Қаржы  пирамидаларын қалай анықтаймыз?

2845
Adyrna.kz Telegram

Қаржы пирамидасы-алаяқтықтың ең көп тараған түрі.  Әп, сәтте байып, қырауар қаржыны қалтаға басамын деген құр сөзге алданып, керісінше соңғы тиынын санап беруге әкелетін,  әккі қулардың құрық байлатпайтын жүйесі.  Алаяқтар өздерінің инвестициялық ұсыныстары үлкен пайда әкелуге кепілдік беретін жаңа, перспективалы технологиялармен немесе бірегей нарықтық мүмкіндіктермен байланысты деп жиі айтады.  Бұл туралы билік пен қаржы сарапшылары дабыл қағуда. Сондықтан, мемлекетте аталмыш жүймен күрес қарқынды.

 

Биылғы жылы ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ықпалымен  «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы іске қосылды. Басты мақсат-алаяқтардың жолын кесу және оларға тартылған салымшылар санын қысқарту.

Бірегей жоба көп күттірмей өз нәтижесінде беруде. IT құралдарын пайдалана отырып, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп, аудиториясы 600 мың адамды қамтыған, мыңға жуық қаржы пирамидаларының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі бұғатталды.

Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды.

Олар бойынша «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінгі таңда 182 чат бұғатталды. Осылайша, 126 мың азаматтың одан әрі қаржылық шығындарының алды алынды.

73 мың аудиториясы бар,  «Eolus», «Ниса», «GPIBS», «Дари получай», «Чароит», «Carhomi», «Beefre» сынды 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. «Eolus» қаржылық  пирамидасы бойынша сот үкімі шыққан.

Қаржы пирамидасын құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағы бар.

Пирамидалар әдетте азаматтарға жоғары және жылдам кірістер туралы уәделер беріп, бірақ іс жүзінде негізгі пайда жаңадан тартылған қатысушылардың есебінен келеді. Пирамиданың құрығына іліккен жандар аса үлкен қаржылық шығынға ұшырайды. Ойсыз әрекеттің салдарынан сан соғып қалмас үшін, алдымен компания жайлы зерделеу қажет.

Компанияның заңдылығына ерекше назар аудару керек. Қаржы пирамидалары заңды бизнестің көрінісін жасау үшін жалған құжаттарды, жалған лицензияларды және басқа амалдарды қолдана алады. Ақшаны инвестицияламас бұрын, компанияда лицензиялар мен басқа да қажетті құжаттарды тексеріңіз.

Инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынатын кез-келген компанияның тиісті лицензиялары болуы және уәкілетті органдарда тіркелуі керек. Егер компанияда лицензиялар болмаса немесе күмән тудырса, бұл жобадан бас тарту қажет. Сондай-ақ, компанияның тәуелсіз ұйымдардың оң рейтингтері бар екеніне көз жеткізіңіз.

Тым жылдам және жоғары кірісті уәде етсе, онда күдіктену керек. Өйткені,  қаржы пирамидалары көбінесе қысқа мерзімде шындыққа жанаспайтын жоғары кірісті уәде етеді. Компанияны зерттеп, оған қатысты пікірлерге назар аударыңыз. Кез-келген компанияға немесе инвестициялық жобаға ақша салмас бұрын, оның беделін зерттеуге уақыт бөліңіз. Басқа инвесторлардың пікірлерін оқыңыз және кеңес алу үшін қаржы сарапшыларына хабарласқан абзал.

Стандартты емес инвестициялық мүмкіндіктерден сақ болыңыз. Криптовалютаға, Форекске және басқа стандартты емес активтерге инвестициялау өте қауіпті болуы мүмкін және сізді қаржылық шығындарға ұшыратуы ықтимал.

Қаржылық кеңесшілермен байланысыңыз. Инвестиция жасамас бұрын қаржы және инвестиция саласындағы мамандарға хабарласыңыз. Олар сізге ақылға қонымды шешім қабылдауға және қаржы пирамидасынан аулақ болуға көмектеседі.

Тағы бір ескеретін жайт жобаға жаңа қатысушыларды тартуға баса назар аудару. Көптеген қаржы пирамидаларында бар қатысушылардың кірістері жаңа қатысушылардың жарналарына тікелей байланысты. Алаяқтар құрбандарын достарын, туыстарын және таныстарын белсенді түрде тартуға ынталандырады, әр жаңа мүше үшін бонустар уәде етеді. Алайда, заңды инвестициялық жобаларда кірістер жаңа инвесторларды тартуға тәуелді емес екенін есте ұстаған жөн. Егер компания өз өнімін немесе қызметін дамытуға емес, мүшелер желісін кеңейтуге баса назар аударса, бұл пирамиданың белгісі болуы мүмкін.
Сондай-ақ компания қызметінің ашықтығына назар аудару маңызды.

Қаржы пирамидасының кезекті белгісі ол  — ақшаны алудың қиындығы. Қаржы пирамидалары көбінесе ақша алуға жасанды кедергілер тудырады, бұл қатысушыларды жинақтарын жүйеде мүмкіндігінше ұзақ қалдыруға мәжбүр етеді. Заңды инвестициялық жобаларда қаражат алу шарттары әдетте нақты көрсетілген және қатысушылар үшін қосымша қиындықтар туғызбайды. Егер сіз ақшаңызды алуға тырысқанда қиындықтарға тап болсаңыз, бұл сіздің қаржылық пирамидамен күресіп жатқаныңыздың белгісі болуы мүмкін.

Қаржы пирамидалары жаңа қатысушыларды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдана отырып, көбінесе онлайн режимінде жұмыс істейтінін ұмытпаңыз. Интернет арқылы келетін ұсыныстардан сақ болыңыз, сондай-ақ, компания нақты қаржылық көрсеткіштерге емес, бонустар мен ынталандыруларға назар аударса, бұлда қауіптен қорғану керек деген белгі.

Ақырында, қаржы пирамидаларының өмір сүру ұзақтығы шектеулі екенін ұмытпаңыз. Ерте ме, кеш пе, олар құлап, қатысушыларды үлкен шығынға ұшыратады. Алаяқтар барлық кеңселер мен сайттарды жабу арқылы кенеттен жоғалып кетуі немесе уәделерін орындамай банкроттық жариялауы мүмкін. Қаржылық пирамидаларды анықтау қырағы болуды талап етеді. Егер сіз аталған белгілердің біреуін немесе бірнешеуін байқасаңыз, ақшаңызды салмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, барып шешімге келген дұрыс.

Пікірлер