Құбылыс. Бүгін - Мұқағали Мақатаевтың дүниеден өткен күні

1897
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - ақын, сөз зергері, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі Мұқағали Мақатаевтың дүниеден көшкен күні. Соған орай сыншы Амангелді Кеңшіліктің ақын туралы эссесін назарларыңызға ұсынамыз.

«Нағыз ақындардың өмірі өлгеннен кейін басталады» деген, ел арасында мәтелге айналып кеткен тәмсіл бар. Франция халқы Бальзакты соңғы сапарына шығарып салғанда, Парижді қылышының емес, қаламының құдіретімен бағындыруға серт берген суреткер қабірі басында Гюгоның дуалы аузынан шыққан аталы сөздің айтылғанына 170 жылдан асыпты. Содан бері сан ұрпақ ауысып, дүние-майданның қиян-кескі шайқасында тән қиналғанда, жан да қоса шыңғырып, талай-талай құндылықтарды ой елегінен өткізіп, қайта саралағанымызға қарамастан, әлі күнге дейін ұлы ақындардың шығармашылық ғұмырының баянды да, берекелі болуына өлген соң ғана жол ашылуы өмірдің жазылмаған заңдылығына айналғандай.

Әдетте, әлемнен үйлесім іздеген екі аяқты саналы тіршілік иесінің шеңберден шықпай, адалдық пен арамдықты таразы басында тең ұстағандай кейіпте жүретін жандарға бүйрегі бұрып тұратыны жасырын емес.

Жұмақтан қуылып, Жер бетінен бақыт іздеп адасқан адам табиғаты солай жаратылған, оның көңілі тұрақтылықты жақсы көреді, жаны әлеммен жарасымда болғанды қалайды. Ал, найзағайлы қара бұлттай отты жырлары жүрегімізді жандырып жібере жаздайтын мінезі шатақ, шайқы шайырлардың көбісі өмірде де кең дүниеге симай аласұрып, ноқтаға басы маталып, асау тағдырымен арпалысып, фәниден өтеді. Ауыздықтауға көнбейтін мұндай тарпаңдардың дәм-тұзы таусылған күнге дейін жұртқа жағып, жақсы атты болуы екіталай. Шындығында да ресми билік қырын қарағаны үшін үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған Дантелер мен басынан дос түгіл дұшпан сөзін асырмай, ажалына асыққандай аласұрып, ақыры дуэльде қаза тапқан Пушкин мен Лермонтовтардың көзі тірісінде елдің сүйкімдісі болуы мүмкін бе еді?

Сыршыл суреткер қайтыс болған соң оның өмір сапарындағы әрекетінің бәрі тоқтап, артына мирас етіп кеткен рухани қазынасы, шығармалары ғана қалады. Уақыт өткен сайын күні кеше ғана соншалықты мән беріп, жағымыз талғанша талқылап келген пендешілік тақырыптардың маңызы жойылып, санадан сыпырылып, бірте-бірте оқырман талантты тұлғаны саяси көзқарасы, істеген қызметі, дүниені дүрліктірген даңқына қарап емес, шығармалары арқылы ғана бағалай бастайтын болады. Егер суреткер оқырман сезіміне әсер ететін кемел туындылар жаза алмаса, мына қу тіршілікте қол жеткізген табыстары – істеген қызметі, алған атағы, марапаты мен сыйлықтарының бәрі әдірам қалады. Ендігі жерде шығармаңнан алатын ләзаттан басқа әңгіменің оқырманға керегі шамалы.

«Ат басы алтын берсе табылмаған, Сыбағам қайда менің алынбаған?» деп ақындық құдіретінің бағаланбағанына назаланып, жүрегін жаралаған жан қайғысын өлеңімен емдеген Мұқағали Мақатаевқа жер басып жүргенде мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтар түгіл, кіші-гірім марапаттардың бірі де бұйырмапты. Шығармашылық кеші де өтпепті. Бүгінде биліктің шүлен таратқандай болып елдің бәріне үлестіріп жатқан орден. медальдерінің бірін де ол алмапты.

Өлген соң өмірінде беруге қимаған атақ-даңқтың бәрі оны өзі іздеп тапты. Том-том кітаптары шықты. Жыр-мұрасы ең көп оқылатын тұлғаға айналды. Өкпелеткендер аруағынан кешірім сұрады. Көзі тірісінде қадірін білмеген жұрт, енді онымен бір заманда өмір сүргенімен мақтанып, естеліктер жазып кетті.

«Аманат» атты кітабының Мемлекеттік сыйлықты иеленуі де еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға болды. 1999 жылы халық қалауымен оған Қазақстанның ең жоғары сыйлығы берілгенде, марапат Мақатаевтың емес, Мақатаев марапаттың мәртебесін көтеріп жібергендей бір әсер көңілімізде орнығып қалған. Найзағай жырлары Рух аспанының биігінде ақ алмастай жарқылдап, әсерлі әндері қазақ даласын тербеген сыршыл лирикке еліміздің ең беделді сыйлығы берілгенде жұрт мәз болып, талантының еш те болса кеш бағаланғанына қатты қуанды. Тірілерді өлгендердің аруағымен жарыстырып қоюдың дұрыс емес екенін іштей мойындағаныңмен:

Тамұққа барады алып, мына құрғыр,

Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.

Қуанып өтем бе деп келіп едім,

Түн сайын оңашада жыладым кіл.

Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,

Неге сонша алдымнан келеді жар?

Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым,

Сенделіп екі ортада өледі жан, – деп дәрменсіздіктен күйзеліп, халықтан қайран күтіп, жалғаннан жақсылық дәметкен ақынға, неге ел-жұртының өлгеннен кейін осы сыйлықты әперуге соншалықты ыстық ықылас танытқанын түсінуге де болады.

Ақынның ең ұлы сыншысы – халық. Жыр алыбының аңыздық бейнесіне табынып, өз қиялдарында онымен күнде сырласып, өлеңдерін өліп-өшіп оқып, аруағын разы еткісі келген халық талабының бәрі дұрыс, бәрі орынды, бәрі заңды. Қалың қазақтың

көңіл-кесесіне симай ақтарылған риясыз махаббаты ризашылық сезіміңді туғызып, шын сүйсіндіргенімен, «шіркін-ай, осыншама көл- көсір құрметтің бір ұшығын ол көзі тірісінде көргенде ғой» деген сыңайдағы бір өкініш отының тұтанып, өзегіңді өртейтін кездері де бар.

Амал нешік, әлдекімдердің алдында құлдық ұрып ақталғысы, аяқтарының астында тапталғысы келмей, басын тауға да, тасқа да соққан мінезді ақынның өмірі өлең-отына өртеніп өлді. Қазақ поэзиясының жарық күніндей болып жарқыраған Мұқағали Мақатаев 1976 жылы бар-жоғы 45 жасында көз жұмып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, – деп егіліп сыр толғаған біртуар ақынның әдеби ортаға танылып, бұрқыратып өлең жазған шығармашылық ғұмыры қамшының сабындай келте өмірінен де қысқа болды. Бар-жоғы он бір жылдай уақыт. Міне, осы азғантай мерзім ішінде тілінен бал мен у тамған сыршыл лириктің «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) кітаптары шығып, жырсүйер қауымның жүрек төрінен орын алды. «Өмірдастан» таңдамалысы 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көргенімен, аурухана төсегіне таңылып, дерті асқынып, ауыр хәлде жатқан ақын, жанары жәудіреп, сыртқы мұқабасын ғана қолымен ұстап, кітап болып шыққаннан кейінгі қызығын көре алмай дүние салды. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали миллиондаған адамдардың аузын ашып, көзін жұмғызған кемел туындыларын 34 пен 45 жас аралығында жазып, азғантай уақыт ішінде жүрек қойнауынан тапқан құнды қазынасының бағасын беруді келер ұрпаққа, яғни, мына бізге аманаттап кетті.

Қазынам бар.

Біреуге берсем бе екен?!

Өкпелейді-ау бермесем,

Берсем, бөтен.

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мына қүмдардай өлсем бе екен!?

Қазынам бар,

Біреуге қисам ба екен!?

Ренжиді-ау қимасам, Қисам, бөтен.

Әлде мына даладай бар байлықты

Бір өзім иемденіп, жисам ба екен!?

Қазынам бар.

Тәуекел, сатсам ба екен?!

Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?

Қазынам бар. Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады біреулер, жек көреді.

Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін! Алам десең,

Алдымен зертте мені...

Он бір жылдай уақытта ақындық жүректен туған рухани байлықтың қаншалықты құнды екенін осы жолдар айқын аңғартып тұрғандай.

Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қас-қағым мезгіл ішінде түрлі баспалардан Мұқағалидың сегіз кітабы жарық көріп үлгеріпті. Бір қарағанда мұндай кеңшілік кез-келген ақынның маңдайына бұйыра бермейтін сирек бақыт сияқты болып та көрінеді. Әйткенмен, осыған орай айтылып жатқан пікірлер бір-біріне қайшы келіп, елді екіұдай сезімнің құшағында қалдырып жүр.

Замандастарының бірі Мұқағалидың өмірден көп жақсылық көрмегенін, сыбағасынан айырылып, шөміштен қағылғанын айтса, екіншілері, керісінше, қоғамнан шеттетіліп, бейнет тартқанын жоққа шығарып, оны дәлелдеп жанталасуда. Мұндай кезде шындықтың шылбырынан ұстай алмай, кімнің сөзіне сеніп, кімнің жағына шығарыңды білмей басың қатып, дағдарып қалатының рас.

Біз Мұқағалидың замандасы емеспіз. Ақынмен дәмдес болған қаламгерлердің естеліктерін оқып, сол дәуірдің тынысын сезіп, картинасын көз алдымызға елестеткенімізбен, дәл олардай шындықтың теңізіне терең бойлай алмаймыз. Соған қарамастан, әдебиетіміздегі Мұқағалидай сом алтынды жете танымаған, лайықты бағасын бере алмаған құрдастары мен замандастарының шындығына күмәндануға біздің де қақымыз бар. Сондықтан да біз көп жағдайда елдің сөзінен гөрі, жүрегінің түбіне кір сақтамаған сыршыл лириктің жырларына жүгініп, ақиқатты бытырадай шашылып жатқан шындықтардан емес, ақынның тағдырлы туындыларынан іздейміз. Мұқағалидың күнделігін оқып шыққанымызда, осы таңдаған жолымыздың дұрыстығына көзіміз жете түсті. «Егер біз кездерде менің өмірім, шығармашылығым әлдекімнің көңілін аудара қалса, оларға былай дер едім: «Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем».

Расында да, өзі туралы ақыннан асырып кім айта алады? Жүрек сырын, нәзік жанын кім одан артық түсінеді? Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді, тербетіп, тулатып қозғайтын ақын туындылары тұрғанда шындықты басқа жақтан іздеуде қандай қисын бар? Біз үшін көзі тірісінде біреуісі талантын мойындап мақтаған, екіншісі беймәлім себептермен сынаған, үшіншісі қадірін біліп аяған, төртіншісі тасадан тас атқан, бесіншісі қолынан келгенше көмектесіп, алтыншысы аяқтан шалған – аға, іні, құрдастарының шындығынан гөрі, өз өмірін өлеңмен өрнектеген ақын ақиқаты бәрінен де маңызды, қымбат болуы тиіс қой. Ал, біздің оқыған өлеңдеріміз Мұқағалидың жағасы жайла- уда жүрмегенін дәлелдеп, қайта керісінше, өмірінің ауыр болғанын айғайлап жеткізіп, көкірегі қарс айырыла жаздап жылап тұр.

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

Үміттің соңғы жібі үзіліп, бір бітеу, меңіреу қабырғаға тірелгендей болып шарасыздықтан айтылған, не деген мұңлы сөздер! Досқа жарымай, өмірдің думанды базарынан жылап қайтқаннан асқан қандай қасірет бар, мына дүниеде. Панасыз, сорлы жетімдей еңіретіп, нәзік жанын ойран еткен мұндай қайғының шаңдақ дауылы жалғаннан жұбаныш іздеп жабырқап, амалының жоқтығынан ажал арқанына мойнын созып құлазыған ақын жүрегінде ғана соғады.

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің.

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяң басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын.

Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,

Жия бергім келеді, жия бергім.

Маңдайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Тағдырының аянышты да, ауыр болғанына қаламын қасіретінің қанына малып отырып жазған, сүйектен өтетін ақын сөздерінен артық сізге қандай дәлел керек? Ақырғы аманатын айтқандай болып жырлаған, өмір шырағы сөніп бара жатқан ақын шындығына неге құлақ асқымыз келмейді?

Не күйде жүргенімді көресің бе?

Мен сөніп баратырмын, сенесің бе?

Қай майданнан оралған жауынгермін,

Жарадан сау-тамтық жоқ денесінде.

Мұқағали сөздің киесі барына сеніп, бойтұмарындай қастерлеген, қадірін жақсы біліп оны қалай болса солай оңды-солды шашып қолдана бермеген, Құдайсыз қоғамда өмір сүре отырып, Алланы ау- зынан тастамаған, жүрегіне иман қарлығашы ұя салған – текті талант. Маймылдан жаратылғанына күмәнданып, қазақ ақындарының ішінен Адам Ата мен Хауа Ана тақырыбын алғашқы болып жырлаған – сезімтал лирик. Және жаратылысқа жан бітірген періште сұлулықты көзімен көргендей суреттеп, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын қайталанбас екі құбылыс – әйел мен еркектің оңаша қалғандағы сәтін кестелі тілмен көркемдеп, қалай әсерлі, әдемі жеткізген десейші.

Не керемет бізді мұнда тастаған?!

Ол да менен, мен де одан жасқанам.

Айналайын Адам Ата, Хауа Ана,

Алдыменен қайсың едің бастаған?

Әлде, сен бе, айналайын Хауа Ана,

Қауызын ашқан гүлге ұқсап қараған?

Адам Ата, әлде сен бе ақ гүлден,

Нәр алғанды тіршілікке балаған.

(Айтарым бар сендерге мен мақтанып),

Сендер батқан күнәға біз батпадық,

Тұрған болар, әйтеуір, бір от жанып,

Жанып барып, жанып барып тоқтадық.

Алпысыншы жылдары өлең өлкесіне дүбірлетіп келіп, қолтаңбасын қалдырып, киелі шаңыраққа бір-бір уық болып қадалған Мұқағали замандастарының қай-қайсысы да осал емес. Бірақ әдебиеттің алып мұхитына өз арнасымен келіп қосылған ақындардың ішінен дінін сатпайтынын жұртқа жария етіп, пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ.с.) үмбеті екенін Мұқағали ғана жамағатқа батыл айта алды.

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім?

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Мұхаммедтің үмметі мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын тағалам ант етем, ант етемін,

Алла есімін жүректен ұшырған күн»

Ендеше мына біздің, жауһар жырлары еркімізді билеп, ет- жүрегімізді елжіретіп, сезімімізді жаулап алған Мұқағалидың миллиондаған оқырмандары тар кезеңде де Алласына сиынып, асыл дінін ұмытпаған әулиенің:

Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып!

Өлгелі жүрмін,

Өзіме-өзім мін артып...

Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,

Достардың барып, ауласында өлген мың артық, – деп өзегін өртеп, өмірін өксіткен өкінішті өлеңімен жеткізген жанайқайына қалай күмән келтіреміз? Дүниеден дос таппай, сең соққандай сенделгенде жалғыз досы жүрегімен ғана сырласып, қиналып, қапаланып, құсалықтан қайғырып өлген мұңлықтың сөзіне сенбеуге бола ма?

Жүрегіңіз бар болса, Мұқағалидың интимдік лирикасын айтпағанда, табиғатқа тіл бітірген жауһар жырларынан да ақын жанын жегідей жеген өкінішті сезбеу, талайсыз тағдырының басын шалған қайғы-қасіреттің мұнарын байқамау мүмкін емес қой.

Күз секілді биылғы көктем маған,

Күреңітіп тұрады...

Неткен жаман?!

Кеше ғана

Керемет кешкен ғұмыр

Бүгін маған секілді өткен заман.

Немесе:

Жас терексің жапырақ жая алмаған,

Біз – жолаушы саяңда аялдаған.

Біз кетеміз, қаласың, тұлдыр терек,

Салқын бола алмады саяң жаман.

Сондай-ақ:

Мына келген жазым ба – ақ таңым ба?!

Қайта оралған құсым ба бақтарыма?

Қарғыс айтып отыр ма қарлығаштар,

Менің жүдеу кешегі шақтарыма?!

Мұқағали поэзиясының лирикалық «мені» жарыққа үйір көбелектей өздігінен отқа түскенімен, екінші жағынан, кез-келген ақынның ең ұлы байлығы – рухани қазынасы, өлеңдері емес пе деген ой да келеді кейде басыңа. Көңілі көбелектей алып-ұшқан ақындардың жиі-жиі отқа қанатын күйдіріп алып жататыны қалыпты құбылыс емес пе, тәйірі. Шығармаларының тасқа басылып, кітап болып шығып, халық игілігіне айналғанынан артық ақынға қандай мәртебе, қандай бақыт керек? Ендеше сегіз жыр жинағын оқырманға ұсынып үлгерген Мұқағалиды мүсіркеуге біздің моральдық қақымыз бар ма?

Әрине, Құдай берген қабілетін құрметтеп Мұқағалиға бір сыйлық немесе атақ әпере алмағанымыз ақынның емес, біздің арымызға сын боларлық ұятты іс. Бірақ, айтыңызшы, билікке көрсеткен қызметін бұлдап, қос-қостан сыйлық алып, атаққа тоймаған қаламгерлердің қайсысы тарихта қалды? Ақынды өнер шыңына шығаратын шығармалары ғой. Көзі тірісінде даңқтары дүниені дүрліктіріп мемлекетіміздікін айтпағанда, одақтық, халықаралық деңгейдегі сыйлықтардың бірінен соң бірін қалдырмай алған, атағынан ат үріккен ақындардың пендешілік табыстары есімдерінің ұмытылмауына себептесе алды ма? Неге жұрт олардың емес, атақ пен сыйлықты дәметпек түгіл, жат жұртта қалғандай болып, басына бақ құсы қонбай оңашада жалғызсырап жылаған Мұқағалидың жырларын құмартып оқиды? Күнделікті күйбең тіршілік, күйкі өмірдің құлына айналып кетпей, мәңгілікпен ғана сырласып, ұлы адам болып өмір сүрудің қиын тағдыр екенін ақынның өзі де мойындапты.

Тағдыр дейміз, Тағдыр дейміз ашына,

Талақ тағдыр, күйбең тірлік алдайды.

Ақымақтың бақ боп қонып басына,

Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.

Көзден ақса жүректегі қан-жылға,

Табына кеп тағдыр дейміз жаншылып.

Біле тұра ұры арбекеш – тағдырға,

Уайымды ұстатамыз қамшы ғып.

Тағдыр дейтін бос сөз, бос сөз, жарандар,

Өтірікке санаңдар!

Тағдырыңды жасайтын да адамдар.

Тағдырыңды бүлдіретін адамдар!

Әйткенмен, тұрмыс-тіршілігі қиын болғанымен, сегіз кітабы шыққан ақынның шығармашылық тағдыры ауыр болды дегенді айтуға аузың бармайтыны да рас.

Сегіз кітап сырт көзге аз олжа еместей көрінгенімен, көлемі сәбидің алақанындай ғана шағын, пышақтың қырындай жыр жинақтарын көріп, қолыңа ұстағанда көңілің қоңылтақсып, алғашқы ойыңнан айнып, ақын талантын құрметтеген қошеметтің біз ойлағандай зор болмағанына көзің жете түседі. Жыр сүлейімен бір заманда өмір сүрген өзге елдің аса көрнекті шайырлары Расул Ғамзатов, Қайсын Кулиев, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлерді халқының қалай төбесіне көтергені елдің бәріне аян. Ал, арды жанынан да биік қойып, ақындарымен мақтанғанда өзге ұлттарды шаң қаптырып кететін мына біздің, шығармашылық қабілеті олардан артық болмаса, бір мысқалдай да кем емес Мұқағалидай тау тұлғаның жібі түзу бір жыр жинағын дұрыстап шығарып бере алмағанымыз елдігімізді айтпағанда, азаматтығымызға сын емес пе?

Көрнекті ақын, әрі ғалым Әбділдә Тәжібаев жыр сүлейінің қайтыс болғанына бір жыл толғанда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1977 жылғы 26 наурызындағы санында үлкен мақала жазып Мұқағали өлеңдеріне шолу жасай келіп «..оқырман қауым ақынның жарық көрмеген тамаша өлеңдері өте көп екенін біле бермейді» деген-тұғын. Поэзияға төрелік айтып, өкшесін басқан інісінің та- лантын бірінші бағалаған Әбділда ақсақалдың сөзіне қарағанда, Мұқағалидың түрлі себептермен кітаптарына енбей қалған туындылары өте көп болғанға ұқсайды. Өнімді еңбек еткеніне қарамастан, айрықша талант иесі екенін тап басып, тани алмағанымызды академик сыншы Мұхамеджан Қаратаев та 1981 жылы Мұқағалидың 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасында айтып кетіпті. Осыған орай, артына соншама мол мұра қалдырған ақынның кітаптары неге жұпыны болып шықты деген заңды сұрақтың жауабын іздеудің реті де, жөні де келіп тұр.

 

(Жалғасы бар)

 

Amangeldi Myrzabek

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер