГЕН КЕЗЕК

Абай Құнанбаев туралы фильмдер топтамасында Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры туралы баяндайтын 2015 жылы түсірілген «Құнанбай» фильмі де бар.

"Құнанбай" фильмі – атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай  Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Картинаның режиссері Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері Досхан Жолжақсынов. Басты рөлді де режиссердің өзі сомдайды.

Айта кету керек, 2016 жылы фильмді түсіруге ат салысқан шығармашылық Уфа қаласында өткен "Күміс Ақбозат" атты ІІІ Халықаралық ұлттық және этникалық кинофестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы "Ұлттық рух" жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, сол жылы шығармашылық топ  әдебиет пен өнер саласында Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

«АБАЙ» ТЕЛЕХИКАЯСЫ

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай телеарналар жарыса фильм түсіріп, ақынның шығармашылығына арналған бейнероликтер көрсете бестады.

Солардың бірі – «Qazaqstan» корпорациясының алты сериядан тұратын төл туындысы «Абай» телехикаясы.

Телехикая Абайдың кемеліне келген кезі мен балалық шағынан сыр шертеді. Алты бөлімді туындыда сол кезеңдегі тарихи шындық, қоғамдық-саяси жағдай, Абайдың болыс болған шағындағы қазақ өмірінде орын алған тарихи оқиғалар көркемдік сипатпен көрініс табады.

Аталған сериалдың көркемдік кеңесшісі белгілі жазушы Дулат Исабеков болды. Оның айтуынша, телефильм бір үлкен құбылыс болған.

Фильмнің қоюшы-режиссері – Мұрат Бидосов, сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы, бас редактор Қайнар Олжай болды.

АБАЙ ЖОЛЫ” ТЕЛЕСЕРИАЛЫ

Дәл сол жылы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында «Хабар» агенттігі де тарихи драма жанрында түсірген «Абай жолы» сериалын жарыққа шығарды.

Телехикаяда Абайдың тартысқа толы өмірі қатар көрсетіледі. Бірде жазушы Мұхтар Әуезовтің, бірде оның кейіпкері Абайдың өміріне қатар алмаса отырып, екі суреткердің да ерен тұлғалары ашылады.

Телехикаяның ерекшелігі — тараулардан тұруы. Сюжеттік желі үш кезеңде өтіп жатқан оқиғаларды қатар баяндау арқылы өрбиді. «Абай жолының» жазылу сәті, яғни, осы шақ, Абай туралы мәлімет жинау кезеңі, өткен шақ және Абай заманы, кітаптағы немесе мәлімет берушілердің естелігі арқылы берілетін «флешбэктер» тізбегінен тұрады.

АБАЙ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР

Абай туралы көркем фильмдерді шолып өттік, енді дерек пен дәйекке, шынайы өмірге негізделген деректі фильмдер топтамасын ұсынамыз.

«Абай. Өмірі мен шығармашылығы»

Абай Құнанбайұлы туралы алғашқы деректі фильмді 1983 жылы «Қазақфильм»  киностудиясы түсірді.  Ол «Абай. Өмірі мен творчествосы” аталады.

Аталған деректі фильмнің сценарийін жазған - Б. Қанапиянов, режиссер - Т. Арғыншиев. Диктор тексін жазған - С. Санбаев.

Фильм Абай шығармашылығы мен өмірінің басты белестерін қамтиды. Ми қайнатқан жазғы дала, сықырлаған қыс аязынан мамыражай көктемге дейінгі табиғат суреттері - ғасырлар бойы қазақтың санасына сіңген құлдық сезім мен патша өкіметінің отарлау саясаты қалыптастырған дала халқының тұрмыс-тіршілігі, жергілікті болыстар мен билерге кіріптарлық сезімі суреттелетін Абайдың лирикалық өлеңдері арқылы ақынның поэтикалық бейнесі көрсетілген.

Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі кадр сыртынан естіліп тұрады. Сөйтіп, еркіндік пен тәуелсіздікті аңсағаны үшін патша өкіметі мен дала жуандары ізіне түскен Абай тұлғасының қайғылы сәттері әрбір көріністе қосарлана байқалып отырады. Композициялық тұрғыдан фильм жыл мезгілдеріне құрылғаны көрінеді.

 «Анық Абай»

Абайдың шәкірттері және ақын әулеті. Олар жайлы айтылып келген деректердің қайсысы анық ақиқат? Бұл туралы «Анық Абай» деректі фильмінен көре аласыз.

Абай өмірі, туыстары, шәкірттері Абайдың көзін көрген адамдарды көрген ақсақалдардың айтуымен баяндалады. Олардың бәрі  мамандар, Абай мұражайы мен абайтану саласында белгілі тұлғалар. Оларға жеткен шындық қандай, бұл шындық совет кезінде неге бұрмаланды – фильм осы жайлардан сыр тартады.

2004 жылы "Қазақстан" ұлттық телернасында жарыққа шыққан 15 бөлімді деректі фильмде Абай айналасының ақиқаты баяндалады. Бұл фильмнің авторы – Қасым Аманжол.

https://rutube.ru/video/9463bf7053c4e2f44a5fb48268e8179f/?r=wd

«Абай Құнанбаев»

2012 жылы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша «Қазығұрт» киностудиясында түсірілген «Абай Құнанбаев» деректі фильмі көрерменге ұсынылды.

Бес бөлімнен тұратын фильм Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған. Ақының туған жері, өскен ортасы мен шығармашылық жолы жайында түсірілген деректер көрсетіледі.

«Қазақстан» ұлттық арнасы тапсырыс беруші ретінде елімізде алғашқы деректі драманы түсіруді белгілі актер, бертінде көпшілік назарына «Ханталапай», «Несиеге махаббат» фильмдерін ұсынған режиссер Сәбит Әбдіхалықовқа тапсырыпты. Ал сценарийін белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай жазды.

Кемеңгер тұлғаның сом бейнесін белгілі актер Жалғас Толғанбай бейнелейді. Ал ғашығынан айырылып, әке сөзін аяқ асты қылмаған бозбала шағын Айбек Молдабеков шынайы көрсете білді. Абайдың әкесі Құнанбай рөлін Бауыржан Қаптағаев ойнаса, анасы Зеренің бейнесін Майра Смағұлова сомдады. Драмада Абай жайлы Тұрсын Жұртбай, Мұрат Әуезов, Таласбек Әсемқұлов, Дихан Қамзабекұлы сияқты абайтанушы ғалымдар ой өрбітеді. Ал фильмде шырқалатын хакім Абайдың «Сегіз аяқ» әнін түп нұсқада әнші Алтынай Жорабаева орындады.

Алып тұлғаның ғұмырын бейнелейтін деректі драма Семей, Астана мен Алматы қалаларында түсірілді. Туындыны жарыққа шығару үшін сегіз ай уақыт кеткен. Деректі драмада данышпан Ибраһимнің дүниеге келгеннен бастап, ақтық сапарға аттанған күндеріне дейінгі үлгілі ғұмыры, шығармашылығы, ой-танымы, болмыс-бітімі бейнеленеді.

">

«Абайдың алғашқы кітабы»

«Абайдың алғашқы кітабы» атты екі бөлімнен тұратын деректі фильмі 2020 жылы көрерменге ұсынылды. Фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Ильяс Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көру тарихына арналады.

Абай дүниеден өткен соң, Тұрағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақұлының ұйымдастыруымен ел ішіндегі Абайдың қағаз бетіне түскен шығармалары жинақтала бастайды. Абайдың шәкірттері Көкбай, Уәйіс, Бейсембай аузынан негізгі өлеңдері жазылып алынады. Жинақталған, жүйеленген шығармаларды Мүрсейіт Бікеұлы мен ұлы Тұрағұл көшіріп, қағаз бетіне түсіреді. Бұл уақытта Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетіне Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы жарық көреді.

Деректі фильмде Абай шығармаларын жинақтап, баспаға беру ісіне Әлихан Бөкейхановтың атсалысқаны туралы айтылады. Сол уақыттағы мұсылман әдебиеттерін шығаратын Ильяс Бораганский Әлихан Бөкейхановтың өтінішімен кітапқа атақты түрколог Платон Мелиоранскийді жауапты редактор етіп бекіткені туралы деректер келтіріледі.

Фильм осылайша ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын жан-жақты баяндайды. Ұлттық арна деректі фильмнің түсірім жұмыстарын Шыңғыстау өңірі, Семей, Омбы, Қазан, Санкт-Петербург қалаларында жүргізді. Жобада құнды мұра тарихы туралы «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының сол кездегі директоры Тұрдығұл Шаңбайдың, тарихшы Сұлтан Хан Аққұлұлы мен абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың пікірлері берілген.

«Абайдың соңғы күндері»

Ақын өміріндегі ең ауыр соққы болған ұлы Мағауияның қазасынан кейінгі ақырғы қырық күнін Абай қалай өткізді? Не күй кешті? Не айтты? Осы сұрақтардың жауабын білгіңіз келсе, "Абайдың соңғы күндері" атты деректі фильмді тамашалаңыз.

2022 жылы тұсауы кесілген, «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген бір сериялы тарихи, деректі фильмде Абайдың ұлы Мағауия қайтыс болғаннан кейінгі соңғы қырық күнін бейнелейді.

Фильм мен сценарий авторларының бірі– жазушы-журналист Қанат Тілеухан мен әдебиеттанушы-публицист Бағашар Тұрсынбайұлы. Фильмнің режиссері – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекзат Смадияр, продюсері – ақын Серік Қалиев.

Түсірілімге ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығының маңызды кезеңдерінің нағыз білгірлері деуге тұрарлық бірегей тұлғалар қатысты. Олардың қатарында Абайдың шәкірті Уәйіс Шондыбайұлының немере інісі Нәстілек Сәменбетов, атақты Бекен Исабаевтың ұлы, шежіреші  Шажан Исабаев; Тәңірберді Құнанбайұлының ұрпағы Құсман Берлешов , Манатай Балтақайұлы – Ырғызбайдың ұрпағы Манатай Балтақайұлы бар.

ӨЗБЕКСТАН ДА АБАЙ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРДІ

Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы. Оның мұрасына өзге елдер де қызығушылық танытып, еңбектерін зерттеуде. Оған дәлел - Абай туралы түсірген өзбек жұртының деректі фильмі.

2018 жылы Ташкентте өзбекстандық кинематографтар түсірген «Абай сөзі» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді.

Өзбек тіліндегі туындыда ақынның балалық шағы мен өскен ортасы, шығармашылығы мен мұрағат құжаттары кеңінен көрсетілген. Бұл Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулысы аясында жүзеге асқан.

Көрші ел басшысы «Абай есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырған» деп атап өткен.

Қаулының негізінде Ташкент қаласындағы Деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдың туып-өскен жері Семейге арнайы барып, Жидебайдағы ақынның музейінде болған. Қазақтың кең даласын аралап, ұлы ойшыл ақынның өмірімен етене танысқан.Деректі фильмнің сценариін Розика Мергенбаева жазған.

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер