Зайсанда Қарақас Қаптағайға ас беріліп, ескерткіш тас қойылды

6693
Adyrna.kz Telegram

Тамыздың 15 -  16 күндері еліміздің шығыс қақпасы саналатын Зайсан қаласында тағы бір тарихи тұлға – Қаптағай батырдың 320 жылдығына орай ас беріліп, басына ескерткіш тас орнатылды. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен аламан бәйге, қазақы күрес, ақындар айтысы, арқан тарту сынды додалы бәске өтті.

Қаптағай Түгелбайұлы – Хан Абылай заманындағы «Ақтабан шұбырынды, аласапыран кезеңде» қазақ үшін жан алып жан беріскен қас батырлармен бірге Жоңғарға қарсы жорық бастаған айтулы қолбасылардың бірі. Он екі ата Абақ Керей елінің бірі Қарақас руына ұраны болған баһадүр. Ол 1700 жылы туып 1760 жылы бүгінгі Зайсан ауданы, Зайсан қаласының қасындағы Қарақас деген жерде дүние салған.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.» «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.» «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.» - деген жолдауына орай бүгінде батыр ұрпақтары Серік Көкенайұлы, Манат Сертайұлы, Ұлан Бапайұлы бастаған азаматтар алыс-жақындағы ағайын-туғанның басын қосты.

Астың алғашқы күні алыс жуық шетелдерден арысы Германия, Франция, Түркия, Қытай, Монғолия және еліміздің әр өңірінде тұратын ұрпақтарын сән-салтанатпен күіп алып, батырдың топырағына зиярат етті. Кеш қонақтарына арнап аудан орталығында концерт қойылды.  Шараның  негізгі бағдарламасы он алтыншы тамызда басталды. Алқалы жиынды әуелде Зайсан ауданының әкімі Серік Қасымбекұлы Ақтанов ашып «Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқан шараның мәні мен маңызына тоқтала кетті. Елге елдің қосылып жатқанына қуанышын білдіріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға арнайы рахметін айтты. Асты ұйымдастырушыларға арнайы шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Әкімнен кейін сөз алған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының құрылтайшысы, мистік жазушы Қойшыбек Мүбарак қор президенті Түркия Жеңістің сәлемін жеткізіп, осы асты өткізіп жатқан Зайсан халқына, аудан әкіміне және ұйымдаструшыларға алғысын жеткізді. Сондай-ақ, шараның басы қасында жүрген белгілі кәсіпкер Серік Көкенайұлының кеудесіне Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төс белгісін тақты.

Бұдан кейін асқа келген құрметті қонақтар құттықтау сөздерін айтып, ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімін өткізді. Шара аясында әдебиеттанушы Ұлан Бапай құрастырған «Қарақас Қаптағай» ғылыми-танымдық кітаптың тұсау кесілді.

Ары қарай аудандық мәдениет басқармасы арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырса, Білекті жігіттер арқан тартып, түие балуандар боз кілемде күш сынасты.

Шаппа айтыстың дүлдүлі атанған Дәулеткерей Кәпұлының ұйымдастыруымен Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімқан, Қазірет Бердіқан бастаған сегіз ақын айтыс көрігін қыздырса, Алматыдан арнйы барған ҚР спорт шебері Жәмали Диханұлы ұстараның жүзіндей 20 сатылы өткір пышақтан қаймықпай өтіп, екі метр биіктікке көтерілді. Жай ғана көтеріліп қоймай, салмағы жүз килограм тұратын кір тасын тісімен көтеріп шықса, үш пұт (48 кг) ауырлықтағы қылышты еркін сермеп, жиылған жұртты тәнті. Ипподромдағы шағын ат спортының түр-түрімен бірге аламан бәйге де өз мәресіне жетіп, оза шапқан шабандозға қаржылай сыйлықта қанжығасына байлап қайтты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер