Серікжан Біләш Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізілді

197

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген.

Омарованың сөзінше, Біләшті Нұр-Сұлтаннан Алматыға жеткізгенде жанында екі адам еріп жүрген. Олар ұшақпен Алматыға бірге ұшып келген. Біләш пен адвокатты Алматы әуежайынан полицей кортежі күтіп алып, үйіне жеткізген. Енді ол Алматыдағы баспанасында үйқамақта болады.

Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа "тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны" үшін айыппұл салған.

 

Пікірлер