Суға шомылу ережесін білеміз бе?

4637
Adyrna.kz Telegram

Жайдары жаз жеткенде шомылу маусымының белең алары белгілі. Ал біз, демалыс барысында қауіпсіздігімізге назар аударамыз ба? Қарапайым, һәм ескерусіз қалдыруға болмайтын төмендегідей ережелерді назарларыңызға ұсындық.

Суға шомылудың, бірқалыпта жүзудің адам ағзасына пайдалы екенін білеміз. Жүзу- дене бітімінің әдемі қалыптасуына, тыныс жолдарының белсенді қызмет атқаруына, қан айналымының жақсаруына септігін тигізеді екен. Тұрақты түрде жүзумен айналысу- бойдың өсуіне де ықпал етеді. Суға түспес бұрын, ол судың таза екеніне көз жеткізу керек. Себебі, инфекциялық аурулардың коздырғышы дәл осы ағынды, лас суларда сақталады. Мұндай орындарда түрлі бактериялар таралады: іш-сүзегі 183 тәулік, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді екен.

Су бетінде ұзақ қалқып тұру немесе тынымсыз жүзу де ағзаға кері әсер етеді. Мұндай жағдайда шаршағандықтан, адам өз әрекетін бақылай алмайды. Демек, батып кету қаупі бар. Сондықтан, 10-15 минут сайын жағаға шығып, үзіліс жасау керек.

Күн ыстық болғанымен, су температурасы өз салқындығын сақтайды. Суық, салқын суда ұзақ шомылу- аяқ-қолдың тырысып қалуына әкеп соғады. Ең қауіптісі- жүзу кезінде тырысып қалу. Дененің өзін-өзі басқару құрылымы бұзылмас үшін, аяқ-қолды ысқылау керек. Тырысқан жерді уқалап, бүгіп-жазудың да көмегі тиеді. Дұрыс әрекет ету үшін сабыр сақтаудың маңызы зор.

Суық суға түсудің зияны көп. Ғалымдардың зерттеуінше, су астындағы 5-10 минут қимылсыздық пен 10-30 минуттық суық өту адамның өмір сүруін тоқтатады екен. Физиологиялық ерекшеліктеріне қарай, әйел адамдар судағы суықтыққа төзімді болып келеді, дегенмен, суық су астындағы қысымнан 4-5 минутта-ақ жүрек тоқтайтын көрінеді.

Жүрек ауруына шалдыққан адамдарға да ұзақ уақыт су астында жүзудің қаупі бар. Себебі, жүрек су температурасына бейімделе алмай, талмалы ауруға ұшырайды.

Демалыс орындарында тазалық сақтау да қауіпсіздікке жатады. Демалушылардың салғырттығы су мен жағажайдың ластануына тікелей әсер етеді. Ал, лас суда шомылудың қаупін жоғарыда атап өттік. Одан бөлек, қоқысқа толы жерде отырудың өзі ыңғайсыз. Сондықтан, тазалықты өзімізден бастайық!

Аталғандардан бөлек, техникалық ескертулер мен қоршау белгілеріне баса назар аударған жөн. Арнайы белгіленген аймақта ғана шомылу- қауіп-қатерден сақтайды. Жүзе алмайтын балаларға үлкендердің жанында болуға кеңес береміз. Жағажайға жақын жердегі қауіпсіз тереңдікте де көңіл көтеруге де болады. Қауіпсіздік ережелерін сақтау- өміріңді сақтау екенін ұмытпау керек!

Мадина ОҚАС

Пікірлер