Ол Сізден қорқады...

838

Біздің үй ежелден бар, қордалы мекен. Алғаш көшіп келгенімде, аула толы орыс еді.  Қабағы қату,  менменшіл жұрт "неғыл дейсіңмен" тосып алған. Менің балаларымның емен-жарқын қазақы күлкісін шам көре, ескертумен, жекумен тұздықтауға бейілдігін көргенмін де-таң болдым.
Қоруға, тиымға көнбес бала мінез-одан сайын шулы мерекесін үдетіп әкететін.  Менің астымдағы неміс, әлде жөйіт келіншек енесімен келіп ысқырына есік қағып жататын... Біздің үйдегілер де есе бермей ерегесіп кетер еді.
Одан бері көп уақыт өтті.
Көп орыс Ресейге көшті.
Әлдебір күшті қолдар алқымға алып жат жұрттың кәрілерін өліммен тұсап, матап жатқандай. Шағын топпен шығарып тастар, ажалды марапаттамас-бөтеннің кеткені көп күн өткен соң ғана, білініп қалады.
Кейбірі мүлдем өмірде болмағандай, суық сұр көздері жанбағандай жылыстап жұтылып сөніп,  ұмытылып кетті.
Іргелес тұрар жас орыстар да қартаң тартты.
Үйіне келіп жүрер жиені мені көргенде үрке, шошына қалатын.
Алғашында мән бермегенмен, кейін бұл неге деп сауалдағанмын көршіме.
Қысыла күліп,  көрші әйел;
-Біз Глебке айғайлап жылағанында,  дыбысыңды шығарма, көрші алып кетеді деп тыныштандырамыз,- деді.
Аңырып қалыппын.
Қоштаспадық та.
Есіме " орыс алып кетеді" деп үркітер әжелерім түсті.
Біздің тәуелсіз Қазақстанда тұратынымызды,толеранттығымыз туралы ойланып кеттіппін...
Назарбаев көшесінде.

Серік Елікбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер