АЛТЫН БЕСІК

81

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Сарсен БАШЕМБАЕВ

Автор: Сарсен Башембаев
Байланыс телефоны: 87079179024

 

О шеті мен бұл шетіне қарасаң көз жетпейтін, ұшқан құс, жүгірген аңның аяғы талатын осынау бір ұлан – ғайыр шартарапты ата – балаларымыз қай заманда да болсын қызғыштай қорғады. Мына жердің иесі кім екенін сөзбен түгілі ісімен де дәлелдеді. Ел шетіне жау тігенде, қылышы пен мылтығын қолынан тастамады, жан алысып, жан берісті. Ерте заманнан бастап сақ бабаларымыздың еліне көз алартқан, тәкаппар парсы патшасы Кирдің басын Тұмар ханша қан майданда шапқыздырды, ғұн қағаны Мөдеден қытайлар шекарадағы бос жатқан жерді сұрап келгенде ашуланып қарсы соғыс ашты, желмаясына мініп, жерұйық іздеп, дүниенің төрт бұрышын шарлаған Асан қайғы да қазақ даласындай мекенді еш жерден таппапты. Кешегі Әлімхан Ермеков аласапыран заманда В. Лениннің алдыңда қазақтың әр шаршы шақырым жері үшін баяндама жасап, таласып – тартысты. Ал Жұмабек Тәшенов қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңіргенің бүгінгі жұрттың есінде әлі сақтаулы тұр. Бұның барлығы не үшін!?. Туған жердің құдыреттілігінің сондай күшті болғаны ма?
Менің таңғалатыным, қаншама ұрпақ ауысса да, жүздеген ру мен тайпадан құралып отырсақ та, көп ұлтты болсақ та, біздің бәрімізді біріктіретін нәрсе бар. Ол біздің – Отанымыз. Нұрсұлтан Назарбаев былай деген екен: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан». Елбасымыз бұл жайында арнайы «Туған жер» атты бағдарламаны ұсынды. Оның негізгі мақсаты әрбір азаматтың өз өлкесінің тарихын біліп, табиғатын аялап, құнды жәдігерлерін, қасиетті мекендерін қастерлеу арқылы өркендету, дамыту. Сондықтан Отанымыздың әрбір азаматы, туған жері мен елін қадірлеуі парыз болып саналады.
Туған жер, Атамекен, Отан десе буыны босап, көңілі жібімейтін қазақ кем де кем шығар. «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» – деп дана қазақ санадағы сан ойды бір ауыз сөзге сыйдырыпты. Әрине атажұрттан ұзаққа кетпей, оның қадіріне жете алмайсың. Сан ғасырдан бері көптеген жырларға, әндерге, дастандарға арқау болған мәңгі туған жер, ауылға деген сағыныш, жаз жайлауды аңсау қазаққа қанмен сіңген. Әр адамға кір жуып, кіндік кескен жері ерекше ыстық болатыны да заңды құбылыс шығар. Бұған кәрі тарих та куә. Кезіндегі зор ашаршылық пен қуғын сүргіннің кезінде босып кеткен қазақ, бүгінде қайта оралды. Құс екеш құс та, суық кезеңде жылы жаққа ұшып кетсе де, бәрібір кейіннен өз мекеніне қайтып оралады емес пе? Оны осында жетелеп алып келген жүрегіндегі махаббат сезімі. Әйпесе оның жағдайы келіскен жерден қайтып оралуы тегіннен - тегін емес қой. Төмендегі ғибрат аларлық әңгіме де ойыма оралып, тақырыпты аша түскендей. Бір аңшының ауына қауырсыны мың құбылған тотықұс түседі. Сондай сұлу құсқа арнап аңшы алтын тор жасатады. Ең қымбат гүлдердің тәтті дәндерін құстың алдына қояды. Құс болса торға да, дәнге де қарамай, күндіз-түні «Отаным, Отаным!» деп зарлайды екен. Құстың тілін білетін аңшы болса керек, «мұнша құрметті менсінбеген құстың Отаны бір ғажайып өлке шығар, көрейінші» деп тотының балағына бау тағып ұшырып, артынан жүріп отырады. Сөйтсе, құс алысқа ұзамай, әлгі тоғайдың қарсы бетіндегі жалаңаш таудың етегіндегі бір қураған сексеуілдің басына қонып, бақыт жырын шырқапты. Иә, әркімге өзінің өскен, өнген өлкесі бәрінен артық.
Адам баласы қай жерде туылса ол жанына жақын болары сөзсіз. Осы орайда қазақтың аса көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың өлең шумақтары есіме оралып отыр:
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛI - мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және ТУҒАН ТАРИХЫ.
Жалпы өзімнің туып өсіп, кіндік қаным тамған жерім, Мәшһүр Жүсіп пен Қаныш Сәтпаевтай алыптарды тудырған Кереку өңірі. Көк тіреген биік таулары жоқ болғанымен, шетімен шеті көрінбейтін мидай жазық далада өзен – көлдері көп, әрі ірілеу келеді. Ақ қайыңдарымен жайқалған ормандары мен қоңыр салқын ауасы жердің көркін ашады. Жазы салқын, қысы қатал болғанымен өзіме әрқашанда ыстық тартады, өйткені менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз балалық шағым осы мекенде өтті. Өтті деген себебім, мен ес біліп, ер жеткен уақытта ата – анам Алматы облысына көшуді ұйғарды. Біз қарсы келмедік, жаңа жерге де үйренісіп кеттік. Оқуды да осында тәмәмдадық. Жер жәннаты – Жетісу демей ме қазақ? Оған да көзіміз жетті! Алатаудың шыңдарынан бастау алған жеті өзен, тарам – тарам болып ағып, айналаға жан беріп, құлпыртып тұрғандай.
Десе де, туған жерге аңсарың ауып, анда – санда бүйрегің де бұрып тұрады екен. Осы жөнінде «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» - деген мақалмен дана халқымыз тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін жасады. «Әркімнің өз жері - жұмақ», - дегені рас. Сондықтан да өз туған жерімізді, Отанымыз қастерлеп және бағалауымыз керек.
Осы бір тақырыпқа арналған өлең жолдары әрбір ақында кездеседі. Қасым Аманжоловтай атамыздан асырып ой – толғап, қалам тербеген ешкім жоқ шығар:
Уа, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше гөр,
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей
Ақын болмай тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге жүрегімді бөледің,
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім!».
Шіркін -ай! Өз еліңнің ауасы да, суының дәмі де, адамдары да тым өзгеше, айтып жеткізе де алмайсың! Туған жерге деген махаббат, сағыныш ештеңеге ұқсамайтын - ұлы сезім.

Пікірлер