Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған оқушылардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде оқуға ниет білдіргені ресми хабарланған. Дегенмен қоғамда әртүрлі пікірлер бой көрсетіп жататыны әлеуметтік желіден аян. Жазушы Мұхтар Мағауин өзінің жеке magauin.com веб-сайтында сондай бір оқиғаға назар аударып, қазіргі қоғамның дертті нүктесін көрсетіп берген. Тәуелсіздік алдық дегеннен бері ондаған жылдар өтсе де ұлттың өз-өзіне сенімі берік емес. Неге? Сол үшін де жазушының мақаласын жеке веб-сайтына сілтеме жасай отырып қайтара жариялағанды жөн көрдік.
«Путинге айтамын!..» – Құлап түсуге болады. Ызбарынан емес, қисынсыз кебінен. Көлденең диаспора өкілінің емес, тəуелсіз Қазақстандағы қазақтың аузынан шыққан сөз. Əйел адам – сол тəуелсіздікпен құрдас, алғашқы баласы мектепке жаңа жеткен жас келіншек. Бірінші класқа тіркеу бөлімінде доңайбат көрсетіпті. Балаңызды неге қазақша оқуға бермейсіз деген сөзге шоршып түскен. Əлемдегі ең бейбіт, өз халқына қарсы қандай да, үлкен-кішілі əрекетке кеңінен жол ашылған, дəрменсіз елдің бүгінгі ахуалының нақты айғағы. Путинге айтам!
Əкелеріңді танытып береді!..
Басқа емес, шет ел президенті. Дабыры əлемге əйгі. Еуропаның қақ ортасында Украинаға басып кірді. Қазір қырғын соғыс жүріп жатыр. Ал біз тарапта – қоқан-лоқы мен арандату – жадағай журналист, жабайы саясаткерлер ғана емес, өкіметтік, əрқилы ресми өкілдер күн сайын аузына келгенін айтып, бұқтырып, ықтырып отыр. Қазақта бұрын-соңды ешқандай мемлекет болған жоқ, оны аз десеңіз, қазақ дейтін халықтың өзі тарихта болмаған, қазіргі иеленіп отырған жерінің барлығы – орыстың түпкілікті қонысы, Совет өкіметі ақымақшылықпен бүгінгі жұртқа пайдалануға уақытша берген, сондықтан қайтарып алуымыз керек, түгел болмаса да, солтүстік аймағын... Сасық ауыздан шыққан есалаң сөздерді түгендеп біту қиын. Міне, дəп осы кезде ел ұйытқысы, Астана атанып отырған Қара-Өткелде, бұрнағы отарлық заман емес, кейінгі бағымсыз заманда туған жəне қалыптасқан əлдебір жас келіншек (күйеуі əскери офицер, – бізді сырт дұшпаннан қалай қорғайтыны мағлұм болды) жалпы жұртты Путинмен қорқытады. Бүкіл əлемдік қауымдастық халықаралық қылмыскер деп жариялаған, Гаага соты тұзақ шылбырын дайындап қойған, қанішер дорақ Путинге шағымданбақ! О, керемет!..
Мұншама бейпіл, бөстекі сөздің əсері керісінше – ешкім де жүрегі төбесіне шығып, қорықпаған. Бірақ қандай сенім! Сол сəтте естіген, кейінде хабардар бірталай жұрттың таң қалып, ыза болмаса да тіксіне қабылдауы анық. Өйткені, бұл лепестің астарында біздің бұрнағы, жүз елу жылдық отарлық бұғауынан əлі құтылмаған талайсыз тағдырымыз тұр.
Шын мəнісінде, əбден орныққан, қыспақты, кіріптар жағдайымыз күн озған сайын босаңсып, алыстап бара жатыр. Адам ғана емес, заман ыңғайы. Мына қисынсыз, ақылға сыймас қантөгіс нəтижесінде, сөз жоқ, ауыр жеңіліске, əлемдік дағдарысқа ұшырауға тиіс Ресейдің осы қалпында біртұтас, үлкен ел болып қалуының өзі күмəнді жағдай. Қайткенде бағы қайтпақ, кенеусіз өктемдік ғұзырынан айрылмақ. Қазақстан соншама қорғансыз əлжуаз емес, тісі батпайды. Жеріміз кең, азды-көпті əскеріміз бар, ежелгі ер қазақ барлық айбынынан айрыла қойған жоқ. Жəне Шығыста Қытай тұр, түстік-батыста – Түркия. Іргелес көрші, əлемдік Қытай мемлекеті дəп іргесіндегі Қазақ елін басып алуға жол бермейді, бұл турада бүгінгі төраға Си əлденеше рет арнайы мəлімдеген. Біздің жоғымызды түгендеу емес, өзінің жан-жақты қауіпсіздігі үшін. Ал əскери қуаты НАТОның құрамында екінші-үшінші дəрежеде тұрған Түркия туысқан қазақ халқына нақты көмек жасар еді – арада екі күн өтпей, ешкімнің рұқсатынсыз-ақ мың сан əскер түсіруі анық. Түйіп айтқанда, қатер бар, нақты қауіп алыс. Бұл сөзді баяғы советтік елес жөнімен, алыс-жақынды айырып болмаған бейсауат жұрт үшін айтып отырмын. Қандай да үрейге жол жоқ.
Əйтсе де, тəуелсіздік заманда туып, өсіп, қалыптасқан əлдебір қазақ əйелінің бүткіл қауымды Путинмен қорқытуы – біздің баяғы өркеуде халқымыздың ішінара тоза бастаған, қалтырауық жағдайының нақты көрсеткіші. Шындығында, осыншама сорлы емеспіз. Көлденең сөз – бір қарын майды шірітетін жалғыз құмалақ та емес, ай-далада қалған, үгілген тезек.
Міне, қазіргі шынайы ахуалымызға қарайық.
Ең соңғы статистика бойынша, дəп бүгін, 2024 жылдың орта шенінде, Қазақстан халқының жиын саны – 20 миллион жəне 34 мың жан. Ел тірегі қазақ ұлты – 14 миллион 221 мың. Жалпы жұрттың 71 пайызы. Қалған ағайындардың есебі – 29 пайыз. Оның ішінде орыс – небəрі 14,9 пайыз – 2 миллион 983 мың. Еселеген азшылық, əйтсе де əжептəуір. Алайда, бір замандағы өктем келгіншінің бүгінгі ахуалына қарасақ, болашағы бұлдыр: басым көпшілігі кəрі-құртаң жəне табиғи есім жоққа жақын, яғни тақау бес-он жылдың өзінде жиын саны өлшеусіз кемімек. Ақыр түбі елеусізге жақын азшылыққа айналады. Мəселен, 2035-2040 жылдарда небəрі он пайыз да емес, 5-6 пайыз ғана деп шамалауға мүмкін. Қайткенде, күн озған сайын өрлеп келе жатқан қазақ ұлы өзінің байырғы жұртында өсіп-өне бермек, арғы, сəулелі заманды айтпағанда, тақаудағы он жылда 16 миллионға жетіп, жиырма жылдан соң, 2044 жылы 19 миллионнан аспақ. (Ал ол кезде Қазақстан шегіндегі барлық халық – 23 миллион шамасында.) Бұл – құрғақ долбар емес, өспірім шағынан тарихи демография ғылымымен тікелей айналысқан біздің нақты есебіміз.
Хош. Алаңдайтын ештеңе жоқ екен. Əйткенмен, деп осы ретте тағы біраз қажетті дерек.
Манағы, Путинге шағынбақ, алғашқы, бəлкім, ендігіде жалғыз баласын орыс мектебіне берген келіншек жəне сол қатарлы тағы біраз жас келіндер тұратын орталық шаһарымыздың бүгінгі демографиялық ахуалы таңғажайып.
Астана байтақта тіркеліп отырған бүгінгі халықтың жиын саны – 1 миллион 464 мың жəне 400 жан. Ұлтқа жіктесек, 1989 жылы небəрі 17,7 пайызы ғана қазақ үлесіне тиген орыс қаласының бүгіні мүлде басқаша – Қазақ 81,1 пайызға жеткен. Ал орыс ағайындар – небəрі 9,4 пайыз екен. Қалған 9,5 пайыз – алыс, жақын басқа ұлттар: украин – 1,5 пайыз, татар – 1 пайыздан қалқыңқы, неміс – 1 пайызға тақау дегендей. Жиыны, айттық, 9 жарым пайыз ғана. Əйткенмен, бұл ара ағайындардың көпшілігі орыс тілді жəне орысқа бейім. Бүгінгі, өтпелі жағдайда.
Енді мектеп жасына, атап айтқанда, өткен 2023-2024 оқу жылының деректеріне көз салсақ, жыл басы 1 сентябрьде бірінші сыныпқа 28 мың 500 бала қабылданыпты. Оның ішінде қазақ кластарына 17 мың, ал орыс тілді кластарға – 11 мың бүлдіршін барған. Үлес салмағы – қазақ тілінің пайдасына сияқты. Шын мəнісінде, Астанада тұратын барлық жұрттың 81 пайызынан астамы – қазақ екенін еске түсірсек, ойсыраған олқылыққа көзіміз жетеді. Ал орыс ағайындар небəрі 9 пайыздың үстінде еді ғой. Жəне өсім жағынан... белгілі, əр отбасында асса екі баладан ғана. Сонда... орыс емес, бірақ орыс тіліне бейім аралық ағайындар түгел қосылып кетті дегеннің өзінде мұншама болмаса керек еді. Бұл арада көлденең кілтипан жоқ. Орыс сыныптарына бармақ 11 мың баланың тең жарымы да емес, үштің екісі, бəлкім, төрттен үші – қазақтар. Əлгі, Путинге шағынбақ жəне зəрін ішіне бүгіп қалған тағы қаншама жас келіншектің алғашқы балалары. Қазақты тəрік етіп, орыс жолын таңдаған. Ал, керек болса. Бізде қисайған, қазаққа қарсы еркіндік Путинсіз-ақ өркендеп жатыр.
Манағы, Путинді жалаулатқан қазақ əйелінің доңайбатынан соң, сол №93 мектепте орысқа бейім ата-аналармен арнайы кеңес өткеріледі. Үгіт насихат, түсіндірме дəріс. Қазақ тарабынан белгілі, танымал қайраткерлер қатысқан. Айтып жатыр: қазақ тілінің мемлекеттік тіл екені, қазақ тілді мектептерде оқу сапасы орыс мектептерінен артық екені, бұл жағдайдың нақты мысалдары, қазақ мектептерінің түлектері онсыз да орыс тілін біліп шығатыны, ағылшын тілін жəне игеретіні, жəне өз ұлтымыздың болашағы үшін... тағы-тағы, дəлел-дəйекті лепес. Бəрі бос. Біздің зиялы, зерделі, ұлттық санасы жоғары жəне шетінен білімдар азаматтар жүйкелері тозып, шаршап, түңіліп, əрең тоқтады. Соншама ақылды сөз далаға кетті. Бар ниеті Путиннің жолына ауған жас келіншектер... құлағына қыстырған жоқ. Қайткенде арты мықты. Əттегене... – дедім мен, бұл нəтижесіз жиынды интернеттен ұшыратып, сұғына көріп отырып. Жалғыз-ақ ауыз сөз ұтысқа шығаратын еді ғой. Бүгінде тəуелсіз республика шегіндегі барлық жұрттың оннан сегізі – қазақ, ал сіздер табынып отырған құдіретті орыстың үлесі – онның біріне жетпейді, бұл – бастауы ғана, мына, бүгін бірінші класқа бармақ балаңыз онжылдықты бітіріп, жоғарғы білім алатын тағы бес жыл – жиыны он бес жылдан соң, таза қазақ ортасында қалады, ол кезде жаңа президент, жаңа өкімет, уақыт озған сайын, қазақ тілін білмеген кісінің нан тауып жеуінің өзі қиынға айналады деп, қорқытпаса да, қадап айту керек еді. Шынында, бұл келіндер орыс сыныптарын Путин емес, күнкөріс үшін таңдап отыр ғой. Шын мəнісінде болашақта мүлде кері жағдай, дəп осы тіршілік қажеті үшін қазақ тілін таңдаған абзал, деп. Олай деп қорқытпадық. Бəріне əсер етпесе де, кейбіріне ой салар ма еді. Ақыры, жиын нəтижесінде қазақшыл зиялылар түгелдей пұшайман болып, орысшыл келіндер өз ұстамында қалды. Бұл жас балалардың тақау болашағы – орыс тілді, яғни, ұлттық сыпатынан біржола айрылған басқа бір Қазақстан екен.
Астана Қара-Өткел шаһарындағы 81 пайыздан астам қазақтың белортасы, жəне ескі заман елесі кəрі-құртаң, жасамыс қауым емес, түгелдей кейінгі толқын – отыздың ішіндегі келіндердің таңдауы осындай болып шықты.
Бір заман – отарлық дəуірде 10-12 пайыз ғана қазағы бар, яғни байырғы, ел иесі жұрт онның біріне жетпейтін қасиетті Алматы бар қазақтың қайта серпілуіне, бар қазақтың өзінің ұлттық тұғырына оралуына ұйытқы болып еді. 1970 жыл шамасында Қазақ астанасы саналатын бас қалада, алыс отардағы малшылар баласына арналған жалғыз мектеп интернатты есептемесек, ұлт тілінде бір де бір мектеп болмады. Сонда, ресми орындардың қасарысқан қарсылығына қарамастан, Шона Смаханұлы бастап, тағы қаншама ұлтшыл азаматтар қостаған тынымсыз тегеурін нəтижесінде таза қазақы №12 мектепті ашқызған еді. Əрең иліккен ғұзырлы министр қазақтың айтқан сөзі: быйыл жоқтан-бардан құрап бес-он баланың тізімін көрсетіп отырсыңдар, енді келер жылы жарты бала тауып əкелсеңдер, мұрнымды кесіп берейін... депті. Сол жылы 1- сыныпқа қаншама бала барды, келер, арғы жылдары қаптап кетті. Бірақ бетсіз министрдің мұрны аман қалған екен.
Осы, ең басты саналуға тиіс №12 мектептен 1970-1980 жылдарда сол замандағы қазақ зиялылары ғана емес, саналы, қарапайым қазақтардың қаншама баласы оқып, тəрбие алып шықты. Жəне осы мектеп бар жақсының бастауы болып, орыс жапқан кіріптар кезеңнің өзінде, Алматыда жаңа бір қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы, себепкер болды. Ақыры, қазақ тілді мектептер жыл озған сайын күш алып, қатар қатарымен ірге бекітіп жатты. Бүгінде Алматы бар тіршілігімен қазақ қаласына айналған.
Ал тəуелсіз заман біржола орныққан отыз жылдан соң, ендігі ұйықты орталығымыз Астанадағы жағдай əлгіндей. «Ескілік қалдығы» емес, еркіндік кезеңінде туып, өскен, қалыптасқан жаңа толқын жас қазақтардың ұлтқа қайшы, ең бастысы – өздерінің балаларының болашағына шектеу қоятын, қым-қиғаш əрекетінің сиқы мынау. Жəне бұл орысшыл, жауынгер келіндердің соңынан енді қанша жыл, қаншама жұрт ермек, нақты болжап айту қиын. Өйткені... бұл – Қара-Өткелде ғана көрініс берген жағдай емес екен. Мəселен, Өскемен қаласы, Қостанай облысы, тағы бір аймақ, кенттерде дəп осындай кеселді ахуал қалыптасып үлгерген сияқты.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында мемлекеттік 46 мектеп бар екен. Оның ішінде орыс тілді – 18 мектеп, қазақ тілді – 12 мектеп жəне аралас сыныпты 16 мектеп. Таза, қазақ тұрғындары 90 пайыз ауданда жаңа мектеп үйі салыныпты. Қазақ тілді деп жоспарланған. Өткен оқу жылында, мектеп ашылар кезде аяқ астынан дау шығады. Тағы да қазақ келіндер. Бірыңғай ана тілді болуына қарсы. Өздері қазақ мектебін бітірген, бірақ балаларымен орысша сөйлесетін Айжанкалар мен Гулжанкалар деп жазды интернетте. Жай ғана қарсы емес, қатаң талап қойған, біздің балаларымыздың конституциялық құқұғы бұзылып отыр, орыс кластары ашылуы шарт, деп. Тақау шамада дəп осындай орыс мектебі бар, алайда, үйлерінің іргесінде емес, жолдың арғы жағында. Балаларын қазақ тіліне беру тұрыпты, көшенің қарсы бетіне өтудің өзін намыс санайды. Жаңа мектеп неге тек қана қазақша оқытуы керек, орыс кластарын ашыңдар! Əйтпесе... əйтпесе... Бұл жолы құдіретті Путинге емес, өзіміздің сотқа жүгінбек. Айттық, бұл келіндердің азаматтық құқұғы аяқ астында қалып жатыр екен. Ал қазақ тілді аналарда ешқандай құқұқтық теңдік болуға қисын жоқ. Арты немен тынғаны белгісіз. Интернеттен дерегін таппадық.
Кішкентай Талғар қаласы. Қазағы – 72 пайыз. Орысы – 18. Аралас басқа ұлттар – онның бірі. Жиыны 10 мектеп бар екен. Қазақша – 4, орысша – 2, араласы – 4. Қазақ сыныптарына 8005 бала барады, орыс сыныптарына – 2557. Бұл екі жарым мың оқушының үштен екісі, əлбетте, қазақ балалары.Тек қана орысша оқымаса, қатарға қосылып, адам есебіне кірмейтіндей. Жалғыз Талғар емес, кіші-кірім тағы қаншама кентте орын алып отырған, қалыпты жағдай.
Енді, сырттай қарағанда орыс басқан есепті Қостанай облысына келсек, қазақ – жалпы жұрттың 41 пайызынан астам (орыс халқының үлесі бұдан артық емес, аз-маз кеміс – 40 пайыз ішінде.) 445 мектепте 112 мың бала оқиды екен. Қазақ тілдісі – 27 пайыз ғана. Қалған 14 емес, кемі 70-80 пайызға тартуға тиіс неше мың бала – орыс тілді мектептерді сағалап жүр.
Мұндай, дүниеден түңілдірмесе де, көңіл жасытар нақты деректерді тізбелей беруге жүйкеміз шыдамады.
Қазақ елі тəуелсіздік алып, ұлттық мемлекетін қайтадан жариялағалы отыз үш жыл. Осы тарихи тұрғыда өлшеулі уақыт ішінде жер иесі қазақтың ортайған саны жаңадан еселеп өсіп, республика шегінде 71 пайыздан асты. Сөз жоқ, қазақтану қарқыны біршама. Сонымен қатар, отарлық кемшін сана бұрынғыдай болмаса да, орыстану үрдісі əлі тоқталмапты. Керісінше, кейбір жер, мəселен ел астанасында жаңа бір серпін алғандай. Жəне бұл жағдаят – жат жұрттардың теріс əрекетінің нəтижесі емес, баяғыша, орыс тілі болмаса күн көре алмаймыз деген құлдық, кемшін сананың ғана көрінісі.
Ең сорақысы – бұл қайыра орыстану үрдісінің негізгі қозғаушы күші – қазақтың өзі, оның ішінде, тəуелсіздік заманда туып, қалыптасқан жаңа толқынның кері тартқан белсенді əрекетінің нəтижесі екенін көреміз. Ең сұмдығы да осы.